ЕСІМІНЕ АДАЛ ЕСКЕНДІР

Александр Сонның ұлты кәріс болғанымен, қазақ тіліне жүйрік. Қазақтың қаймағы бұзылмаған Қаратал ауданындағы Кальпе ауылында туып, қазақша тіл үйреніп, тәрбие көрген. Бүгінде І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының студенті. Мемлекеттік тілде эссе, әңгімелер жазып қана қоймай, Абай, Ілияс, Мұқағалидың өлеңдерін жатқа оқиды. Сондай-ақ ол мемлекеттік тілде оқытатын топта білім алуда.

Александр бала кезінен қазақ болғысы келді. Көршілері, достары қазақ болған­дықтан, ол «мен неге орысша сөйлеп, тілді бұрмалаймын» деп ойлайды. «Қазақ тілін меңгеруге ешқандай қиыншылық болмады. Бір-екі жылдың ішінде толықтай меңгеріп кеттім. Өйткені 4-5 жасымнан бастап қазақпен қазақша сөйлестім» дейді кейіпкеріміз.
Ұлты кәріс болса да, жаны қазақ кейіпкеріміз қазақ мектебін бітірген. ­«Бастауыш сыныпты орыс тілінде оқыдым. 5-сыныпқа көшкенімде орыс сыныбы жабылғаннан кейін ата-анам: «Үштөбеге мектепке ауысасың ба, әлде жоғары сыныптарды қазақ тілінде жалғастыра бересің бе?» деп сұрады. Сонда ата-анамнан алыстағым келмеді ме, достарымды қимағаннан ба, өз келісімімді бердім. Алғашында сыныптастарым орысша сөйлеп, қиналған еді. Сөйтсем, олар мені қазақша түсінбейді деп ойлаған екен. Білгеннен кейін қымсынбай, еркін сөйлесіп кеттік. Арамыздағы «тіл қақпаны» жойылды» деген Александрдың қарындасы да қазақ мектебінде оқиды.
Көркем әдебиетке қызығушылы­ғын 5-сыныпта пән мұғалімі Эльмира­ ­Ба­қыт­­қали­қызы оятқан. Өлеңдерді мәнер­леп оқып үйренгеннен кейін жарыстарда бағын сынай бастайды. Сөйтіп, кейіпкеріміз 7-сыныпта республикалық «Жарқын болашақ» байқауында «Сөз шеберіне» қатысып, ІІІ орынды қан­жығалап қайтты. Одан бөлек, «Жарқын болашақтың» «Жазушы» номинациясында ІІІ орын, облыстық «Көркем сөз – көркем ой» байқауынан І орын иеленген.
«Қазақ тіліне қарағанда, қазақ әде­биетін көбірек ұнатамын. Өйткені тіл ережелеріне келгенде осалдығым байқалып қалады. Ал әдебиетті жаныммен жақсы көремін» деген Александр Абай, Ілияс оқуларына қатысып, жүлделі орындарды иеленген.
«Алғашында өлең, проза, поэмаларды оқыған кезде көп қиналдым. «Қазақ астарлап айтуды жақсы көреді» деп ұстазым көп айтатын. Оған өлең, проза, поэмалармен танысқанымда көз жеткіздім. Өйткені автордың ойын бірден түсінбейтінмін. Үшінші, төртінші рет оқығаннан кейін ғана ұғатынмын».
Айпақшы, Александрдың қазақша есімі – Ескендір. Жоғары оқу орнына түскенінде ұстаздары, топтағы достары қазақ­шасының тазалығына тәнті болып, есімін қазақшалайды. Ойлана келе Ескендір деп атауды ұсынған. Оған қуана келіскендігін айтқан ол: «Абайдың «Ескендір» поэмасындағы Александр ­Македонскийге баламалап қойса керек-ті. «Сені бүгіннен бастап Ескендір» деп атаймыз дегенінде бірден келістім. Себебі есім ұнады. Содан бастап кәрістің Ескендірі атандым» дейді.
«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» демекші, Ескендірдің домбырада ойнауды да үйренген кездері болған екен. «Адай» күйін тыңдаудан жалыққан емеспін. Не үшін екенін білмеймін күйді тыңдасам жүрегім қобалжып, беймаза күй кешемін» деген кейіпкеріміз домбыра үйрену курсына жазылып, 3 ай қатысқан екен. Нәтижесінде «Еркем-ай» сынды кішігірім күйлерді үйренген.
«Қазақ тілінің өміріңде алатын орны қандай?» деген сауалымызға: «Тілді білгенім, ең алдымен, мол мүмкіндіктерге жол ашты. Туып-өскен елімнің тілінің тарихын, сөздік қорының байлығына, тазалығына тәнті болдым. Бүгінгі таңда жеткен жетістігімнің барлығы – ұлттық тілдің арқасы. Соның арқасында Қазақстан халқы Ассамблеясының 27-сессиясында Елбасы Н.Назарбаевпен жүздестім. Одан бөлек, республикалық «Мың бала» жобасына қатысып, бас жүлдені ұтып алдым. Егер мен қазақ тілін жетік білмесем, осындай дәрежеге жетпес едім» деп жауап берді.
Ескендір еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің тату-тәтті өмір сүріп жатқанын қазақ халқының қонақжайлылығының арқасы деп біледі. Ол кең байтақ қазақ жерінде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің барлығы да қазақ тілін меңгеруге тырысуы қажет деп үнемі ойлайды.
«Үй-ішіммен орыс тілінде, әжеммен арасында кәріс тілінде сөйлесемін. Соның өзінде, мен кәріс тілін бімеймін, оны тек қана түсінемін. Отбасым қазақ тілін түсінгенімен, ойларын жеткізе алмайды. Кейде бірден қазақша әңгімелесіп не болмаса жауап беретін кездерім болады» деген ол дүние есігін ашып, мекен еткен еліңнің тілін меңгеріп, салт-дәстүрін игеріп, әдет-ғұрпымен таныс болудың да өз артықшылығы бар екендігін айтады.
Мінеки, еліміздің ертеңіне айналып, «Мәңгілік Ел» жолында аянбай тер төгетін осындай өскелең ұрпақты көріп, бір жағынан оларға сүйсініп, төбең көкке бір елі жетпей тұрса, ал енді екінші жағынан кейбір өз тілін өзекке тебетін, мұрнын шүйіре қарайтын қаракөздерімізді ойлап, қатты қынжыласың. Шіркін, осындайда олар жүрегі қазақ деп соққан жандардан үлгі алса ғой дейсің…

Е.МАРХАБЕКҚЫЗЫ
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.