Ардагер ҮМБЕТБАЙҰЛЫ: ҚАЛАМГЕР БОЛУЫМДЫ АРМАНДАДЫ…

УАЙДИННІҢ ҰЛЫ БОЛУ –  ҮЛКЕН СЫН

«Балаң жақсы болса – жердің үсті жақсы, балаң жаман болса – жердің асты жақсы», «Баласы жаман әкені түйенің үстінен ит қабады» деген халық даналығы бар. Міне, осы сияқты бізге де Уайдин фамилиясын арқалап жүру үлкен сын болды. Қай жерде, қай кезде болмасын «Бұл Үмбетбайдың баласы емес пе?» деп сұқ саусақпен шошайтып көрсетуге жол бермеуге тырыстық. Біз жас болғанымызбен, әкеміздің өмір бойы қасықтап жинаған абыройын бір-ақ сәтте төгетін жағдайға жеткізбейтіндей жауапкершілікпен қарадық. Мен мектепте жақсы оқығаныммен, мінезім тентектеу, ұрда-жық болды. Бірде балалықпен тентектік істеп қойып, жұрттың бәрі мені мектептен шығару керек деп жатты. Сол кезде әкем: «Бұл менің балам болсын, мейлі… Басқа бала болсын, мейлі… Мектептен шығарып жіберейік, жақсы. Бірақ баланың балалығына ата-ананың, ұстаздың даналығы қайда?» деген бір-ақ ауыз сөз айтты. Осы бір ғана сөзбен бүкіл дауды тоқтата алды. Осыдан кейін қатты тентектікке бармадым, баруға арым да жібермейтін. Әкем атақты сатирик, анам өзім оқыған мектепте мұғалім болса да «маған не істей алар дейсің?!» деп аяқты алшаңнан басып жүрген жоқпын. Кейде балалық басқа ондай да ой келеді. ­Дегенмен, Шона атамыздың «Мен-мен деп бұл қасқа төсін ұрады, төсі сынса несін ұрады?» деген шымшымасы бар ғой. Мына біздің төсті ұруға жанымыз қас болды, әкем бізді барынша қарапайымдылыққа тәрбиеледі.
Мектеп бітірген соң Абай атында­ғы Қазақ ұлттық педагогикалық универси­те­тінің Шығыстану факультетіне оқуға түстім. Сол кезде де журналды ашқан кез келген оқытушы менің фамилияма келгенде кілт тоқтайды. Содан кейін «Сен Үкеңнің баласысың ба?» деп сұрайды. Алғаш танысқан кезде тарихтан сабақ берген профессор Жанұзақ Қасымбаев та солай деп еді. Сосын сабақтан кейін мені алып қалып, «Біз студент кезімізде Үкеңнің жатақханасына барып бірге тұратын едік. Қатар жүріп едік…» деп біраз әңгімелесіп, жүрегіме бір жылылық ұялатқан.
Біз – Кеңес дәуірінің ұшын көріп қалған балалармыз. Біз – пионер, октябрят болып Ленин атамызды төсімізге таққан буынбыз. Ол кезде мен өзімнің айналамда көзі қара балалардың қазақша сөйлейтінін кездестірген емеспін. Ал әкем бізді қазақ мектебінде оқытты. Үлкен үшеуін №12 мектепке беріп, одан кейін үшеуімізді №2 қазіргі қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатқа (ол кезде шопандардың балаларына арналған эксперименталды мектеп-интернат) беріп, қазақша оқытты. Талай жерде замандастарынан, зиялы қауымнан «Балаларыңа қиянат жасап жатырсың, Үмбеке, неге олай істейсің?» деген сөзді естіген. Естісе де бір ауыз артық сөз айтпай оқыта берген. Біз одан жаман болған жоқпыз. Ол үшін әкеме алғыстан басқа айтарым жоқ. «Балаларыңның болашағына балта шауып жатырсың» деген зиялы қауым өкілдерінің балалары өзгеше тәрбиеленді. Қазір мен кез келген ортада өзімді суда жүзген балықтай сезінемін. Орыстілді ортада да, қазақтілді ортада да айтатын ортақ әңгімем бар. Бүгінгі таңда кейбір зиялы қауымның балаларымен дос болып жүреміз. Олар қазақи ортаға келгенде біреудің киімін киіп алып, онысы үстіне қонбай тұрған сияқты өзін ыңғайсыз сезініп қалады. Міне, көрдіңіз бе, әкем бізді қазақша оқытқаны үшін мен кез келген ортада өз орнымды таба аламын.

