ТӨЛ ӘЛІПБИ ТӨРГЕ ОЗСЫН

…Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын мінезі көрініп тұр.

Мағжан Жұмабаев


Тіл тазалығы дегеніміз – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау. Басқа тілден сөз тұтыну қажет болса, жұртқа сіңіп, құлақтарына үйір болған, мағынасы халыққа түсінікті сөздерді алу.

Ахмет Байтұрсынұлы

Төрге озған елді танытатын төл дүниелер болады. Мемлекет болған күннен бастап, сол төл дүниелерді түгендеумен келеміз. Қазақ елінің айбынын асыратын: бірегей жері, тілі, ділі, діні, рәміздері, ұлттық жазуы екені белгілі. «Әлемді нышандар мен рәміздер билейді» депті Конфуций. Қазір нышандар мен рәміздеріміз салтанат құрып, жұртымызды төрткүл дүниеге танытып келеді. Айтулы сәттерде егемендіктің ерекше белгілері: көк Туымыз көкте желбіреп, Елтаңбамыз еңсемізді тіктеп, Әнұранымыз асқақ естіліп, қазақтың бар екенін көрсетуде. Алдағы үш белгімізге ұлттық әліпбиіміз қосылса, төртеуіміз түгел болары ақиқат.
Өткен ғасырда Алаш арысы ­Халел Досмұхамедұлы латынға көшу жөнінде тиянақты пікір білдіргені мәлім. Ол «Түрік халықтарына араб хәріфтерін тастап, латын хәрфін алу керек деген сөз көптен бері бар. Әзербайжандар латын хәріфтерін қабылдады, жақұттар да солай қылды… Қолданбасақ та латын хәріфтерін біз де тілімізге үйлестіріп көру керек. Топқа түсетін болсақ, біз де өзімізге лайық жобамен түсу керек. Пән ретінде қолдануға тағы керек» деген еді. Енді, міне, соған бет бұрып, бекем іске бел буып, кірісіп жатырмыз.
Жоғарыда айтқан түгел болу жолындағы ендігі қадам – мемлекеттік мәртебесі тілімізге сай төл жазуымыздың ұлттық әліпбиін жасау ісі қолға алынды. Бұл Елбасының арнайы Жарлығымен жүзеге асуда. Оның бір дәлелі, «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің жобасының» мақұлдануы дер едік. Ауқымды жұмысты, елдік істі атқару Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына жүктелгені мәлім. Осының аясында көптеген шаралар ұйымдастырылып, мақұлданған емле ережелерін насихаттап, түсіндіру бойынша Отанымыздың барлық өңірлерінде кездесу өткізіліп, дәріс-семинарлар ұйымдастырылып, жаңа әліпбиді танып-білу жұмысы тиянақты жүргізілу үстінде. Қажетті оқу-әдістемелік құралдар да жарық көре бастады. Соның бірі, «Қазақ тілін латын графикасына көшіру маңыздылығы» ақпараттық-насихат апталығы киелі Тараз өңірінде, маусым­ айының 24-28 аралығында болды. Бұл халықпен тікелей байланыс­ жасаудың үлгісі десек болады.­ Алқалы жиынға ұлт зиялылары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар, Сенат депу­таттары, жергілікті жұртшылық қатысты. Біз бүгін сол апталықта айтылған аталы сөз бен ой-пікірлерді, ұсыныстарды жұртшылыққа жеткізуді ниет етіп отырмыз.

