Мейірім

Құс болып ұшсам ғой деп армандадым. Жердің бетін биіктен бір қарап көрер ме едім?! «Не деген танымы таяз еді?!», «Осылай да адам ойлай алады екен-ау!» деп өз бағамды асырып, өзгенің кемшілігін кө­ру­ден басқа ештеңе ойламаппын. Түбінде тір­ші­лікпен бірдей, түбінде адамзаттан артық емес екенмін-ау… Өзімшілмін ғой… Терезеден жас­­­қанып кірген күннің сәулесі жастығыма жы­­ғыла түсіпті. Бетімді бір сипап, төсегімнен түрлі ойлардың тұтқыны болып түрегелгенімде, пештің отын көсеп әжем отыр екен. «Түнде кеш келдің, ұйқыңды қандырмадың ба?» деді маған жүзін бұрып. Бір сәт әжемнің көзіндегі мейірім де мұңға оранып, мүлде қартайып кеткендей көрінді. Әжім арасынан әжемнің орындалмаған арманын оқыған­дай болдым. Өшкен үміттері әрбір әжімнің жолда­рына өкініш болып тұрып қалғандай. Не ойлап кеттім. Күн шыққанда күрсінгенім несі. Бірақ бұл шындық еді.
…Әжем мен атамның екеуінің өсірген екі ұлының үлкені менің әкем болды. Ауылдағы көзкөрген кісілердің айтуы бойынша, әжем Әнипа өте ажарлы бойжеткен болып өсіпті. Маңдайындағы тарыдай меңі талай жанның таңдайын қақтырған екен. Бұрымды қыздың ғұмыры ашаршылық уақытқа тап келгендіктен, өмір оны ерте есейткен. Анасы өзінен кейінгі төрт бауырының болашағын ойлап, уыздай қызын, кемпірі о дүниелік болып кеткен ауқатты шалдың қолына қондырады. Жиырма жастың желкені көтерілгенде Әнипаның құдай қосқан «азаматы» өмірден озып, есік көрсе де ері жоқ «жесір» атанады. Шалдың «жесіріне» көз салатын «көлденең көк аттылар» көбейе бастаған кезде, Алматыдан Асқар ақсақалдың Төкен деген ұлы да оқуын тамамдап келген екен.
Қала көріп, оқу оқып, оның үстіне анау-мынау ауыл баласының табаны тие бермейтін Алатау баурайынан келген жігітке әу бастан-ақ ауыл қыздары ұнамаған. Бірде көктемнің «көрісу» күнінде Әнипаны көріп қалғаны бар-тын. ­Содан бері он ойланды, тоғыз толғанды. Ақыры екеуі шаңырақ көтереді. Әнипаны «есік көрген қыз» деп, келін ретінде қарамаған адуынды ене де ақыры ұлының таңдауына бой ұсынады. Бірақ өмір оған әлі де сынағын аямаған екен. Әнипа жылдар өтсе де ана болу бақытынан үміт үзбеді. Көзді ашып-жұмғанша отыз да ойланбай өтіп кетеді. Ерімен ақылдасқан келіншек Төкеннің бауыры Сағаттан бір ұл, өз інісінен бір ұл алып, өз балаларындай бағып-қағып өсіріпті. Жылдар өте Ғабит пен Сәбит ержетіп, ананың мейірімін, әкенің пейілін оятады. Бірақ ес біле бастағанда Төкеннің інісінен асырап алған Сәбит өзінің туған әке-шешесінің ошағына кетеді. Ел ішінде құпия жатқан ба? Бала болса да, жанына ауыр тиді ме екен, Әнипа мен Төкен бұл баланың жолын бөгей алмайды. Әнипаның бар үміті, тірегі інісінен алған, бауырына басқан Ғабит еді. Ғабитті өмірге алып келген анасы тұла бойы тұңғышын өмір бойы аңсап өтіпті.
Баланың құлдыраңдап жүгіргенін де, жыла­ғанын да бақылап, екі емшегі иіп, сүті сорғалап тұрса да, қайын әпкесі Әнипаның табалдырығын аттауға батылы жетпеген. Бір құшырланып сүюді ана жүрегінің қалай аңсағанын сиқырлы сөзбен де жеткізу мүмкін емес, сірә. Жә, Ғабит та ержетіп, шаңыраққа келін түсірді. Алла бермеген жалғызы, адамнан аманат етіп алған Ғабиттің келін алып келгенін көрген Төкен мен Әнипа қуаныштарын бүтін ауылмен бөліседі. Ағынан жарылып ана болып, Төкен әке болып бір тасып той жасаған екен. Сол Ғабиттің көтерген отауынан көктеп шыққан өзіміз. Екі қыз. «Жат жер үшін рас екен жаралғаным» деп, өз ұяма, арқасына таңып алып өсірген әжемнің құшағына жылына бір келіп мауқымды басамын. Төкен атамызды ұзақ сапарға шығарып салғалы тым тұйық болып алған бұл кейуананың қайғысын өзімше түсінгендей боламын. Әкем мен анам да ауылдың лебі мен желін жақтырмай, қалаға қоныс аударғалы қашан…
«Адамның бір қызығы бала деген» дейтін Абайдың сөзі ақиқат. Бала кешегі келмеске кеткен естеліктеріңді тірілтеді. Құмда қалған сол бір ерке шақтардың елесін көз алдыңа келтіреді. Бүгін бірінші рет «Әжем бақытты болып көрді ме екен?» деген сұрақ көкейімнен кетпей қойды… Бұл ауылдағы осы шүйкедей қара кемпірдің қайғысын қабағы қалың дала мен құдіреті шексіз Хақ Тағала ғана білетіні анық. «Ғабошыма сәлем айтуды ұмытпа. Келсін де, тұқымы көбейгір» деуші еді, кетерімде. Бұл жолы үндемеді. «Төкен мені жары етіп алып келген үйдің шаңырағын күзетемін. Алла қинамай алса болды да» дейді жаулығының ұшымен жасаураған көзін сүртіп. Бар айтқаны – осы. Ертеңгі күні кім күзетеді, әже, сенің шаңырағыңды?.. Көл бетіне сіркіреп өткен жаңбырдың тамшысына ұқсап тағдырлар осылай да жоғалып кете береді екен-ау. «Иә… енді қашан келесің… ол кезде мен бармын ба, жоқпын ба?». «Қойшы, әже» деймін. Әжемде қандай күдік тұрса, менің де ішімде сол тұрары анық… Келген сайын осы бір ауыз сөзбен кемсеңдеп тұрып шығарып салатын өзім үшін кемеңгер әжемді тағы да жалғыз тастап барамын-ау. Артыма бұрылғанымда әжеммен бірге алақандай ауыл да қабырғасы қайысып бара жатқандай көрінді…

Динара Мәлік

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.