КІТАПТАРЫНА ҰҚЫПТЫ ҚАРАЙТЫН

Кішкентайымнан әке-шешемнің қасында бірге жүрдім. Әкем мені сахнаға тәрбиеледі. Өлеңдерін жаттатқызды. Өзінің ғана емес, Асқар Тоқмағамбетовтың, Оспанхан шығармаларының жартысын жаттап алған шығармын. Кейін өсе келе Шахановтың поэмаларын жатқа оқыдым. Көпен көкемнің шығармаларын әлі күнге дейін өзіне оқып берем, «Әәә» деп басын шайқап қояды.
Өмірімдегі ең үлкен қателігім – әкенің арманын орындамадым ба деп ойлаймын… Нақтырақ, мамандық таңдаудағы арманын… Ол мені сахнадан көргісі келді. Әлде қолына қалам ұстасын деді ме екен… Әйтеуір, мені Т.Жүргенов атын­дағы театр институтына түсіргісі келді.
Менен бір жас үлкен апайым біраз науқастанып қалып, оқуға түсуге мүмкіндігі болмады. Сосын оны 1996 жылы ҚазҰУ-дың экономика факультетінде ақылы оқытты. Заман болса қиын. Дәл осы кезде тест деген шығып жатты. Бұл «бап шаба ма, бақ шаба ма» дегендей, болашағы белгісіз дүние ғой. Мені «тесттен қалай өтемін, оқуға түсе алам ба, жоқ па… Грантқа түсе алмасам, апайым да ақылы бөлімде, мені де қалай ақылы оқытады… Жағдай қалай болады…» деген сияқты ойлар қатты мазалады. Осы кезде анам мені жатпай-тұрмай «Қазақстан тарихынан» олимпиадаға дайындады. Көп оқып, көп дайындалдым. Оған ұстазым Орынша Қарабалинаның көп ықпалы тиді. 1998 жылы Өскемен қаласында Республикалық олимпиада болып, мен «Қазақстан тарихынан» жүлделі орын алып, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Шығыстану факультетіне емтихансыз қабылдандым. Сол кезде тесттен қорқақтамай, тәуекелге барып, тапсырсам, мүмкін қазір тағдырым басқаша болар ма еді, кім білсін?! Дегенмен, маңдайымызға жазылғаны осы. Әртүрлі қызметте болдым. Оның ішінде пагон тағып, әскери қызмет те істедім, полицияда, құқық қорғау саласында қызметтер атқардым. Осы салада жүріп ІІМ-нің баспасөз қызметіне, одан кейін Ақтөбе облысы ІІД баспасөз хатшысы қызметіне ауысқанымда әкем бір бөркін аспанға лақтырып қуанды. Неге десеңіз, «міне, журналистермен бірге жұмыс істей бастады, қалам ұстады, қызметі біртабан болса да жақындады» деген сияқты.
Мен Ақтөбеде жүргенімде, бір күні ата-анам келетін болды. Пойызға алған билеттерін жолсерік тексеріп тұрып: «Сіз Ақтөбедегі Ардагер Уайдиннің әкесісіз ба?» деп сұрапты. Сонда анам: «Заман ауысты деген осы. Бір кезде сендерден Үмбетбайдың ұлысың ба деп сұраушы еді, енді Үкеңнен Ардагердің әкесісіз ба деп сұрап жүр» деп күліп еді.
Әкем Қадыр құрдасының кітапхана­сына қатты қызығатын. Өйткені ол кітап­ханасын құмырсқа бейнесінде жасаған. Оны Қадырдың өзі «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деген, міне, нағыз еңбекқор деп құмырсқаның суретін салып, осыған қараған сайын еңбектенемін» деп түсіндіреді екен. Қадыр мен әкем екеуінің қалжыңдары да жарасып жүретін. Қадыр әкей үйіне барған қонақтарымен қайтарда құшақтап қоштасады екен. Келген кісілер: «Оу, бағана салқын амандасып, қолыңның ұшын ғана беріп едің, қайтарда құшақтадың ғой» дейді. Сонда Қадыр: «Енді бұл өмір ғой. Сені көргенде аман-есен екен ғой деп қолымды бере салып едім. Қазір кетіп бара жатсың. Әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Бір-бірімізді енді көреміз ба, жоқ па деп құшақтап жатырмын. Екіншіден, қойын-қонышыңа кітап тығып бара жатқан жоқ па деп тексеріп жатырмын» деп күледі екен.
Әкемнің өз кітапханасы да әжептәуір үлкен болды. Кітап тұрған сайын шаң жинайды, беріректе жуып-шайып, сүртіп-тазалағанда санадық, 5000-ның үстінде кітап бар екен, бұл отбасылық кітапхана үшін тәп-тәуір үлкен.
Кез келген адам, оның ішінде біз болсақ та, немерелері болса да, сұрап алған кітабын жазып қоятын. Сосын «Сен ана кітапты мына күні алғансың, ол қайда?» деп сұрап отырады. Ортаншы ағам 15 жыл бұрын «досым сұрап жатыр» деп бір кітапты алған екен. Сенесіз бе, соны 15 жылдан кейін «Әй, Мұхтаржан, сен ана досыңа алған кітап қайда? Міне, жазып қойғанмын» деп отыр. Басқа басқа, кітапқа, қағазға, газеттің тігінділеріне деген ұқыптылығы ерекше болатын. Нөмір-нөмірімен газет тігу біз үшін үйде үлкен бір шаруа. Алдымен «Егемен Қазақстанды» бөлек, «Ана тілін» бөлек, «Қазақ әдебиетін» бөлек жинап аламыз. Сосын нөмірлеп қоямыз, сыртын кардон қағазбен жақсылап тігеміз. Осының барлығы, сайып келгенде, тәрбиеге келіп тіреледі екен. Газетті жинап отырып, бірдеңе көріп қалып, оқып кетесің. «Әй, бала, кеш батты ғой, болсайшы» дейді. Біз газеттің қызығына кіріп кетеміз. Сөйтсек, сол газетті оқысын дейді екен ғой, үстелдің үстінде жатса, мән бере бермейміз.

