Темiрбектi атқан жендет (әңгіме)

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ,
жазушы

Тағы да сол түсті көріп шошып оянды. Не деген қорқынышты түс еді. Өмір бақи соңынан қалмай қойды-ау. Көздер… Көздер… Жәй көз емес, от шашқан шоқ көздер. Бала кезінде көрген арлан қасқырдың көздері бірден есіне сап ете түседі сол сәт. Жанарлардан ұшқан өткір, уытты сәуле жебелер кеудесіне, барлық денесінің әрбір нүктесіне кірш-кірш қадалып жатады. Бүкіл денесі қан қақсап, жанын қай жерге қоярын білмей жанталасады. Айқайлап, шыңғырып жатқанда оянып кетеді. Шүйкедей кемпірі ол да селт ете оянып, шошынады. Қалай ­шошынбасын! Бүкіл үйді басына көтерген ащы дауыстың соншалықты үрейге толы екендігін бір ауыз сөзбен жеткізу қиын.
Бүгін таңда «А-а-һах!» деген жан шошырлық дауыс толқыны қам кесектен тұрғызылған үйдің төбесін шайқалтып жібергендей еді. Үсті-басын тер жауып, малшынған күйінде ол басын жастықтан жұлып алды. Жан-жағына алақ-жұлақ қарап, шоқ болып жанған көздерді іздейді.
Кемпірі байғұс шалының көп жылдардан бері осындай шошымалы сәттерін жақсы біледі. Жанынан су толтырылған шәйнек кетпейді. Дереу жалма-жан қараңғылықты қармай жүріп, шәйнекті шалына ұсына береді.

– Астапыралла! Астапыралла! – деп, дауысы дір-дір етіп шыққан Түйебай шал шәйнектің шүмегін әзер аузына апарып суды қылқ-қылқ жұтады.
– У-у-ф-ф! – Ішінен от-жалынын осылай шы­ғарып, ол аздап өз-өзіне келгендей болады.
– Тағы да әлгі көздер ме? – Дауысы қыр-қыр еткен кемпірі аяушылықпен сұрайды.
– Сол! Сол көздер! Адамның ба, ­қас­қыр­­дың ба, білмеймін. От шашқан көздер!
– Кімнің, қасқырдың дейсің бе? Немене, жас кезіңде қасқырды өлтіріп пе едің? Егер өлтірсең, ол киелі қасқыр шығар? Бірақ сені молдаға да оқыттық, емшіге де апардық. Түк шыққан жоқ қой. Әй, сол қасқырдың көздері емес болар…
– Тәйт! Сонда ол… – Түйебай шал тілін тістеді. – Ана шамды жақшы. Кеше бір кәзитте тура сол жанардың иесін көрдім. Иә, иә, тура сол! Әкел, әкел кәзитті. Бол, бол!
– Бісміллә-ә! – Сүйегі сықырлап, кемпірі әзер тұрды орнынан. Шамды жақты. – Ау, шалым, қайда кәзит? Сен, сірә, оны түсіңде көрген шығарсың?
– Жоқ, жоқ! Өңімде көрдім. Кеше оны анау көрші бала әкелген. Сол кезде кәзиттегі таныс бейне көзіме оттай ­басылды. Бергісі келмеп еді, ақша бердім. Бәтшағардың көзі оттай жанды. Ә-ә, төргі үйде үстелдің үстінде жатыр ол. Тез, тез баршы, тасбақаға ұқсамай.
Түйебай десе нағыз Түйебай. Сүйектері қазір арса-арса болып тұрғанмен, дене бітімі ірі кісі екені көрініп тұр. Ақ дамбалды аяқтары серейіп жатыр. Қолдары да ұп-ұзын. Мұрны қоңқиған, көзі қысық, аузы дорбадай сіріңке өңді шал. Оң жақ бетінде тыртық бар. Әлде оқтың, әлде қылыштың ізі. Сексеннің о жақ бұ жағында болғанмен, әлі де қайратты екендігі сыртқы пошымынан андағайлайды.
– Таптым, таптым, шал-ау! – деген­ Ажар кемпірдің әне-еу төргі үйден қуанышты қырылдақ үні шықты. Бойы кішкентай кейуанамен мына алып шалды салыстырудың өзі күлкілі. Шүңкиген кемпірдің бойы Түйебайдың белінен ғана келеді. Осы кемпір он бала туды. Бірақ оны да қазір жоқ. О дүниелік болған. Даңғарадай үйде екеуі ғана елбесіп-селбесіп өмір сүріп жатыр.
