ҚОЛТАҢБА

Талантты ақын, дарынды журналист әрі шебер аудармашы Ғаббас Жұмабаев тірі болғанда биыл 95 жасқа толар еді. Осыған орай Қостанай облысы Меңдіқара ауданындағы ақын есімі берілген білім ордасында салтанатты жиын өтті. Шара барысында мектептің алдына ескерткіш тақта орнатылды. 

Меңдіқара ауданының әкімі Ерлан Теменов, бұрын ауданды басқарған Бақытжан Кәрімов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қостанай қаласының құрметті азаматы Жолбарыс қажы Баязид, тарих ғылымының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы және т.б. сөз сөйлеп, қаламгердің әдебиетімізде алатын орнына, елімізге сіңірген еңбегіне және адамгершілік қырларына тоқталды. Мерейтой иесінің Алматыдан арнайы келген перзенті Айгүл Жұмабаеваның тебіреніске толы сөздері жиналған қауымды ерекше толқытты.
Аталған білім ордасында ақын құрметіне арналған спорттық-мәдени шаралар ұйымдастырылды. Жиналған қауымға ас беріліп, Құран бағышталды. Қазақстан Жазушылар одағы Қостанай облыстық филиалының директоры, сатирик-жазушы Ғұмар Ахметчин, көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серікбай Оспанов, журналист-жазушы Дәмер Әбіш және өзгелер әріптестері жөнінде естеліктермен бөлісті.
«Ғаббас Жұмабаев халқына несімен қымбат?» ­деген сауалға жауап іздеп көрелік. Ол – Меңдіқара ауданы Ақсуат ауылының тумасы. Кейбір дерек көздеріне қарағанда, өнерлі шаңырақта туып, жас­тайынан алғыр да елгезек азамат болып қалыптасқан. Кезінде оның асқар таудай әкесі қазақтың қара домбырасын қолына алып, күмбірлете күй шертіп, асқақтата ән салғанда айналасындағылардың бәрі де сілтідей тынып, ұйып тыңдап қалады екен. Осындай орта Ғабеңнің кішкентайынан сөз өнеріне, жалпы мәдениет атаулыға құштар болуына игі ықпалын тигізбей қоймады. Қазақта «сегіз қырлы, бір сырлы» деген қасиетті ұғым бар. Осы сөз суреткер, яғни жан-жақты дарын иесі Ғаббас ағамызға арнап айтылғандай көрінеді де тұрады. Өйткені кейбір мәліметтерге жүгінетін болсақ, ол сурет салатын және саз балшықтан түрлі мүсіндер жасайтын қабілетке де ие болыпты. Ғаббас аға мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ өзінің өмірге деген шексіз ынтызарлығын, білімге талпынысын танытқан. Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға аттанып, нағыз азаматқа тән ерлік пен батылдықтың жарқын үлгісін көрсетті. Соғыстан кейін ол туған жеріне оралып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс бергені де баршаға аян. Сөйтіп, қазақ елінің болашақ тұлғаларын тәрбиелеуге де тікелей атсалысты.
Қазақтың беделді ақыны Сырбай Мәуленовтың тікелей қамқорлығымен, сонау 1947 жылы сол кездегі өңірімізде ана тілімізде жарық көретін «Большевиктік жол» газетінде еңбек жолын бастады. Содан кейін осы басылымда бас редактордың орынбасары лауазымына дейін көтеріліп, өзінің талантты да ізденімпаз журналист екендігін барша қауымға нақты ісімен дәлелдеді. Уақыт өте ол қаламгерлердің мәдени ­ордасы болып табылатын Алатаудың баурайындағы Алматы шаһарына қоныс аударды. Осында жүріп те еңбекқорлығының арқасында елімізге кеңінен танымал «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Ара-Шмель», «Жұлдыз» секілді журналдарда жазғандары тұрақты түрде жарық көрді. Оның артында қалдырған әдеби мұрасы да өте мол.
Ғабекең жан жары Ләтипа апамыз екеуі төрт перзент сүйді. Бұл күндері ағамыз арамызда жоқ болғанымен, оның жан серігі немерелерінің қызығын көріп отыр. Кейбір дерек көздеріне қарағанда, әу баста қазақтың іскер қызы, Ғаббас ағаның сүйікті әпкесі Нәпиза апамыз Меңдіқарадағы қазақ мектебіне туған інісінің есімін беруіне ұйытқы болыпты. Сол жылдардағы облыс әкімі оның ұсынысын қолдап, 1994 жылы білім ордасына Ғаббас Жұмабаевтың аты берілді. Осы мектептің директоры Нұргүл Өтеулина көрнекті ақынның есімін ардақ тұтып, шәкірттері тек қана жақсы қырларымен көзге түсіп келеді. Ақынның биылғы 95 жылдығы қарсаңында көркемсөз шеберіне ескерткіш тақта орнатуға және салтанатты жиынды өткізуге аудан әкімі Ерлан Теменов мұрындық болып, білім ордасының басшысы Нұргүл қарындасымыз және Ғабеңнің інісі Балтабай Жұмабаев пен келіні Күләш тікелей атсалысты.

Оразалы Жақсанов

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.