«Сазген сазы» тамсантты

«Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі жуырда гастрольдік сапармен Австрия мемлекетінің Грац және Словения мемлекетінің Пиран, Порторож, Любляна қалаларында өнер көрсетіп қайтты. Қазақстан Республикасының Австрия мемлекетіндегі елшісі Қайрат Сарыбайдың ұйымдастыруымен өткен концерттік бағдарламада қазақтың халық күйлері мен әндері және халық композиторларының шығармалары орындалды.

Грац қаласының Эггенберг сарайында өткен концертте ансамбль «Аспаптар шеруін» орындаса, Эльмира Қашқымбаева сазсырнайға арналған С.Кәрімбаевтың «Жетісу» шығармасын, Ақажан Бақжол қылқобызбен Ықыластың «Аққу аңызы» атты күйін, Диляра Окманова Байжігіттің күйі «Бөкен жарғақты» жетігенде, Сымбат Әлімбетова Еспайдың күйі «Бөгелекті» домбырамен орындап, көрерменге тарту етті. Сонымен қатар сапар барысындағы өнер кештерінде әлемдік классикалық музыка шығармалары орындалды. Олардың ішінде Моцарттың «Түрік маршы», Монтидің «Чардаш», Штраустың «Радецкий марш», Пьяцолланың «Либертанго» және басқа танымал туындылар бар. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Гүлзат Дәуірбаева қазақ әндерімен бірге, Р.Леонкаваллоның «Mattinata», Л.Делибтің «Испанское­ болеро» атты классикалық шығармаларынан ариялар орындады.
Ансамбль Словения Республикасында, атақты композитор, скрипкашы, дирижер Джузеппе Тартинидің туған жері Пиран қаласында екі күн бойы концерт қойды. Қазақтың ұлттық аспаптарының сүйемелдеуімен жоғары деңгейде орындалған классикалық шығармалар еуропалық талғампаз тыңдарманның көңілінен шығып, қошеметіне ие болды. Сондай-ақ еуропалықтар қазақ халқының музыкалық аспаптары мен артистердің әсем ою-өрнектермен көмкерілген киім үлгісін таңғала тамашалады.

Дина Халық

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.