БАҒАСЫ КӨЗІ ТІРІСІНДЕ БЕРІЛДІ

Шығармашылық адамының болмысы бөлек қой. Бізде қалыптасқан тенденция қандай? Ақын-жазуышыларды, жалпы адам баласын тірісінде бағаламаймыз. Мысалы, кезінде Мұқаңды Мұқағали деген жоқпыз, ал кеткеннен кейін Мұзбалағымыз деп аспанға көтеріп жатырмыз. Ал менің әкем көзі тірісінде өзінің бағасын алған адам. Пафостан ада адам еді ғой, қоңыр күй кешіп, биікке ұмтылмағанымен өз бағасын ала алды.
Әкем жалпы адам баласына дауыс көтеріп сөйлемейтін. Біз кейде байқамай көзі тайып кеткен кезде немерелерін шымшып алып, болмаса жекіріп қалсақ: «Әй, мен қайсыңа дауыс көтеріп едім, қайсыңа қол көтеріп едім?» деп бізге жай ғана қоңыр дауыспен айтатын. Сосын сап тыйыламыз.
Ол үйде болсын, түзде болсын болмысын жоғалтпаған, бірқалыпты адам еді. Біреуге қатты сөйлеп, жекіп көрген адам емес. Жүрсін Ерман ағамыздың «Бәріміз пендеміз ғой, Періште көкте ғана» деген өлеңі бар. Расымен, Періште көкте ғана болса, ал менің әкем жер бетіндегі пендешіліктен ада, Періштеге бір қадам жақын азамат болды.
Әкем 1935 жылы дүниеге келсе, өмірден қайтқан күніне дейін көрмегені жоқ. Ол соғыстан кейінгі жылдарды, аштықты, жетімдікті көрді. Денсаулығы да жиі сыр беретін. «Жарты жолда атың өлмесін, жарты өміріңде әйелің өлмесін» деген сөз бар ғой. Қырықтан аса бергенде жарынан айырылды, тұла бойы тұңғышы да ерте кетті. Мұның бәрі оған ауыр болды. Үлкен шешеміздің есімі Ақтеңгеш екен. Әкемнің Дүйсенбек Қанатбаев деген курстас досы болатын. Сол кісі «Үкеңнің жанында 40 жыл дос болып жүріп, көзіне жас алғанын үш-ақ рет көріппін» дейді. Біріншісі сол Ақтеңгеш шешеміз қайтқан кезде болса керек.
«Аққайыңдар жайқалып жылап тұрды,
Жаратқаннан сабырлық сұрап тұрды.
Бір Ақтеңге домалап түсті жерге,
Бір Үмбет бөркін жерге лақтырды» деп жырға қосқаны да бар. Одан кейін тағдырдың жазуымен біздің анамызбен бас құрап, өмірінің соңына дейін бірге болды. Екі анадан туған балалар бір-бірімізді ешқашан бөліп-жарған емеспіз. Біз үшін бұл тақырыпқа әңгіме қозғау – табу (яғни айтуға болмайтын дүние) еді. Ол да болса әке-шешенің парасаттылығы деп білемін. Баланы бөліп-жармай, бәрін бірдей көріп, алақанына салып осы күнге дейін өсіріп келген ата-анамның алдында басымды иемін.

