Диана КОПБАЕВА: СОЦИОЛОГ – САУАЛНАМАШЫ ЕМЕС…

Шетелде оқып келген жастар қайда жүр? «Болашақ» бағдарламасы түлек­терінің елге нақ қандай пайдасы тиіп жатыр? «Ана тілі» газеті Ұлыбританиядағы Қазақстан PhD Қауымдастығымен бірге «Қазақ әлемі: Болашақ» жобасын бастаған еді. Аталған қауымдастық – қазақстандық ғалымдардың шетел­дегі аса ірі бірлестігі, оған ­Ұлыбри­тания­­ мен Ирландияның ең озық уни­верси­тет­терінде білім алып жатқан 82 докторант мүше. Оның ішінде медицина, қаржы және инвес­тиция, гидрология, химия,­ биология, генетика, физика, экономика, математика, IT, бизнес басқару сияқты мамандық иелері бар. Докторанттардың 85 пайызы – халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегерлері, өзгелері – Британ жоғарғы оқу орындарының грантын жеңіп алғандар.
Жобаның кезекті кейіпкері – жас ғалым Диана Копбаева.

Диана – «Болашақ» шәкіртақы­сының екі дүркін иегері. Қазір ­Ұлыбри­таниядағы­ Ньюкасл университетінің PhD докторан­тура­­сында­ оқып жатыр. Ғылыми зерттеу жұмысын жазу үстінде. Оған қоса Астанадағы Назарбаев университетінде сабақ береді. Жас ғалымның Алматыға жолы түскенін ести сала, сұхбаттасып қалудың қамына кірістік. Мақсат – біреу. Зерттеу жұмысымен танысып, Қазақстандағы ғылымның жай-күйі ­туралы пікірін білу. Сұхбатқа келіскенде белгіленген жерге келіскен уақыттан ерте барып алу – әдетім. Ойымды тағы бір пысықтап алу үшін. Күн де жадырап тұр. Кофехананың көпшілік жайғасқан ішіне емес, сырттағы қалтарыста тұрған үстелдердің біріне жайғастым. Даяшы шай ұсынды. Бір кесені тауысар-тауыс­пас­ тұста кейіпкерім де келді. Қолында біраз парақ бар. «Шамасы, айтар ойын түртіп алса керек» деп топшыладым. Аман-саулық сұрасқан соң, жайғасып, ыстық шоколадқа тапсырыс берді. Алғашқы сауал­ зерттеу жұмысы жайлы еді.
– Well,– деп бастады ол әңгімесін. «Жақсы» дегені.
– PhD докторанту­ра­ны тамамдағалы отырмын. Зерттеу жұ­мысымның тақырыбы – «Қазақ­стан­­дағы ұлт дискурстары». Мен мұнда мемлекеттік бағдарламаларды, саяси эли­таның қазақ ұлты туралы ресми сөз­дерін қарастырдым. Әзірге жұмыстың нақты қандай жетістіктерге жеткенін немесе нәтижелері туралы бөлісе алмай­мын, себебі әлі жұмысым аяқталған жоқ…
Қысқа қайырды. Тақырыпты зерттеу үшін қандай әдіс-тәсілдерді қолданғанын сұрадым.
