ІІ. ЖАЗУШЫЛАР ОРТАСЫНДА

Серік ҚИРАБАЕВ,
академик, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты

Менің 50-жылдардан бастап сыйласып, араласып кеткен бір ақыным Жұмағали Саин еді. Соғыста партизан отрядында болып, қатты жарақаттанып қайтқан Жұмағалидың сол кездегі даңқы едәуір биік болды. Партизандығын елдің бәрі құрмет тұтты. Ол жөнінде газет-журналдар көп жазды. 1954 жылы Украина Ресейге қосылуының 300 жылдық тойына оны арнайы шақырды. Қасым Қайсеновті украиндар ортасынан тауып алып келген де Жұмекең болатын. Өз қатарындағы ақындардың ішінде Жұмекең талантты жастарға жақын жүретін. Жас кезімізде біразымызды жинап, үйіне қонаққа шақырған алғашқы ақын да Жұмағали. Тахауи, Жұбан, Зейнолла, Айқын, тағы кімдер барын ұмытыппын, 5-6 жұп болып, Жұмекең мен Катя жеңгейге қонақ болғанбыз. Жұмекең ол кезде Жазушылар одағының партия ұйымында хатшы болды.

Ұлтшылдық науқандарының одақты көп айналдырған тұсында әуелі Ғабиден, содан кейін Жұмағалидың адамдығы мен бірбеткейлігінен жазушылар көп пайда көрді. Олар басшылықтың әпербақан саясатына бас ие берген жоқ. Жұмекең сонда партизандығын, Отан үшін қан төккендігін айтып, көнбей отырып алатын. Қажымның сотында «Мағжанның өлеңін оқыды» деген айыптауға куә болып барғанда, Жұмекең «оқыған жоқ, жала» деп жауап беріпті. Сот: «Өтірік куәлік берсеңіз, жазаға тартыласыз» деп ескерткенде, «Мен Отан үшін қан төккен адаммын, екі қабырғам жоқ, партизанмын» деп қатты жауап бергенін естігенбіз. Сол соттан шығып келіп Жұмекең елге ашық: «Ана кісіден аулақ жүріңдер, Қажымның мойнына кінә қоюға тырысып өзеуреген сол» деп біреуді көрсеткен. Сол бір ақын жайлы 1937-жылдар оқиғаларымен байланысты әңгімелер көп шығып жүрді. Кейін партияның ХХ съезінен соң жазықсыз сотталғандар ақталып келе бастаған кезде, ол қарасын батырып, Алматыдан еліне кетіп қалды. Сол жақта қайтыс болғанын кейін естідік. Бауыржан Момышұлы, ­Дихан Әбілев, Әлжаппар Әбішев, Сапарғали Бегалин, Сейітжан Омаров, Қалижан Бекхожин сияқты ағаларым да мені жақсы көріп, бауырына тартқан, дастарқанының шетінен орын берген қадірлі жандар еді. Баукеңмен демалыс үйінің саяжайында танысып, жақын араластық. Әлияның аспирантурада оқып, шет тілінен емтиханға дайындалып жүрген кезі. Бауыржанның жолдасы Жамал (Қалибек Қуанышбаевтың қызы) оған неміс тілін үйретеді. Сол сылтаумен Әлия Бәукеңнің үйіне жиі барады, Бәукең «келін» деп даусын көтере дабырлап алдынан шығып қарсы алады. Өзі тұрып шай қояды. Әлия да қарыз болып қалмай, о кісілерді шайға шақырады.
