ЕЛ КҮТКЕН БАСТАМА

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне кірісе салысымен, «әр азаматтың мүддесін қорғау – басты мақсатым» деп, халықты толғандырып отырған бірнеше мәселеге тоқталып, алдағы атқарылар жұмыстың бағыт-бағдарын атап өткен еді. Президент айтқан он бағыттың ішіндегі алтыншы бағыт әділетті әлеуметтік саясат орнату, адам капиталын дамыту жолдарын қарастырады.

«Жаппай білім беруді қолдау. Барлық тұрғындарға ­сапалы медициналық қызмет көрсету. Бұл мәселелер ­бойынша біздің тұтас бағыт-бағдарымыз бар. Біз мұғалімдердің және дәрігерлердің мәртебесін көтеретін жаңа заңдар қабылдаймыз. Олардың құқығын қорғап, материалдық жағдайын жақсарту үшін тиісті жағдай ­жасаймыз» делінген алтыншы бағыттың қоғамдағы түйткілді мәселелерді шешуде, мұғалім мен дәрігердің мәртебесін көтеріп, мемлекеттік тұрғыда әлеуметтік жағдайын арттыруда маңызы зор.
Бұл тұрғыда елімізде көптеген іс-шара қолға алынып, мемлекеттік бағдарламалар да қабылданды. Мәселен, білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламасында техникалық және кәсіптік білім беру, дуальды оқыту бағдарламаларын жүзеге асыру барысы, денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құру, медициналық білім беруді жаңғырту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жетілдіру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жөнінде айтылған. Президенттің қозғап отырған алтыншы бағыты осы бағдарламалардың іске асу барысын жетілдіру, дамыту, жан-жақты қамту деуге де болады. ­Заман ағымына сай мұғалімдер мен дәрігерлердің мәртебесін көтеретін жаңа заң қабылдау, олардың құқығын қорғап, материалдық жағдайын жақсарту – бүгінде күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің бірі. Біле білсек, мұғалім – елдің, қоғамның айнасы. «Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, мұғалімге қарап елдің жай-күйін, болашағын көруге болады. Әлеуметтік тұрғыдан қолдау таппай еңсесі түскен, өз құқығын қорғауға қауқарсыз мұғалім жас ұрпақты қалай тәрбиелемек? Сондықтан мұғалімнің мәртебесін арттырып, жағдайын жақсарту үшін жаңа заң қабылданады деген ел Президентінің сөзін ұстаздар қауымы жылы қабылдап, көп үміт күтері анық.
Еліміздегі медицина саласына да көпшіліктің көңілі тола бермейді. Мәселен, өзіңіз тіркеуде тұрған мемлекеттік емханаға барсаңыз, көп жағдайда ультрадыбыстық тексеруге (УЗИ) түсу үшін ақылы емханаға жібереді. Екінің бірі бұл қызметтің тегін екенін біле бермейді. Дәрігерге күні түсіп тұрған науқас амалсыз ақылы түрде өтеді немесе қолын бір сілтеп, тайып тұрады. Дәрігерлердің мәртебесін көтереміз десек, олардың қызметіне адал болғанына да мән беруіміз керек.
Алдағы қабылданатын жаңа заңда мұндай олқы­лықтарға жол берілмей, назарға алынса құба-құп. Болашаққа нық қадам басып, әділ бола алсақ, өркениеттің шыңына шығарымыз анық. Ендеше, «Қолымнан келгенінше барлық жағдайды жасаймын» деген ел Президентін қолдап, елдің болашағы үшін жұмыла іске кірісу қажет.

Бағдагүл Балаубаева,
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.