Үндестік заңын  сақтауымыз керек

Қазақ тілі жалғамалы болып келеді. Бір дыбысқа екінші дыбыс жалғанады. Түбірге ­қо­сым­ша­ жалғанады. Оның бір жерін кессең, тіл мүгедек болады. Қазір осы мүгедектік тілімізде бар. Бұл туралы өткен ғасырда ұлт зиялысы Халел Досмұхамедұлы қадап айтқан еді. «Түрік тілі – жалғамалық тіл. Жалғамалы тілдегі сөздердің түбірі өзгермейді. Сөз аяғына жалғанған қосымшалар арқылы өзгереді. Қазақ-қырғыз тілі – түркі тілінің бір тарауы. ­Сон­дықтан қазақ-қырғыз сөздері де түбін өзгертпей аяғына қо­сылған жалғаумен өзгереді» деген болатын Халел, Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл-құралы» еңбегіне сілтеме жасап.
Бір дыбыс қысқарса сөз бұзылады. Қазақ тілінде буын, сөз, тіркес үндестігі бар. Бұл туралы да Досмұхамедұлы ашып айтқан. Тіпті қазақ тілінің негізгі заңы үндестікте жатқанын баян еткен. Сөзіміз жалаң болмас үшін тағы да мысалға жүгініп көрелік. «Жалқы сөздің түбіріндегі дыбыстардың біреуі жуан болып, біреуі жіңішке болып еш уақытта естілмейді. Қазақтың негізгі жалқы сөзінің түбірінде жуан дыбыстар мен жіңішке дыбыстар араласып ұшырамайды. Бір сөздің ішіндегі дыбыстардың бәрінің бірдей дауыспен (не жуан, не жіңішке) ұйқасып айтылуын білім тілінде «сингармо­низм» дейді. Сингармонизм деген сөз – қазақша айтқанда, үндестік, ұйқастық деген мағынада» деген еді.
Қазақ тілі қашанда үндестік заңына бағынады. Бағын­бай­тын сөз жоқ. Мұны Ахмет ­Бай­тұрсынұлы­ да айтып, сөздің басы, ортасы, аяғы болатынын, оған жіті назар аудару қажет­ті­гін ескерткен. Соны қазір мүл­тіксіз сақтауымыз керек. Ла­тынға көшеміз деп жатыр­мыз. Қолдаймын. Бұл ұлт тілінің өркендеуіне, бұзыл­май жазылуына кең жол ашады. Иә, латынға көшу жақсы. Осы жолда қазақ тілінің байырғы заңын, нақтылай түссем, үндестік заңын қатаң сақтауымыз керек. Ол туралы Халел мен Ахметтің даналық ойын алда айттым. Енді соны әсіресе тіл ережелерін естен шығармайық. Қазақ тілінің табиғатын қатаң сақтап, емлені жетілдіре отырып жасайық. Мен кейбір әріптер туралы ойымды бүкпесіз айтып жүрмін. Жаңа әліпбиде өзге тілдер үшін әріп санын көбейте бермесек дегім келеді.

Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы

Елдіктің туы – тіл

Елбасының қазақ тілін жаңа әліпбиге көшіруге байланысты Жарлығы шыққалы бері бірқатар маңызды шаралар атқарылып, ең әуелі Премьер-Министрдің өкімімен «Қазақ әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жос­пары» бекітіліп, жұмыс қарқынды жүргізілуде. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы да Үкіметтің қаулысымен құрылды. Себебі бұл орталық мемлекеттік тапсырыс ая­сында халқымыздың жаңа әліпбиді тез әрі сапалы меңгеруіне жол ашады.
Осы орайда «Qazlatyn.kz», «Tildidar.kz», «Sozdikgor.kz» ұлттық порталдары іске қосылып отыр. Биылғы жыл «Әдістеме жылы» аталып, 72 сағаттық біліктілікті арттыру курстары, дәрістер мен семинарлар жиі ұйымдастырылуда. Алдағы уақытта да филолог мамандар өз өңірлерінде ересек азаматтарға емле ережелерін үйрету курстарын жалғастырмақшы. Сондай-ақ бұл орталық «Тегіңді түзеу – тектілік» атты жеке құжаттарды ұлттық негізде рәсімдеу акциясына да белсене қатысып келеді.

Әлібек Асқар,
Ш.Шаяхметов атындағы
«Тіл-Қазына» ұлттық
ғылыми-практикалық
орталығының бас директоры

Жаңа әліпбидің  жақсылығы мол

Көне Тараз жеріне, баяғы Ұлы Жібек жолының киелі орнына келіп, үлкен мәселені қозғап жатырмыз. Бұл ұлтқа, ұлт ұрпағына қажет ұлы іс екеніне ешкім шүбә келтірмейді. Ол ұлы іс латын әрпіне көшу. Менің байқауымша, бұған ешкімнің дауы жоқ болар. Көшетінімізге де ешкімнің күмәні бола қоймас. Біз сияқты егде адамдарға қиын соғуы мүмкін. Бірақ бүкіл түркі жұрты көшіп жатқанда, біз қалай қалып қоямыз? Түкі жұртын былай қойғанда, әлемнің біраз мем­лекеттері осы қаріпті қолданып отыр­ғанын ескерсек, бізде оңашаланып қалатын жайымыз қайсы?
Түркі елдерімен араласуға, тіл табысуға бұл қаріп үлкен септігін тигізері сөзсіз. Айталық, кеңес зама­ны­ның түрлі саясаты болды. Оны алдыңғы толқын біледі. Айталық, осы латын әрпіне көшірген кезеңді қазақ бастан кешірді. Бірақ өзінен алшақтап кете ме деген күдікпен, 1940 жылы қайтадан кириллицаға ауыстырып тынды. Оны айтасыз, қол астындағы түркітілдес халықтарға жеке әріп ойластырды. Мәселен, қарақалпақ пен қазақтың тілі бірдей деуге болады. Кейбір сөздерде ғана алшақтық бар. Соның өзінде екі халыққа дыбысқа қарай деп ортақ әріпті өзгертіп жіберіп отырды. Мұның арғы жағында – халықтарды жақындатпау ниеті жатты.
Мен бір нәрсені баса айтқым келеді. Біз латын әліпбиіне көш­сек, қарақалпақ бауырлармен бір жазуда боламыз. Газет-журнал, кітап­та­рымызды қиналмай оқуға жол ашылады. Қайталап айтамын, жаңа әліпби түркі жұртымен жақындас­тырады, сонымен қатар болашаққа даңғыл жол ашады. Төрткүл дүниедегі бауырлармен қауыштырады. Әсіресе, жастардың келешегінің кемелдігіне кепілдік береді. Әлемдік өркениетке өтуге де септігін тигізеді деп батыл ай­туды азаматтық парыз санаймын.

