Ынтымақ пен берекенің алтын ұясы

Талдықорғандағы Достық үйі этномәдени бірлестіктер жұмысына жаңа леп беріп отыр. Достық пен ынтымақ құшағындағы еліміз өткен жиырма жылда талай асуларды бағындырды. Осы орайда қаланың шығысындағы архитектуралық жағынан әсем Достық үйі шырайлы шаңыраққа айналған. Мұнда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы тілі басқа, тілегі бір түрлі ұлт пен ұлыстың басын қосып, алға қойған мақсаттарын орындап келеді.
Осы бір тарихи кезеңдегі кең ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар Тұңғыш Президент – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен іске асқанын да айтуға тиіспіз. Қазақстан халқы ассамблеясы елдің көп этносты халқының мүдделерін көрсететін бірегей инс­титут ретінде қалыптасса, өңірді мекен еткен барлық этностарды азаматтық және рухани-мәдени тұрғыдан топтастырып, отаншылдық, елжандылық қасиеттер мен қазақстандық жарасымдылықты қалыптастыруға бағыттап, сан қырлы жұмысты жалғастырғаны, әрине, құптарлық.

Достықтың алтын бесігі саналған Жетісу жерінде ұстанымы мен сенімі жылдар бойы нығайған 71 этномәдени бірлестік әр этнос өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруінің тәлімді тәжірибесін жинақтап үлгерген. Түрлі мәдениет пен салт-дәстүрлер мемлекет құраушы ұлт – қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениеті төңірегінде тоғысып, өркендеуіне берік негіз қаланғанын көргенде көңіл толады.
Жетісу жерінде 1 миллион 900 мыңға жуық халық тұрса, солардың 1 миллион 286 мыңы қазақ, қалған 32,3 пайызын өзге 103 этнос өкілдері құрайды. Олардың ішінде 320 мыңнан астам орыс, 151 мыңнан астам ұйғыр, 16 мыңға жуық әзербайжан, 17 мыңнан артық корей, 13 мыңнан астам күрд пен татар, 6 мыңға жуық шешен, 2 мыңдай дүнген мен поляк және тағы басқа этностық топтар тату-тәтті ғұмыр кешіп, қоғамдағы ынтымақ пен бірлік туын жоғары ұстауда.
Қай кезде де жүйелі жұмыс қаржыға келіп тірелетіні белгілі. Осы орайда Қазақстан халқы ассамблеясы туралы Заңды, Ел бірлігі доктринасын жүзеге асыру үшін жұмсалатын қаржы көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Осыдан 5-6 жыл бұрын облыстық ассамблеяның бюджеті 5 миллион теңгеге жетер-жетпес болса, бүгінде 50 миллионнан асып, 10 есеге артқан. Өткен жылы облыстық этномәдени бірлестіктерге мерейтойлық мәдени-көпшілік шаралар өткізуге 11 миллион 500 мың теңге бөлініп, 23 бірлестіктің әрқайсысына арнайы мемлекеттік тапсырыс берілген. Нәтижесінде, ұлттар достығы тамырын тереңге жайып, салт-дәстүрлер мен тілдерге, өзге де мәдени шараларға орай бірқатар кездесулер мен мазмұнды кештер өтті.
Елбасының «2011 жылды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы деп жариялау туралы» Жарлығы облыстық ассамблеяның арнайы жоспары бойынша кезең-кезеңімен жүйелі жалғасып, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мәселесі облыстық ассамблеяның күнделікті жұмыс ауқымындағы мәнді шараларға ұласты.
Ұлттық ерекшелігімізді, әрбір этностың тілін, дәстүрін сақтай отырып, өзара түсіністік, адамгершілік пен ізгілік негізінде шынайы бірлікке келу бүгінгі күннің басты талабы екені анық. Бұл бағытта мемлекеттік тілдің ел азаматтарын біріктіруші аса маңызды фактор екендігін жақсы түсінген этномәдени бірлестіктер, әсіресе, жастардың қазақ тілін оқып-үйренуіне баса көңіл бөліп, оның тиянағын келтіруге атсалысты.
Өңірде қазақ тілінің қолданыс аясы жыл сайын кеңейіп келеді. Бұрын мемлекеттік тілде сөйлейтін бірді-екілі өзге этнос өкілін кездестірсек тамсанып, таңырқағанымыз жасырын емес. Қазіргі кезде оқу орындары мен мекемелерде мұндай жастардың қатары жыл сайын арта түсіп келеді. Этномәдени бірлестіктердің әдістемелік-тәжірибелік орталығы болып табылатын Достық үйінде арнайы жасақталған бір ғана тіл кабинеті арқылы 3 жыл мерзімде 100-ден аса азамат – әр этнос өкілдері қазақ тілі мен өз ана тілдерін оқып-үйренді.
