Көшбасшылықтың сыры неде?

Қоғамда көшбасшы біреу ғана болмайды. Әр саланың, әр ортаның өз көшбасшысы болады. Осы бастаманы көтеріп, идеясын ашық жеткізіп жүрген белгілі журналист, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Шыңғыс Мұқан арнайы кітап шығарды. Алматыда тұсауы кесілген кітап «Көшбасшылық» деп аталыпты. 3 мың тиражбен басылған туынды «Мазмұндама» қорының қолдауымен шығарылған. 

Кітаптың тұсаукесер рәсіміне ­Прези­дент Кеңесшісі Мақсат Ысқақов, Сатыбалды­ ­Нарымбетов, Сергей Азимов, Тұрысбек Сәукетай, т.б зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты. Шараны «Ана тілі» газетінің бас ­редакторы Жанарбек Әшімжан жүргізді.
Идея авторы Шыңғыс Мұқан «Көшбас­шылық» кітабының дүниеге келуіне кеңінен тоқталды. «Маған көшбасшылық тақырыбы өте қатты ұнады. Кітаптарды ағылшын тілінде оқып отырып, «не деген зерттеулер мен талдаулар?!» деп таңғалдым. «Осындай қажетті еңбектерді неге қазақ тіліне аудармасқа» деген ой келді. Зерттесем,­ бұл тақырыпта 7,5 мың кітап шыққан екен. Оның бәрін аударып шығу мүмкін емес. Сондықтан ең үздік он кітапты іріктеп алып, бір кітапқа сыйғыздық» деді ол.
Оның айтуынша, кітап оқырманға білім ғана бермейді. Әр бетте қажетті терминдердің қазақ-орыс-ағылшын тілдерінде сөздіктері берілген. Ол арқылы оқырман үш тілде тілдік лексиконын арттырып, тіл меңгеру де пайдасын­ көре алады. Сонымен қатар адамды, қоғамды, мемлекетті дамытатын идеялары барын айтқан автор «кітапты шығарудағы ең басты­ мақсат – әр адам көшбасшы бола алатынын көрсету» деді.
Президент Кеңесшісі Мақсат Ысқақ мұндай кітап қазақ үшін, жалпы ел үшін қажет дүние екенін атап өтті. «Мықты адамдардың барлығының жер бесігі қандай болды, олар­дың тал бесігін кім тербетті, олар кімнің жан бесігінде тербелді» деген сөз бар қазақта. Бұл құнарлы жерден ғана үлкен дүниелер шығатынын дәлелдейді. Көшбасшы кез келген жағдайда ұлттың ішінен суырылып шығады. Қазақ әр нәрсеге көңіл бөлген, біздің ұлылығымыз сонда. Көшбасшы деген, алдымен­ өз отбасында, одан кейін әулетінде басшы бола білу керек. Сондай адамдар ғана қоғамды артынан ерте алады. Осы мәселенің барлығын Шыңғыс бауырымыз кітабында жақсы жаза біліпті» деген кеңесші кітап авторының төзім-жігеріне ризашылық білдірді.
Осылайша, Шыңғыс Мұқан қолға алған «Мазмұндама» жобасы маңызы зор әлемдік кітаптарды ықшамдап, қазақ тілінде ТОП-10 сериясын ұсынды. Аталмыш серияға енген кітаптар тізімі оқырмандардың сұранысы (Good Reads, New York Times, Amazon) мен ­сарапшы мамандардың (Harvard Business Review, Forbes) пікіріне сүйене отырып дайындалған. Аударма мектебі толық қалыптаспаған кезеңде аудармамен айналысудың жауап­кершілігі зор екенін білетін мамандар бұл жолы алғашқы кітаптың тұсауын кессе, алдағы уақытта «Экономика», «Келіссөздер», «Жетістік», «Отбасы», «Денсаулық», «Кемелдену»,­ «Менеджмент», «Маркетинг», «Байлық», «Болашақ», «Саясат» сериялары шығатын болады.

Ақбота ҚУАТОВА
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.