Діни сауат бастауы

Ермек МҰҚАТАЙ, ҚМДБ-ның
Шығыс Қазақстан облысы бойынша  өкіл имамы

Мұсылман үмбетіне білім алу парыз екендігі баршаға аян. Қалың бұқараның мұсылман атауына лайықты деңгейде білімі болуы аса маңызды.
Ислам тарихында Меккедегі Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандар дәріс алған Әкрам сахабаның үйі алғадай оқу орны ретінде көрсетіледі. Алғашқы «Әкрама» оқу ордасында сахабалар Аллаға иман келтіріп, Құран аяттарын жаттап, таухидпен қауышты. Ал кейін мұсылмандар Мединаға қоныс аударғанда, онда «Асхаба-суффа» (сахабалар лашығы) мектебі құрылды. Хақ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Асхаба­-суффада» білім алып, жан-жақты жетілген сахабаларды діни ұстаз ретінде өзге өңірлерге аттандыратын.

Орталық Азиядағы алғашқы діни мектептердің археологиялық зерттеулерге қарағанда Самани­ дәуірінде ашылғандығы аңғарылады. Одан бұрын Мубайдийа қозғалысы (770-780 жж.) дәуірінде ­Жейхун мен Сейхун аралығында ислам дінін паш еткен ­зауия, текке, ханака секілді діни орындардың болғандығы күмән тудырмайды. Әйткенмен, Самани дәуірінде Мәураннахрда Ханафи фиқһ мектебі дамып, Бұқара және Самархан қалаларында өзіндік оқыту әдіснамалары бар «Садр», ­«Йадиийа», «Журжанийа» мектептері жұмыс істеді. Осылайша, Орталық Азияда Ханафи мәзһабының доминант болуына аталмыш мектептер мейлінше зор ықпал етті. Қарахан Ғазнауи дәуірлерінде де мемлекеттің қолдауына ие мектеп-медреселерде Ханафи фиқһ мәзһабы мен Матуриди ақида мектебінің негіздері оқытылды. Яғни мемлекеттік қолдау көрсетілгендіктен, Ханафи-Матуриди құндылықтары Мәураннахр мұсылмандарының негізгі діни ұстанымын құрады.
Қарахан билігі тұсында ислам дінінің Орталық Азияға нық орнығуы одан кейінгі аймақта орын алған алмағайып тарихи үдерістерде Хақ діннің рухани мәселелер бойынша шешуші рөл атқаруын қамтамасыз етті. Қарақытай горханы Елуй Дашы, найман билеушісі Күшлік және Шыңғыс хан жасаған шапқыншылықтар қаншалықты жойқын болса да, Мәураннахрдағы мұсылманшылықтың сағын сындыра алмады. Керісінше, олардың ұрпақтары Хақ дінге мойынсұнып, исламның қорғаушысына айналып жатты. Алтын Орда билеушісі Берке хан Сарай Беркеде медреселер салғызса, Шағатай билеушісі Тоғлұқ-Темір хан Жетісу мен Мәураннахр қалаларында діни оқу орындарын ашты. Алтын Ордаға Өзбек хан билік еткен тұста, Хақ дін көшпелілер арасына ­тарап, көптеген мешіт пен медреселер тұрғызылды. Ал Шағатай ұлысының тізгінін Әмір-Темір қолға алған шақта, аймақта ислам діні қарыштап дамыды.
Қазақ хандығы жеке шаңырақ көтерген XV-ХІХ ғасырларда Ташкент, Сайрам, Отырар, Яссы, Қарнақ, Сауран, Сығанақ, Сарайшық және т.б. шаһарларда медреселер жұмыс істеді. Қазақ хандары медреселерді қаржылық-материалдық тұрғыда қамтамасыз ету үшін ауылшаруашылық жерлерін уақфтық құжат етіп бекітіп беріп отырды. Мысалы, Еңсегей бойлы Есім хан Қарнақ медресесін қаражатпен қамту үшін Қаратаудан ағатын өзендердің сағасын оның меншігіне берген еді. Әйтсе де, XVII-XVIII ғасырлардағы Қазақ-Жоңғар қақтығыстары кезінде діни білім беру, мешіт-медресе ашу жұмысы ісі қарқынды бола алған жоқ. Есесіне, жоңғарларды ығыстырған соң, қазақ даласында көптеген діни мектептер ашылды. Бұл Қазақ даласының Ресей патшалығының бодандығына өту кезеңімен тұспа-тұс келген еді.
Атап айтар болсақ, Сырымбетте «Айғаным», Көкшетауда «Науан хазірет», Бөкей Ордасының билеушісі Жәңгір хан «Орда», Ойылда «Досжан хазірет», Шалқарда «Аманғали ишан», Қызылжарда «Қызылжар», Орынборда «Хусайнийа», Тройцкіде «Рәсулийа», Баянауылда ­«Исабек ишан», Шыңғыстауда «Ескітам», Семейде «Ахмет Риза», Зайсанда «Қазақия», «Ғизатия», Алтайда «Абақия», Қапалда «Мамания», Әулие-атада «Әбдіқадыр», Шаянда «Аппақ ишан», Қаратауда «Қарнақ», Тереңөзекте «Қалжан ахун», Сарысуда «Ахмет Оразай», Маңғыстауда «Пір ­Бекет» және т.б. медреселер халық руханиятына қызмет етті.
ХХ ғасырдың басында заманауи тұрғыда жаңаша ойлана алатын Алаш Орда қайраткерлері тарих сахнасына шықты. Олардың барлығы алғашқы білімді жоғарыда аталған өңір-өңірлерде ашылған медреселер мен ауыл-ауылдардағы молдалардан алған еді. Діни іліммен ауызданғандықтан да Алаш қайраткерлері шын мәнінде халықтың жанашыры, елі үшін етінен ет кесіп беруге әзір зиялылар шоғыры болатын. Алаш қайраткерлері қазақ халқы әлемдік өркениеттен кенде қалып қоймас үшін мектеп пен медресе ашуды ұдайы күн тәртібіне қойып, халықтың сауатты болу мәселесін алдыңғы қатарға шығарды. Алаш Орда азаматтық соғыста жеңіліске ұшырағанымен, Алаш қайраткерлерінің көпшілігі жаңа құрылған Кеңес үкіметіне қызметке тартылды. Олар ауыл-ауылдардан мектеп ашу мәселесін әрдайым назарда ұстады. Нәтижесінде, Қазақстанда сауатсыздықпен күрес күшейіп, өңір-өңірлерде мектептер ашылды. Халық жаппай сауаттанып, еліміз әлемдік өркениеттің құрамдас бөлігіне айналды.
Мектеп пен медресе салу – екі дүниеде де игілікті һәм сауапты іс саналады. Адамзат баласы мектеп пен медреседе сауатын ашу арқылы қараңғылықтың пердесін түріп, надандықтың көбесін сөге алады. Хакім Абай айтпақшы, «Дүниенің ақиқатын денелеп болса да білу үшін» адам ең алдымен ілім-біліммен қарулануы керек. Онсыз күніміз қараң, болашағымыз бұлдыр.
Демек, мектеп пен медресе ашып, халыққа қызмет етуді – дін жолындағы рухани күрестің төресі деп айтуымызға толық негіз бар. Олай болса, халқымыздың иманды кәсіпкерлері һәм істің тетігін білетін азаматтар еліміздің өңір-өңірінен мектептер мен медреселер ашуға атсалысса құба-құп.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.