Дихан отбасымен бізді жақындас­тырған Мертай марқұм еді. Ол есейген кезінде Әлиямен қатар ҚазПИ-де оқыды. Кездесулердің бәрінде шұрқырасып қалатын. Оның үстіне Дихан менің жас кезімде біздің елге келген, ең бірінші көрген тірі жазушым. Алғашқы әсер қашанда ыстық болады. Диханмен мектебімізде болған кездесу, онда менің сөйлегенім, сол сапарда ақынның Жаңаарқа аудандық, Қарағанды облыстық газеттерінде бастырған шығармалары – бәрі де менің есімде. Кездескенде мен соны айтам. Ол туралы Дыхаң жөнінде жазған бір мақаламда, 80 жылдығында жасаған баяндамамда толық айтылған. Ағамыз Мертайдан ерте айырылып, жаңа шаңырақ құрды. Сонда да бізбен қатынасын үзген жоқ. Көп жасады және сыйластығымен өтті. Бұларға қарағанда, Әлжаппармен мен кештеу таныстым. Шығармашылығын білгенмен, өзімен араласа қоймағам. Жақын танысуыма себеп болған – баяғы карта. Әлжаппар Ғабит, Ғабиденмен көрші тұрады (Абай, қазіргі Желтоқсан көшелерінің қиылысында). Карта үстінде жиі кездеседі. Оларға мен де қосылам. Әлжекең картаны қызу ойнайды, қолы босай қалса, картаңа үңіліп, жұлып алып ойнап кетеді. Төрт адамның үшеуі ойнағанда, төртінші тиісті картаны үлестіріп, демалып отыратын этикасын ол сақтай білмейді. Сөйтіп, кейде тыныш, демалып отырып ойнайтын ойынның берекесін кетіреді. Оған кейде Ғабит пен Ғабиден ренжиді. Бірақ үйренген Әлжекең олардың ескертпелеріне мән бермейді. Шығармашылық өресі онша биік болмағанмен, Әлжекең аға жазушылардың бәрімен де (Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден) сыйлас, аралас болды. Олардың ішкі отбасылық шараларына да кірісіп кетеді. Кейде одақ басшылығының жұмыстарына килігеді. 70-80-жылдары Жазушылар одағының жанынан ақсақалдар алқасы құрылған кезде де төрағаның (төраға Ғабит) орынбасары болып, билікке араласатын. Сонысымен сырын білмейтін жастар ортасынан біраз бедел жинады.
Мен көрген кездегі қазақ жазушыла­рының ең жасы үлкені – ағалық ілти­патын бұзбайтын әдептілігімен, сыпайы­лығымен, қазақы жөн-жобаны жақсы біліп, сақтай білуімен елдің бәріне аға болған адам – Сапарғали Бегалин еді. Алғашқы өлеңі «Айқапта» басылған Сапекең 30-жылдары халық поэзиясы көтерілген тұста біраз өлең жазып, кейін балаларға арналған әңгіме, повестерімен танылды. Өмірде де қытықсыз адам еді. Заманды, заман адамының сырын, мінезін жақсы білді. Ешкімге міндет артпайтын, ешкімнен ешнәрсе сұрамайтын, өз әлінше еңбек етіп, соған сүйенген қадірлі қарттығын сақтады. Сол үшін де басы Мұхтар, Сәбит болып, Сапекеңді сыйлады. Жүріс-тұрысы, дені-басы таза адам тіршілігін де таза өткізді. 88 жыл ­жасады. Одан да көп жасайтын реті бар еді. Әуелі бәйбішесі, артынан Мәжит ­деген атақты кинорежиссер баласы қайтыс ­болып, ұлғайған кезде солардың қайғысын арқалады. Шыдамды-ақ адам еді, қайғы жеңіп кетті.
Сондай сыпайы, ақырын жүріп, анық басқан адамның бірі – Сейтжан Омаров еді. 30-жылдары әдебиетке өлеңмен келген Сейтжан соғыстан соң проза жазуға көшті. Ара-тұра өлең, поэмалар да жазып қойды. Жазушылар ортасында кеңсе жұмысын шебер және тыңғылықты атқаратын ­Сейтжанды одақ басшылығы жиі пайдаланды. Ол «Әдебиет және искусство» журналында, Жазушылар одағында жауапты хатшы қызметтерін көп атқарды. Кейде бастықтар мұндай қызметке біреулерді таңдағанмен, кеңседегі ісбастылықты көтере алмай ол кетіп қалатын да, іс басында ылғи да Сейтжан отыратын. Сонысымен ол абыройлы болды, елгезек адам жастарға да қол ұшын көп берді. Қайнекей журналға редактор болған кезде сол редакцияға жауапты хатшы болған Сейтжан менің алғашқы мақалаларымды басқан, өзімнің журналға ауысуыма тілектес болған адам еді. Сыйласып өттік, алдына шығып көргем жоқ, дәмдес болдық. Сейтжан кезіндегі сыйластығымызды сақтап, Сәния жеңгейдің арагідік шақырып, шай беріп қоятыны бар. Балалары да жақсы болып өсті.
