ӘР ТІЛДІҢ ӨЗ «ТАБИҒАТЫ» БАР

Тілімізге жазу ережелері әлі билік құрмаған сонау XX ғасыр басында кірме сөздер сөйлеу тілі арқылы табиғи игеріліп еніп жатты. Ол кезеңде сөйлеу тілімізде негізгі үндесімділік заңдылығы (сингармонизм) салтанат құрып тұрған кез еді. Халел Досмұхамедовтің «Өзінің заңымен өзгертпей қазақ тілі ішіне ешбір жат сөзді алмайды, кіргізбейді. Бұл ақиқат нәрсе» деуінің өзі сол кездегі тіліміздің кірме сөздерді игерудегі әлеуетінің қаншалықты мығым болғандығын көрсетеді. Қазақ тілінің осы «тілдік механизмін» дұрыс таныған тіл жанашырлары сол кезеңде кірме сөздерді (терминдерді) жазудың басты ұстанымы сөйлеу тіліндегі үндесім заңдылығына бағынуы қажеттігін көрсетіп, жазуда фонетикалық ұстанымды басты басшылыққа алатын өте дұрыс шешім қабылдаған еді. 

Нәтижеде, 1926 жылы 26 ақпан мен 5 наурыз аралығында Бакуде өткен түркітанушылардың съезінде де, 1929 жылы 2-4 маусым аралығында Қызылор­да­­дағы емле жазуына қатысты ғылыми орфографиялық конференцияда да айтыс-тартыс болғанына қарамастан, тіліміздің үндесімділік заңдылығын бәрінен жоғары қойып еді. Ол өз кезінде өте жақсы нәтиже берді. Сол кездегі газет-журналдардың бетіндегі кірме сөздердің таңбалануында қазақылық иісі мол болды. Назар аударайықшы: обылыс (область), партыйа (партия), кәмійтет (комитет), кәмсәмол (комсомол), калхоз, әртел (артель), бәлшебек (большевик), kektir (гектар), бірійгәдір (бригадир), өктәбір (октябрь), пұрсент (процент), тырактыр (трактор), нойәбір (ноябрь), пәкті (факт), сыйпыр(цифр), пебырал (февраль), әкәдемійе (академия), сесійе (сессия), Ленінгірат (Ленинград), респөблійке (республика), кәмесер (комиссар), әртел (артель), пәсөлке (поселка), кәперетсе (кооперация), үушаске (учаске), т.б. (Мысалдар Күдеринованың «Қазақ жазуының тарихы мен теориясы»,­ – Алматы, 2013, еңбегінен алынды). Яғни бұл кезеңде тіліміздегі «сингармонизм» заңдылығы қазақтың өз сөздерінде де сөз арасында естілетін қысаң дауыс­тыларды (І,Ы) естілуі бойынша жазу арқылы (тұуралы, тарыйқый, шұу, жатұу, білүу, болұу, отырұу) кірме сөздерді де тіліміздің заңдылығына тастай етіп бағындыратын «тілдік механизмін» жұмыс істетіп отырғандығын көреміз. Біз осы «тілдік механизмнен» қалайша айрылып қалдық?..
Кеңес үкіметі орнауымен байланысты қазақ лексикасында кірме сөздердің саны еселеп арта бастап еді. Мұның өзі жылдан-жылға артып келе жатқан орыс сөздерін табиғи меңгеруге қиындық әкеледі деген ой сол кездегі біраз ғалымдардың (Қ.Кемеңгерұлы) пікіріне негіз болды. Әрі сол кездерден бастап кеңестік биліктің орыс тіліне басымдық бере бастаған саясаты да қазақ жазуының біртіндеп өз заңдылығынан айрылуына әсер ете бастағанын байқаймыз. Осы кезден бастап тіліміздегі кірме сөздерді өзіне толық бағындыруда «кілт» болып отырған, тіліміздің үндесімдік заңына (сингармонизм) деген ғалымдарымыздың көзқарасы да өзгеріп «сингармонизм соншалықты тұрақты құбылыс емес, ол да өзгереді» деген сияқты пікірлер белең ала бастады. Бүгінгі күн тұрғысынан бажайлап қарасақ, мұның да бірқатар өзіндік себептерін аңғарамыз.
