Қалам мен тілдің үйлесімі

Аллаға мың тәубе дейміз, мектепте қатар оқып, еңбек майданына бірге араласқан бірқатар құрбыларымыз 70 жастың белесіне шығып жатыр. Солардың бірі – қазіргі күнде Ақтөбе қаласында тұратын Ұзақбай Қауыс екеуміздің өмір жолымызда ұқсастық көп. Ақтөбе облысының екі ауданында газет редакторы болдық, құрылғанына биыл отыз жыл толғалы тұрған халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өзіміздің қызмет еткен өңірдегі аудандық ұйымдарын құрудың басы-қасында жүріп, төрағалық еттік.

Ұзақбай орта мектепті бітіргеннен кейін Орал қаласындағы А.Пушкин атындағы педагогикалық институтқа қабылданды. Оны тамамдап, жолдамамен орталығы Ембі қаласы болып ашылған Мұғаджар ауданына (сол кезде осылай жазылатын) келді. Туып-өскен өлкеміз Шалқардың біраз азаматтары үшін әдемі мектеп болған жаңа аудан туралы айтқанда кейіпкеріміздің ажары кіре қояды. Өйтпегенде ше – осында комсомол, партия органдарында қызмет етіп ысылды, аудандық «Еңбек таңы» – «Коммунист» газеттерінің редакциясында жауапты хатшылықты атқарды.
Содан 1985 жылы Темір ауданына – «Жұмысшы туы» – «Рабочее знамя» газет­те­рінің редакторлығына шақырыл­ды. Ол кезде аталған өңірлерде өзге ұлт өкілдерінің үлес салмағы басым болатын. Кейіпкеріміз мерзімдік басылымдарда мазмұнды материалдар жариялап, елге танылды, оның үстіне кеңсе қағаздарын сауатты жүргізуге машықтанғаны және шаршы топта ойлы пікірлерімен көзге түскені бар – қысқа кезеңде бедел жинап үлгерді.
Бастапқыда республикалық деңгейде құрылып, кейін халықаралық мәртебеге ие болған «Қазақ тілі» қоғамының маңайына ұлтжанды, өз ұстанымдарын ашық білді­ретін сауатты адамдар шоғырланып, бастапқы сәттен-ақ көптеген игі шаруаларды жүзеге асырды. Осы күні Ұзақбай Қауыспен, өзге де тұрғыластармен кездесе қалсақ сондай сәтті қадамдарды елжірей еске аламыз. Қоғамның бірінші құрылтайында төралқаға ұсынылатын адамдардың аты-жөні аталғанда көрнекті ғалымдардың бірінің кандидатурасына есімі көпке мәлім Асқар Тоқпановтың көтеріңкі үнмен ашықтан-ашық қарсы болғаны бар. Сондағы уәжі:
– «Орыс тіліне мемлекеттік мәртебе берілсін» деген адамды қалай төрге шығарамыз? – Сонда залдан ешкім бөтен пікір айтпады.
«Жаңа құрылымды «Ана тілі қоғамы» деп атайық» деген ұсынысқа Венгриядан келген ғалым Иштван Қоңыр Мандоки «Қазақ еліндегі қоғамның аты «Қазақ тілі қоғамы» болуы керек» дегенде жиналған қауым бірауыздан қол соққан-ды.
Осындай кесімді билікті бойға түйген Ұ.Қауыстың Темірдегі редакторлық қызметіне кіріскен соң көп ұзатпай газет атауын «Темір» деп өзгерткені бар. «Қазақ тілі» қоғамы Темір аудандық ұйымының конференциясына қатысушылар қазақ тілінің мәртебесін арттыру жөніндегі өз ойларын, пікірлері мен ұсыныстарын Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесіне Ашық хат түрінде жолдады. Бұл да – ұйым төрағасының кең ауқымда ойлайтынына мысал.
Ел егемендігінің алғашқы кезеңінде халық байлығы талан-таражға түсе бас­тағанда журналист Ұзақбай мұндай бассыздыққа бейжай қарап отыра алмады. Соның айғағы – «Кеңқияқтағы қиқу немесе жұмысшылар неге ашынды?», «Ашынған халық, асқынған арамтамақтар» және басқа материалдарынан кейін талайлар ішін тартып еді.
Ол республикалық «Халық кеңесі», «Заң» газеттерінің меншікті тілшісі ­болды, Ақтөбе облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарды, облыстық ақпарат басқармасында бөлімге жетекшілік етті.
Қай жұмысты да жауапкершілікпен істей жүріп, шығармашылық ізденістерін тоқтатқан жоқ. Шығыстан шыққан қос шынардың бірі – Кеңес Одағының ­Батыры Әлия Молдағұлова туралы бес кітап ­жазып, баспадан шығаруы – сүйсінерлік іс. Бұдан өзге «Көтібар – ел қорғаны», «Ұлағат», «Айтарым бар, адамдар» және басқа кітаптарын оқырман жылы қабылдады. Облыстағы қоғамдық-мәдени шараларды ұйымдастыру және өткізу ­барысында белсенділігімен көзге түсті.
Қаламы қарымды журналист мерейлі жасына береке ұялаған шаңырақ қожасы, үлкен әулеттің ұйытқысы боп жетіп отыр. Зайыбы Балкенже екеуі балаларды үйлендіріп, балдай тәтті немерелер сүйді. Көркемайы жан жары Ерболатпен Атырау облысының Индер ауданында, Дарханы келіншегі Нұргүлмен Алматы қаласында тұрады. Шаңырақта бала-келіні Жасұлан мен Айнұр ата-енені аялап бағуда. Немеренің үлкені Нұрхан Бауыржан­ Момышұлы атындағы арнаулы әскери мектепті тамамдады. Енді полковник әкесі Дарханның жолымен білімін әрі қарай жалғастырмақ.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстанның құрметті
журналисі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.