ТАҒДЫР ТӘЛКЕГІ

…Алаш қайраткері Биахмет Шегедекұлы Сәрсенов туралы алғаш рет сонау өткен ғасырдың 70-жылдарының ортасында әкемнен естіген болатынмын. Ол жылдары «Бақсай» кеңшарының шағын ферма орталығында кітапхананың ашылуы біз сияқты ойын балалары үшін үлкен оқиға еді. Сол кітапханадан әкем С.Сейфуллиннің 1977 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Тар жол, тайғақ кешу» атты тарихи-мемуарлық романын алып келіп, аз-ақ күнде оқып бітіргені есімде. Дастарқан басында «Бұл кітапта жерлестеріміз, алашордашыл Сәлімгерей Қаратілеуов, Аспандияр Кенжиндер туралы, бір қызығы келін Гүлшараның әкелері де аталады екен» деп әңгіменің ұшын шығарды. Әжеміз елең ете түсіп, «Е-е, құдаларымызды баяғы бай-құлақ деген болар» деп ернін бір сылп еткізіп, терлеп-тепшіп шайын сораптай түсіп, «Сонда хүкімет не дейді, олардың аруағын қозғап?» деді. Коммунист әкеміз әжемізге «Не десін?!» деп дүңк ете түсті. Сонымен, дастарқан басындағы «құдамыз туралы» әңгіме тамам болған сияқты. 

…Бұл әңгімеден кейін осы кітапқа деген қызығушылығым оянды. Кітапты оқи отырып, алғаш рет «Алаш», «Алаш­орда», А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Б.Сәрсенов, т.б. есімдері­мен танысқанмен, олардың барлығы да жау лагерінде болған деген түсінік қалыптасқаны да жасырын емес.
Ес жиып, етек жинағаннан кейін баяғы әңгімені әкем өзі айтып берген. Алашордашыл Биахмет Сәрсеновтың туған інісі Жанахметтің қызы Гүлшара әкейдің немере інісі Парихқа тұрмысқа шыққан. Парих көкеміздің әкесі Табылды біздің атамыз Ахметтің туған ағасы болатын. Көкеміз Алматы қаласындағы Қазақ политехникалық инситутын инженер, Гүлшара жеңешеміз С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін геолог-географ мамандықтары бойынша тамамдаған. Оқуларын аяқтаған жас ­мамандарды жолдамамен Гурьев (Атырау) облысы шаруашылықтарына жібереді. Парих көкеміз 60-жылдың ортасына дейін Индер ауданының «Путь Ильича» кеңшарында бас инженер қызметінде болды. Кейін Алматы қаласына қоныс аударды. Олардың ұрпақтары Гүлсім мен Әлия Алматы қаласында тұрады. Өкінішке қарай, Гүлсім апамыз былтыр дүниеден озды. Ол Москвадағы ВГИК-ті бітірген болатын. Парих Алдоңғаров 1979 жылы Алматы қаласында қайтыс болды. Атасы Алдоңғар Атырау өңіріне белгілі, Меккеге үш рет барған қажы, ел арасында «Банды атанған атақты Аманғалидың» атасы. Алдоңғар қажы Қарақұлұлының Меккеге баруы жөніндегі материалдар Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының 78-қорында сақталған. Жеңешеміздің әкесі ­Жанахмет ұстаздық қызмет атқарған, аса мәдениетті, мұсылманшылдыққа берік кісі болған.
Абайтанушы ғалым Қайым Мұхамед­ханов­­­ Биахмет Сәрсеновтың Семей мұғалімдер семинариясына 1905 жылы, ал оның інісі Жанахметтің 1908 жылы оқуға түскені жайлы жазады. Жанұялық альбомда Жанахмет Сәрсеновтың 1908-1912 жылдар аралығында оқығандығын айғақтайтын фотосурет сақталған.
Тарихтан белгілі, 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен соң патша тақтан түсiп, Уақытша үкiмет орнаған тұста қазақ дала­сында да жұмысшы, шаруа және солдат депутаттары кеңестерi, қазақ комитеттерi және земстволық басқармалар сияқты жаңа билiк тармақтары өмiрге келді. 1917 жылдың көктемiнде елде жаппай облыстық, уездiк және болыстық деңгейде қазақ комитеттерiнiң құрыла бастауына байланысты елдік мүддені көздеген Алаш қайраткерлерiнiң шақыруымен Биахмет­ Сәрсенов Семей қаласына келедi. Ел өмiрiнде орын алып жатқан аласапыран саяси жағдайға байланысты осы жылдың 7 наурызында Семей облыстық қазақ комитетi құрылып, Биахмет сол комитеттiң басқармасына мүшелiкке сайланды. Өкі­нішке қарай, Биахмет Сәрсенов 1921 жылы 36 жасында оба дер­тіне шалдығып, мезгілсіз қайтыс болды.
