Қолжазба оқитын маман тапшы

Жуырда Алматыдағы «Ғылым ордасында» «Түркі тілдеріндегі тарихи қолжазбаларды зерттеу халықаралық симпозиумы (Қолжазбаларды жариялау, каталогын жасау және цифрлау)» атты түркі тілдеріндегі тарихи қолжазбаларды зерттеудің өзектілігі және оның ғалымдар назарынан тыс қалған мол мұрасын жарыққа шығару жөніндегі халықаралық жиын өтті. Осы шараның мән-маңызы жайында симпозиумға қатысушы жас ғалым Гүлжиһан Көбденова әңгімелеп берді. 

– «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген секілді, аталған конференцияның жөні бөлек. Себебі бұл жиын бабаларымыздың өз қолымен жазып кеткен қолжазбаларын табу, зерттеу мәселесіне арналды. Қолжазба бойынша елімізде, кітапханалардың өз ішінде талай жиын­дар өткізіліп тұрса да, бұл қолжазбаның өзіне арналған алғашқы халықаралық дәрежедегі симпозиум.­ Бұған нақты қолжазбамен жұмыс істей білетін, көне және ортағасырлардағы жазбаларды оқи алатын, алыс-жақын шетелдегі түрколог, петроглиф мамандар жиналды.
Қағаз түгіл жан қайғы болған соғыстардан, ашаршылық, табиғи апаттардан, саяси тәркілеуден, т.б. әлеуметтік, саяси, табиғи жағ­дайлардан, ғасырлардан аман-есен жеткен бабалардың үні мен көзі болған халық үшін қымбат дүние – қолжазба! Ғалым Тұрсын Жұртбай: «…Бәріміз бір қолжазбаны алып, өзіміз­бен-өзіміз жеке бір әлемде зерттеу жасап жат­қандай көрінгенімізбен, бәріміздің түп-тамырымыз бір» деген сөзі тыңдаушыларға қол­жазбаның артында үлкен тарих жатқанын аңғартты.
Кеңес өкіметі тұсында түркі, соның ішінде қазақ халқын «жазуы болмаған, жазуы кеш дамыған халықтар» санатына жатқызғаны мәлім. Бұл басқосу осыған үлкен тойтарыс беретін шара болды. Көне түркі жазба жәдігерлері, ортағасырлық қолжазбалар, шағатайша, ­османша жазылған мұралар, қадим мен жәдид жазуындағы ескерткіштер, бергісі төте жазу, бұның барлығы – біздің асыл қазынамыз. Енді осы қазынаны іздеу, табу және оны зерттеу жұмыстары, оларды оқи білетін мамандар ­даярлау – түркітану мен қазақ тіл білімі үшін зор жұмыс. Ұлттық кітапхана және Орталық ғылыми кітапханалардың сирек қолжазбалар қорында бұрын ешкім оқымаған шағатайша және османша жазба мұралар сақталған. Тіпті Түркияның өзінде жоқ османша қолжазбалардың біздің еліміздің кітапханаларында сақталып тұрғаны көңілімізге мақтаныш сезімін ұялатады. Бұл дегеніміз, біздің ата-бабаларымыз шағатайшамен бірге османша оқи, жаза білгенін, өз замамында сауатты болғанын, қиын-қыстау заманнан аман өтіп, бүгінгі уақытта көздің қарашығындай сақтап отырған кітапханашылардың ерен еңбегіне сүйсініп, рақмет айтамыз.
Бұл қолжазбаларды сақтау бар да, енді оны іздеп табу, халыққа таныстыру, ғылыми жұртшылыққа жариялау тағы бар. Осы мақсатта жас зерттеуші Осман Қабадайының еңбегі орасан. Осман мырза 1,5 жыл Қазақстандағы кітапханалардан күні-түні бабалардың қолтаңбасын, мұрасын іздеумен болды. Өз жұмысының нәтижесі ретінде алдағы уақытта қолжазбалардың каталогын шығармақшы. Осы каталогтан зерттеушілердің назарынан тыс қалып жатқан дүниелер, архивтердегі шаң басқан жазбалар ғылыми айналымға енері хақ. Әрі кітапханаларымыздың ғылыми, танымдық, тарихи мәртебесі артатыны даусыз. Орталық ғылыми кітапхананың сирек қолжазбалар қорының бастығы Гүлшат Абикова көптеген кітап пен қолжазбаның сандық форматқа түскенін, өз оқырманы мен зерттеушісін күтіп отырғандығын айтты.
Бүгінгі хай-тек технология дамыған заманда, қолжазбаны сақтау мен оқу, зерттеу мәселесі де біртіндеп шешіліп келе жатыр. Бұл «балаларымыз кітап оқымайды» деп уайымдайтын кезеңде, көне кітаптар мен қолжазбаларды оқу арқылы, мүмкін, біз жастарымыздың оқуға деген құлшынысын ­оятармыз. Көне дәуір мен ортағасыр ескерткіштерін оқуға үйрететін, конвентор арқылы графиканы ауыстыра алатын мобильдік қосымша жасасақ ата-бабаларымыздың сөз әлеміне атпен жорғалатып емес, ұшақпен ұшқандай тез барар едік. Осы игі мақсатта тасқа жазылған жәдігерлерді, көне кітаптар мен қолжазбаларды оқи алатын мамандар даярлау, мобильдік қосымша жасау бүгінгі күннің абыройлы міндеті.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.