Мінезі қиын, бірде олай, бірде бұлай боп, түзу жүріп, оп-оңай бұзыла салатын Қалижан ағам да, түптеп келгенде, маған деген көзқарасы түзу ақын еді. Ол менің әдебиет тарихын, ақындардың шығармаларын жақсы білетінімді сыйлайтын. Әңгімелесе кетсек, сөзді өткен әдебиет жолы, адамдары, олардың еңбектері жөніне бұратын. «Ғалым келінім» деп Әлияны да жақсы көретін. Солай деп талай кітабына жазып бергені де бар. Осы ағаларымды паналап, ­солармен сыйласа жүріп, мен әдебиетке кірдім. Соғыстан оралған Сырбай, Жұбан, Тахауи, Әбдіжәміл, Мұзафар, Сағынғали сияқты ағаларға жоғарғы мектептен жүйелі білім алып, біз келіп қосылдық. Біздің де Зейнолла, Сафуан, Қуандық, Аманжол, Ғафу тәрізді өз құрбыларымыз болды. Әскерге бармай, тылда еңбек еткен Тәкен, Садықбектер де біздің қатарымызды толтырды. Осы топтың бәрімен де араласып-құраласып өстік. Олардың көбін алғаш 1947 жылы өткен жас жазушылардың кеңесінде көрген едім. Аманжол, Зейнолла,­ Тахауи – үшеуі, жинақтары шығып үлгермеген, бірақ газет-журналдың беттерінде өлеңдері жиі басылып жүрген ақындар болатын. Алғашқы екеуі студент те, Тахауи әскерден келген. Осы үшеуін жастарға көрсетілген қамқорлықтың белгісі болсын деді ме, қайдам, кеңестің ұйғаруымен Жазушылар одағының президиумы одаққа мүшелікке қабылдағанына куә болғам.
Аманжолмен «Әдебиет және искусство»­ журналына келген кезде (1952) жақын таныстым. Университет бітіргеннен соң осы журналға келіпті. Айқын марқұм да осында орналасқан. Оларға баспадан ауысып, мен келіп қосылдым. Айқын марқұм бірге оқыған ескі дос еді, 1965 жылы машина қағып, қайтыс болып кетті. Ал Аманжолмен сол жылдардан басталған достығымыз ол ­Алматыдан Павлодарға қоныс аударғанша (2002) үзілген жоқ. Көшкеннен кейін де хабарласып тұрдық. 2004 жылы қайтыс болғанда, барып топырақ салып қайттым. Жақсы ақын, жақсы азамат еді. Сырт көзге тұйық, досқа адал жігіт болатын. «Сен осы ақынға ұқсамайсың. Ақындық мінезің жоқ, саған өлеңді Раиса жазып бере ме?» деп қалжыңдаушы ем. Жауап та бермей, жымиып қана, мұрнын шұқып отыра беретін. Адам ұлғайғанда елін, жерін сағынатын бір сезімдер болады, ондайда «өлсем, елге апарып қойыңдар» деп өсиет қылатындар да көп. Кейінгі жылдары нарықтың қысымына шыдамаған адамдардың тірі кезінде-ақ еліне көше бастағандары көбейді. Атыраудың бір топ жігіттерін – өнер мен әдебиет қайраткерлерін И.Тасмағамбетов көшіріп алып кетті. Р.Бердібаев бастаған бір топ Түркістанға қоныс аударды. Ғ.Жақиянов әкім болып тұрғанда Павлодардың бір топ жігіттеріне (ішінде Аманжол мен Рамазан­ Тоқтаров бар) үй берді. Аманжол да осы науқанға бой ұрып көшіп кетті. Күні кеше дүрілдеп жататын одақтың жүдеу тартып, жазушыларға қамқор бола алмай қалғанын көтере алмады. Ақыры топырақ елінен бұйырды. Алла иман берсін. Бүгін мен солармен әзіл-қалжыңымыз жарасып бірге өткен жастығымды еске алам. Аманжолға да, оның әйелі Раисаға да қатты қалжыңдаушы едім. Аманжол үндемейтін, Раиса күлкіге салып, шымшып қалатын. Бір күні Раиса телефон соқты. – Аманжол Мәскеуге кетіп еді. Ертең таңертең келеді. Мен ауырыңқырап тұрмын. Ылғи өзім күтіп алушы едім. Іздейді ғой. Сен барып күтіп алсаң, қайтеді? – Жарайды. – Әлияға ескертіп кет, кешке