– Әкел, әкел бермен! – Шал елгезек қимылдап, алға еңсеріле дәу қолдарын бірден созды.
– Міне, мынау. Иә, тура сол! Қараның Нарком болған баласы. Көзін қарашы, көзін! Мына кәзиттің ішінен де ол маған оқты көзімен қарап тұр. Ойбай-ай, ойбай! Нем бар еді бұларда? – Шалдың жуан дауысы«ойбайлаған» сәтте жіңішкеріп мүсәпір халге түсті де, үрейленгеннен газетті лақтырып жіберді. Кемпірі қағілез қимылмен газетті қағып алып, ол да жалма-жан суретке қарады.
– Осының көздері ме сені шошытып жүрген? Өткір әрі жанарлы екен. Қою шашты, әдемі жігіт бопты. Әй, шал-ау, бірақ мен бұдан тым қорқатындай, шошитындай ештеңе байқап отырған жоқпын, – деп Ажар шалына таңданған кейіпте қарады. Ал Түйебайы бүрісіп, қос қолымен басын ұстап жүрелей отыр екен.
– Шал-ау, саған не болды? Бір жерің ауырып тұрған жоқ па? – Кемпір жік-жапар болып, оның бетіне үңіле қарады.
– Жүрегім-м… – Шалдың тамағы қырылдап, бір жағына жантая құлай берді…
***
Түйебай ауруханада ұзақ жатты. Жүрек талмасы ұстап, сол жағы жансызданған оның тұруға қауқары болмай қалды. Оның үстіне еңгезердей шалдың сүйегі де ауыр. Қарулы екі жігіт көтермесе, анау-мынау адамның күші жетпес. Шал арбаға таңылды. Шүйкедей кемпірі оны таза ауаға шығарып аурухана ауласында күн сайын қыдыртатын. Дәрігерлер қанша емдесе де Түйебайды аяғына тұрғыза алмады. Ақыры болмаған соң үйіне апарып тастады.
Міне, содан бері тірі өлік болып, төсекте шалқасынан түсіп жатады да қояды. Басқа не істесін? Кемпірі тамақтан­дырады. Алғашқыда туысқандары кел­генсіп еді, олар да бұл үйге соңғы кездері бас сұқпайтын болды. Екеуден-екеу. Зейнетақыларын талғажау етеді. Шал бұрынғыдай анық сөйлей алмайды. Ойын сақаулана сөйлеп, әзер жеткізеді.
«Ой, жалған дүние-ай!» Осы сөзді күн сайын мың қайталайтын шығар. Айтпақшы, от-жалын көздерді енді ол түсінде көрмейтін болды. Есесіне Қараның ұлы Темірбек келіп миына орнығып алды. Енді ол туралы көп ойлайтын еді. Басқа дене мүшелерінде ақау болғанмен, Түйебайдың басы сап-сау-тын. Өткен өмірі, ойға алғандары – бәрі-бәрі жаңғырып тұр. Оның төсек тартып жатқан мына жағдайында сол өткенді қазғылағаннан басқа ештеңе қалған жоқ. Өлім мен өмір ортасындағы адам сол өткенін ой таразысына салып өлшеп, қайсысы ақ, қайсысы қара екенін өзінше орын-орнына қойғысы келеді. Мына түрімен, әрине, ол ойларын жарытып ешкімге айта да алмайды. Тіл шіркін күрмелген және үйдегі тыңдайтын жалғыз адам – кемпірінің түрі анау. Айтпақшы, үйдегі үшінші адамды әсте ұмытып барады екенбіз. Ол кенеттен пайда болған бір елес бейне. Түйебай елес кейіпкерді өзі ойлап тапты ма, әлде Алла Тағаланың жіберген періштесі ме, кім білсін, о дүниеге барып келгеннен кейін сол бейне пайда бола кетті. Әсіресе, үйге келген соң ой таразысына өткен-кеткенді салып, дұрыс-бұрыстығына зейін қоя әлгі елес бейне тура үстінен қарап, тыңдап тұрады. Ақиқаттан қияс кетіп бара жатқан кезде ол бірден пайда бола кетеді. Кесіп айтады, батыл жеткізеді ойын. Түйебай одан қатты қорқады. Ол елес бейненің турашылдығына, пәктігіне, ақиқатшылдығына орай оған өзінше «Періште-жан» деп айдар тақты. Қызық болғанда шалының өзінше күбірлеп, әлдекіммен сөйлесіп жатқанын бір-екі рет көріп қалып, кемпірі шошып кетті.
