ДӘСТҮР МЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ

Бақыткамал Қанарбаева,
филология ғылымының кандидаты, профессор

Қазіргі сыншылардың қаламынан түспей сөз болып келе жатқан әдеби стильдердің бірі – постмодернизм. Бұл термин алғаш рет 50-жылдың ортасында АҚШ-та қолданысқа кіріп, одан кейін әлем сыншыларының назарына ілінді. Батыс Еуропа мен Шығыс ақын-жазушыларының шығармалары да постмодернистік стильде зерттеле бастады. Бұл термин қазақ әдебиетінің зерттеушілеріне аса таныс емес. Оның себебі – 1991 жылы Кеңес үкіметі ыдырағанға дейінгі аралықта, қазақ әдебиетіне социалистік реализм дәстүрі үстемдік етіп келгендіктен, қазақ әдебиетінде постмодернистік стильді шығармалар жоқ деген­ түсінік болды. Одан кейінгі кезеңдегі әдеби сынға берілген еркіндік, қазақ ақын-жазушылары да бұл әдісті айналып өтпегендігін дәлелдеуде. 1925 жылы Горький мен Сталин қол қойып енгізген социалистік ­реализм дәстүрі, 1960 жылға дейін зор екпінмен келіп, одан кейінгі аралықта әлсірей бастағаны постмодернистік шығармалардың бас көтеруіне ықпал етті. Оның басты себебі – 1937-38-жылдары аралығында жазықсыз жаламен атылған ақын-жазушылар мен сыншылар ақтала бастады. Бұл коммунистік билікке деген сенімге кірбің түсіріп, оның өміршеңдігіне күдік келтірді. Біртіндеп билік күшін жоғалта бастады. Осы кезде өздерін толғандырып, бірақ ашық айта алмай келген кемшіліктерді астарлай жеткізетін жаңа тәсілдер ізделе бастады.­ Қазақ әдебиетіндегі постмодернизмнің алғашқы белгілері осы кезеңде бой көрсетті. 

Дәлірек айтқанда, саяси қуғынның азабы­ мен тозағын басынан өткізіп келген Зейін Шашкиннің шығармалары соның төрінен көрінді. Ұзақ жылғы үзілістен кейін әдебиетке қайта араласқан жазушы, коммунистік билік пен заман шындығын еш қоспасыз қаз-қалпында жазып беруге кірісті. Бірақ ұзақ жылдар бойы бөтен тілде сөйлеп, әдеби шығармаларды оқудан қол үзіп қалғандықтан, ойын көркемдеп жеткізуде әлсіздік танытты. Іштей буырқанған сезімін әдемілеп жазуға тіл байлығы жетпеді. Соған қарамастан, ойға түйгенін кейіпкерлерінің монологтары мен диалогтары, психологиялық шегіністері арқылы баяндап, ХХ ғасырдың басында көрініп, одан кейін ығыстырылып қалған жанрларды жандандырды. Өткенді еске алу кезіндегі кейіпкердің күйзелістері мен күйінішін, сөз саптауын қимыл-әрекеттері арқылы да бейнелей жазды. Оның екінші бір астарында, түрмеден ауыр науқаспен оралғандықтан, санаулы күндерінің қалғанын сезінуден туындаған асығыстық та болды. Сол жанталастың нәтижесі социалистік реализм дәстүрінен бөлініп шыққан, жаңа үлгідегі туындының пайда болуына ықпал етті.
Шашкиннің тіл қолданысындағы жұтаңдық сол кезеңдегі сыншылардың наразылығын оятқанымен, тақырып таңдауы, онда сөз болып отырған проблемалар қиялдан тумаған нақтылығымен сендірді. Кейіпкерлері күнде араларында кездесетін шыншылдығымен дараланды. Соның нәтижесінде, осыған дейінгі көркем туындыларда басынан аяғына дейін мінсіз болып келген абстрактылы образдардың өмірден алшақтығы оқырманды ойландыра бастады. Ондай туындыларда шындықтан гөрі жасандылық мол екендігі сезілді. Содан болар, бойында жақсы да, жағымсыз да қасиеттері бар доктор Дархановтың образы оқырманын сендірді. Ендігі жерде өмірмен тығыз байланысы бар жаңа типті кейіпкерлердің керегін уақыт талап етті. Бұл жазушылардың социалистік реализм қыспағынан сытылып шығып, жаңа ізденістер жасауына жол ашты. Екіншіден, Сталиннен кейін коммунистік партияға басшылық еткен Н.Хрущевтің – Бүкілодақтық жазушылар съезінде сөйлеген сөзінде, әдебиетте «тартыссыздық» жоғын сынға алуы да соцреализмге соққы берді. Нәтижесінде, постмодернистік үлгідегі жаңа туындылардың жандануына жол ашты. Зейін Шашкиннің әдеби тәсіліне қолдау болды. Шығармаларында диалог пен монолог, психологизмнің қолданысқа кіруі, ХХ ғасырдың басында жойылып кеткен модернизмнің постмодернизм болып жаңаша түрленіп оралуына ықпал етті. Постмодернизм деген терминнің өзі сол өзгерістің нәтижесі еді.
