Суреттер сыр шертеді

Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне байланысты құнды деректерді көздің қарашығындай сақтап келе жатқан бірден-бір мекеме – ол Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві. Қазақ КСР Халық комиссарлар кеңесінің қаулысымен ІІ-Дүниежүзілік соғыс уақытында, яғни  1943 жылдың 1 сәуірінде іргетасы қаланған бұл архивке биыл 76 жыл толып отыр. Деректі фильмдер мен телефильмдерді, фотосуреттер мен дыбыс жазбаларды бір орталыққа жинақтау мақсатында мекеме «Кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбаларының орталық мемлекеттік архиві» болып 1974 жылы қайта жасақталды.

Мекеме қоры ІІ-Дүниежүзілік соғыстың кинопленкаларымен, фотосуреттерімен толыға бастады. Кейінгі ізденістер ­барысында, сондай-ақ 1920-жылдардың орта шенінде Қазақстан аумағында түсірілген видеоматериалдар да біртіндеп осы қорға шоғырланды. Ал архив қорындағы алуан тақырып пен түрлі кезеңдерді және оқиғаларды қамтитын көне суреттер уақыт озған сайын баға жетпес мұраға айналуда. Оның ішінде неғұрлым көнелері – XIX ғасыр мен XX ғасырдың бас кезінде түсірілген фотолар қазақтың дәстүрлі қоғамын бейнелейді. Қазақ этнографиясы, тұрмыс-тіршілігі туралы жарияланған басылымдардың көпшілігі осы архив қорынан алынды. Соның ішінде Д.П.Багаев фотоқұжаттарының жинағы (коллекциясы) құнды дүние болып саналады. Ал, жалпы 500 мыңға жуық фотосурет – бүгінгі архивтің мол қазынасы.
Әйтсе де, тарихымызды бейнелейтін фотоқұжаттар түгел жинақталды деуге ерте. Мәселен, қазақ жерінің тарихы мен мәдениетінен хабар беретін құнды жәдігерлерге арналған фотосуреттердің көпшілігі Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Орыс географиялық қоғамында сақтаулы. XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырда қазақ даласында да белсенді жұмыс жүргізген бұл ұйымға Шоқан Уәлиханов, Ыбырай ­Алтынсарин, Мұхамед-Салық Бабажанов секілді тағы да басқа қазақ оқығандары мүше болғаны, осы қоғам басылымдарына танымдық материалдар жазып тұрғаны белгілі жайт. 1845 жылы бұл ұйымды құрған 17 құрылтайшының жетеуі қазақ даласын зерттегені де назар аударарлық. Олардың Сібір және Қазақстан мен Орталық Азияға ұйымдастырған экспедициялары көп мәлімет жинағаны анық. 1951 жылдан бастап Орыс география қоғамының Орынбор, Батыс Сiбiр, Семей, Түркістан бөлiмшелерi жұмыс істеді. Міне осы жұмыстың бәрі, әрине, текке кеткен жоқ. Қазір Орыс географиялық архивінде тұрған фотосуреттер – осынау зерттеулердің жемісі.
Елімізде бірнеше жыл қатарынан жүзеге асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының басты бағыттарының бірі – шетелдегі қазақ деректерін жинастыру болды. Осы мақсатта талай құнды дүниелердің көшірмесі елге қайтарылды. Қазіргі уақыттта зерттеушілер мұндай құжаттармен Қазақстанда отырып таныса алады. Осыған орай, шетелдегі фотосуреттердің көшірмесін әлі де жинақтай түсу – алдағы зор міндеттің бірі.
Бұл Қазақстанға қатысы бар фотосуреттер жарияланған ­басылымдар мен өзге де тарихи деректердегі фотолар ­назарымыздан тыс қалмайды. Осы орайда, Қазақстан тарихын зерттеуші ғалымдар Орыс географиялық қоғамының фотосуреттерін пайдаланып жүргенін айта кету керек. Мәселен, 2009 жылы жарияланған «Қазақстан тарихы мен мәдениетінің үлкен атласы» деп аталатын жинақты шығарушылар жоғарыда аталған Қоғамның фотосуреттерімен көп жұмыс істегені байқалады. Бұл, әрине, еліміздің фотошежіресін байытуға қосылған қомақты үлес.
Дегенмен, бұл ретте Қазақстанның өзінің архив қоры қаншалықты игерілді деген сауал туады. Зерттеушілеріміз ­фотосурет қорымен қаншалықты жұмыс істеп жүр? Мемлекеттің мақсаты фотосуреттерді сақтап отыру ғана емес, оны мейлінше зерттеу, ғылыми-көпшілік айналымға шығару. Біздіңше, архивтің фотоқорында әлі күнге зерттелмеген материалдар жеткілікті. Өкінішке қарай, тарихшылар арасында фототанушылар саусақпен санарлық. Архивтегі жазба деректермен шұғылданған зерттеушілер өз тақырыбы бойынша фото іздестіруге, ғылыми бағыты бойынша фотожинақтауға аса құлықты еместігі аңғарылады. Оған бір суреттің тарихын анықтаудың өзіне кейде арнайы зерттеу қажет болатыны да себеп болар.
Рас, тарихымызда негізгі мәселелер айтарлықтай қарастырылғаны секілді, негізгі тарихи оқиғаларға байланысты фотосуреттер де көпшілікке жарияланды. Әдетте, көпшілік білетін көне суреттер де солар. Алайда тарих тек ірі оқиғалардан тұрмайды, ірі оқиғаларды аша түсетін жанама, қосалқы деректер де жеткілікті. Фотоқорымызда зерттеушісін күтіп тұрған ондай жанама деректер де жеткілікті. Біз кәсіби зерттеушілер ғана емес, әуесқой ізденушілердің де, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің де видео және фотосуреттермен көбірек жұмыс істеп, жалпы көпшілікке жеткізгенін қалаймыз.
Мысалы, таяуда белгілі басылым тілшісі біздің архивімізге тапсырыс беріп, 1970-жылдардағы айтыс туралы видеоны басылым сайтында жариялады. Кейін оны әлеуметтік желі арқылы әрі қарай таратты. Соның нәтижесінде, арада бір ай өткенде Батыс Қазақстан облысынан зерттеушілердің бірі өз өңірінде бұрын танымал болған айтыс ақынының видеобейнесін көріп, сүйіншілетіп жазғанын оқыдық. Сол секілді тағы бір видеодан бұрынғы Талдықорған облысының белгілі айтыс ақынын ұрпақтары тауып, қатты қуанғаны белгілі болды.
Біздіңше, архив фотоқорында жатқан талай фотосурет жеке отбасының ғана емес, әлі талай тарихи сәттің куәгері болып, ғылыми айналымға енеді. Тек көбірек зерттеп, қолдағы қазынаны пайдалана білсек болғаны.

Еңлік ТОЛЫҚБАЕВА,
ҚР Кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары
архивінің бөлім меңгерушісі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.