– Әй, шалым-ау, кіммен сөйлесіп жатырсың? Байқа, ішіңе жын кіріп кетсе жаман болады, – деді Ажар кемпір өзінше сәуегейсіп. Түйебай оған ала көзімен бір қарап еді, ол жым болып жөніне кетті. ­Содан жалғыз қалып, ой теңізін еркін кешіп жүре беретін…
***
Темірбекті бозбала кезінен біле бас­тады. Оны Түйебайдың анасы Сайрагүл сырттай таныстырды.
– Балам, – деді бір күні ол. – Мінеки, сен жігіт болып келе жатырсың. Әкең де, оның бауырлары да ерте кетті. Сен оларды көрген жоқсың. Оларды кім өлтірді, оны да білмейсің. Бірақ сен ол шындықты білуің тиіс. Мен де мойнымдағы аманаттан құтылсам деймін.
Он алты-он жетідегі бозбала Түйебай елең етіп, зор ынтызарлықпен анасына құлақ қойды.
– Апа, кім, кім өлтірді? – деген сөз оның аузынан атып шықты.
– Сені жетім қалдырып, қаршадайың­нан қозы соңына салғандарды білгің келетінін мен жақсы білдім. Мен де осылардың есігінде өмір бақи күң болып келемін… Көрмеген зәбірім жоқ. Сенің әкеңді де, оның бауырларын да құл етіп жұмсады. Олардың мың сан қойлары, жылқылары, түйелерін осындай құлдар баққан. Бір күні боранға қарамай Қуан шал үш ағайынды жігітті жылқыларды қарауға жібереді. Содан олар боранда адасып, үсіп өлді. Ешкім оларды іздеген жоқ. Көктемде қар кеткеннен кейін мүрделерін тауып, көме салды.
– Ойпырым-ай, а, не деген қатыгез жандар! Апа, мен олардан кек аламын. Кек!
– Әзірге асықпа, балам, арандап қаласың. Реті бір келер…
Түйебайдың бойын кек кернеп, Қараның тұқымдарын жек көргені осы сәттен басталды.
– Иә, бұлар әкемді, ағаларымды өлтірді. Анамды, өзімді күң, құл етіп азаптады. Тек біз ғанамыз ба, басқаларға да… – деп шалқасынан сұлқ жатқан Түйебай ойын жұптап көтеріліп келе жатыр еді, Періште-жанның дауысы оның сөздерін қылышпен кесіп тастағандай саңқ-саңқ етіп естілді.
– Әй, Түйебай! Ақиқатқа бұрыл! Төрің­нен көрің жақын қалды! Әке-ағаларың боранда үсіп өлгеніне олар кінәлі емес! Табиғаттың қаһары емес пе ол?! Жәрәйді, Қуан, Жүргендердің малын бағам деп оқыстан ажал құшты. Олар боранға қарамастан, өздері бастап сол кезде іздегенін мен жақсы білемін. Мүрде­лерін тапқаннан кейін арулап көмді. Сен сол кездері дүниеге келіп жаттың. Жәпіш бәйбіше өзі келіп, қалжасын ­сойып күткенін анаң неге айтпады? Сені бозбала жасқа жеткенде балалармен бірге молдаға оқытқан кім? Одан кейін Темірбек сенімен бірге бірнеше бозбаланы әскери оқуға жіберді. Үнемі жол ақшаңды төлеп: «Сендер қазақ елінің болашағысыңдар. Оқыңдар!» деген Темірбектің жақсылығын қалай ұмыттың, әй, Түйебай! Кейін ­жұ­мысқа орналастырып: «Бұл менің ­бауырларым. Көмектесіңдер!» деп көзіңше айтып, орыстың офицерлеріне тапсырды ғой. Отау көтергеніңде жеңешең Дәмеш екеуі келіп тойыңа қатысып, оның бір жағын көтергені түк есіңде қалған жоқ па? Бірақ сен антұрған неме кекшіл едің. Қолыңнан келгенше үлкен қызмет тиген соң Темірбек ағаңның астыртын артына түсіп, тыңшы болып, одан қалайда кек алуға тырыстың. Кәне, көзіңді жұма бермей бері қара! Осы айтқаным рас па, әлде өтірік пе?