«Постмодернизм» «после», яғни өзіне дейінгі әдебиет үлгілерінің өзгеріп, толыға жаңарған жаңа үлгісі деген ұғымды береді. Бірақ оның толыққанды қандай үлгі екендігі жайлы ортақ түсінік бір арнаға тоғысқан жоқ. Сондықтан бұл термин күні бүгінге дейін әлем сыншылары арасында толық шешімін таппай түрлі таластар тудырып келеді.
Модернизмнің ұзақ жылғы үзілістен кейінгі жаңарып оралуынан хабарсыздар үшін постмодернизм қазақ әдебиетіне тұтқиылдан келгендей әсер тастады. Оны кейбір сыншыларымыздың «пастмодернизм» деп бұрмалай айтып жүргендіктерінің өзі оның шығу тегімен таныс еместігін байқатады.
Дей тұрғанмен, Шашкиннен кейін өмір шындығынан алынып жазылған көркем туындылар қатары біртіндеп өсіп, қоғамда проблема тудырып отырған мәселелер сөз бола бастады. Жайшылықта мақала етіп жазуға жасқанатын тақырыптарды ендігі жерде әңгіме өзегіне айналдыра отырып, онда айтылар мәселелерді кейіпкерлердің монологтары мен диалогтары арқылы жеткізіп, тартысқа құрды. Сөйтіп, коммунистік биліктің төңірегіндегі олқылықтар ашыла бастады. Неден бас тартып, нені жөндеу керегін ойға салды. Т.Әлімқұлов, О.Бөкей, Р.Тоқтаров, С.Шаймерденов, М.Қабанбаев, т.б. жазушылардың шығармалары соған дәлел.
Бірақ солардың бәрі бірден соцреализмнен бұлқынып шығып кете алмады. Кейіпкердің ішкі психологиялық дағдарысы терең тебіреніспен берілмей, еске түсіру арқылы ғана баяндалды. Оған Оралхан Бөкейдің «Бура» әңгімесі мен Зейін Шашкиннің «Ақтұяқ» әңгімесі дәлел. Бүркітші болғысы келген Дәулеттің арманы трагедиямен аяқталады. Шала-жансар өлім алдында жатқандағы ішкі ойлары өткенді еске түсіру арқылы баяндалады. Десек те, Шашкин әңгімелерінің ­басты құндылығы – тоқырауға ұшырай бастаған социалистік реализмнен бөлініп, оқырманын ойландырған өзектілігінде еді. Сол арқылы қоғамда қозғалыс тудырды. Жоғалып бара жатқан ұлттық құндылықтарды іздеуге бастама көтерді. Батыс Еуропа әдебиетіндегі постмодернизмнен қазақ әдебиетіндегі постмодернизмнің басты айырмашылығы осында. Мазмұны мен тақырыбы, жазылу тәсілі жағынан олардан өзгеше болып келеді.
1960 жылы Илья Эренбургтың «Жылымық» повесінің жазылуы, әдебиетке жаңа леп келе жатқандығын білдірді. Ендігі жерде көркем әдебиетке партиялық басшылық бұрынғыдай өктемдік жасай алмайтыны белгілі болды. Оны дер кезінде байқаған Бердібек Соқпақбаев, «Бір дөй қызметкердің Қазақстан Жазушылар одағының болмаған пленумында сөйлеген сөзі» деген тақырыппен фельетон жазады («Қазақ әдебиеті», 1960, 4.03). Бұл Жазушылар одағына ашық күні найзағай ойнағанмен бірдей әсер қалдырды. Осы мақаласы арқылы, соцреализм тұсындағы көркем әдебиетке партиялық басшылық жасаудың әкімшілік тәсілдерін барынша сынға алды. Стильдік ерекшеліктері өзгеше Соқпақбаев пен Шашкин туындыларының өмірге келуінің бір себепкері осы десек, өзгелердің жаңа тәсіл іздестіріп, ой еркіндігіне ұмтылуына да бастама болды.
Бұдан шығатын түйін – қазақ әдебиетіндегі постмодернизмнің белгі беруі, соцреализмнің дағдарысынан басталғаны. Бұл ойлау прогресінің дағдарысқа ұшырап, құлдырай бастауынан, өтірік пен шындықтың аражігін ажыратуға жасалған ұмтылыс еді. Нәтижесінде, 1965-1980-жылдар аралығында социализм дәстүріне тән жағымды-жағымсыз кейіпкерлермен қатар, біржақты баян­даулар бірте-бірте ығысып, оның орнын сол талап­тарды ығыстыра бастаған «оғаш» мінезді жаңа типтегі, қалыпты талаптан өзгеше кейіпкерлер ­басты. Ол кейіпкерлердің өз ортасын жатсынып, оған сын көзімен қарай бастауы, келе жатқан қоғамдық қопарылыстың сыңайын сездіргендей еді. Бұл социалистік реализмді ақырындап ығыстыруға бет бұрған постмодернизмнің алғашқы белгілері болатын.
