Шаттығы шалқыған Шәлкөде

Осыдан бір жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Алматы облысында­ Райымбек ауданы құрылған болатын. Көптен күткен айтулы жаңалықты ел-жұрт қуана қабыл алды. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов арнайы келіп, ауданды ресми түрде ашуға байланысты салтанатты шараларға қатысқан еді. Жаңа ауданның әкімі лауазымына білікті басшы Жолан Омаров тағайындалған болатын. Міне, содан бір жылдай уақыт өте шығыпты. Осы аралықта талай жұмыс атқарылды. Аудан көркейе бастады. Жаңа үйлер салынып, көшелер жөнделіп, ауыл көркі ажарлана түсті. 

Күні кеше Райымбек ауданының құрылға­нына 1 жыл толуына орай атақты Шәлкөде жайлауында «Ауылшаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыру және ауылшаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын жақсарту, ауданда кәсіпкерлікті дамыту» тақырыбында семинар-кеңес, сондай-ақ «Қымызмұрындық» мерекесі, «Жетісу жүйрігі» атбәйгесі жоғары деңгейде өтті.
Айтулы шара Шәлкөдеде биыл екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Тамылжыған табиғаттағы мерекеге Қазақстан Республикасы­ Қой шаруашылығы палаталары Кеңесінің төрағасы, ауылшаруашылығы ғылымының докторы – Тынышбай Досымбеков, Алматы­ облысының Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының директоры Тәңірберген Қасымберкебаев, Алматы облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, 2008 жылғы грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, Республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанарбек Әшімжан, Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының, қой шаруашылығы филиалының директоры­ Нұрлан Тілеулесов, Алматы облысының ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Күйімжан Омаров арнайы қатысты.
Аудан әкімі Жолан Омаров еңбеккерлерді, шаруа қожалықтарының қызметкерлерін, үздік шопандарды мерекемен құттықтап, Алғыс хаттармен марапаттады. Күнделікті тіршілікте қолданатын ер-тоқымдарды сыйға тартты. Ауданның түгін тартсаң майы шығатын дархан­ даласы, жанға жайлы табиғаты, жердің ерекше құнарлылығы ауылшаруашылығын дамытып, жетілдіруге толық мүмкіндік береді. Экономикалық өрлеу де ауылшаруашылығы саласына тікелей байланысты екені сөзсіз. Бүгінде ауылшаруашылығын дамытудың тың жолдары қолға алынып, шынайы қамқорлықты сезінген ауыл еңбеккерлері мол жетістіктерге қол жеткізуде. Бұл салаға мемлекет тарапынан көмек жасалып, қолдау көлемі жыл сайын артып келеді.
Шәлкөде жайлауында қазақтың қонақжай­лығын, жомарттық пен мәрттігін, мызғымас бірлігін айшықтайтын береке мен еңбектің тойы «Қымызмұрындық» та ерекше сән-салтанатымен өтті.
«Ауруға ем, сауға қуат дәрі қымыз» деп Жамбыл атамыз жырлағандай, дертке шипа, денеге күш беретін қасиетті сусын қазақ халқының ұлттық тағамдарының ішіндегі ең құрметті дастарқан дәмінің бірі. Қырық ауруға ем болатын қымыз – халқымыздың бірнеше ғасырлар бойы үздіксіз пайдаланып келе жатқан ұлттық тағамы. Қазақ үшін жылқы – қасиетті жануар. Нағыз қазақ жылқының жанарына қарап тазарған. Оның бал қымызын татып, бабалар рухымен қуаттанған. Қымызды қанына, жылқыны жанына балаған. Қымыз – тек тағам емес, сонымен қатар халықтың қасиетін, дәулетін, мырзалығын, дастарқан берекесін білдіретін ырыс белгісі. ЮНЕСКО-ның шешімімен ұлы мұрамызды ұлықтайтын, қазақтың ұлттық болмысын айқындайтын «Қымызмұрындық», «бие байлау» жоралғыларын қамтитын «Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары» адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енді. Қазақ халқы салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа ұлттық құндылықтарға бай халық. Егемен елдің іргесі биіктеп, еңсесі көтерілгелі сан ғасырлар бойы қалыптасқан ата-дәстүр жалғасын ­тауып, бір кездері ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарымыз қайта жаңғыра бастады. Салт-дәстүрімізді ұлықтап, жас ұрпаққа үлгі ретінде бүгінгі ұйымдастырылып отырған «Қымызмұрындық» мерекесінің орны орасан зор. Ендігі біздің міндет – сол бабалар ізімен жалғасқан ұлттық дәстүрді болашаққа аманат ету.
Сонымен қатар Шәлкөде жайлауында ауылшаруашылығы саласы бойынша көрме ұйымдастырылды. Көрмеге 2018 жылы Ресей мемлекетінің Алтай өлкесінен 235 «Герефорд» тұқымды ірі қара малының аналық басын әкелген «Расилбай» шаруа қожалығының ірі қарасы және қошқарлар мен жылқы малдары қойылған. Биылғы жылы 470 бас «Герефорд» тұқымды мал әкелуге келісім-шарт жасап отыр. Шаруа қожалығының иесі ағайынды Нарын мен Ғалым сауалдарын қойып, керекті ақпарат алды. Семинар-кеңес барысында арнайы келген қонақтар, шаруалармен етене араласып сұрақ-жауап алмасты. Қазақтың ұлттық ойындары ойнатылды. Атап айтсақ, қазақша күрес, теңге ілу, аударыспақ, қыз қуу, қол күрес, қошқар көтеру, тазы жүгіртумен қоса, аламан бәйгемен жалғасын тапты.

Дәукен Жұматұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.