ҚАЗАҚ ҺӘМ ДОМБЫРА

Елордадағы «Қазақ елі» монументі алдында Ұлттық домбыра күні мерекесі өтті. Салтанатты шараға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Кемелұлы барша халықты Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, бұл мейрамды руханиятқа деген зор құрмет, баршамызға ортақ құндылықты ұлықтау деп түсіну керек екенін айтты.

– Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батыр­ла­рымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақ­тың ру­хын көкке көтеретін құнды қазы­на­мыз болуға тиіс, – деді Қазақстан Прези­денті.
Мемлекет басшысы Ұлттық домбыра мерекесі жас ұрпақтың дәстүрлі өнерге деген құрметін арттыратынына сенім білдірді.
«Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай», «Әлқисса» күйлері – ұлттық рухымызды көтеретін таңғажайып туындылар екенін, домбыраның пер­несі­нен шық­қан күйде халқымыз­дың терең тарихы бар екенін жеткізді. Атадан балаға ама­нат болған асыл мұрамызды сақтап, қадір тұтуымыз қажеттігін тілге тиек етті.
Қазақстан Президенті бүгінде домбыра бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін теңдесі жоқ мәдени мұра саналатынын және рухани жаңғыру жолының негізгі арқауы екенін атап өтті. Сондықтан бұл ұлттық өнерді кеңірек насихаттауға шақырды.
– «Өнер – ұлт келбеті» дейді дана халқымыз. Баршамызға ортақ құн­дылық – домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың сана­сына сіңіру өте маңызды. ­Дом­быра аспабы – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбы­ра үйрену сабақтарын енгізу – қа­жетті әрі дұрыс бастама, – дей келе, қазіргі жаппай жаһан­дану уа­қы­тында халқымызға тән біре­гей құн­дылықтарды жаңғырта беруі­міз қажеттігіне баса мән берді. Сөз соңында Президент төл мәде­ние­тімізге деген қамқорлық әрқашан мем­лекеттің айрықша назарында ­болатынын айтты. «Қазақ елі» монументі алаңында өткен ұлттық руханиятымызды дәріп­тей­тін концерт барысында мыңнан астам өнерпаз бір оркестрдей домбырамен қазақтың белгілі күйлерін орындады.

Жамал Сәрсен

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.