Алаш жүректі ақын

ХХ ғасырдың поэзия әлеміне елеулі үлес қосқан башқұрт ақыны Мұстай Кәрімнің туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Осы айтулы мерейтойға орай Алматы қаласында Мұстай Кәрім атындағы көше ашылып, «Мұстай Кәрім – 100 жыл» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Алып шаһардың Мамыр-4 ық­­шам­ауданындағы Садовая көшесі енді Мұстай Кәрім деп аталады. Көше­нің ашылу салтанатына Алматы қала­сы­­ның әкімі Бақытжан Сағынтаев, Ресейдегі Қазақстан елшісі Иманғали Тасмағамбетов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, ақын­ның немересі Темірболат Кәрімов және зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Ақынның «Үш таған», «Талтүс» атты кітаптары қазақ тіліне аударыл­ғанын айтқан шаһар басшысы қазақ оқыр­маны Мұстай Кәрімді төл ақы­нындай құрметтейтінін жеткізді.
– Бүкіл түркі дүниесінің ұлы шайыры, бауырлас башқұрт халқының ақыны, жазушы-драматург Мұстай Сәфиұлы Кәрімнің есімі қаламыздағы көрнекті көшелеріміздің біріне беріліп отыр. Міне, бүгін Мұстай Кәрімнің аты біздің еліміздің мәдениет тарихында мәңгі­лікке жазылды. Бұл башқұрт халқының жарқын өкілінің бай шығармашылық мұрасына, жоғары әдеби шеберлігіне деген құрмет. Мұстай Кәрім – ұлы ақын, жазушы, журналист, көрнекті қоғам қайраткері. Ол әлемдік әдебиетке үлес қосты. Оның шығармашылығы тек башқұрт халқының ғана емес, бүкіл түркі әлемінің рухани мұрасы, – деді Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев.
Сонымен қатар қала әкімі ­Ал­ма­­ты­дағы іс-шара Қазақстан мен ­Ресей, Башқұртстан мен ­Алматы ара­сын­дағы мәдениетаралық қатынас­тардың дамуына үлкен серпін беретініне сенім білдірді.
«Мұстай Кәрім» қорының негізін қалаушы, немересі Темірболат Кәрімов биыл оның отбасы үшін ғана емес, ­баш­құрт халқы үшін ерекше жыл екенін айта келе, атасының Қазақстанның ақын-жазушыларымен қарым-қаты­насы, Алматыға деген ерекше махаббаты туралы әңгімелеп берді.
– Мұстай Кәрім қазақ халқының тазалығы мен кеңдігіне тәнті болатын. Ол Қазақстанға, оның ішінде Алматыға келгенді қалап тұратын. Осы өңірді ерекше жақсы көрген. Себебі оның достары, ақын-жазушылар осы қалада тұрды. Ақынға талант аздық етеді, оның жүрегі таза, оқырманға деген жауапкершілігі зор болуы керек. Мұстай Кәрім мұндай қасиеттерді Мұхтар Әуезовтен үйренді. Сонымен бірге ол Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әбу Сәрсенбаевтан сабақ алған. Жалпы оларды бауырластық қарым-қатынаспен бірге, оқырманға деген үлкен жауапкершілік байланыстырды. Атамыз қайтыс болғаннан кейін, көп ұзамай, Сәбит Досанов «Ұлылар қайтып келу үшін кетеді» деген мақала жазды. Бүгін оның жаны бізбен бірге. Сіздерге алғысым шексіз, – деді Т.Кәрімов.


Шара соңы «Мұстай Кәрім – 100 жыл» атты халықаралық ғылыми-тә­жірибелік конференцияға жалғасты. Жиында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова баяндама жасады. Башқұртстан Респуб­ли­касының үкімет аппаратына қарасты Мәдениет, мұрағат істері мен кон­гресстік шараларды өткізу бөлімінің жетекшісі Энже Вернигора Қазақстан Республикасының Үкіметіне алғыс білдірді. Ресейдегі Қазақстан елшісі Иманғали Тасмағамбетов ақынның Алаш руханиятында алатын орнына тоқталды.
– Сүре сөздің қадірін білетін халықтың рухани өлшемі, бүгін осында отырған зиялы қауым өкілдерінің бас қосып отыруы Мұстай Кәрімнің Алаш руханиятында алатын орнын көрсетсе керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мұстай Кәрім тек өз ­Отанында ғана емес, бүкіл түркі әлемінде ерекше сүйіспеншілікке ие ақын» деген қанатты сөзі оның биік тұлға мәртебесін айқындай түседі. Мұстай Кәрім бар өмірін бүкіл түркі жұртына ортақ мәдениет пен әдебиетке арнап, ел мен елді жақындастырған тұлға. Қай заман, қай елде де ақынның бейқам болған сәттері аз. Оған осы Мұстай Кәрім ерлігі мен еңбегі, аласапыран ғұмыры, туған халқын бай-қуаты мен даласының дарқандығын толғаған адуынды шығармашылығы куә, – деді И.Тасмағамбетов.
Айта кетейік, Мұстай Кәрім – ақын-жазушы әрі драматург. 1919 жылы 20 қазанда Башкириялық Автономды СКР-де дүниеге келген. Оның «Біздің үйдің қуанышы» повесі, «Көктем ­дауысы», «Өзендер сөйлейді», «Алыста қалған жағалар», «Жылдар ізімен» атты туындылары оқырманға жақсы таныс. Бұған дейін Ақынның құрметіне Мәскеу мен Уфа қаласында көше ашылған.
Қорыта айтқанда, Ресейдің ­К.Ста­нис­лавский атындағы мемле­кеттік сыйлығының, Башқұртстан мем­лекеттік сыйлығының, КСРО мем­лекеттік сый­лығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Мұстай Кәрім­нің биыл 100 жылдығы кеңінен тойланып жатыр.

Ақбота ҚУАТОВА,
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.