Қазақ әдебиеті, осылайша социалистік реализм дәстүрінен бас тарта отырып, жаңаша ойлауға бет бұрды. Автор оқырманын классикалық үлгідегі шығармалардағыдай ұзақ баяндаулармен мезі ­етпей, шапшаң оқып, тез мағлұмат алуға бейімдей бастады. Шығармада сөз болып отырған жайды егжей-тегжейлі баяндап беруден бой тартып, болған оқиғадан қандай шешім шығару керектігін оқыр­манның өзіне қалдырып, еркін ойлауға жол ашты.
Дегенмен, қазақ әдебиетінен көріне бастаған постмодернистік үлгілердің бәрі дерлік сол талаптан шыға алмады. Кейіпкерлердің ішкі психологиясын ашып көрсету мен күрескерлік қуатын ашу солғын болды. Көркем туындылардың еске түсіру негізінде баяндалуы содан. Джойстың детальдары (ой тасқыны) аз көрініп, құрғақ баяндаулардан қол үзіп кете алмады. Оған Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романын мысал етуге болады. Еркіннің басынан өткен барлық жағдай, оқырманды терең толғандырудан гөрі саяхатшының басынан өткен оқиғасына көбірек ұқсайды. Олай болса, қазақ әдебиетіндегі постмодернизм, батысеуропалық үлгіге қарама-қайшы. Керісінше, соцреализмнің астарында қалып бара жатқан ұлттық меннің рухын оятып, санадан сырғып, ұмытылып бара жатқан ұлт құндылықтары мен ата дәстүрін қалпына келтіргісі келген сұраныс, сентименталистік сарынмен жазылды.
Қазіргі кезде елімізге әлемнің түкпір-түкпірінен тақырыбы мен мазмұны әртүрлі, стилі мен тәрбиелік сипаты өзгеше туындылар толассыз ағылуда. Оның ішінде Американың ықпалы айрықша. Олардың драмалық көркем туындылары мен киноларындағы кейіпкерлердің танысқан сәтте үйленіп, келісе алмаса оңай ажырасатын әдеттері жастарға өнеге болып барады. Сондықтан үйленбей жатып ажырасушылардың қатары күрт артуда. Әке тәрбиесін көрмей өсіп келе жатқан балалар саны мол. Балалық шағында жылылық сезінбей өскен жетімдерден жақсылық күту қиын. Бұл адами құндылықтардың құлдырауына апаратыны ақиқат. Ата-анасын қарттар үйіне өткізіп жатқандары да содан.
Америка әдебиеті мен өнерінде, кейіпкерлердің ішкі сезімін, қуанышы мен қайғысын терең тебіреніспен жеткізіп бере алмаудан қатыгездік белең алған. Ұлттық құндылықтарынан айрылып, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптардың әртектілігі ортақ тәрбиеге қарама-қайшы сипат берген. Сондықтан оларда ұлттық идеология жоқ. Керісінше, күш жағынан басымдылық арқылы билеу алдыңғы орынға шыққан. Сондықтан шығарма кейіпкерлері қарсыласын аяусыз талқандап, жолына тұрғандардың бәрін қырып-жоятындығымен үлгілі. Постмодернистік киноларда не іздеп жүргенін өздері де сезіне алмайтындықтан, мистика басымдық алған. Ерлік жасамай жатып медаль алатындары, толғатып қиналмай өмірге бала әкелетіндері – ұрпақтар арасындағы байланыстың үзілгендігіне дәлел. Осының бәрі шығарма кейіпкерлерінің ішкі сезімі терең толғанып жазылмаудан. Оқырманға берер тәрбиелік ықпалының аздығы.
Қазақ әдебиетіне Зейін Шашкин негізін салған постмодернизмнің ерекшелігі осы тұста айқындалады. Батыс Еуропа әдебиетіндегі постмодернизмді зерттеушілер: «Кейіпкерлердің ішкі жан дүниесіндегі қуаныш пен қайғыны әдебиет толық баяндап беруге тиіс емес» дейді. Ол пікірмен келісер болсақ, адам роботқа айналары анық. Жазушы тек оқиға мен фактыны ғана негізге ала отырып жазар болса, оқырманын сезімсіздікке, бірін-бірі аямайтын айуандыққа, қатыгездікке тәрбиелейтіні ақиқат. Бұл біздің ұлттық болмысымызбен мүлде қабыспайтын жат құбылыс. Осыдан келіп, ендігі жерде бізге қай үлгідегі шығармалар жазу керек деген ой келеді.
Күнкөріс пен баю үшін жанталасқандарға классикалық үлгі ауыр. Авторлық баяндауға сүйеніп, шұбалаңқы, терең толғаныспен жазылатын шығармаларды оқуға құлықсыз. Сондықтан зеріккенде жеңіл оқылып, көңілге мәнсіз күлкі үйіретін шығармаларға деген сұраныс артып тұр. Ендеше, ұлттық болмысымызға тән әлемдік пост­модернизмнің жаңа үлгілерін жасауға тура келеді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.