бізге келерсіңдер. – Құп. Мен барып, таңғы самолеттен Аманжолды күтіп алдым. Ол мені көзіне ілмей, әйелін іздеген сияқты, жан-жағына қарайды. – Раиса қайда? – Аздап науқастанып қалыпты. Мені жіберді. Аманжолда үн жоқ. Ақырын келіп, машинаға отырды. Ол кезде машинаны өзім жүргізем. Екеуден екеуміз. Аманжол үндемейді, мен де оны мазалағам жоқ. Қалаға кіріп, әуелі жол үстіндегі біздің үйге соқтық. Мен өзім кіріп шықтым. Аманжол машинада қалды. Ойыма бір қулық түсті. «Қатынжанды неме, сол күтпеді деп қабағын ашпай келеді, қатырайын» деп ойладым. Енді Аманжолдың үйіне қарай бет алдық. Ол Масанчи және Жамбыл көшелерінің қиылысында тұратын. – Аманжол, сен ер жігітсің ғой. Бірдеңе естіп пе ең? Қиналып келесің ғой. Шыда! Раиса қайтыс болды, кеше жерледік, – дедім. Ол үндемеген қалпында мелшиді де қалды. Машина келіп тоқтады. Екі чемоданы бар екен, екеуін де мен көтердім (қайғылы адамға чемодан көтертуге болмайды ғой). Үйге кіріп, пәтердің есігін қақтық. Есікті Раиса ашты. Менің әңгімеме иланып келе жатқан Аманжол әйелі алдынан шыққанда көзі жасаурап, буыны босап, Раисаға қарай қисая берді. Ұстап қалдық. Кейін Раиса, шынында да, қатты ауырып, өлім аузынан қалды. Сонда «Жаман ырым бастап едің» деп бәрі маған жабылған. Осындай қалжыңмен өткізген қызықты жас күндеріміз тез өтті де кетті.
Мен өз қатарларымның ішінде алғаш­қылардың бірі болып қазынаның тәуір үйін алдым. Араласып жүрген ағайын­дарым да, жолдастарым да қуанысты. Ол кезде қалада монша жетіспейді, ­Октябрьская (қазіргі Әйтеке би) көшесіндегі жалғыз моншаға кіру мүмкін емес. Ел таңнан ­барып кезекке тұрады. Менің маңайымдағы жігіттер біздің үйге ваннаға түсуге келеді. Бәріне де шай, ас-су, арақ-шарап қою керек. Әлия ондайды қалт жібермейді, дайындап отырады. Бір рет келді де, Әбен Сатыбалдиев­ (Гүлнар екеуі): «Қой, бұл болмайды екен. Әлияға обал ғой» деп келмей кетті. Іслам ағам иісалмас, жетісіне бір кеп, әйелімен екеуі дабырлап сөйлеп, моншада 2-3 сағат жуынады. Жиі келетіндердің ішінде Сафуан да бар. Бір күні кешкі сағат 5-тің кезінде ауруханада жатқан бір адамға кіріп шығайық деп, киініп жатыр едік, Сафуан кіріп келді, қолында сакваяжы бар, моншаға келгені белгілі. – Біз бір ауруханаға кіріп шығайық деп жатыр едік. – Бара беріңдер, үйде кісі болса, болғаны. – Бар, Мереке (менің студент інім) бар. – Онда кете беріңдер. Тек моншадан шыққанда буымды басатын бір шөлмек коньяк тастап кетіңдер. Әлия бір шөлмек КВВК деген коньяк ұстатып кетті. Қайтып келсек, Сафуан кетіп қалыпты. Коньяктің шөлмегі бос жатыр. «Сафуан ондай ішкіш емес еді, көп болса, бірер рюмка ғана ішуші еді» деп, о жер, бұ жерді қарасам, көрінбеді. Асүйде бір арақтың бос шынысы жатыр еді, сол жоқ. «Құйып алып кеткен ғой» дедім де қойдым. Асүйде апамның үлкен сандығы тұратын. Әділ деген балам ойнап жүріп, теннистің добын сол сандықтың артына түсіріп алыпты. Соны алып берейін деп сандықтың артына үңілсем, манағы коньяк құйған арақтың шынысы соның артында жатыр. Алдым. Сосын басқа шыныға құйып алдым да, суыған шайды алып, қоюлығын, көлемін дәлдеп құйып, орнына қойдым. «Бәлем, бір іздеп келерсің» деп. Бір күні түскі астың кезінде бір жолдасым (Әмеди