Кәдірбек СЕГІЗБАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы

Ана тілі мәртебесі  толғандырады

Түркі тілінің гауһары – қазақ тілі. Еліміздің бүгінгі жастары бақытты. Олар сауаттарын қазақ әліпбиімен ашады, ойларын қазақ әліпбиімен дамытады. Елбасының «Еліміздің өзі қуатты, жауапкершілігі жоғары, біртұтас ел болғанын қалаймын» деген сөзі баршамызға ой салуы тиіс. «Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған ұлттық рухани код – ол біздің терең тарихымыз. Бірнеше жыл бұрын Елбасының қолдауымен Күлтегіннің тасы Астанаға алдырылып, Еуразиялық ұлттық университетінің музейіне қойылды. Сол кезде Олжас Сүлейменов: «Бабаларымыз тілін тасқа жазғанда бірнеше алпауыт елдің тілі дамымаған болатын» деп мақтаныш білдірген еді. Қытайда – 45, француздарда 35 дыбыс бар. Олар сол дыбыстарды 26 әріппен белгілейді. Бізде 28 дыбыс бар. Соны 28 әріппен белгілесек, өз мақтанышымыз. А.Байтұрсынұлы «Бір дыбысқа – бір әріп» деп айтып кеткен екен. Ертеректе ғаламат жазушы Әбіш Кекілбай ағамыздың «Қазақта ақсақал деген бар, көксақал деген бар. Көксақал телеарнадан жалаңаш әйел көрінсе, немересімен бірге көре береді. Ал ақсақал «Өшір ананы» деп, немересіне ертегі айтып, кітап оқытады» дегені бар еді. Сол ағаларымыз айтқандай, таза латын қарпімен шығып жатқан газетімізді, сабақ болсын деп тәжірибемізді әкелдік.

Оразкүл АСАНҒАЗЫҚЫЗЫ,
Ш.Шаяхметов атындағы
«Тіл-Қазына» ұлттық
ғылыми-практикалық орталығы
бас директорының кеңесшісі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. QAZAQ

    Ғалым-мамандарының пікірі дұрыс — тіліміздің үндестік заңын жаңа әліпбиімізбен жазғанда пайдалануымыз керек. Бұрынғы қазақ-кирил әліпбиінен қазақ сөзінде болмаған В, Ё, Ф, Х, Һ, Ц, Ч, Щ, Ъ, Ь, Э, Ю, Я дыбыстарын жойып, И және Й дыбыстарына ортақ бір таңба арнаса, 42-14=28 әріп қалады. Сонымен қатар, үндес А-Ә, Ғ-Г, Ы-І, Қ-К, О-Ө, Ұ-Ү дыбыстарына ортақ таңба пайдаланып, жіңішке (немесе қатты) естілетін сөздің алдына (`) таңба қойып жазса әрі латын таңбаларының саны біздің әліпбиімізге толық жетеді, әрі естілуі тым жақын қадір-қадыр, бірақ-бырақ, қазір-кәзір, т.с.с. сөздерді жазу емлесін жаңаша заңдастырар еді.

  2. Алиакбар

    «Тіл қазына» орталығының маңайында Ербол Ердембекұлы Тілешов жүрмеуі тиіс. Өйткені, ол аты шыққан парақор. Мұны Еуразия ұлттық университетінің филология және журналистика факультеттерінің барлық профессорлары мен оқытушылары, сондай-ақ түлектері жыр қылып айтып жүр.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.