КӨНЕНІҢ КӨЗІНДЕЙ…

Елімізде туризмді дамыту әрі жастарды республикамыздың тарихи, көрікті жерлерімен таныстыру мақсатында «Аlmaty nomad» саяхатшылар клубы» болашақ журналистер үшін тамаша жоба ұйымдастырды. Ол жоба бойынша біз, яғни студент жастар Түркістан мен Батыс Қазақстан өңірлерінің киелі жерлерімен таныстық. Алған әсеріміз керемет. Сапардан көрген-білгендерімізді, көңілге түйгендерімізді жазып, оқырманмен бөлісуді жөн санадық.
Біз жолға аттанарда Алматыда жаңбыр жауып тұрды. Маусым айының бас кезі болатын. Рамазан айы аяқталуға жақын. Кешқұрым буынып-түйініп, кәнігі саяхатшылардай артынып-тартынып, қолымызға видеокамерамызды, асай-мүсейімізді арқалап, Тараз қаласын бетке алып, жүріп кеттік. Желмен жарыса зымырап келеміз. Айналасы алты-жеті сағаттың ішінде діттеген жерімізге де табан тіредік. Қонақүйге орналасып, сәл аялдап алған соң жетекші апайдан: «Тамаққа жиналыңдар» ­деген хабар келді. Ұйқымыз шала-шарпы болса да, шаршағанымыз онша білінбеді. Қонақүй асханасында ауқаттанып алғаннан кейін, өз жұмысымызға кірістік.

Тараздың Алматыға қарағанда ерекше екені бірден байқалды. Көне шаһарға тән рухани болмысы сезіледі. Алдымен көненің көзіндей, бағалы жәдігердің өзіндей тарихи ғимараттарын аралауды бастадық. Көрмелерді тамашаладық. Оңтүстік өңір болған соң ба, күн жарықтық шыжып тұрды. Ауа қапырық, арасында ыстық леп соғады.
Келесі бағдарымыз – Талас өзенін жағалай орналасқан Тектұрмас кесенесі. Бұл кесене туралы мектеп қабырғасында азды-көпті оқығаным болмаса, толық­қанды мағлұматқа қанық емес едім. «Тектұрмас» деген атауды халықтың өзі қойыпты. Ал шын аты – Сұлтанмахмұт Шах. Сұлтанмахмұт ел басқарған кезінде бір орында байыз таппай, бәрін өзі қадағалап, тыныш отырмаса керек. Халық содан осылай атап кетіпті-мыс. Тектұрмастан әрі қарай тылсым сырға толы әйгілі Қараханның кесенесіне қарай жүрдік. Көне ғимаратты салуға өте шеберлікпен әзірленген 30 түрлі өрнекті кірпіш қолданылған екен. Кесененің іші үлкен әрі кең. Бірнеше залдар бар. Оның ең ірісі – орталық зал. Төртінші залда төбеге шығатын баспалдақ орнатылған. Орта жайдың төбесі киіз үйдегідей жабық.