– Fieldwork (практикалық жұмыс, зертханада немесе кеңседе емес, табиғи ортада, адамдармен жүргізіледі – авт.) үшін алты апта уақытым болды. Осы аралықта Қазақстандағы орта шенді шенеуніктермен тілдесіп, олардың тарапынан қабылданып жатқан бағдарламалар туралы ойын сұрап, атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде сұхбат алдым. Олардың айтуынша, халықтың елімізде қабылданған ұлттық бағдарламалар (мысалы:­ «Рухани жаңғыру») туралы хабары аз, көпшілігі дұрыс түсінбеген. Демек, мұндай идеяларды ұсынған кезде оның мақсаты қандай, нені көздеп отыр – бәрін халыққа жіті түсіндіру керек. Бәлкім, «Мәңгілік ел боламыз» деп айтардан бұрын, «Мәңгілік ел» деген қандай ел, негізгі белгілері қандай, ол үшін не істеуіміз керек деген сияқты нақты, жалпыға түсінікті жоба жасау керек шығар. Менің зерттеуім барысында, мемлекеттік бағдарламалар туралы кейбір шенеуніктердің өздерінің түсініктері біркелкі емес екендігі анықталды. Ал бағдарламаларды іске асыру бойынша іс-шаралар, көбінесе, дөңгелек үстелдер өткізумен ғана шектеліп жатыр. Зерттеу жасап жүрген кезде шенеуніктер тым болмаса еліміздегі басты бағдарламалар­ды толық түсініп, қайда бет бұрғанымыз­ды білетін шығар деп үміттендім. Ұлт құрылымы, ұлттық біртектілік деген – мемлекет үшін ең басты құндылық емес пе? Мемлекет қай бағытқа бет алады, қандай құндылықтарды алға шығарады? Осы арқылы ұлтаралық, тіпті дінаралық, т.б. қақтығыстарды да шешуге болады. Жалпы алғанда зерттеу жұмысымда осындай мәселелерді қарастырдым.

– «Бағдарламалар туралы шенеунік­тердің түсінігі бірдей емес» деп отырсыз ғой, сонда мәселе неде? Бағдар­лама өз кемеліне жетіп жасалмаған ба, әлде оны түсіндіру функциясы жолға дұрыс қойылмаған ба?
– Менің ойымша, мәселе ұсыны­лып отырған идеяның тұжырым­дамасында. Ол нақты емес. Тіпті «Рухани жаңғыру» бағдарламасын алайықшы. Аталған бағдарламаның бірнеше тармақтары бар. Бірақ оларды жоғарғы билік органдары орта шенді шенеуніктерге нақты талдап, түсіндірмейді. Ал бағдарламаны іс жүзінде іске асыратын – солар. Сөйтіп, орта шенді шенеуніктер әрқайсысы шамасы жеткенінше түсініп, өз бетін­ше шаралар ұйымдастырады. Бағдар­ламаның науқандық, бір реттік шара­ларға айналып кеткен себебі осында. Биліктің ішкі коммуникациясы ақсап тұр.
– Англиядағы ұстаздарыңыз біздің осы бағдарламалар туралы білетін болар?­ Қалай қабылдады?
– Бір супервайзерім (ғылыми жетекші – авт.) Орталық Азия бойынша маман. Ол біздің еліміздегі ұлттық бағдарламалар туралы менен білді. Елімізде бір бағдарлама басталып, біраз жылдан соң ұмытылып қалатыны оны өте таңғалдырды.
Әңгімеміздің осы тұсына келгенде Алматының ауа райы құбылып қоя берді. Тәтті сұрап жылаған баладай бір ерке жел ана тұсымыздан бір, мына тұсымыздан бір соғып, қағаз-қаламымызды ұшырып әкете жаздады. Амалсыз, кофехананың ішіне ендік. Адам көп. Шулы. Бірақ жылаған бала, жылжыған орындық, кофемашинаның дауысы бізге кедергі бола алмады. Әңгіме ауанын енді социология ғылымына бұрдым. Диананың ыстық шоколады да келді.
– Еліміздегі социология ғылымының жағдайы қалай? Аяқ алысы, деңгейі ­туралы не ойлайсыз?
– Бұл саланың сарапшысы емеспін, бірақ, меніңше, Қазақстанда адамдар, тіпті мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардағы мамандар да социология ғылымын, оның мақсат-міндетін түсінбейді. Мысалы, бір министрлікке шұғыл түрде халық арасында сауалнама жүргізу керек болды дейік. Байқау ұйымдастырып, сол сауалнаманы жүргізіп беретін компания іздейді. Ақшасын төлейді. Көп жағдайда мұндай компанияларда пиар, жарнама саласының мамандары қызмет етуі мүмкін, бірақ социолог болмайды. Бұл адамдардың кейін ­сараптама нәтижесін қалай шығарып, қалай есеп беретіндерін түсінбеймін.
