Татулықтан артық құндылық жоқ

Алматы облысы Ұйғыр аудандық кітапханасында «Ұлтаралық татулық – Қазақстан тәуелсіздігінің басты жетістігі» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы ұйытқы болды. 

Кездесуге ақсақалдар, қоғамдық ұйым мүшелері, депутаттар қатысты. Жиын тізгінін қолына алған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Нұров дөңгелек үстел басына жинаудың басты себебі «Ұлтаралық татулық – Қазақстан тәуелсіздігінің бас­ты жетістігі» деген тақырыпта ой бөлісу, сырласу, түйін айту екендігін жеткізді. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Тұңғыш Елбасы Үндеуін партия мүшелері арасында тағы бір рет талқылау мақсатында Мәулен Мұқажанұлы өз ойларын ортаға салды.
– Қазақстан Республикасы әлемнің көзімен қарағанда жер шарындағы алып құрлықтың жүрегі болып соғып тұрғандығы үлкен мақтаныш. Баһадүр бабаларымыз басынан қара бұлт арылмай, қолынан қаруы түспей қорғап қалған осынау байтақтың төрінде бүгінгі күні ғасырлар мен дәуірлердің жемісіндей жарқырап шаһар бой көтергендігін мақтанышпен айтсақ болады, – дей келе, осындай жемісті жылдарды көзбен көріп, қолмен ұстауға үлкен мүмкіндік жасап келе жатқан Қ.Р. Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі мен маңдай тері екенін атап өтті.
Екінші мәселе бойынша аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлжаһан Әликеева «Ұлтаралық татулық – Қазақ­стан тәуелсіздігінің басты жетістігі» тақырыбында баяндама жасады. 130-дан аса ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына жинаған Қазақстан татулықтың, ауызбірліктің арқасында бүгінгідей бақуатты мемлекетке айнал­ған­дығын тілге тиек етті. Ұлтаралық татулыққа сызат түспеу үшін үйдегі, мектептегі тәрбие дұрыс жолға қойылу қажеттігіне тоқталды.
Облыстық мәслихаттың депутаты Ызғарбек Бектұрсынов Елбасының бес бастамасын қолдап, ұлтаралық татулықты бекіте түсу үшін үйдегі, жиындардағы, мектептегі тәрбиенің арасында алшақтық болмауын, үлкендер жағын бір пікірде, бір пейілде болуға шақырды. Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нурвәг ­Сейитов, қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Жеңіс Тойшыбеков, аудандық мәслихаттың депутаты Жамал Оқаевалар ұлттар арасын­дағы татулықтың, ынтымақтың берік орны­ғуының алғышарттары боларлық дүниелерді тізбеледі. Жиын қорытындысын жасаған аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрәкім Есжан Елбасы саясатының темірқазығы ол – ұлттар арасындағы тату­лықтың сақталуы, ел дамуына бірлесе отырып үлес қосу екендігін айта келе, бұқаралық ақпарат құралдарының ақпараттық насихат жұмысындағы табысты еңбектерін атап, бір шаңырақ астында өмір сүргендіктен мақсат та, арман да, үміт пен сенім де бір болу керектігін жеткізді.

Баян МАМЫРБАЕВА
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.