Жол құрылысы көңіл қуантады

Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автожолының құрылысы бас­талғалы біршама уақыт өтті.

Республикалық маңызы бар «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автожолының 313,5 шақырымы Алматы облысының аумағынан өтеді. Қазіргі таңда жол бойындағы құрылыс қызып тұр. Оның ішінде Қызылағаш, Сағабүйен, Жансүгіров, Қойлық, Үшарал ауылдарының жанындағы аумақтарда жұмыс қарқынды. Тіпті кейбір тұстарында бір бағыттағы жолмен көлік қатынауға мүмкіндік те бар. Алып жобаны алған мердігер мекеме «СITIC Construction Co LTD» ЖШС жол құрылысын белгілеген мерзімде бітірмек ниетте. Үш аудан шекарасын басып өтетін автодәліздің 31,5 шақырымы төртжолақты, ал 282 шақырымы екіжолақты болмақ. Әдетте жол салудан гөрі көпір тұрғызудың машақаты көп екені белгілі. Жетісу жерінен өтетін автожолдың бойында жаңадан екінші деңгейдегі 2 жолайрығы, 21 көпір және 404 су өткізетін құбыр салу жоспарланған.
– Жұмыс қызу жүріп жатыр. Жыл соңына дейін жоспардың басым бөлігін еңсеруді қолға алған мердігер мекемеде тыным жоқ. Сондай-ақ жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін айналма жол салынған. Оның беті құм-шағылмен тегістелуде. Ары-бері өткен көліктерге қолайсыздық тудырмау үшін жиі-жиі жолға су сеуіп, жолды тазалап отырамыз. Жол бойында бұзылған көліктерге де тиісінше жәрдем беріп, жолаушылардың алаңсыз жүруіне көмек беріп келеміз, – дейді Қойлық ауыл аймағында жол салып жатқан учаске басшысы Керім Әбілқайыров.
Қарқынды жұмыс режимін одан ары жеңілдету үшін жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарту мен еңбекақы төлеудің маңыздылығын да ескерген жөн. Сондай-ақ сапа мәселесі де негізгі басымдықта болуы тиіс.
– Бұл жолдың салынуы ауыл тұрғындарына көп көмек болды. Жобаның мердігері инвесторлар болғанымен, жол құрылысына тартылған жұмысшылардың бәрі жергілікті тұрғындар. Бұл жобаны мердігер компания жобалағандықтан, жол сапасын қадағалап, жұмыстың нәтижелі жүруіне өздері жауап береді. Сондықтан негізгі мамандар ғана мердігер компания тарапынан тағайындалады, – дейді кран жүргізуші Қайрат Тұрғанбаев.
Біз жол бойы тоқтап, пікірлескен учаскедегі жұмысшылардың бәрі жергілікті тұрғындар екенін көрдік. Олардың жалақысы да жаман емес. Жоғары жалақылы жұмыс тапқандарына риза. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, жол салынып біткеннен кейін де оны күтіп-баптау, тағы да басқа жөндеу жұмыстарына осы жұмыскерлерді тұрақты жұмысқа алмақ.

Қ. ӘДІЛ
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.