«35-ТІҢ КОМАНДАСЫ…»

Жалпы өмірінде «жабысқақ» аттары көп болды. Мәселен, көп адам «Үндемес Үмбетбай» дейді. Бірде бір журналист сұхбат алып отырып: «Ағай, сізді «Үндемес Үмбетбай» деп атайды екен» десе, әкем: «Иә, үндемеймін. Атом бомбасы да тимесең үндемей жатады ғой, шырағым. Бірақ уақыты келгенде ол жарылады» деген екен. Яғни әр нәрсенің шегі бар, бір күні мен де жарыламын дегені шығар…
Мен үйдің кенжесі болған соң, көліктің дөңгелегі айналса, мен де қоса айналушы ем. Ата-анам қайда барса да мені бірге алып жүрді. 1995 жылы 60 жылдығын өткізіп жатқан кезде «Аққайың» санаториінде демалып жаттық. Сол маңға бір көлік келіп тоқтады да, ішінен екі жігіт секіріп түсті. Біріншісін айнытпай таныдым: Жарылқасын Дәулет. Екіншісі – шалқарлық Әділгерей Әуелбаев. Қазір ол Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметінде, сол кезде «Аймақ» деген фирманың директоры еді. Келді де: «Көке, 60 жылдығыңызға орай кітабыңызды шығарайын деп жатырмыз. Мына ­Әділге­рей балаңыз демеуші болады, менің баспамнан шығады» деді. Сонда анам: «Әй, баспаңның аты қандай?» деді. «Баспамның аты –«Қожанасыр». Содан шешем күліп: «Мынау үлкен Қожанасыр, мынау кіші Қожанасыр» деп, екеуіне ат қойған. ­Расымен, әкемді көпшілік «Қожанасыр» деп атайтын. Қожанасырлығында шек жоқ еді.
Бір күні Әнес Сараев деген досы қонаққа шақырып, сонда барған. Кешқұрым үйге қайта оралғанда Шынар апам алдынан шығып: «Әкеее, Алтыншаш апа звондап жатыр, ана үйде бір кісі кете алмай отыр екен, бөтен аяқ киім киіп кетіпсіз ғой» деп шырылдайды. Ондайда әкемнің өзін ақтап алатыны да бар: «Біз енді үнемі ойдың үстінде жүреміз, байқамай киіп кеткен болармын» дейді. Осындай оқиғалар көп болатын.
Адуынды ақын Мейірхан Ақдәулетов деген аталас ағамыз бар, қазір Ақтөбеде тұрады. Ағалі-інілі екеуі қаламдас, пікірлес. Ол кезде Самал ықшам ауданында арамызды тек әл-Фараби көшесі бөліп жатыр. Сонда екеуі бірер сағат серуендеп жүреді. Мейірхан ағам: «Аға, мынаны естідіңіз бе?» деп бір әңгімені айтса, әкем: «Ааа, солай ма, жоқ, естімедім» деп тыңдайды екен. Содан бір сағаттай серуендеп, қайтарда қоштасып жатса, біздің әкей: «Айтпақшы, Мейірханжан, сен ананы естідің бе?» деп жаңа өзі айтқан әңгімені өзіне айтып береді екен. Көрдіңіз бе, ойдың үстінде жүрген адам әңгімеге де мән бермей келе жатады екен ғой.
Әкем жан-жағына жылу сыйлап, шуақ шашып жүретін адам болғаннан кейін, оған үйір болған, қасында жүргісі келген адамдар көп болды. Үйге қонақ шақырған күннің ертеңіне «Әй, ­Мариямжан, қазір студенттерім келу керек еді» деп дастарқан жайғызады. Кейін анам: «Сонда кешегі қонақтан қалған сарқытты студенттерім жесін» дейді екен ғой деп жүретін. Шаруасы болсын-болмасын «Әй, айналайын, мына газеттің тігіндісін алып кетіңдер, кітап алыңдар» деген сияқты түрлі сылтау айтып студенттерін шақырып алады.