Сәрсеновтер әулетіне қысқаша тоқтала кетсек. Бай Шегедектiң екi әйелiнен сегіз ұл, 4 қыз тарайды. Осы сегіз ұлдың iшiнде Биахмет, Жанахмет, Халел, Дәлел және Салық орысша-қазақша оқыған, саяси сауатты азаматтар болды. Тағы бір ерекше екпін түсіріп айтарымыз, тарихтан белгілі, Сәрсеновтер әулеті Алаш қозғалысына белсене қатысқан.
2000-2003 жылдары Алматы қаласында ғылыми жұмыстарыммен жүрген кезімде уақыт тауып, Парих көкеміздің шаңыра­ғының амандық-саулығын біліп шығуға бас сұғып тұратынмын. Бірде жеңешем Гүлшара шай үстінде әкесі Жанахмет, оның ағасы Биахмет туралы әңгіме қозғады. Әңгіме арасында жанұялық альбомды алдырып, әкесінің Семей семинариясында оқып жүргендегі суретін көрсетіп, келесі беттегі суреттегі жас жігіттің бейнесіне үнсіз қарап, бір күрсінді де, әңгімесін одан әрі жалғастырды. Сурет­тегі жас жігіт әкесінің ағасы Биахметтің жалғыз ұлы Ғалихан екен. Әкесі есімін Алаш көсемі Әлиханның құрметіне Ғалихан қойған. Оның қиын тағдыры туралы жеңгеміздің айтуынша Ғалихан ағасы да Кеңес өкiметi кезiнде «алашордашыл», «ұлтшылдың баласы» деген атаққа ие болып, бірталай қысым мен теперіш көрген. Ол 1918 жылы дүниеге келген. Ал Ғалихан Сәрсенұлы 1995 жылы өз қолымен толтырған өмірбаянында «1917 жылы дүниеге келдім» деп жазады. Дегенмен де, 1931 жылдың 3 ақпанында мұғалім Жанахмет Сәрсеновке Семей өлкелік кооперативтік техникумының директоры Сташевскийдің берген №195 анықтамасында Ғалиханды 13 жаста деп көрсетеді. Жастай жетім қалған Ғалихан әкесінің інісі Жанахметтің тәрбиесінде болған. Ол 1925 жылы мектеп-медресенің бірінші сыныбын аяқтаған. 1926 жылы Семейдегі №6 мектептің 3 сыныбын бітіріп шығады. Сұм заманның кертартпа саясатының салқынымен бұл мектептен «алашордашылдың» баласы деген желеумен оқудан шығарылады. 1931-32 жылдары қаладағы ирригация техникумында оқиды, ағасы Дәлелдің қайтыс болуына орай оқуын Алматыдағы техникумда жалғастырады. 1934 жылы екі бірдей институтта, яғни Қазақ коммунистік журналистер және тау-кен институтының геология-барлау факультетінде білім алады. 1936-39 жылдары Тамбов қаласындағы авиамектепте ұшқыш-истребитель мамандығында оқиды. 1939 жылы әскери білімін жетілдіру мақсатында теңіз әуе күштері курсында оқуын жалғастырған. Әкесiнің Алашорда үкiметiне белсенді қызмет еткені үшін, оған сенiмсiздiк білдiрiліп, жас ұшқышқа ұшуға рұқсат берiлмеген. Өкінішке қарай, «алашордашылдың баласы» деген атақ ізінен қалмай, саяси сенімсіз кадр ретінде әскери бөлімге жіберілмеді. 1940-41 жылдары аэроклубта У-2 самолетінің нұсқаушысы болып қызмет атқарды. Әскери атағы – капитан. Бұған жасымаған талантты жас 1940 жылы Москваның шетел тілдері институтының француз, ағылшын және неміс тілдері факультетінің сырттай бөлімін аяқтаған. Тіл маманы ретінде ағылшын, француз және немiс тiлдерiнде еркiн сөйлеген. Гүлшара жеңгеміздің айтуынша­, соғыста тұт­қынға түсіп, одан қашып шыққан соң Гол­ландиядағы Қарсыласу майданының сарбаздары құрамында ұрыс қимылдарына қатынасқан.