Этномәдени бірлестік өкілдері «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Тіл­дарын» байқауларына және дәстүрлі Абай, Ілияс, Мұқағали оқуларына белсене атсалысып, жеңімпаздар қатарынан танылуда. Мәселен, Көксу ауданындағы орыс этномәдени бірлестігінің жұмысын өзгелерге үлгі етуге болады. Орталықты «Құрылысшы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшы­сы Александр Бузыкин басқарып, кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігіне ерекше назар аударып отыр. Мұнда Елбасы тапсырмасын орындаудағы бағдарлы жұмыс жүйеленіп, ауылды көркейту мен жеткіліксіз қамтылған жандарға қамқорлық аясы кеңи түскен. Жастарды елжандылыққа баулу, ізгі қасиеттерді қалыптастыру мәселесіне де бірлестік мүшелері белсене қатысады.
Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы­ «Әнім сенсің, Астана!» кітабын жарыққа шығарды. Онда өңірдегі ақындар мен сазгерлердің Отанымыздың бас қаласына деген жүрек лүпілін сезуге болады. Әр ұлттың тілі басқа болғанымен, үні мен үміті бір екеніне осыдан-ақ көз жеткіземіз. Ассамблеяның жыл өткен сайын Ресей, Қытай, Украина, Польша, Корея, Түркия сияқты мемлекеттермен байланысы нығая түскен. Аталған елдердің елшіліктері Достық үйіндегі славян халқының мәдениетіне арналған, Александр Затаевичтің шығармашылығы мен «Пушкин жазы» фестивальдерінің жиі қонағы болуымен бірге, өңірдегі қолға алынған жұмыстарды жоғары бағалайды.
Өткен жыл тарихта тәуелсіздігіміздің 20 жылдығымен есте қалғаны анық. Осыған байланысты «Тәуелсіздік – баршаның бақыты», «Еңбегіміз – ел мерейіне», «Қазақстан – менің Отаным», тағы басқа тақырыптарда аға буын мен жастар арасында кездесулер өткізілді. Онда этномәдени бірлестіктер мүшелері өткен қиын күндер мен бүгінгі бақытты өмірді салыстырып, өмірімізге лайықты өрендер тәрбиелеуге бағытталған мақсатты жұмысқа үлестерін қосты. Мәселен, корей ұлтының өкілі Анастасия Ли Қазақстанның әлемде өз орнын ойып алған, Азия мен Еуропаны мойындатқан ел екенін мақтанышпен айтады. «Қазақстан – туған жерім, Отаным. Бүгін ақыл таразысына салып, баға беру, ғасырлар тоғысында өмір сүрген қазақ мемлекеті, оның ішінде 70 жылдан бері құшағына басып, туған бауырындай санаған корей ұлтының өмірі туралы айту менің парызым» дегенінің өзі оның ұлтымызға деген ыстық ықыласының дәлелі.
Оның бұлай айтуының жөні бар. Өйткені, әкесі Василий Ескелді ауданындағы Қарабұлақ кентіндегі орта мектепте мұғалім. Қазақ сыныптарына дене шынықтырудан сабақ береді. Анасы Лидия оралмандарды құжаттандыру ісімен айналысады. Екеуінің де жұмысы мемлекеттік тілмен тығыз байланысты. Отбасында олар қазақ тілінде сөйлеп, ұлтымыздың салт-дәстүрін қастерлейді. Сондай-ақ неміс этно­мәдени бірлестігінің мүшесі Лена Коновалова да жиындарда ұлтымыздың қонақжайлығы мен кеңпейілділігіне байланысты әңгімені әріден бастайды. Көп ұлттың өкілдері бас қосқанда Иван Лигай қазақ әндерін мәнеріне келтіре шырқайды. Осылайша Достық үйі өңірдегі этностардың басын біріктіріп, ниетін тоғыстырады, бірлік пен ынтымаққа үндейді. Мұндай жандар өңірде жүздеп кездеседі. Сондықтан да олардың өнегелі істерін өзгеге үлгі ету этномәдени бірлестіктер арасындағы жұмысты жандандыруға септігін тигізетінін атап айтқан жөн.
Өңірде қоғам дамуына ерекше әсер ететін ұтымды істерден этномәдени бірлестіктер шет қалмайды. Достық үйінде Елбасының Жолдауында айтылған тапсырмаларға байланысты бағдарлы бастамалар өтетінін облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай ерекше айтады. Әрине, бұған күмән жоқ. Өйткені бүгінгі уақыт осыны талап етеді. Халқымыз «Қосылған ел – озар, айырылған ел – азар» деп тегін айтпаған. Демек, бірлік пен тірлік жақсылыққа жол ашатынын ұмытпай, бірлігіміздің тізгінін берік ұстайық.

К.БАЙЖАН
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.