Періште-жанның уытты, шыншыл сөздері Түйебай шалды теріс жолға түсіп бара жатқан жерінен шындық арнасына қайта түсірді.
– Рас, рас айтасың. Мен кекшіл едім. Ішімде қан қатып қалған ­дойыр, доңыз болатынмын. Айтқаныңның бәрі шындық. Мен Темірбек аға жасаған жақсылықтарды ұмыттым. Үстіме офицердің мұздай киімін киіп, қолыма лауазымды қызмет тиген соң кек буған менің көзімді шел басты. Алдымен­ Жүрген мен Қара шалдардың байлығын тәркілеп, өздерін итжеккенге айдағым келді. Дәл сол шақта оңтайы келіп, байларды кәмпескелеу жөнінде Кеңес өкіметінің заңы шыға қалды. Аттың сұлуына, жүйрігіне мініп, бойыма бес қаруымды асынып, қасымда шаш ал десе бас алатын жарандарым бар, Қараның ауылына бардым. Шал ақылды екен. Төрт-түлік малының бәрін өз еркімен менен бұрын өкіметке өткізіп жіберіпті. «Ой, бәріміз қорқып жүрсек, өзіміздің Түйебайжан екен ғой» деп Қара шал аңқылдап алдымнан шықты. Аттан түспедім. Қаһарланып, оның ұсынған қолын алмай, өзімнен-өзім жынданып, қамшымды үйірдім. «Әй, зұлым шал! Өйтіп маған маймөңкелеме! Сендей бай-құлақтар кедейлерге не көрсетпедіңдер?! Мына менің әкемді, ағаларымды өлтірген қандықол сендерсіңдер! Менің өзімді де табанымды тіліп қозы-лақ бақтырдың. Шешемді аштан-аш күң еттің. Айтыңдаршы, ей, жалаңаяқтар, осы сөзім рас па?» дедім айғайлап. Бәрі менен қорқып, үндемеді. Тек өмір бойы Жүрген мен Қараның жалшысы болып келген бір ақсақал былай деді: «Түйебай! Бәріміздің баратын жеріміз ахирет. Өлтірсең өлтір, бірақ шындықты айтайын. Сенің әкелерің табиғат апатынан өлді. Ал мына тұрған Қарадай жомарт, әділ, мейірімді бай бұл өңірде жоқ. Мысалға, мына маған істеген жақсылықтарын айтып ­тауыса алмаймын. Мыналар сенен қорқып тұр. Ал саған, шешеңе қашан қысастық істеп еді? Сені оқытқан, тоқытқан анау Қара, Темірбек емес пе? Халайық, ­солай емес пе?». Көпшілік «Рас, рас!» десті оны арқаланып. Мен тұтығып үндемей қалдым да, «Тазы ашуын тырнадан аладының» кебімен: «Мынау шал да осы Қараның құйыршығы. Сабап, байлап-матап тастаңдар! Әй, Қара десе қап-қара бәлесің сен. Малдың бәрін өткізіп тастапсың. Енді тыққан-пыққан алтындарыңды, асыл тастарыңды тап қазір әкел! Әйтпесе, сені де қаматамын!» деп тағы да қамшымды көтере беріп едім, өзімнің бірге ойнаған, бірге жүрген үш-төрт досым шалдың алдына көкіректерін төсеп тұра-тұра қалысты. Сескеніп қал­дым. Оларды бас-көзіне қарамай қам­шымен тартып-тартып жібердім. Беттерін қан жуған жігіттер міз бақпады. Иә, сөздің қысқасы бәрін байлап-матап, ұрып-соғып, ештеңе шықпаған соң Қарамен бірге бірнеше адамды ауданға әкеліп қамадым…
Шал осыларды күбірлеп айтса да шаршап қалды. Ентігіп жатыр. Періште- жанның дауысы естілді.