Осындай зерттеулердің нәтижесі еш жерде жарияланбайды. Жарияланған күннің өзінде құрғақ цифрмен шек­теледі. Оның пайдасы қанша? Мұндай зерттеулердің мемлекеттік бағдар­ламаларға, саясатқа ешқандай ықпалы жоқ. Ал менің «міне, халық арасында мынадай зерттеу жүргізілді, нәтижесі мынадай, ол бойынша осындай жұмыс жүргізіліп жатыр» деген есеп көргім келеді. Қалай деген күнде де зерттеудің бәрі халық үшін жасалады ғой.
Ал әзірге социология ғылым ретінде… Ол үшін әңгімені әріден, Кеңес кезінен бастау керек шығар. Қателеспесем, Қазақстанда социология өткен ғасырдың 60-жылдары пайда бола бастады. Қазіргі кезде 1-2-курс студенттеріне тек базалық дисциплиналардың бірі ретінде өткізіліп жүр.
1990-2000-жылдары мемлекет техникалық мамандықтарға көбірек көңіл бөлді. Социологияның қоғамға қажет мамандық екені енді білініп келе жатқандай. Оған дәлел – бұл салаға бөлінетін мемлекеттік грант саны жыл санап артып келеді. Дегенмен, социолог ретінде біздің елде жаңалық ашу қиын. Жалпы социологияда жаңалық ашу – ілуде бір болатын құбылыс. Бірақ социологтар жұмысында қолданыста жүрген теорияларға сыни көзбен қарап, оның Қазақстанда қолдануға келетін-келмейтінін анықтай алады. Қазақстанға жарамайды деп тапса, себебін көрсетеді, оның орнына басқа әдіс-тәсіл, теорияларды ұсынады. Бірақ сирек. Көбінесе бір теорияны алады да, Қазақстанды соның аясында қарастыруға тырысады. Ол бізге жарай ма-жоқ па, қызықтырмайды.
Ал шындап келгенде социолог – қоғамдағы мәселелерді зерттеумен айналысатын маман. Олар проблеманы зерттеп қана қоймайды, себебін, салдарын көрсетеді, шешімін ұсынады.
– Әлем тарихында зерттеу жұмыс­тары­мен қоғамға пайда келтірген социологтар көп қой…
– Иә, ондай адамдар бар. Мысалы, америкалық социолог, бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері Джейн Адамсты алайық. Ол халықтың кедей тобының, оның ішінде Еуропадан келген эмигрант балалар да бар, әлеуметтік жағдайын зерттеумен айналысты және соны шешу жолын іздеді. Осы мақсатта әйелдер мен балаларға арналған қайырымдылық орталығын ашып, олардың білім ­алуына, танымын кеңейтуге жағдай жасады. Джейннің идеялары әлі күнге дейін өзекті және АҚШ-тағы әлеуметтік, экономикалық, саяси рефоромаларға әсер етті. Мысалы, оның иммигранттар тұратын аймақтағы нәрестелер өлімінің себебін зерттеген еңбегі АҚШ саясатына әсер етіп, бірнеше өмірді құтқарып қалуға септігі тиген.
Ньюкасл университетінің профессорлары мен Carers Northumberland қайырымдылық ұйымының мүгедек адамдардың өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында бизнес-құрылым­дар мен билік өкілдеріне арнап жасаған нұсқаулығын да мысалға кел­тіруге болады. Олар зерттеу барысында мүгедектермен және олардың күту­шілерімен тілдесіп, қоғамдағы келеңсіздіктерді, дәретхана мәселесін көтерген.
– Сіз қазір Назарбаев универси­тетінде сабақ бересіз. Англиядан Қазақ­станға қайтып келгенде, өзіңіз сияқты шетелде оқып келген социологтар да бар, осы елде оқығандар бар, берілген білімнен, тәжірибеден қандай ерекшелік, айырмашылық байқадыңыз?
