ЗЕҢБІРЕКШІ

ІІ-Дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 74 жыл дегенімізбен, Ұлы Жеңістің оңайшылықпен келмегенін білеміз. Сұрапыл жылдар қаншама қазақ отбасына үлкен ойран салып, бір ауыл тұрмақ, бүтін бір мемлекетке үлкен есепсіз адам шығынын әкелгені белгілі. Қаншама қандастарымызды қыршынынан қиып, халқымызды селдіретіп тастағанымен, рухымызды тұншықтыра алған жоқ, керісінше, соғысқа дейінгі кезеңде қудалауға ұшыраған ұлттың ұлдары қан майданда өздерінің қайсарлығын дәлелдеп, елдің еңсесін көтерді. Батыр ұлттың ұрпағы екенімізді танытты. Өткен шаққа, тарихымызға, ата-бабаларымыздың өмір жолына құрметпен қарау, олардың ерлікті істерімен мақтанып, үлгі тұту – бүгінгі ұрпақтардың басты міндетінің бірі болуы керек екені белгілі.

Менің ағам Бах Пернешов 1916 жылы Ташкент облысының Бостандық ауданы­ның Араншы ауылында өмірге келген. 1938 жылы әскер қатарына шақырылып, Украинаға ма, әлде Белоруссияға әскери борышын өтеуге аттанады. 1941 жылдың маусымында азаматтық міндетін атқарып, туған жеріне қайтып келе жатқанда соғыс басталады да елге жетпей немістердің қоршауында қалады. Үш жылдай әскери борышын өтеген сержант өзі сияқты әскерилердің бастарын қосып, батыстың орманын паналап, талай қиыншылық көріп қоршауды бұзып шығып, өз жауын­гер­леріміздің қатарына әрең жетеді. Бес жыл бастан-аяқ соғысқа қатысып, елге аман-есен оралады. Өзбекстаннан Оңтүстік Қазақстанның бұрынғы Қаратас, қазіргі Қазығұрт ауданының Калинин ауылына қоныс аударады. Шекер жеңешемізге үйленіп, шаңырақ көтереді. Ауылда бригадир және ферма бастығы болып өмірінің соңына дейін жұмыс істеді. Елге өте қадірлі болды. Шахматтан ауылдың чемпионы еді. Соғыс туралы айта бермейтін. Оқта-текте жора-жолдастарына қоршаудан қалай шыққандарын әңгімелейтін. Орден-медальдары көп болатын. Ол кезде баламыз ғой, олардың қандай ордендер екенін, қалай алғандығын сұрап жатпаймыз. Райымбек деген ұлы екеуміз кеудемізге жарқыратып тағып алып, ойнайтынбыз. Бах ағамыз сондай алапат соғыстан аман келіп, төрт ұл, екі қыздың әкесі болды. Қан-майданда бастан кешкен қиындықтарының зардабы болса керек, өкінішке қарай, 1964 жылы өңеш ағзасының обырына шалдығып, 48 жасында дүние салды.
Қазір Ұлы Отан соғысындағы қаһар­мандар туралы түрлі мәліметтер белгілі болып жатыр ғой. Біз де Қорғаныс министрлігінің мұрағатына хат жазып, ағамыз жайында біраз мәліметтер алдық. Майданға қашан аттанғаны, қандай ерлік көрсеткені, жеке іс-қағаздарында бәрі жазылып, тіркелген екен. Сондағы деректерде де Бах Пернешов ағамыздың 1938 жылдың қыркүйек айында Ташкент қаласының Орджаникидзе аудандық әскери комиссариатынан әскерге алынып, батыста үш жылдық борышын атқарып, елге қайтып келе жатқанда қоршауда қалғаны айтылған. ­Марапаттау парағына қарасақ, 1.10.1942 жылдан бастап Кеңес Армиясының қатарына қайта қосылып Батыс майданында соғысқа араласқан екен. Бастапқыда сержант болып, кейіннен ерлігінің арқасында батарея командирі, гвардия лейтенанты дәрежесіне дейін өскен. 1942 жылдан ­Батыс майданына келіп, одан кейін Орталық, Украина және Белорусь майдандарында ұрыстарға қатысқан.
1942 жылдың 26 сәуірінде неміс бас­қыншыларына қарсы көрсеткен ерлігі үшін, Редцы және Михалькино елді ­ме­кен­дерін немістің үш танкісін және Лит­вадағы ұрыста тағы екі неміс танкісін дәл көздеп атып, жойғаны үшін командир дәрежесі беріліп, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Шенау, ­Казимир, ­Ровен және Доберсдорф ауылдарын жаудан қайтару батарея командирі Пернешов орудиясының күшімен 10-нан астам қарсылық аймақтарын жойып, 5 автомашина мен взводтан астам жаудың солдаттарын жояды, соның арқасында өкіметтік наградаға ұсынылып, 1945 жылдың 28 наурызында «Ұлы Отан соғысының 2-ші дәрежелі» ордені табыс етілген.

Ресми деректерге жүгінсек, Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 миллион 200 мың адам қатысыпты. Қан майданнан әрбір екінші отандасымыз елге оралмапты.­ 530-дан­ астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры, ал Ұлы Отан соғысына қатысқан 9 жерлесіміз тәуелсіз еліміздің «Халық Қаһарманы» атанды. Ең жас Кеңес одағының батыры – 18 жасар қазақ Жәнібек Елеуов екендігін, оның Днепрді жаудан тазарту барысында қайтыс болғандығын білдік.
Соғыс деген біз ойлайтындай, адамға ерлік жасауға мүмкіндік берілетін алаң емес. Көрнекті ақын Сырбай Мәуленов:
Соғыста бір-ақ заң бар мен білетін,
Я өліп, я болмаса өлтіретін.
Жүректе жұлдызыңды жанып тұрған,
Жандыратын, болмаса сөндіретін.
Соғыста бір-ақ заң бар мен білетін,
Кеудеңмен қорғап қалу жердің бетін.
Жас қаның туған жерге босқа ақпасын.
Онсыз сен көре алмайсың елдің бетін, – деп жырлағандай, адам өлмеу үшін кү­реседі. Сондай сұрапыл соғысқа Пернеш көкеміздің жалғыз ұлы бастан-аяқ қатысып, аман-есен елге оралып, отау құрып, бала-шаға сүйіп, артына бір қауым ұрпақ қалдырғанына Жаратқанға шүкір дейміз. Құдай көп көрмесін, Бах Пернешұлы көкемнің кіндігінен тараған төрт ұл мен екі қыздан жиырма бес немере және қырық үш шөбере бар екен. Амандық болса, ержүрек аталарының ұрпақтары әлі де көбейе берер.
Иә, Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат үшін ұмытылмайтын ұлы қасірет екені белгілі. Ал өткенге тағзым – бейбіт күннің қадірін еселеп арттыратын ұғым. Мақсат – ұмыт қалған ардагерлеріміздің есімдерін дәріптеп, олардың ерліктерін жас ұрпаққа таныстыру.

Әбдісабыр ӨМЕШҰЛЫ,
хирург-педиатр, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.