– Міне, Түйебай, шындыққа енді келдің. Бірақ біраз асыл заттарды тонап алып, жымқырғаныңды айтпай кеттің. Сен, шынында да, зұлым жан екенсің. Өз туған ауылыңды қалай ғана қорлап, қанға бөктіріп кеттің. Қалай ғана соған дәтің барды? Тіптен одан әрмен құтырдың. Кейінгі істеген зұлымдықтарыңды айтудың өзі қазір саған қандай ауыр тиеді десеңші!
– Дұрыс айтасың, Періште-жан. Кейде мен өзіме-өзім түсінбей қаламын. Неге мен Темірбекке соншалықты кектен­дім? Неге зұлым болдым соншама? Жақсылыққа неге жамандық істедім? Темірбек Жүргенов деген есім мен қанша кектенсем де дүрілдеп тұрды. Тәжік­станда, Өзбекстанда халық комиссары болды. Кәмпескеден соң зорлық-зомбылықпен орташалардың малын тартып алдық. Кедейлерді бір орталыққа біріктіріп, олардан да жүн, тері, тіптен оның мүйіздерін, тұяқтарын талап еттік. Темірбектің Қосжан, Досжан деген бауыр­лары болды. Міне, солар бастап, біздің көрсеткен қысастықтарымыздан кейін халық көтеріліске шықты. Әр-әр жерде осындай көтерілістер қаулады. Ал «Қарақұм көтерілісі» ең үлкен көтерілістердің бірі болды. Бес қаруын асынып барған орыс әскерінің пулеметтерін, мылтықтарын тартып алып, оларды бірнеше рет тас-талқан етіп жеңді. Қарақұм көтерілісінің бастығы Қосжан, Досжан еді. Бұл мені қатты ызаландырды. Қалайда оларды түп-тұқиянымен жойып жібергім келді. Бұл кезде Темірбек Өзбекстанда халық комиссары болып жұмыс істеп жатқан. Алашорданың бұрынғы басшылары мен Темірбектер осы көтерілістерді ұйымдастырып, сыртынан қарап тұрғандай көрінетін маған. Шіркін, маған билікті берсе, алдымен осыларды қырып тастар едім. Орыс бастығым бір күні мені шақырып алды. «Сен біздің сенімді адамымызсың. Қарақұм көтерілісінің басы-қасында бай-құлақтардың құйыршықтары тұр. Біз көтерілісшілермен келіскен боламыз да, қолға түскен соң оларды бірін қалдырмай қырып саламыз. Сен кегіңді қайтарасың. Сенің қызметің – Әліби Жангелдиннің жанынан бір елі қалмайсың. Егер ол көтерілісшілермен ауыз жаласып кетсе, бірден оны өлтіресің. Тапсырма түсінікті ме?» деді ол маған сынай қарап. Мен қуана оған жауап қаттым. Иә, біз орыс бастығым айтқанындай істедік. Көтерілісшілер талаптарын қойып, берілді. Олар алданғанын кейін бір-ақ білді. Қосжан, Досжаннан ­бастап оларды қырып салдық. Мен оларды өз қолыммен аттым. «Түйебай, сен біздің бауырымызсың ғой. Темірбекке айт, бізді алдап түсірді де. Қапы кеттік. Одан да майданда соғысып өлуіміз керек еді. Әттең!» деді Досжан өлімнен қаймықпастан соңғы сөзін айтып. «Әй, Досжан! Сендер қанаушы тапсыңдар. Біз қаналушы таппыз. Мен сендердің бауырларың емеспін. Біз жаумыз! Сендер сатқынсыңдар! Халық жауысыңдар!» дедім мен де қаһарланып…
Періште-жанның дауысы естілді осы сәт.
– Түйебай, сен қандықол қарақшы екеніңді мойындайсың ғой. Иілген ­басты қылыш шаппайтынын жақсы білдің. Және оларды алдап қолға түсіріп, қырып салғандарың қандай адамгершілікке ­жатады, айтшы өзің? Нағыз сатқын да, халық жауы да сендер, белсенділер болдыңдар. Тәркілеу деген сылтаумен қанша адамды итжеккенге айдадыңдар. Олардың дені оралмай, сол жақта көз жұмды. Әсіресе, бар малын тартып алып, миллиондаған қарапайым халықты аштан қырғандарыңды Алла кешірер ме екен? Әй, қайдам… Сен де қандықол жендетке айналдың. Ал ең үлкен жендеттер, Голощекин мен оның жандайшаптары, қырылып жатқан қазақтарға рақаттанып қарап отырған зұлымдық пен зобалаң шындығы тым кейін ашылды. «Мен кедей, шаруа табынанмын!» деп кеуде қағып, бүкіл елге жар салып мақтандыңдар. Қара бай болсын делік. Көз алдыңда сол кедейлерің, өз бауырларың қырылып жатқанда сен неге ақырып қарсы келмедің, неге айтпадың?