– Well… Докторантураны осында оқып жатқан немесе бітірген таныстарым көп. Теориялық немесе әдістемелік тұрғыда айтарлықтай айырмашылық бар деп айта алмаймын. Бірақ бір байқағаным – сыни ойлаудың жоқтығы. Әріптестердің жасап жатқан тұжырымдарын, теорияларын, зерттеу нәтижелерін сынаудан қорықпау керек. Керісінше, бізге сондай сын керек. Сол сын бізді өсіреді, жағдайды түзетуге көмектеседі. ­Сонымен қатар Қазақстанда ғылыми ақпарат қолжетімсіз. Кітапхана уақыты жұмыс уақытымен бірдей. Сосын оның бірінен іздегеніңді таба алмасаң, екіншісіне барып, уақыт өткізесің. Оны осында сабақ берген кезде көрдім. Ал Англияда университет кітапханасы іздеген кітабыңды сен үшін сатып алады немесе басқа кітапханадан алдыртады. Сосын тәулік бойы ашық тұратын кітапханалар бар.
– Сынаудан неге қорқады деп ойлайсыз?
– Мен қорқады деп айтпаймын. Бәлкім бар мәселе ­жалпы білім беру жүйесінде шығар. Соның ішінде PhD бағдарламасында. Әрине, мен докторантураны басқа елде оқыдым, сондықтан тек сырттай байқағанымды ғана айтып отырмын. Меніңше, бізде мектепте де, бакалавриатта да, басқа да білім деңгейлерінде сыни ойлау үйретілмейді. Өзім мектепті, бакалавриат­ты осында оқыдым, магис­тратураны шетелде оқып келген соң, Қазақстанда да, Англияда да сабақ бердім. Дегенмен, әлі күнге дейін түсінбейтін бір нәрсе бар. Ол – сту­денттерге, тіпті ма­гистранттарға оқушы сияқты қарау. Бізде көптеген оқытушылар өздері бір проб­леманы қалай көрсе және сол туралы не ойласа, студенттерден солай көруді, ойлауды талап етеді. Студент кітаптан тыс мағлұматтар келтіріп, еңбекте жазылған тұжырымдамамен келіспей, өз ойын білдірсе, «Қайдан шыққан ақылдысың?» деп ұрсып тастайды. Магистранттарға да дәл сондай қарым-қатынас жасайды. Сол себепті білім алушылар, ал олар – болашақ мамандар, сыни ойлап, көзқарасын ашық білдіре алмайды. Бұл дегеніңіз – үлкен кемшілік. Оны түзету керек.
Сосын екі елде де сабақ бергенде байқағаным – бізде оқытады, ал Англияда өздігінен дамуға, ізденуге үйретеді. Мен 2-3-курс студенттеріне социологиядан сабақ бердім. Ол жақта да біздің еліміздегідей семинар сабақтары бар. Бірақ менің тәжірибем бойынша, бізде кейбір оқу орындарында қажетті балл алу үшін материалдарды жатқа айтып берсең болды. Пікірталас ұйымдастырмайды. Бірақ бір аудиторияда 30 адам отырған жерде қандай пікірталас болсын?! Ал студент түсінді ме-түсінбеді ме, ол еңбек туралы ойы қандай – сол маңызды. Бұл – осыдан 5-6 жыл бұрын көргенім. Қазір, бәлкім, өзгеріс болған шығар деп үміттенемін, бірақ күмәнім бар.
Англияда семинар сабақтарын қалай өткізу туралы таңдауды студенттер жасайды. Ол seminar discussion деп аталады және онда шынымен қызу пікірталас болады. Студент еңбекке қатысты ойын ашық, еркін жеткізеді. Автормен келісетін-келіспейтін тұстарын дәлелдеуге тырысады. ­Солайша, олардың сыни ойлау қабілеті дамиды. Қазір осы әдіс-тәсілді ­Назарбаев университетінде қолданамыз. Мен онда тарих пәнінен сабақ беремін. Біз «Міне, мынадай кітап бар, оқыңдар, жаттаңдар» деп талап етпейміз. Біз тарихқа кәсіби тарихшының көзімен қарауды үйретеміз. Үнемі түпнұсқа құжаттармен жұмыс істейміз. Ол – архив құжаттары. Студенттер сол құжаттардың бәрімен танысады, талдайды, көзқарастарын қорғап шығады. Ал біздің міндет – тақы­рыптан тым алшақтап кеткендерге бағыт-бағдар беріп отыру. Көптеген ЖОО-да мұндай жүйе жоқ. Оған оқытушыларды кінәлай алмаймын. Себебі олардың мойнына артылған жүк көп: сабақ берумен қатар, әкімшілік жұмыстармен де айналысуы керек. Оған қоса оларға ғылыми журналдарға мақала жариялау­ды міндеттейді.