Соғыс аяқталған соң, 1945 жылдың тамыз айынан бастап неміс, француз, ағылшын тілдерінің тілмашы ретінде үш жыл Голландия (Нидерландия) мемле­кетінің аумағында Кеңес үкіметі тарапынан құрылған айрықша топпен бірге аталған мемлекеттің Амстердам, Роттердам, Утрехт қалаларында жұмыс істеді. Бұл топтың негізгі міндеті мен мақсаты Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында фашистік Германия тарапынан еріксіз жұмысқа алынған Кеңес елі аумағындағы украиндықтар мен беларустарды және өлім лагеріндегі соғыс тұтқындарын елдеріне қайтару болатын. Сонымен, 1945-48 жылдары соғыс тұтқындарын елдерiне қайтару туралы халықаралық комиссиялардың бiрiнiң құрамында тiлмаштық қызмет атқарады. Сол кезде ол Нидерланд мемлекетінің бұрынғы королiнiң ортаншы қызы, ханшайым Иока Мульдерсамен танысып, тағдырдың жазуымен оған үйленеді. Олар 1947 жылы ­Херат есімді ұл сүйеді. Бұл туралы журналист Ж.Қанапина (Информбюро)­ «Туркес­танцы во Второй мировой ­войне: из плена в Сопротивление» атты мақаласында тарих ғылымының докторы, профессор Г.Меңдіқұлованың Франция архивінен Ғ.Сәрсеновтың корольдің ортаншы қызына үйленгені туралы мәліметтің сақталғаны жөнінде дерек келтіреді.
Бұл деректерді Ғалихан Биахметұлы 1995 жылы 9 маусымда өз қолымен толтырған өмірбаянында жазып, растайды. Алайда 1940-45 жылдар аралығындағы қызметі туралы ешқандай мәлімет бермейді. Бірақ «Ұлы Отан соғысының ардагерімін» деп жазады. Сондай-ақ оның 8 орден, 13 медальмен марапатталуы көп нәрсені айғақтайды деген пікірдеміз. Бұлардың барлығын бейбіт кезеңде алуы мүмкін емес екендігі белгілі.
Сонымен, 1948 жылы Ғалихан ­Биах­­метұлы­ елге әйелi мен баласын алып келе жатқан кезде шекарада тексеріп, жас нәрестелi Иока шетел азаматы болған­дық­тан шекарадан өте алмай, Кеңес үкіметінің қатыгез де қатаң заңдарының тармақтарына «биографиясы мен ­географиясы» сай келмей, пұшайман ­болып керi қайтады. 1948 жылы Ғалихан Биахметұлы Шымкент жақта Анна Дубова деген орыс қызымен танысып, үйленедi. Шаңырақта үш ұл дүние есігін ашады. Жанұясы туралы тұңғыш ұлы 1992 жылы кісі қолынан опат болғандығын, екінші ұлы 21 жасында (1971) қайтыс болғанын, үшінші ұлы анасымен Ресейдің Тверь қаласында тұратындығын жазады. Ғалихан Биахметұлы елге келгеннен кейін орта мектепте шет тілі мұғалімі және Оңтүстік Қазақстан облысы газеттерінде журналист қызметтерін атқарған. 1977 жылы зейнеткерлікке шыққан. Бір қызығы, 1950-жылдардың аяғында Ғалиханның атына Москвадағы шетелдiк елшiлiктен арнайы шақырту қағазы келеді. Оны шақырушылар – Москваға халықаралық делегация құрамында келген сонау Голландияда қалған әйелі Иока мен ұлы Херат екен. Москваға бара алмау себебін өзінің ауру екендігімен түсіндіреді. Бірақ өкімет тарапынан ресми рұқсат болмаған соң олардың жүзiн көре алмауы да мүмкін деген пікірді де жоққа шығаруға болмас. Сол кезеңдегі Кеңес үкіметі тарапынан азаматтарға қатаң бақылау болғандығы бүгінгі күні құпия емес екендігі белгілі. Шымкент қаласының Абай ауданында тұратындығын жазады. Бұл деректерді уақытында бүгінгі күні Семей қаласында тұратын Жанахметтің немересі Әміртай Әлімханұлының жеке архивінен алған болатынмын.
Биахметтің талайлы тағдырлы ұлы 2000 жылы 82 жасында Шымкент қаласында қайтыс болды.
…Алаштықтар еркелете «Биаш» атаған Биахметтің жалғыз ұлы Ғалиханның қилы тағдыры осылай үзіледі.

Аққали Ахмет,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.