Татулық тірегі

Елбасы Н.Назарбаев «Мемлекеттік тілді дамыту – маңызды басымдық болып­ қалады. Біздің мақсатымыз – Қазақстанның барлық азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеруіне қол жеткізу! Мемлекеттік тіл — елімізде тұрып жатқан барлық қазақстандықтарды біріктіретін күш» деген ­болатын. Осы орайда,­ Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Тіл – татулық тірегі» атты дөңгелек үстел өтті.

Жиында Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемле­кеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы, өңіріміздегі «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының атқарған жұмыстарының нәтижесі баяндалды. Алғаш болып сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Оралбек Жақиянов: «Тіл – достықтың кілті, ынтымақтың бастауы, ырыс-бере­кенің алды, ұлттың жаны, ары. Әр ұлттың ең алғашқы қастерлі де қасиетті сипаты – ана тілі. Әркім өз ана тілін көзі­нің қарашығындай қорғауы тиіс. Бұл, әсіресе, жастарға қойылатын басты талап­тың бірі. Біздің бар болмысымыз бен ұлт екенімізді дәлелдейтін тек ана тіліміз екенін ұмытпауымыз керек» деп мем­ле­кеттік тілдің мәртебесі жайында ой қозғады.
«Ұлттың жаны тіл болатын болса, сол ұлттың жан дүниесін, болмысын білгісі келген адам, әуелі тілін білуі керек. Алысты жақындататын да, аразды татуластыратын да, елді бірлікке үндейтін де – тіл. Қазақстан көпұлтты мемлекет. Бірнеше ұлтты береке-бірлікте ұйыстырып отырған ең негізгі фактор тіл екені баршаға мәлім. Тас мұқалып құм болады, темір тозады, адам өмірден озады, тарихыңды да, әдебиетіңді де, мәдениетіңді де ары қарай жеткізетін көмейдегі сөз бен таңдайдағы тіл ғана. Ендеше тілдің болашағын бәріміз бірдей ойлауымыз керек. Бұл жасты да, жасамысты да ойландыратын жайт» деді аталмыш шараға арнайы келген Алматы облыстық Әзербайжан этно-мәдени орталығы «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы Асылы Осман.
Жалпы тіл меңгертудің кезеңдері еуропалық стандарт бойынша алты деңгей негізінде жүзеге асырылса, жергілікті орталықта қазақ тілін мең­герту төрт деңгей бойынша жүргізіледі.
«Оқыту түрлі жағдайлар мен барлық саладағы ауызша және жазбаша қолданыстағы құрылымдарын меңгертуге бағытталған. Мақсатымыз – тіл үйренушінің өз ойын жеткізуде тілдік құрылымдарды өз бетінше қолдана білуге, жаза және дұрыс айта алу деңгейіне бағыттау» дейді Зинагүл Халыққызы.
Қазіргі таңда өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілінде ойын еркін жеткізе алатындар саны біртіндеп артуда. Солардың бірі – Қаратал ауданы Бастөбе ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Ирина Киримова.
«Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ­«Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деп айтқан болатын. Туған жеріңнің, еліңнің тілін, тарихын білмейінше шынайы патриот болу мүмкін емес. «Отан тарихы туған өлкенің тарихынан басталады» деген жақсы сөз бар. Бір кездері саясаттың салдарынан көптеген ұлт өкілі қасиетті қазақ жерінен пана, елінен аға, ­бауыр, туыс тапты. Қазақ халқының кең пейілі мен ыстық ықыласының арқасында суықтан, аштықтан, жойылып кетуден құтылып, керісінше, өстік, өндік, өркендедік. Мемлекеттік тілдің өркендеуіне әрқайсымыз өз үлесімізді қосатын болсақ, біздің ынтымағымыз да арта түсері сөзсіз. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан тіл үйренуге барлық жағдай жасалған. Мен қазақ әулетінің келінімін. Қазақ халқының рухани құндылықтарына толы әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін жетік білемін, құрметтеймін. Біздің татулықты ту еткен отбасымыз арқылы қазақ пен корей халқы туыс, мың жылдық құда-жекжат болып отыр. Осының өзі мен үшін үлкен жетістік. Әрқайсымыз да еліміздің өсуіне, өркендеуіне бір кісідей атсалыссақ біз бағындырмайтын белес, ала алмайтын асу болмасы анық» деп өзге ұлт өкілдерін қазақ тілін жетік меңгеруге шақырды.
Шара барысында облыста тілдерді дамыту мен қолданудың мем­ле­кеттік бағдарламасын жүзеге асыруда мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын арттыруға сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар, атап айтар болсақ, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары­ Зинагүл Қожакеева, Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Нейля­ Қойбағарова, облыстық соттың бас маманы Жанар Сергебаева,­ Білім басқармасының бас маманы Роза Тұрғанбаева, Төтенше жағ­дай­лар департаментінің бас маманы Гүлден Ықыласбаева, Қазынашылық департаментінің бас маманы Галина Коростелева, «Талдықорған» газетінің бас редакторы Данияр Сейсенбаев, Қаратал ауданы Бастөбе ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Ирина Киримова­ Алғыс хатпен марапатталды.

Н.ӘДІЛБЕКОВА
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.