Алакөлде айтыс өтті дүбірлеп…

Отандық туризмнің дамуына, насихатталуына қолдау жасау, ауылдың рухани өміріне қан жүгірту мақсатында өткізілген республикалық ақындар айтысына еліміздің әр өңірінен 14 ақын қатысты. Көлдегі туристер мен Үржар халқының ұлттық өнерге сусаған шөлін қандыру, төл өнеріміз арқылы қасиетті Қазақияның көркем табиғаты мен өнерпаз халқының болмысын әйгілеуге бағытталған айтысқа елімізге есімі білгілі айтыс және жазба ақындары, академик-профессорлар, атап айтқанда Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай, Мұхтарбек ­Каримов, Дихан Қамзабекұлы, Серік Әкірамұлы, Серікзат Дүйсенғазы, Дәулеткерей Кәпұлы, Бауыржан Халиоллаұлы қазылық жасады.

Танымал әншілер Майра Мұхамед­қызы, Еркін Шүкіман және жергілікті өнерпаздар өнер көрсетіп, көрермен көңілін көтерді. Әр алуан тақырыпта ой қозғалған айтыстың бас жүлдесін (1 000 000 тг) Еркебұлан Қайназар қанжығаласа, 1-орын (700 000 тг) Аспанбек Шұғатайға бұйырды. 2-орынға (500 000 тг) Рүстем Қайыртайұлы, 3-орынға (300 000 тг) Талғат Мықи мен Мақсат Ақанов лайық деп танылды, қалған 9 ақынның әрқайсысына 200 000 теңгеден сыйақы берілді. Айтулы шара «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» идеясы һәм демеушілігімен, Үржар ауданы әкімдігінің қолдауымен өткізілді. Айтыс соңында қос қаламгердің ұлы, қор құрылтайшысы, белгілі кәсіпкер Қанат Зейноллаұлы «Үржар ауданының құрметті азаматы» атанды. Ал мәдениет қоры Үржар ауданының әлеуметтік аз қамтылған талантты 6 оқушысына бір жылдық шәкіртақы тағайындады.
Алакөлдің жағасында ауқымды айтыс өткізудің халыққа берер пайдасы аз емес. Біріншіден, айтыс өткен Қабанбай ауылы – белгілі қаламгер, этнограф, 15 томдық кітаптың авторы­ Зейнолла Сәніктің атақонысы. Бұл өткізілген іс-шара ата-баба алдындағы перзенттік парыздың, туған жерге, туған елген деген ықылас пен қолдаудың көрінісі. Екіншіден, Алакөлге еліміздің әр өңірінен, шетелден келген қонақтар мен саяхатшыларға ұлттық рух беріп, рухани демалыс сыйлады. Айтысты асыға күткен Алакөлдегі туристер айтыстан кейін көріп-түйгендерін әңгімеледі. Үшіншіден, елімізге есімі белгілі әдебиет пен өнердің майталман мамандары мен айтыскерлерге шынайы демалыс мүмкіндігі жасалды. Төртіншіден, мәдениет қоры шақырған және айтыс үшін арнайы келген жүздеген қонақ пен ­турист демалыс аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосты.
Шипалы судың толқыны ­Ала­көлдің­ жағасын ұрғанда жыр толқыны көрермен көңілін тербеп, көпке дейін есте жүретін сәулелі сәтке айналып, тарих қойнауына енді.

Жарқын Сәленұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.