ЕЛІМ ДЕГЕННІҢ ЕҢСЕСІ БИІК

Алакөл ауданында этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделін, елімізде тұратын түрлі этностардың әдет-ғұрыптарын және мәдени құндылықтарын насихаттау мақсатындағы басқосу өтті. Оған ауыл тұрғындары, өзге ұлт өкілдері, славян этно-мәдени орталықтың өкілдері мен мектеп ұстаздары, үкіметтік емес ұйымдар қатысты.

Достықты ту еткен аудандық этнос өкілдерінің бүгінгі келбеті мен келісі бәріміздің көңілімізге қуаныш ұялатады. Өз елінің салты мен дәстүрін барынша сыйлап, құрметтейтін әр азамат ұлттық киімдерін киіп, достық туын арқалап, кең көлемде өткен жиында бас қосты. Айтулы жиынды ашып, жүргізген Теректі ауылдық округінің әкімі Е.Биекбаев барша жиналғандарға ұлтаралық достықтың маңызы мен мақсатын кеңінен түсіндірді.
– Ауданымызда 16 ұлт пен 3 конфессия өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп, болашаққа сенімді қадам басып келеді. 24 округтің 56 елді мекенінде 70 мыңнан астам халық тұрады. Олардың 84 пайызы, яғни 60 мыңға жуығы қазақтар, 16 пайызы өзге ұлт өкілдері. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасын жүзеге асыру бағытында өңірімізде қазақ, орыс, ­шешен, татар, ұйғыр, украин және басқа ұлт өкілдері бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тірлік кешіп, елдің сәулетті болашағы үшін атсалысып, бірлік пен ынтымақтың ұйытқысына айналды. Сонымен қатар аудандағы славян және татар этно-мәдени орталықтары өз міндеттері аясында жұмыс атқарып, алакөлдіктердің табысына табыс, өнері мен мәдениетінің жаңғыруына өзіндік үлестерін қосуда, – деп жарасым тапқан ауызбіршіліктің маңыздылығана тоқталды. Сондай-ақ ауылдық округ әкімі аудан, облыс бойынша ұйымдастырылған қандай да бір шараға әр этнос өкілдері белсене атсалысатынын мақтанышпен жеткізді.
Алғашқы сөз тізгінін алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Сүлейменов Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын негізге ала отырып, халықтар достығына жіті тоқталды. Сонымен қатар аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі А.Арнай, Теректі ауылдық округі әкімшілігінің бас маманы А.Кириченко, №1 Қабанбай орта мектебінің ұстазы, жас маман К.Гладкова конфессияаралық қарым-қатынас пен ынтымақтастық бойынша баяндама оқыса, Б.Смағұлова әжеміз ауыл тарихына қысқаша тоқталып, бата берді.
Қабанбай орта мектебінің ұстазы, жас маман К.Гладкова өз сөзінде қазақ тілінің болашағы жайында сөз қозғап, қазақ тілінің болашағы мен маңызын атап өтті. Шара соңында қатысушылардан сауалнамалар алынып, жинақ папкалары таратылды.

А.ИМАНАСОВА
Алакөл ауданы
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.