Түйебай мынадай ауыр сауалдар жаншығандай әлдебір жыртқыш тәрізді қорқынышты үн шығарды. Саққұлақ Ажар кемпір әп-сәтте жетіп келді.
– Әй, шал-ау, сізге не болды? Жаман дауысың шығып кетті ғой. – Шалқасынан жатқан оған үңіле қарап еді, Түйебай:
– Кет! Кет! Менің жағдайым жақсы, жақсы, – деді басын ашулана қимылдатып. Түкке түсінбеген кемпірі:
– Жәрәйді, аман болсаң бопты, – деп ол жөніне кетті. Ол кеткен соң шал сәл үндемей жатты да, Періште-жанға күбірлеп жауап қата бастады.
– Мен кім едім онда? Менің қо­лым­­нан ату, асу, ұрып соғу, зорлық-зомбылық жасау келетін. Рас, мен ол үстемдігімді әлжуаз халыққа жасадым. Неге екенін білмеймін, содан рақат табатынмын. Менің алдымда адамдар бейшара болып, етігімді сүйіп жатса төбем көкке жетіп мақтанатынмын. Әсіресе, бай-манаптарды аяған жоқ­пын. Иә, мен Голощекин сияқты алып­тардың қолындағы шоқпары болдым. Мен және менің сыбайластарым – өз ұлтымызды аттық, қырдық, жойдық. Байғұстар бізден қорыққаны соншама, мал-жанын тастап, шетелге қашты. Мен оларды сатқын сықылды көрдім. Қашып бара жатқанда артынан қуып барып пулеметпен бала-шаға демей атқылап, қанға бөктіріп, өліктерін кез келген шұңқырға көміп тастай салатынбыз. Аштық кезінде ит-құсқа жем болған, әр-әр жерде қалған, өлген қазақтарда есеп жоқ еді. Дала өлік сасып жатты. Оны мына шыққыр көз көрді. Қалада да қолдарын жайып, бір түйір нан сұраған қайыршы қазақтар қаптап жүрді. Орыстар, тіптен басқа ұлт өкілдері олардан жиіркенетін. Өзім қазақ болсам да, соңымнан қалмаған қаңғыбас-босқындарға ашуланғаным соншама, шаужайыма жабысқан, көзі үңірейген аштарды қамшымен сабап, қылышымның дүмімен ұрып, қасыма жолатпаймын. Оларды атып, өлтіріп тастасаң да сұрауы жоқ еді. Ол кезде Темірбек Өзбекстанда жұмыс істеді. Ал қалғандары оларды көрмеді ме? Көрді. Бірақ ештеңе істемеді. Алашорда­ның қайраткерлері, «Мен» деген зиялы қауым өкілдері халқы аштан қырылып жатқанда неге бір әрекет жасамағанына мен осы күнге дейін таңғаламын…
***
Түйебай шал масаттанғандай кейіп танытты. Періште-жан бұл уәжіне не айтар екен дегендей үнсіз қалды. Ол да көп күттірмеді, нық-нық сөйлеп ақиқаттың шоғын үрледі.
