Бағалай білсең — асылың

Алматы облысында еліміздегі ұлтаралық достық пен татулықты сақтауға байланысты көптеген игі шаралар өткізіліп, жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргідей уақытта осынау құндылықтарға ерекше мән берудің қажеттілігі айтпаса да түсінікті. Өйткені әлемде небір қақтығыстар, әртүрлі саяси жағдайлар орын алып жатқан кезде бейбітшілігімізді көздің қарашығындай қастерлей білуіміз керек. Тыныштық болса, береке-бірлігіміз айрандай ұйып тұрса, Отанымыз гүлденіп, биік шыңдарға жете беретінімізге кәміл сенеміз.
Осы орайда, мемлекетіміздегі этно-мәдени бірлестіктер де бұл іске кеңінен атсалысып, үлес қосып келе жатқанын айта кетуіміз керек. Мәселен, Алматы облыстық татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігі «Қазақстан халқының рухани жаңғыруы» атты облыстық фестивальге ұйытқы болды. Шараға белгілі азаматтар қатысып, өз белсенділіктерін танытты. «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» директоры Тәңірберген Қасымберкебаев татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігінің атқарған жұмыстарын тілге тиек етіп, олардың қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін сыйлайтындығын ерекше атап өтті. Осындай достық рәуіштегі шаралардың маңызы зор. Бұл адамдар арасындағы ынтымақты нығайтып, сыйластыққа үндейді. Ал бұдан артық қандай құндылық керек? Алматы облыстық татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Гриф Хайруллин алғашқы сөзін қазақ еліне алғыс айтудан бастағаны да әсерлі шықты.

Еркенұр ЕРЗИЯ
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.