Кесене шырақшысының айтуынша, Қарахан жас күнінде Айша есімді аруға ғашық болады. Ол кезде Қараханның билігі жоқ. Сөйтіп, ол Айшаның әкесіне қызын сұрай келеді. Алайда Айшаның әкесі қолында түгі жоқ қараша жігітке сұлу қызын бергісі келмейді… Жылдар өтіп, Қарахан қарадан шыққан хан болады. Даналығына бас иіп, ел құрметіне ие болады. Қарахан туралы Айша да естіп, ештеңеге қарамастан Бабаджа есімді күтушісімен бірге Қараханның ауылына қарай жол тартады. Ұзақ сапарда Айша бибі суға шомылып шығып, киімін киіп жатқанда, сәукелесінен шыққан сұр жылан шағып алады. Қарахан есінен танып, әлсірей бастаған Айшаны молдаға апарып, некесін қидырады. Айша бибі осы жерде Қарахан батырдың қолында көз жұмады. Сөйтіп, Айша бибінің қайтыс болған жеріне мазар тұрғызады. Қасынан өзіне де мазар салғызады. Бір сөзбен айтқанда, аңыздың өзіндік маңызы мен жастарға берер тағылымы бар.
Осындай тосын тарих пен аталы аңыздың жалғасы Түркістандағы Арыстан бабта да, әйгілі сопы Қожа Ахмет Ясауида да бар. Түркістанға түнделетіп жеттік. Арыстан бабтың басына зиярат етіп, Құран бағыштап, қасиетті суы бар тұзды құдыққа келдік. Қатты шөлдеп кетсем керек, қасымдағы құрбыма «Құдыққа барып, шөліміз қанғанша су ішіп қайтайық» деп қоям. Шелекті сүңгітіп жіберіп, шөмішпен іше жөнелдім. Кермек дәміне қара­мастан шипасы тие берсін деп ырым еттім.
Жолай сыры бөлек Сауранға, орны ерек Отырарға, көк күмбезді Қожа Ахмет Ясауиге зиярат еттік. Оңтүстік өңір талай тарихи оқиғалар болған жер ғой. Қарап тұрсаң, әр тастан, әр бұрыштан аңыз өріліп, небір ­хикаяттар бастау алып жатқандай. Көңілге көп нәрсе түйдік. Мүмкіндік болса, киелі өлкеге тағы бір айналып соғармыз, әлі де зерттеп, зерде­лей түсерміз деген қызығушылығымыз ояна түсті.
Желдей ескен уақыт күтіп тұра ма, сапары­мыздың ендігі бағытын Ақ Жайық өңіріне бұрдық.
Оңтүстікке қарағанда жол ұзақ, машақаты мол болды. Алдыңғыдай шағын автобус­пен емес, пойызбен келеміз. Терезеден кең байтақ даламызға көз тастап қоямыз. Көкжиекпен таласып, бір қыраттан соң бірі шығып, жүйткіген пойызбен жарысатындай.Таңға жуық Оралға да жеттік. Айналадағы адамдардың қимылы ширақ, жүрісі тез. Батыс қой. Вокзалдан түскен соң, бір бұрышқа топтанып жиналып тұрғанбыз. Кенеттен, «Тәте, тәте!»деген кішкентай қыз баланың дауысы естілді. Маған қарай келе жатқандай. Бөтен қалада мені қайдан таниды деп аң-таң болып қарап тұрмын. Жақындап келе, жанымнан өте шықты. «Тәте» деп келе жатқаны ағасы болып шықты. Жергілікті сөз қолданыстарында өңірге тән ерекшеліктер бар екенін осы кезде аңғардым.
Батыста сейсенбі – балық күні екен. Таңнан кешке дейін барған жеріміз балықтан тамақ жасады. Алғашында балық таңсық болғанмен, артынша үйреніп алдық. ­Сонымен, Оралмен танысуды бастадық. Мұнда мұражайлар көп екен. Түсірілім тобымыз­бен Сырым Датұлы, Қадыр Мырза Әлі тәрізді тұлғалардың ескерткіштеріне, сондай-ақ Алашорда, ­Пушкин және т.б. музей­лерге бас сұқтық. Қаланы екі күн аралаған соң, 600 шақырым жердегі Бөкей Орда­сына жол тарттық. Айтарлықтай қашықтау екен. Жөндеу көрмеген ойқыш-ұйқыш жолдан сары топырақтың шаңы бұрқ-бұрқ етеді-ау. Жур­налист боламын деген адам қандай да қиын­дыққа төзе білу керектігіне көзім жетті. Сол қиын­дықтың бір көрінісі жол азабы болса керек.


Кеш бата шыққан көлік түнімен жүріп, таңертең Ордада болды. Бөкей Ордасының көп жері, негізінен, құмдауыт, сазды екен. Дөңесті жерлерінде қыраттар, ойпатты тұстарында шабындықтар орналасқан. Хан Жәңгірдің тұрған үйіне барып түсірілім жасадық. Ғимарат екі бағытта жобаланыпты. Батыс қанаты – қазақы нақышта, шығыс қанаты – еуропалық стильде. Орталық бөлмеде хантағы орналасқан. Жәңгір хан кезіндегі мешіт күмбезі қазіргі заманғыдай емес, басқашалау. Ол заманда мешіт-медресені татар ұсталар салады екен. Бәлкім, татар өркениетіне қарай ойысқан шығар.
Түсірілім жұмыстары біткен соң, Оралға қайта келдік. Түнгі Оралдың көркін тама­шаладық. Қазақстандағы тұңғыш Киров атындағы саябақ көпшіліктің көзайымы екен. Жұрт қарасы қалың. Саябақтан сәл ары жүрсеңіз толқыны кейде тулап, кейде тынып Ақ Жайық ағып жатыр. Мәдениеттің мәйегі, өркениеттің өрнегі тұнған қазақ даласының кереметтерін көріп, қатты қызықтым.

P.S.

«Елімізде  көненің көзіндей болған асыл дүниелер мол екен-ау» деп іштей қуандым. Бірақ ­талай кереметтің қирап, тек үйінділері ғана  қалғанын көргенде бойыңды еріксіз өкініш билейді. Әттең, небір жауһарларымыз бен мұраларымыз заманында дұрыс бағаланбай келгені, соның салдарынан сақталмай қалғаны дейсің. Бәлкім, заманында киелі орындардың қадіріне жете алмаған шығармыз?.. Аласапыран уақыттар өткенде оған қарауға, күтіп, сақтауға елдің мүмкіндігі де болмаған шығар. Әйтпесе, ғасырлардан басталып, дәуірлерге жалғасқан терең тарихымыз бар ғой. Ал тарих өткен құбылыстардан бөлек, көзбен көріп, қолмен ұстайтын жәдігерлерге де арқа сүйейтіні сөзсіз.

Аманнұр Бағдоллақызы

АЛМАТЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.