Хасенов) келіп, екеуміз шай ішіп, аздап арақ ішіп отыр едік. Сафуан жетіп келді. – Жоғары шық, шайға кел. Арақ ішесің бе? Ол жауап бермес бұрын сандықтың артына көз тастады. – Жоқ, біз арақ ішпейміз. – Енді не ішесің? – Біздің коньягіміз бар. – Ол коньякты суырып алды. – Ой, мен сені алып кеткен, не ішіп кеткен екен десем, тығып кетіп пе едің, – деп жатырмын мен де білмеген болып. Ол коньякті өзі құйып алды да, бізге қарап: – Қайсыңа құяйын, – деді. – Жоқ, мен арақ ішіп қойдым, араластырмаймын, – дедім мен. Әмеди де осыны айтты. – Ал, ендеше келіңдер, – деп Сафуан бізбен қағыстырды да, тартып салды. Шалқасынан түсті. Көп уақыт осыны күліп айтып жүрдік. Сол бір жылдары мойыны ұзын шөлмекті болгардың шарабы кең тарады. Мойнына үлкен әріппен «С» деп жазып қойыпты. Бір жолы Сафуанның үйінде көріп: – Мына мойны Сафуанның мойнына ұқсайтын шарапты қайдан алдыңдар. Өзінің сыртына «С» – Сафуан деп жазып қойыпты, – дедім. – Содан сол шарап Сафуан аталып кетті: өзі дәмді, ішуге жеңіл, сусын қандырарлық осы шарапқа қызығып ішіп жүрдік. Бір күні Сафуан қонаққа шақырып, сол шараптың екі-үш шынысын үстелге қойыпты. Кешігіп, шөлдеп келіп ем, екі рет тартып жібердім де, елді соны ішуге үгіттей бастадым. Мақсатым – үстелінің үстіндегі шарапты түгел ішіп, үй иесін жерге қаратып кету. Өзім де ішіп отырмын. Үстел үстіндегі шарап таусылған кезде, Сафуан «тағы біреуі қалып еді» деп алып шығады. Сөйтіп, біртіндеп шығарып, соқты. Сонсоң ­шкафына қарасам, толтырып қойыпты. Содан кейін ішуді тоқтаттым. Сол Сафуан да орнынан тұра алмай қалды.
Маған аға саналатын ақындардан Жұбан мен Сырбайды ерекше құрмет тұттым. Екеуімен де араластық. Саяжайымыз да көрші болды. Маған жер екі ақынның ортасынан тиіп еді. Жұбан көп жыл одақтың басшылық қызметінде болған, азаматтығы да мол, ер көңілді жігіт болатын. Жетім өскен, сүйеніші жоқ ол өз еңбегімен жетілді. Мейлінше адал, жершілдік, рушылдық аурудан аман болды. Екеуіміз қосылып, үлкен ағаларымызбен картаны көп ойнадық. Сырбай – соғыстан келген ұрпақтың басы тәрізді, үлкен талант иесі болды. Оның маңындағылардың бәрі Сырбайдың ­аузына қарайтын. Ол бастап тамаққа, көк базарға, кейін «Сырбай-лапша» аталып кеткен дұнған лапшасын дайындайтын будкаға баратын. Будка иесі Сырбайды жақсы танып алған, ақшасы болмай қалса, қарызға да бере беретін. Гонорар алғанда Сырбай оның қолына будыратып ұстата салатын. Тек құрбылары ғана емес, ақындық жолды таңдаған жастардың көбі-ақ Сырбайдың маңынан табылатын. Үлкен ақындардың осы «еркеліктері» тегін кеткен жоқ. Сырбай да, Тахауи да, Садықбек те, Ғафу да мезгілінен бұрын кетті. Осы ұрпақтың кішіпейіл, бауырмал, жаны таза азаматының бірі – Садықбек Адамбеков еді. Әуелде ақын боп өлеңдер жинағын шығарған Садықбек кешікпей өзінің шын жолын тауып, сатираға ауысты. Тілі удай, айтқанын кесіп түсетін, әзіл-қалжыңға шебер талант еді. Одақ маңында «Садықбек айтты» дейтін өлеңдер де көп болатын. Олардың көбі қазір ауызша тарап, әртүрлі нұсқада айтылып жүр. Мен кезінде Садықбектің өз аузынан естіп, жазып алып едім. Онымен көрші тұрдық, кездесіп әңгімелесіп, күлісіп жүретін кездеріміз аз болмайтын. Сондай өлеңдердің бір-екеуін келтірейін.