Ал беделді журналдарда мақала жариялау үшін ұзақ уақыт күтуге тура келеді, себебі онда тек сапалы материалдарды қабылдайды. Оқытушыларда ондай уақыт қайдан болсын?.. Сосын «әйтеуір жарияланса болды» деген оймен арзанқол журналда мақаласын жариялауға мәжбүр. Мұндай әрекеттің нағыз ғылымға қатысы жоқ. Ғылыммен айналысып, мақала жариялау әркімнің өз еркі болуы қажет.
– Қандай шешім ұсынасыз?
– Кадрлармен жұмыс істеу керек.­ Жоғарғы оқу орындарының басшылары кадрлардың, білім беру бағдарламаларының, ғылыми жобалардың, публикациялардың сапасына көңіл аудару қажет. Білім беру саласында оқытушыларға пәндердің сапасын жақсарту, оқыту әдістерін, инновацияларды енгізу мүмкіндігін беру керек. Біліктілікті жоғарылату үшін түрлі семинар-тренингтерге қатыстыру қажет. Шетелдік мамандармен тәжірибе алмасуына жағдай жасау қажет. Сосын солай ізденіп, оқып келген адамның жиған білімін істе сынауына мүмкіндік беру керек.
Соңғы кезде PhD докторантураға тапсыратындардың саны артты. Бұл қуантады. Бірақ таяқтың екі ұшы бар. Докторанттардың көбі оқуын бітірген соң ғылыммен айналысуды тоқтатады. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын ары қарай кеңейтіп алып кететіндер аз. Онда олар не үшін PhD оқыды?
Тағы бір байқағаным: көптеген адам магистратура, докторантураны еңбек нарығында сұранысқа ие болу үшін оқитын сияқты. Себебі соңғы кезде акционерлік қоғамдар немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер менеджер сияқты қызметке вакансия жариялағанда «ғылым магистрі немесе PhD дәрежесі болуы керек» деген талап қоятын болыпты. Сонда олар ғылыммен айналысайын деп жатыр ма? Не үшін?
– Бакалавриат – толық емес жоғары білім саналады. Толық жоғары білім болуы үшін магистратура оқуың керек. Ел арасында осындай пікір бар. Көбі сол үшін тапсырады.
– Әлем өзгерді, қазіргі заманғы қарқынмен бакалавр дәрежесіне 4 жыл, ал магистратурада бір жыл өткізу – уақыт пен ресурс үшін үлкен ысырап. Әрине, еңбек нарығында магистр дәрежесімен армандаған жұмысыңа орналаса алмасаң немесе оқуға деген үлкен ниет болса, онда түсінікті. Қазіргі кезде диплом ғана емес, дағдылар керек. Әлемде жоғары білім туралы дипломынсыз да табысты жұмыс істеп жатқан адам көп. Мысалы, Google және Apple компаниялары белгілі бір жұмысқа икемді, бірақ бакалавр оқымаған адамдарды жұмысқа ала береді.
Ал докторантура деген – ғылымға жасалған алғашқы қадам. Ал толық жоғары білім алу үшін… Толық емес жоғары білім деген не жалпы? Бакалавр – ол бакалавр. Басқа елдерде ол толық емес жоғары білім деп саналмайды.

P.S.

Дианамен арада өрбіген әңгіменің жобасы – осы. Кофехананың дәл ортасына отырып алып, бар даусымен ғылым жайын талқылаған екеуге көпшілік оғаштау қарады. Ішінен «Жұрт отбасымен келіп таңғы ас ішетін жерде ғылым жайын талқылағаны несі?» деген де болар. Бірақ біз айтпасақ, басқа кім айтады?..

Әңгімелескен
Әсел САРҚЫТ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.