Айналаға қараңыз, таза болсын қалаңыз

Жыл басында Алматыда «Бизнес пен геологиялық әртектілік» тақырыбы ­бойын­ша сарапшылардың пікірталасы өткені белгілі. Онда тек биологиялық әртектілік қана емес, экология мәселелеріне байланысты да біраз әңгіме болды. Шынында да, тақырып – өте өзекті. Басқаны қайдам, 3 миллионға жуық адам тұратын Алматыдағы экологиялық жағдай мен тазалықтың көңіл көншітпейтіні жасырын емес. Қаладағы газ бен зиянды қалдықтар мөлшері нормадағыдан асып түсіп жатады. Мұның себебі неде?

Сарапшылардың айтуынша, қаладағы негізгі зиянды қалдықтар жылжымалы қайнаркөздерден, яғни автокөліктерден бөлінеді екен. Оның мөлшері, деректерге қарағанда 80 мың тоннаны, яғни ауа бассейніндегі бүкіл зиянды қалдықтардың 65 пайызын құрайды. Екінші орында көмір жағатын жылу орталықтары, халықаралық әуежай, өнеркәсіп кәсіпорындары тұр. Үшінші орында – жеке тұрғын үйлер. Қаладағы ауаны басты ластаушы – авто­транспортқа келсек, бүгінге дейін ­Алматыда бас-аяғы бес жүз мың автокөлік тіркеуге алыныпты. Оған жыл сайын сырттан келетін 250 мың көлікті қоссаңыз, мәселенің ақ-қарасы бұрынғыдан да айқындала түспек.
Қала басшылығы шаһардағы автокөлік­тердің бір бөлігін газбен жүруге ыңғайлауға ниеттеніп отыр. Ниет жүзеге асса, ауаның 50 пайызының тазаруы өз алдына, қыруар ­жанармай үнемделмек. Ең алдымен, қоғамдық көліктерді газға көшіру межеленуде. Қазірдің өзінде автобустың 90 пайызы газбен жүреді. Ендігі мәселе – жеке көліктерді газға ауыстыру. Әлбетте, жаңалыққа қырын қарайтын, консервативті ұстанымға бейім тұратыны­мыз өтірік емес. Кейбіреулер бұрынғысынша жанар-жағармай пайдалануды қалайды. Демек, газға көшуді ынталандыру шаралары маңызды деген сөз. Сондықтан қала бас­шы­­лығы көлігін газбен жүруге ауыстыруға ниеттілерге несие бөлуді қарастыруда. Демек, кез келген адам көлігін газға көшіру үшін жеңілдетілген несие ала алады. Ақиқатында, бұл жұмыстың құны онша қымбат емес. 80 мыңнан 300 мың теңге аралы­ғында. Оның үстіне газбен жүретін көліктер автотұраққа тегін қойылады, яғни ол үшін төлем алынбайды. Бұдан өзге де жеңілдіктер қарастырылуда.
Бүгінгі таңда жеке үйлерді де газбен жы­лытуға көшіру мәселесі өзекті болып отыр.
Қаланы жылытатын, көмірмен жағы­латын ТЭЦ-тер түтіні әлі де будақтап тұр. Ендігі мәселе осыған байланысты. Әлем бойынша көмірді ең мол тұтынатын ел Қытай саналады. ТЭЦ-тері түтінін будақтатқан Алматыға қарап біз де бұл мәселеде «алдыңғы орындардың» біріненбіз бе деген ойға қаласың. Дегенмен, жеке үйлердің 99 пайызының газбен жылытуға көшірілгенін айта кеткен жөн. Ол да атап өтетін жайт.
Қаланың ауасын ластап тұрған бір фактор есебінде Алатаудан соғатын желдің жолын бөгеген биік ғимараттар алдымен ауызға ілінеді. 90-жылдары ­жаппай құрылыс басталып, шаһарда биік ғимараттар тәртіпсіз, ережесіз салына ­бастады. Ал соңғы бірер жылда 15 және одан да көпқабатты үйлер саны молая түсті, басшылық әл-Фараби даңғы­лынан жоғары қарай биік ғимараттар салуды құптамайды. Өкінішке қарай, бұған құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Бұл жерде әлемнің көптеген өркениетті шаһарларында бес қабаттан жоғары үй салуға тыйым салынғанын айта кетуге тиіспіз. Қала үшін басты ауа ластағыштың бірі – көл-көсір қоқыс. Қатты қоқыс қалдығын тасымалдау мәселесі Алматы үшін өте өзекті. Алматыда өткен жылдың соңында жаңа қоқыс іріктейтін кешен іске қосылған. Бұған дейін де осындай екі әрекеттің қолға алынып, нәтижесіз аяқталғанын жақсы білеміз.
Шенеуніктердің айтуынша, соңғы ­ке­шеннің арқасында қоқыс тазалау мәселесі 100 пайыз шешілетін көрінеді. Қатты қоқысты жер астында іріктеудің еуропалық тәсілі іске қосылып, сондай-ақ қоқыс ­таситын машиналардың саны қала ­бойынша бұрынғы 148-дің орнына 88-ге дейін қысқарады деген болжам бар.
Жаңа жүйеге сәйкес, жиналған қо­қыстың 10 пайызға жуығы қайта өңделеді. Қоқыс құрамындағы қағаз бен пластиктің бес пайызы ғана өңдеуге қолайлы екенін айта кеткен жөн. Соған сәйкес өңдеуге қолайсыз пластик сияқты заттарды қоқысқа тастамау мәселесі көтерілуде. Қоқыс өңдеу өнеркәсібіне келсек, ол мәсе­леге қарапайым тұрғындардың бейжай қарай­тыны аңғарылады. Тиісті мамандар осы тақырып бойынша бір мың тұрғынға сауалнама жүргізген. Олардың ішінде 100 адамның 99-ы елімізде қоқыс өңдейтін зауыттың барын білмейтін болып шықты. Ал Қазақстан бойынша қазірдің өзінде осындай 160 кәсіпорын бар. Елімізде қағаз қалдықтарын қайта өңдеу­мен айналысатын «Қазақстан қағазы» мен «Карина» атты екі ірі зауыт жұмыс істейді. Олар айына жеті мың тоннаға дейін қағаз өңдейді. Тіпті елдегі қағаз қалдығы жетіспегендіктен, бір мың тонна қағаз қалдығын Ресейден сатып алады. Ал сонда бір ғана Алматының сансыз кең­селерінде тау-төбе боп үйіліп жатқан керексіз қағаз қалдығын қайда қоямыз?
Үстіміздегі жылдың ақпанында ҚР ­Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі «Өңделмеген қағаз, картон және ірі қара мал терісін тасымалдауды жүйелеудің кейбір мәселелері» туралы бұйрыққа қол қойды. Соған сәйкес екі жыл бойы Қазақ­станнан мұндай қоқыс қалдықтары сыртқа шығарылмайтын болды. Демек, қазақ үкіметі де бұған дейін жарамсыз болып келген тұрмыстық қалдықтарды кәдеге асыру ісін қолға ала бастады деген сөз.

Өмірзақ МҰҚАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.