Барыс-келіс жеңілдейді

Жуырда «Жастар жылына» орай Жамбыл облыс әкімдігі ­туризм басқармасының қолдауымен 2 туристік автобус бағыты ашылды. Бұл – бұрын қолға алынбаған тың жоба. Шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Нұржан ­Календеров сөз сөйлеп, Елбасы жариялаған «Жастар жылының» маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ ол аталған автобус бағыттары жастарға, оның ішінде студенттер мен оқу­шы­­ларға 5 ай бойы тегін қызмет ететінін айтып, сәттілік тіледі.

Туристік бағыттағы автобустарды Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызмет алушылары, көпбалалы отбасыдан шыққан және тұрмысы төмен отбасылардың балалары пайдалана алады. Бұл санатқа жататындар үшін республикалық тарихи маңызы бар ғимараттарға кіру тегін. Ал енді Тараз қаласының тұрғындары мен қала қонақтарына белгіленген мөлшерге сәйкес республикалық тарихи маңызы бар ғимараттарға кіру ақылы екенін ескерте кеткеніміз жөн.
Әр аптаның демалыс күндері өңірдің брендіне айналған тарихи-мәдени нысандарды аралау екі бағытта жүргізіледі. Бірінші бағыт бойынша Көне Тараз – Қарахан кесенесі – Дәуітбек кесенесі – Ерте Ислам мешіті – Қали Жүніс моншасы – Төрткүл керуен сарайы – Қазақ хандығына – 550 жыл монументі – Айша бибі кесенесі – Бабаджа хатун – Көне Тараз музейі аралығын жүріп өту қамтылған. Екінші бағыт аясында Көне Тараз музейі – Тектұрмас кесенесі – Ақыртас сарай кешені – Көне Тараз бойынша саяхаттауға мүмкіндік туып отыр.
Өткен аптаның демалыс күндері алғашқы саяхат сапары басталып кетті. Мұндай қолайлы жағдайдың жасалғанына көпшілік дән риза.
– Мен көпбалалы анамын. Перзенттерімнің бірі – студент, кейінгілері мектеп, балабақша жасында. Сондықтан оның бәрін қыдырту отбасымыз үшін біраз қаражатты қажет ететін еді. Енді бүгін жасалып отырған мүмкіндік бойынша өңірдің тарихи-мәдени жерлерін тегін көлікпен аралап, тегін тамашалауға мүмкіндік алдық. Осы жағдайды жүзеге асырған басқармаға, жауапты кісілерге алғысымызды айтамыз, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Айман Шыныбекова.
Осылайша, облыс аумағындағы туристік саланы дамыту нақты іспен көрініс тауып отыр. Алдағы уақытта халыққа арналған игілікті істердің ауқымы әлі де ұлғая береді деген сенім мол.

Есет ДОСАЛЫ
Тараз

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.