Даламыздың үні

Тарихтың сан алуан сырларынан сыр шертетін домбыра күнінің әспеттеліп, мерекенің қатарын толтыруы былтырдан бастау алды. Елбасы­ Н.Назарбаев ұлттық аспаптың Күлтегін ­заманы­нан келе жатқанын еске салып, домбыраны­ қазақтың бренді мен паспорты, ешкімге ұқсамайтын қайталанбас келбеті деп бағалап, шілденің бірінші жексенбісін – Ұлттық домбыра күні деп белгіледі.

Жыл сайын тойланатын мерекелер қатарына енген Ұлттық домбыра күніне биыл да ерекше дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында мерекелік концерт өтеді. «Қазақ Елі» монументі алаңында сахна жасақталып, жиналғандар «Сарыарқа», «Адай», «Әлқисса», «Көңіл толқыны», «Балбырауын», «Көроғлы» күйлерін тыңдай алады. Суырыпсалма ақындар домбыраны жырға қосып, елордалық музыка мектептерінің шәкірттері өнерлерін ортаға салады. «Жастар» театрының актерлері тарихи қойылым ұсынса, кештің соңы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының ұйымдастыруымен Есіл өзенінің жағасындағы Амифтеатрда «Нағыз қазақ – домбыра» атты концертпен жалғасады.
Домбырадан шыққан саз кеудесі қазақ деп соққан адам баласын бірден баурайды. Белгілі ақын-жазушылар да үн қосып, өлең арнаған. Шөмішбай Сариев «Бабамыздың мұңысың сен, домбыра, Анамыздың сырысың сен, домбыра. Қазағымның жүрегінен жаралған, Даламыздың үнісің сен, домбыра!» десе, Қадыр Мырза Әлі «Нағыз қазақ – қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра» деп, бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген. Ендеше, Ұлттық домбыра күні аясында атқарылар игі шаралардың ауқымды болғаны, киелі аспаптың қадірін арттырып, адамзаттың көкірек көзінің ашылуына септігін тигізсе, жақсылықтың жаршысы болса деген тілек бар.

Бағдагүл Балаубаева
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.