Айта кетуіміз керек, ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы қоғамдық ғылымдар аясында, әсіресе тіл білімінде Н.Маррдың «Жаңа ілім» немесе «Яфет теориясы» теориясы үстемдік құрып тұрған бір қасіретті кезең еді. Әсіресе, Н.Маррдың «Түбінде барлық тілдер құрылымдық жағынан кірігіп бір тілге айналады», «тілдердің құрылымдық дамуының ең жоғарғы сатысы флективті тілдер» деген секілді идеясы Кеңес үкіметінің ұлттық тілдерді орыс тілінің айналасына бірегейлендіру саясатына сәйкес келді. Мұның өзі бұл идеяны сол кезеңдегі құндылығын шарықтатып, тіл ғылымы ғана емес, бүкіл қоғамдық ғылымдардың дамуының бас ұранына айналдырғандығын бүгінде анық көріп отырмыз. Міне, осындай науқан ке­зеңінде біздің тілші ғалымдарымыз да бұл ұранның шырмауына ілікпей қала алмағаны анық. Тарихтағы осы бір кезеңнің келбеті сол кезеңде енді қалыптасып жатқан жазу теориясының басты қағидаларындағы сыңаржақ пікірлердің қалыптасуына да әсер етпей­ қоймады. Мысалы, осы жылдарда (1928-1930 ж.ж.) Ленинградтың Шығыстану инс­титутынан білім алып келген Қ.Жұбанов та осы Н.Маррдың талай дәрістерімен сусындаған жылдар еді. Бұл жылдардағы алған білімі Қ.Жұбановтың кейінгі лингвистикалық ой-пікірлеріне мықтап әсер еткендігін бірқатар мақалаларынан көреміз. Ол жайында бірталай ой айтуымызға болады. Бірақ мақала аясынан алшақ­тамау мақсатында тек ғалымның жазу теориясына қатысты ойларына ғана тоқ­талғалы отырмыз. Айталық, Қ.Жұбанов бұл жылдары өз замандас­тары сияқты Н.Маррдың «тілдердің кірігуі» идеясын қуана қолдады. Мысалы, ғалымның жазу арқылы тілдерді біріктіруге болатындығын айтқан пікірлеріне назар­ аударайық: «Мұнан былай, жазу бұқарашылданған соң, тiлдi бiрiктiруге болады. Адам деген белсендi жануар, адам өз тұрмысын да, тiлiн де өзгерте алады. Бiрақ жалғыз жазумен емес, түрлi шаруашылық-әлеу­меттiк шарттар арқылы өзгерте алады. Ол шарттар түрiк тiлдерi түгiлі, барлық адам баласының тiлдерiн бiрiктiруi де мүмкiн» дейді Қ.Жұбанов. Сол сияқты Н.Маррдың «Тілдердің ­сатылай дамуы» теориясына сүйене отырып: «Мен қопармалы тіл жалғамалы тілден жетіліңкірек екеніне қосылам» деген пікірлері ғалымның кірме сөздерді игеруде кілт болып отырған үндесу заңдылығын, яғни сингармонизм заңдылығын да қайта қарап, оны түркі тілдері үшін де тұрақты құбылыс емес деген ойға алып келген еді. Мұның өзі ғалымның кірме сөздерді орыс тіліне барынша жақындатып, өзгертпей жазу керек деген пікір айтуына негіз болса керек.
Н.Маррдың ұстанымы бұл кезеңдегі барлық қазақ тілші ғалымдарының лингвистикалық зерттеулеріне әсер еткені белгілі. Мысалы, әліпби мен емлені орыс тілінің заңдылығына жақындатып жазуға көшу, яғни тіліміздің сингармонизм заңдылығын алға тарта берудің қажет еместігі жайлы ойларды Сәрсен ­Аманжолов та осы кезден бастап жиі айта бастады. Ғалым, тіпті қазақ тілінің сингармонизм заңдылығына бағынатындығына дүдәмалмен қарап, «Социалистік Қазақ­стан»­ (1933 жылы) газетіне жариялаған мақаласында: «Қазақ тілінің сингармонизм заңына бағынатындығы бұлай тұрсын, қазақтың ежелгі сөздерінің талайы дыбыс жүйелі принципке бағынбайтын еді. Мысалы: tuz+cь, ag+cь, bas+сь, gel+bau, gьzmet+ker, gazdь+gun» дей келе: «ендігі жерде қосар ый, ій, ұу, үу дыбыстары і, и таңбалары арқылы беріледі» деген ой айтады.