– Мен оларды қорғаудан аулақпын. Алашорданың қайраткерлерінің көбісі қуғында, түрмеде, тергеуде жүрді. ­Сталинге хат жазып, Голощекиннің есігін тоздырып, бұл нәубетті тоқтатуға күш салған­дардың үндерін ешкім есті­меді. Темірбек Жүргенов өзбек еліне ауып келгендерді қамқорлығына алды, қолынан келгенше көмектесті. Ал сен болсаң тағы бір шындықты жасырып отырсың. Темірбек елге оралып, Нарком болып бүкіл қазақты біліммен сусындатып, өнер-мәдениетке бұрып, күні-түні жұмыс істеп жатқанда да одан кек алуға тырыстың. Басқа-басқа, оның сексендегі әкесі Қараны да сақалынан сүйреп, оған қара күйе жағып «халық жауы» деп, ақыры атып тындың…
Күні-түні төсекке шалқасынан таңыл­ған шал қарсы алдындағы қасқайып тұрған ақиқаттың құрығынан қанша бұлқынса да құтыла алмайтын еді. Өмір бақи өтірікпен тыныстап, көкірек сарайына талай қанды оқиғаларды, зұлым сырларды тығып, тұмшалап сақтап келген Түйебай оның барлығын арқалап, о дүниеге аттанып кете баратыны сөзсіз болатын. Анау үрейлі түс, отты көздер оның қат-қат жиналған сасық ой-қоймасын асты-үстіне шығарды. Тергеуші – Періште-жан, бұл – тұтқын. Оның қуаттылығы сол – Түйебайдың ішінде не жатқанын айнадан көргендей біліп отырады. Бұлтартпайды. Шал бұл жолы да ақиқатты айтуына тура келді.
– Қара мейірімді адам еді. Мойын­даймын, Қараның да, Темірбектің де жақсылығын көп көрдім. Бірақ ол кезде жақсылықты жақсылық деп біл­медім. Заманға сәйкес қатыгез, қатал болдым. Онсыз мен де базбіреулердің саусағының ұшында халық жауы болып кетер едім. Менің мына өмірден ұққаным, қазақ елінің ішінде мен сияқты сатқындар көп болды. Бір-бірімізді саттық. Голощекиннің басты жандайшаптары да сол қазақтар болды. Атақты адамдар, қайраткерлер, қаламгерлердің арасындағы сатқындарды мен жақсы білемін. Періште-жан, күні бүгінге дейін олар шалқып өмір сүрді. Өтірік күлді, өтірік бірін-бірі мақтады, бірін-бірі сатты. Сол жаман дәстүр әлі күнге дейін жалғасып келеді. Жағымпаздық, аярлық, намыссыздық, имансыздық, сатқындық қазақтың тамыр-тамырында жүр. Бұлар тұрғанда біздің ұлтымыз ешқашан өркен­демейді. Тіптен жойылып кетуі де мүмкін.
– Нағыз шындықты дәл айттың, Түйебай! – деп Періште-жан ризашылық­пен оның сөзін бөлді. – Сенің күнің таусылуға жақын ба деп ойлаймын. Оны бір Алла біледі. Сенің қылмыстарыңды тізбелесем оның шеті де, шегі де жоқ. Сенің және сендердің өкіметтеріңнің ең үлкен күнәларының бірін есіңе салайын. Сендер Құдайсыз мемлекет құрдыңдар. Есіңде ме, молда, имамдардың сақал­дарын жұлып, атып, асып, итжеккенге айдатқандарың. Есіңде ме, орыстың дінсіздерімен бірлесіп қасиетті мешіт­терді қиратқандарың, тіптен оларды шошқаханаға айналдырғандарың ешбір адамдыққа жатпайтын еді. Сонымен, Қараны аттың, ендігі кезек кімдерге келді?
Түйебай өткен күндерін, күнәларын, қылмыстарын еске алғандай ауыр күр­сінді. Кемсеңдеп жылап, өзін-өзі тоқтата алмай біраз жатты.
– Аллам, Аллам, кешір мені! Мен рас, өзімді ақтай алмаймын. Бәрі де есімде қазір. Менің жанымды жегідей жеп жатқан сол атың өшкір күнәларым ғой. Мен нағыз жендет болдым. Менен жұрт қорқатын. Менің қолдарым талай мәрте адамның қанына малынды. Маған сол үшін медаль, орден берді. Мақтау қағаздарым, әне, үйіліп жатыр. Соны малдандым, мақтандым, мәз болдым. Сөйтсем, бәрі пендешілік екен. Темірбектердің, талай атақты адамдардың түбіне жеткен – мен сияқты жендеттер. Мен Темірбекті соңғы рет тергеу камерасында көргенде қанша қатыгез болсам да іштей шошыдым. Баяғы сұлу, қайратты жанның жұрнағы да қалмаған. Тістері опырылған, бет-ауызында сау тамтық жоқ. Менің алдымда аруақ сияқты адам тұрды. Алғашқыда мен оны танымадым. Оның көздерінде ғана жылтылдаған әлсіз от қана қалыпты. Есі кіресілі-шығасылы ол да мені танымады. Бойымды тез жинап алдым. Лезде бойымнан аяушылық сезімі кетіп, қатыгездік, кекшілдік көкірегімде қайта орнады. Мен оны өз қолыммен аттым. Арманыма жеткендей болдым. Іле-шала оның әйелі Дәмешті соттатқызып, түрмеде азап шегуіне ықпал еттім. Туған-туыстарын, баласын да үнемі үрейде ұстадым. Бірақ, неге екені белгісіз, бұған да қанағаттанбадым. Солай, солай! Періште-жан, мені енді қинамашы! Мен тірі өлікпін! Енді менен не талап етесің? Менің бар шындығым осы, осы, осы!..
