Дәстүрді құрметтеудің белгісі

Алматы облысы Қаратал аудандық Мәдениет үйінде «Дәстүрлерді сақтай отырып» атты фестиваль өтті. Дәстүрлерді дәріптеу мақсатында өткен шара аудандық Мәдениет үйінің дәлізінде этномәдени бірлестіктердің ұлттық қолөнерлері мен тағамдары қойылған көрмені тамашалаудан бастау алды.

Шарада аудан әкімінің орын­басары­ Қайрат Саханов көпшілікке арнаған ыстық ықыласын жеткізді.
– Салт-дәстүр – әр ұлттың, ­ха­лық­тың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерек­шелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы, қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құ­лықтың үлгілері. Ұлт үшін өмір, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық – өнеге тәжірибесін құраған бүгінгі күні сіздермен бас қосып отырғанымызға қуаныштымыз. Қазақстан деген бере­кесі мен бірлігі жарасқан бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп, татулықты ту етіп келе жатқанымыз барлығымыз үшін үлкен жетістік, – деді Қ.Саханов.
Текелі қаласының тұрғыны, №5 орта мектебінің директоры,­ мәс­лихат депутаты Эльмира ­Иманбердиева аталған шараның мән-маңыздылығына тоқталып, үздік қызметкерлерге Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының алғыс хатын табыстады. Олардың қатарында «Қаратал ауданының аналар кеңесі» қоғамдық бірлесті­гінің мүшесі Ұлболсын Досмолданова, «Күрді этномәдени бірлестігі» қоғам­дық бірлестігінің мүшесі Джемал Хасан-оглы, «Корей этномәдени бір­лестігі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Рая Лим және тағы басқалары бар.
«Күрді этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі ­Джемал Хасан-оглы мінберге көтеріліп, салт-дәстүрге қатысты өз ойымен бөлісті.
– Әр мемлекеттің өзіне тән салты­ мен дәстүрі бар. Мысалы, үл­кенге әрқашан да құрмет көрсету бағ­­зыдан келе жатқан салт десек, қателеспейміз. Әсіресе, қазақ халқы бұл салттан аттамаған. Үлкенге үнемі құрметі мен қошеметін аямайды. Біздің ата-бабаларымыздың басына қиын-қыстау күн туғанда құшақ жая қарсы алып, бір тілім нанды бөліп жеп, ағайындықтың белгісін танытқан қазаққа біздің ұрпақ қашанда қарыздар. Сондықтан да біз қазақтың салт-дәстүрін ерекше құрметтейміз, қастерлейміз, – деп жүрекжарды тілегін жеткізді.
Басқосу соңы аудандық Мә­де­ниет үйінің қызметкерлері дайын­даған концерттік бағдар­ламаларға ұласты.

Әлия ӘЛІБЕК
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.