«Қазақ әдебиеті» дейтін газет бізде алғашқы Жазушылар съезінің (1934) қарсаңында шықты да, соғыс кезінде жабылып қалып, 1955 жылдың басында қайта ашылды. Алғашқы редакторы ­Сырбай Мәуленов болды. Оның коммунистік цензураның талаптарын дұрыс атқармай, түсіп қалғаны көпке белгілі. ­Содан кейін газетке редактор құтаймады. Іслам Жарылғапов, Әбен ­Сатыбалдиев, ­Зейнолла Қабдолов, Жұмағали Саин, Әбділда Тәжібаев, Жұмағали Ысмағұлов, Әзілхан Нұршайықов, Қапан Сатыбалдин, тағы басқалар редактор болды. Бәрі де ұзақ істей алмай кетіп жатты. Сол жағдайды есіне ұстап жүретін Садықбек Қапан орнынан түскен күні келіп, өлеңмен көңіл айтыпты:«Мұнар да мұнар, мұнар күн, ­Союздан шыққан шұбар күн. Шұнаңдап барып батқан күн. Қапанды тәңірім шатқан күн. Сыртта боз машина боздаған, Іште достары қолын созбаған. О сұмдық-ай, неткен күн! Қапаннан абырой кеткен күн. Жылама, Қапан, жылама, Көзіңнің жасын бұлама. Мына опасыз кабинет Талайдың басын жалмаған. Мауыты жамылған мына үстел Кімдерден кейін қалмаған. Сау күнінде қызметкеріне ақырып, Мас күнінде ақ арақты Сырлы ожаумен сапырып. Дүрілдеп Сырбай өткен жер. Күндіз-түні ойланып, Көзілдірігінің ұшын соратын. Келген-кеткен кісінің, Ісін аңдып тұратын, Іслам көкем кеткен жер. Үлкендердің бал бармағын жалаған. Кішілерге кіндігінен төмен қарай қараған. Әбен тәтем өткен жер. Үлкендерге иіліп, Кішілерге түйіліп, Оң жағына жымиып, Сол жағына қылмиып, Зейнолла ­досым өткен жер. Еш пендені кешпестен, Тақиясын шешпестен Жұмекем марқұм кеткен жер. Төбеге шаншып таяғын, Сылти басып аяғын, Арыстандай ақырып, Аруағын шақырып, Әбекем өзі өткен жер. Үлкендерге жағынып, Қаясынан қағынып, Кіші Жұмаш кеткен жер. ­Газет пен журнал арасы, Айқасқанда шаң болған. Шодырайып шекесі, Омырауы қан болған. Арманына жете алмай, Жайықтан әрі өте алмай, Нұршайықов өткен жер. Қамықпа, Қапан, қамықпа! Бір жақының үлкейсе, Шығарсың әлі-ақ жарыққа».
Қапан марқұм әзілді түсінбей, «Мені мазақ қылды, сотқа берем Садықбекті» деп біраз тулап барып басылғанын естідік. Өлең бәрібір елге тарап кетті. Садықбекте мұндай өлеңдер көп болатын.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.