Басын барынша әрлі-берлі жастыққа соққылап, Түйебай шал тағы да қыстыға жылады. Жендеттің тас жүрегі жібіді ме, әлде өлім жақындағанда тәубеге келгендегісі ме, әйтеуір тағы да Алладан қайта-қайта кешірім сұрады. Осы сәт Періште-жан оның жанына тым жақын келгендей болды да, былай деді:
– Сау бол, Түйебай! Ендігі сенің тағдырың Алланың қолында. Қап-қара жамандыққа толы көкірек сарайыңды босатқаныңмен сен қара тастан да ауыр кінәларыңнан арыла алмайсың. Халықтың көз жасына қалғаныңнан болар, қураған ағаштай сені Алла Тағала жалғыз қалдырды. Адам өміріндегі ең жаман нәрсе – ұрпақсыз қалу. Енді сені болашақ ұрпақ жендет қалпыңда да есте қалдырмайды. Әй, Түйебай-ай, сені қара жер қабылдар ма екен?
Мына жан шошырлық сөздер оның жүрегін инемен шанышқылағандай қатты-қатты ауыртты. Ыңыранып қиналып, жанұшыра айқайлап жіберді.
– Не болды, байғұс-ау, соншама ай­ғайлап? – деп кемпірі жанында тұрды. Көкірегі көтеріліп-басылған шал қинала сөйледі.
– Ке-ке-кемпір! Ме-ме-менің сан­дық­тағы сө-сөмкімді ә-әкел! – Түйе­бай кекештеніп айтса да сөзі ап-анық, түсінікті еді. Кемпірі көп ұзамай былғары сөмкіні әкелді. Қолымен кемпіріне «Кет, кет!» дегендей есікті нұсқады. Содан соң асықпай сау қолымен сөмкісін ашып, түбінен ақ матаға оралған бір затты суырып алды. Оны бипаздай ашты. Ішінен қара қобдиша шықты. Қобдишаны кеудесіне қойып, ішін ашқанда кішкентай пистолет жатты. Оны көрпешесінің астына тықты да, қобдишаның жасырын қалтасынан қағазға оралған тағы бір түйіншекті тапты. Шешіп еді, қойдың құмалақтарындай оншақты патрон-оқ шықты. Айтпақшы, пистолеттің кабурындағы ойылып жазылған сөздерге қарап, оның Түйебайға сыйға тартылғаны байқалды.
Пистолетті тәжірибелі жендет тез оқтады. Міне, бәрі дайын. Түйебай төбеге қарап біраз ойланып жатты. Періште-жан тіл қата ма деп күтті. Қараңғы бөлмеде тырс еткен дыбыс жоқ. Шал күбір-күбір сөйлеп жатыр. «Темірбектің қарындастарынан барып кешірім сұрасам ба екен? Жо-жоқ, олар кешірмейді, білем. Оның үстіне мына түріммен…». Сөзін сәл үзді де қайта жалғады. «Кешіріңдер мені. Бәріңнен кешірім сұраймын. Темірбек, сен де кешір мені. Мен де сен жүрген қараңғылық әлеміне сапар шеккелі жатырмын. Кешір, Алла мені, кешірші!». Түйебай нық сенімге келгендей пистолетінің құлағын қайырды…
Тарс етіп шыққан дыбыстан Ажар кемпір селк ете шошып кетті. Жан-жағына қарап, тың-тыңдады. Дауыс шалы жақтағы бөлмеден шыққандай. Домалай жүгіріп жеткенде… Оның қарлығыңқы, шошынған дауысы бүкіл үйді сілкіндіріп жіберді де, гүрс етіп шалының төсегінің жанына құлады.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.