Діни ұғымдарды дұрыс қолдану қажет

Алматыда қаланың қоғамдық даму басқармасы мен «Қазақстан Республикасындағы лаңкестік және экстремизм­ мәселелерін зерттеу орталығының» ұйымдастыруымен бірнеше күнге созылған оқыту семинары өтті. Аталған шараға сарапшы мамандар, БАҚ өкілдері қатысты. 

Қатысушылар ислам дінінің негізі мен терроризмге және діни-себептемелі экстремизмге қарсы іс-қимыл әрекеттеріне тоқталып, пікірлерін талқыға салды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, заң ғылымының кандидаты, аталмыш зерттеу орталығының президенті Кәкімжан Бишманов күн тәртібіндегі мәселеге қатысты өз ойын ортаға салды. Тақырып аясындағы түйткілдерді БАҚ-та жариялау бойынша әдістемелік ұсынымдарға тоқталып, бұл орайда сауаттылықтың маңызды екенін айтып өтті.
– БАҚ қоғамға дұрыс идеологиялық бағыт беріп, азаматтық позицияны көрсету керек. Оқиғаларды жариялау кезінде терминдер мен түсініктерді дұрыс қолданған жөн. Бір ғана қателіктен, қаншама адамға теріс ақпарат берілуі мүмкін, – деді профессор. Осы ретте ол сенімсіз терминдерді пайдаланбауға шақырды. Лаңкестік ешқандай діни ағымға жатпайтынын айтты.
Басқосуда сөз алған теолог-исламтанушы, «Нұр-Мүбарак» университеті жанындағы экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының директоры Асқар Сабдин діни бағыттағы кітаптарды дұрыс пайдалану мен оқу әдістеріне тоқталып, журналистердің түрлі сауалдарына жауап­ берді. Оның айтуынша, журналист өзінің қоғам алдындағы борышын­ сезіну керек. Өткір материалдың соңынан еріп, жұртпен бірге айғай-шуға ілеспей, сол мәселенің неден шығып жатқанына байыппен сараптама жасап барып жариялау керек деді. Сондай-ақ обьективті және субьективті көзқарастарды саралап­ алуды ұсынды.
– Діни радикализммен күресудің екі түрлі әдісі бар. Батыс елдерінде Бихевиористік ұстаным, яғни іс-қимылға байланысты. Екіншісі – Фрейдтік бағыттағы әдістер. Яғни діни радикалдың ойлау, сана, құндылықтар және мотивтерімен жұмыс істеу. Адам санасының идеологиясына лаңкестік ұғымды құйып, бағытын, ұстанымын адастырып, көзқарасын өзгерту. Бізге бастысы ­идеологиямызды дұрыстау керек. Интернет арқылы адам санасын жаулап алу көбейген, сол себепті қазіргі таңда көптеген адам түрлі ағымға еріп кете береді. Олар адамның әлсіз тұсын біліп, соған қарай әрекет жасап отыр, – деді теолог маман. Теолог­ осы мәселеге байланысты бірнеше адамдармен кездескенін, кітаптар шығарғанын айтып, талдау жасап өтті. ­
Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификат тапсырылды.

Әсел НАЗАРАЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.