БҰЛ ЖАМБЫЛ – ҚАЙ ЖАМБЫЛ?

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ НАЗАРЫНА! 

«Атыңнан айналайын Әулиеата,
Атыңды ап қойды деп болма қапа….» деп 1940 жылы сәуір айының 9-жұлдызында Жамбыл қаласына келген Жамбыл жәкем көзіне жас алған екен. Көзіне жас алмай қайтсін, сан ғасырдан бері қазақ халқы үшін киелі орын – Әулиелер мекені атанған қасиетті құт мекеннің аты Кеңестік жүйенің сол кездегі жандайшаптарының кесірінен, дүниенің төрт бұрышына мәшһүр бола бастаған өз атымен еріксіз алмастырылып жатса. Бағы жанып, қанша танымал жыр алыбы атанса да бұл Әулие бабалар алдында кешірім сұрап тағзым еткені де жарықтықтың. 1853 жылы – Әулиеата, 1936 жылы – Мирзоян, ал осы партия қайраткері «халық жауы» атанғаннан кейін, 1938 жылы жыр жампозының қарсылығына қарамастан, Жамбыл қаласы деп атанса, Жамбыл жәкеміздің жазығы қайсы?! Бабамыз бүгінгі заманғы пысықайлар сияқты «маған атақ беріңдер, менің есімімді ұлықтаңдар» деп ешкімнің алдына бармаған шығар…

Қазақ поэзиясының алыбы, халқымыздың ұлттық мақтанышы – ұлы Жамбыл бабамыздың Тараз қаласындағы ескерткішіне қатысты бүгінгі таңда орын алып отырған келеңсіз оқиғаға байланысты Халықаралық Жамбыл қоры қарт абызды қастерлейтін бүкіл жұрт­шылықтың атынан өзінің алаңдау­шы­лығын білдіреді. Ұлтымыздың біртуар ­сәу­лет­шісі Хакімжан Наурызбаевтың қолынан шыққан бұл бірегей ескерткіш күні кешеге дейін шаһардағы ақын атындағы алаңда жарты ғасырдан астам уақыт, тұғырынан таймай, жарасымын тауып тұрған еді. Ескерткіш 1963 жылы облыстың сол кездегі басшысы – танымал мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың бастамасымен, мемле­кет­тік комиссияның арнайы шешімі бойынша Ленинград қаласында шойын­нан құйылып жасалған. Керек десеңіз, ақын ескерткіші сол тұста күллі Одақтас республикалардағы ең таңдаулы 100 ескерткіштің санатына кіргізіл­ген болатын. Тағы бір ескерте кететін жағ­дай, осы ескерткіш, шамамен, 3 жыл бұрын ғана министрліктен келген са­рапшы мамандардың арнайы тексерісінен өткізіліп, «жарамды» ­деген ресми баға алған екен.


ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің келісімінсіз орнынан алынған осы Жамбыл бабамыздың ескерткіші қазір Тараз қаласының тазалығын қамтамасыз ететін коммуналдық мекеменің қоймасында күресінде жатыр. Ал ескерткіштің жаңадан жасалған, түпнұсқасына мүлде ұқсамайтын сұрықсыз көшірмесі, ешбір мемлекеттік сараптамадан өткізілмесе де, бір түнде облыстық әкімшілік кеңсесінің алдындағы тас тұғырға келіп жайғасты. Неге екені белгісіз, бұл қабағын қарс түйіп алып, алақанын айқара жайып, елінен «жылу сұрап тұрған» абыз атамыздың келеңсіз кейпі қарапайым халыққа ұнамағанымен, оны асығыс-үсігіс жасатуға есепсіз қаржы жұмсаған облыстағы атқамінерлерге ұнайтын болуы керек. Бір таңғаларлығы, осы мүсіннің ­авторы мен жобалаушысының аты-жөні әлі күнге дейін мемлекеттік құпиядан арман аталмай, сақталып отыр. Халықаралық Жамбыл қорының мүшелері, еліміздің бір топ белгілі сәулетшілері мен суретшілерінің бұл оқиғаны Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра обьектілерін қорғау және пайдалану» туралы және «Авторлық құқық туралы» Заңдардың талаптарын өрескел бұрмалау деген пікіріне толық қосылады.
Сол себепті қазақ тарихындағы шоқтығы биік өнер туындысының тұғырына қайта орнауына­ ықпал етсеңіздер деген өтінішіміз бар. Ұлы Баба рухына қатысты тарихи әділдік сонда ғана белең алып, әділеттілік орнаған болар еді. Әрі ол қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби мүсінші, Қазақстанның халық суретшісі – «Абай», «Шоқан», «Жамбыл», «Бала ­Жамбыл» атты тарихи ескерткіштердің авторы Хәкімжан Наурызбаевтың болашақ ұрпаққа тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор мұрасына деген ­шынайы құрметіміздің айғағы да болар еді.

Манарбек ІЗБАСАР,
Халықаралық Жамбыл қорының
төрағасы, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі
Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. ТӘКЕН МОЛДАҚЫНҰЛЫ

    Тұрғызылғанына 60 жылға таяу уақыт өткен тарихи мұра уақыт пен табиғи құбылыстардың әсерінен тозған. Ескерткіш тұрған аумақтың жаңғыртылуына байланысты тарихи мұраны уақытша көшіру туралы шешім қабылданып, ол кәзір басқа жерде жаңғырту үшін орнынан қозғалған. Cақтаулы тұр! Ал, Абай көшесіндегі Жамбыл ескерткіші мүлдем басқа нұсқа, авторы да басқа мүсінші. Ғылыми-қайта жаңғырту жұмыстарынан соң Х. Наурызбайұлының қолынан шығып, мемлекеттік меншікке айналған эталондықшедевр өз орнын табатын болады!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.