Тіпті ғалым терминдерді орыс тілі арқылы игеру керек екендігін айта келіп: «1929 жылы емлені жасаған Т.Шонанұлы, Е.Омаровтардың шет сөздерді өз тілімізге бейімдеп қабылдайық деген ниеті олардың алашордашылдық ниеттерінен туындаған» деп жазғырады. Ғалым осы мақаласында әліпбиде дара и, у таңбаларының жоқтығы салдарынан ­жазуда үнемдеу принципінің сақталмай отырғандығының дәлелі ретінде жекелеген шет сөздердің жазуда тұрқы ұзарып, миссисипи, миссури сияқты сөздердің mijssijsijpij, mijssуvrij деп 6, 7 әріптің орнына, 13-9 әріпке дейін жазылып жүргендігін алға тартады. Оның басты себебі ретінде жазудың фонетикалық ұстанымға негізделгені дұрыс еместігі айтылады: «Соның салдарынан кірме сөздердің әртүрлі орфограммалануы (кило-келі, динамо-динамы, бюро-бюра) деп жазылуы, сол сияқты сөз ішінде екі дауысты дыбыс қатар келмейді деп, зоология, биология, театр сөздері зологыйа, быйалогыйа, тыйатыр, аптаномыйа, апсалұут болып таңбаланды» деп айыптайды С.Аманжолов. Міне, біздің лингвист ғалымдарымыз біртіндеп үндіеуропа тілдеріндегі «үнемдеп жазу» ұстанымын алға тарта отырып, тіліміздегі сөз арасында дауыссыздармен селбесе естілетін дауыстыларды жазудан бас тарта бастайды. Осылайша, «үнемдеп жазуға» ұмтылыстың астарында тіліміздегі «ҰУ», «ІИ» «ЫУ», «ЫИ» дыбыстарының ығыстырылуының астарында орыс тілінің «кірігу, фузиялану» заңдылығына жақындай түсу саясаты жатқандығын байқауымызға болады. Ал мұның өзі тіліміздің «кірме сөздерді» табиғи игеруінің нағыз «кілті» болғандығын бүгінде тек өкінішпен еске алуға мәжбүрміз. Осылайша, «түпнұсқаға жақындық» принципіне сәйкес алынған емле баптары 1938 жылдан бастап жүйелі түрде іске асырыла бастады. Ал 1940 жылдан бастап, қазақ жазуының кирилл жазуына көшірілуі, орыс әріптерінің енгізілуі, 1957 жылғы қабылданған емле ережесі бойынша «оңтайландырып жазу» үрдісінің жолға қойылуы, яғни И,У таңбаларының таратылмай жазылуы, сөз басындағы, сөз арасындағы қысаң дауыс­тыларды үрдісі тіліміздің сингармонизм заңдылығының кірме сөздерге жүргізетін билігіне біржолата тосқауыл қойды.
Кірме сөздерді табиғи игеру мәсе­лесіне қатысты Қ.Кемеңгерұлы сол ғасыр басындағы кезеңнің өзінде ­«…кірме сөздердің «тасқыны» оларды өте аз уақытта табиғи түрде игеруге мүмкіндік бермейді» деген қорқынышын айтқан екен. Яғни ғалым көптеп келе бастаған орыс сөздері тіліміздің сингармонизм заң­дылығын қалайда әлсірететінін орынды байқаған. Мұхтар Әуезов те бұл орайда «…орыс тілі арқылы қазақ тіліне енген сөздермен қоса дыбыстық ерекшеліктер де бірге келеді. Бұл ерекшеліктердің артикуляциялық даму туғызуына қазіргі күнде конкретті жағдайлар жасалды» деген үрейін білдіріпті. (Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: Ғылым академиясының баспасы. 1954. – 60 б). Сол сияқты белгілі ғалым М.Балақаев: «Қазақ тіліне енген жаңа термин сөздермен бірге «ист», «изм» сияқты қосымшалар, кейбір дыбыстар, мысалы ф, х, ц, в, ч, және жаңа буын түрлері енді. Бұрын сөз басында г, р, л, и, сөз аяғында в, д, ж, г айтылмайды, екпін тек соңғы буынға түседі дейтін, кезінде дұрыс ережелер де, ертедегі кейбір түркологтардың «өзгерілмейтін темір заңы» дейтін үндестік заңы да өзгеріске ұшырады» деп тіліміздің жазу арқылы сөйлеуіміздің де орыстанғандығын мысқылдай сөз етіпті (М.Балақаев. Қазақ тілінің мәдениеті. – Алматы: «Қазақстан», 1971. – 22 б.). Осылайша, бүгінгі сөйлеу тіліміздің бір кездегі кирилл жүйесіне негізделген емле ережелерін жазуға енгізілуінің нәтижесінде қалыптасқан бүгінгі қазақтың дыбыстау органдарында қалыптасқан акустикалы-артикуляциялық ерекшеліктеріміздің әбден тілімізге сіңісті болып, қазіргі сөйлеу тілін нормаландырып үлгерді. Енді қазіргі емле ережемізде біз шетелдік сөздерді тіліміздің табиғи заңдылығына сәйкестендіре жазуды басты ұстаным етеміз. Яғни сөйлеу тілін жазу тіліне бейімдеп, сөйлеу тілімізде жоғалған құбылысты жазу арқылы кірме сөздерді игерудің «тілдік механизмін» қайта қалыптастырғалы отырмыз. Бұл жол соқпақсыз да, сүрлеусіз жол болып тұр… Нәтиже қалай болары тек уақыттың еншісінде.

Қаламқас Қалыбаева,
филология ғылымының докторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.