Жастау кезінде Шәмшімен қатар жүріпті. Шәкеңнің әңгімелерін көп айтатын. Ол кезде қазіргідей әлеуметтік желілер жоқ, теледидардың өзі екінің бірінің үйінде болмайды. Шәмшінің атын естігенімен, көбіне түрін көрмеген. Содан алаяқтар көбейе бастапты. Бір күні достарымен шайханада отырса, көрші столда бір кісі Шәмшімін деп көпіріп отыр екен. Шәкең келгенде «Ана жақта сен отырсың ғой» деп күледі достары. Сонда ол кісі әлгі адамның қасына барып: «А, Шәмші деген сіз бе? Жақында «Қайықта» деген әніңізді естідім. Керемет шыққан. Мен Әбілақат Еспаев деген композитор боламын» деп қалжыңға айналдырып жіберіпті.
Жарасқан ағамызбен әзілі жарасып жүретін.
«Уайдин Үмбетбай,
Таң атпай не күн батпай,
Шыға келдің алдымдан
Домаланған құндақтай» деп Жарасқан ағамыз әзіл айтқан кезде, соған бір марқайып, мақтанып қалатын еді. Жақын пікірлес жолдас-құрдастарын «біз 35-тің командасынанбыз» деп көп айтатын. Олардың қатарында Қадыр, Тұманбай ағаларымыз да бар.
ҚазҰУ-да ұстаздық қызмет еткеннің арқасында Намазалы Омашев, Бауыржан Жақып ағамыз, Дәмилә, Роза апайымыз да өте жақын болды.
Жақын жолдастарының ішінде 40 жылдан бері қатар келе жатқан ­курстастары болды. Есімде, курстастар үйге келіп жиналған кезде ырду-дырду әңгіме, бір марқайып қалатын еді өздері. Ол курстың үлкені әкем болды, одан кейін Әнес ағай, ақын Дүйсенбек Қанатбаев, сыншы Кәдірбек Уәли, Ақат Жақсыбаев, Жарылқасын Нұсқабаев, Төлен Әбдіков, Төлен Қауқымбаев – барлығы курстас болды.
Сонымен қатар «Тамашаның» тарландары Құдайберген, Тоқсын, Уайс ағаларымыз, кейін Көпен көкемнің және Сейіт ағамыздың да орны бөлек. Ең жақын досы – Ғаббас Қабышұлы еді. Құрдасы ғой, әкем қайтқан кезде көзіне жас келіп, сөзін айта алмай, кемсеңдеп қалды.
Қазір сатира жанрындағы театрлар да, ойындар да көп. Соның ішінде «нағыз жазғыштар осы кісілер ғой, біз осылардың жазғандарын оқып өстік» деп бағасын беріп, мойындаған «Шаншар» театры ғана болды. Уәлибек ағамыз кеш берерде әкемді, Ғаббас ағаны, Сейіт ағаны, Көпен ағаны жұбайларымен бірінші қатарға отырғызып, батасын алып барып концертін бастайтын еді. Мен үйленген кезде де Уәлибек ағамыз азаматтық танытып: «Көке, балаңызды үйлендірейін деп жатыр екенсіз, тойды өзім жүргіземін» деп дүркіретіп өткізіп берді.
Әкеміз жанына билігі бар адамдарды емес, қаламдас достары мен шәкірттерін жинады. Өзі де: «Мен кеудеме сықырлаған орден-медаль таққан жоқпын. Менің марапатым – шәкірттеріме көрсеткен шарапатым. Шәкірттерім мен халқымның маған айтқан алғысы, менің кеудемдегі орден-медальдар – осы» дейтін. Шәкірттерінің ішінде Бекжан Әшірбаев, Жанарбек Әшімжан, Жұлдыз Әбділдә сынды талантты шәкірттері бар.
Әкем қайтқан соң құлыптасының бір жағына өзінің сөзін, екінші жағына сатираның мықтысы Оспанхан Әубәкіровтың сөзін жаздық:
«Айтып-айтпай не керек,
Үмбетбай деген бұл кісі.
Қазақ деген халықтың
Құдай берген ырысы».
Осы бір ғана шумақта әкемнің қоғамдағы салмағы бейнеленіп тұр емес пе? Бұл Осағаңның менің әкемнің 50 жылдығында жазған өлеңі еді, ұзақтау болатын. Осы өлеңді жазып-жазып келіп, соңында «сенің інің, ағаң, жақының, досың, жалпақбасың, анау-мынау» деп көп сөз жазған. Бұл екеуінің бір-біріне соншалықты жақын екенін білдірсе керек.
Мен өз балаларыма әкемнен өзім алған тәлім-тәрбиенің бәрін бергім келеді. Өмірімді әкемдей әке болу үшін сүргім келеді.

Жазып алған:
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.