Бояу әлемі бала тілінде

Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік тілде жүзеге асырылып жатқан жобалар болсын, кітаптар болсын – бәрі де тіл аясын кеңейтуге үлес қосуда. Сондықтан қазақ тілінде жасалып жатқан рухани-мәдени дүниелер мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттырып, дәрежесін биіктетері сөзсіз. Өзге мемлекеттердің өз тілін қалай дамытқанына зер салатын болсақ, олар негізінен бұл деңгейге баспа өнімдерін көптеп шығару, әртүрлі саладағы кітаптар мен оқулықтар арқылы қол жеткізгенін байқауымызға болады. Сонымен қатар мықты туындыларды өмірге әкеліп, оларды әлемдік тілдерге аударып, тіл аясын кеңейтуге күш салып отырған.

Тіл – жалпыадамзаттық құндылық болғанымен, ол әрбір ұлттың өз рухани қазыналарын насихаттайтын идеологиялық құралға да айналып үлгергенін әрқилы жаһандық үдерістерден көріп, біліп отырмыз. Қазақ тілі де бұл көштен қалмай, барынша бәсекеге қабілетті болуы керек! Әлбетте, бұған тіліміздің әлеуеті толық жетеді. Тек осындай бағыттағы жұмыстарды сауатты әрі сапалы ұйымдастыра білсек, нәтижесі мен жемісін міндетті түрде көретін боламыз. Соңғы 10-15 жылдың ішінде Қазақстандағы қазақтілді кітап нарығы айтарлықтай қалыптаса бастағанын байқау қиын емес. ­Заман талабына сай жұмыс істейтін жекеменшік баспалар да көбейді. Бүгінгі нарықтың талабына жауап беретін кітаптар жазылуда. Ең бастысы – қазақ тілінде өмірге келуде. Оқырмандар іздеп жүріп оқитын дүниелер де пайда болуда. Сұраныс та, ұсыныс та бар. Қазіргі оқырман – талғампаз, кітапқа қоятын талабы да жоғары. Себебі әлемдік жауһарлар көз алдында тұр. Ғаламтор арқылы нендей жақсы дүниелердің шығып жатқанын көріп, біліп отыр. Егер кітаптың полиграфиялық безендірілуі тартымды болмаса, жалт-жұлт етіп тұрмаса ондай кітап, мазмұнына қарамастан, бүгінгі нарықта өтпей қалуы да мүмкін. Мұны айтып отырған себебіміз, қазақтілді кітап нарығында бәрі де маңызды деген ойды жеткізу еді.
Жуырда мемлекеттік тілде бүлдіршіндерге арналған бояғыш кітапшалардың тұсауке­серіне қатысып қайттық. «Аbaybooks» баспа үйі шығарған кітапшалар «Сәлем, Қазақстан!» деп аталады екен. Бұл жобаның ұнаған жері – әр кітапша еліміздің 18 қала­сына арналған. Яғни әрбір қаладағы тарихи-мәдени нысандар, ғимараттар мен ескерт­кіштердің сызбалары, сыртқы көріністері жасалған. Балалардың мақсаты – сол сызбаларды өзі қалаған түстерге салып, бояп шығу. Сонымен қатар әрбір ғимарат бейнеленген бетте оның пайда болу тарихы қоса берілген. Шығармашылық әрі танымдық тұрғыдан алғанда, бастауыш сыныптағы бүлдіршіндерге таптырмас оқу құралы. Ой-қиялын дамытып қана қоймай, елдің тарихымен, мәдениетімен өз ана тілінде танысуға зор мүмкіндік береді.
«Аbaybooks» баспа үйінің атқарушы директоры Майра Әлжанова осы жобаны қолға алмас бұрын, еліміздің кітап нарығын зерттеп-зерделегенін айтады.
Кітапшалардың бір артықшылығы – ол отандық туризмді дамытуға да өз үлесін қоспақ. Яғни кішкентай туристер үшін жолсерік те бола алады. Қалалар тарихын таныстырудың ғажап үлгісіндей. Өйткені баланың дүниені, қоршаған ортаны қабылдауы ерекше ғой. Олар бейнелерді, түрлі-түсті суреттерді тез әрі оңай игереді. Бұл туындылардың керемет тұсы да осында. Қолдануға ыңғайлы, көлемі ықшам, барынша тартымды. Балалардың суретшілік қабілетін де шыңдай түседі. Екіншіден, кітапқа жақын болуға тәрбиелейді. Тұсаукесер шарасында балалар жазушысы мен психологы Джан Амании, иллюстратор София Филатова және жоба жетекшісі әрі редакторы Кәмшат Әлібекова өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Бір сөзбен түйіндегенде, кітапшалардың өнегелі тұстары аз емес. Алдағы уақытта «Аbaybooks» баспа үйі баршаға белгілі ­«Дисней» ертегілерінің топтамасын шығаруды жоспарлап отыр екен.

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.