МАҚСАТ – ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН ЖАҚСАРТУ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыста елдің дамуына қатысты, сондай-ақ халықты толғандырған көкейкесті мәселелер ортаға салынды.

Жиын барысында Премьер-Министр­ А.Мамин, Ұлттық банк­тің тө­рағасы Е.Досаев, Индустрия және инфра­құрылымдық даму ми­нистрі Р.Скляр, Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев, Ауылшаруа­шылығы министрі С.Омаров, Түркістан об­лысының әкімі Ө.Шөкеев, Қара­ғанды облысының әкімі Е.Қошанов және ­Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев баяндама жасады.
Басқосудың үш сағатқа созылғаны­на қарап, оның қаншалықты маңызды болғанын байқауға болады. Министрлердің ағымдағы жұмыстар бойынша атқарылып жатқан есептері тыңдалды. Жұмыстардың сапасына Президент тарапынан баға да берілді, сын да айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев назар аудармаған сала қалмады. Ел экономикасының өсімі, қаржы ­секторы мен банк саласы, инвестициялар мен экспорт жайы, ішкі нарық пен бизнестің дамуы, халықтың әл-ауқаты, Арыс қаласындағы төтенше жағдай және өзге де сауалдар күн тәртібіне қойылды. Сөз басында Мемлекет басшысы бірінші жартыжылдықта әлеуметтік-эконо­микалық даму көрсеткіштері бойынша алға ілгерілеушіліктің де бар екенін мәлімдеді. Бұл орайда бірқатар көрсеткіштерді тілге тиек етті. Осының барлығы халықтың тұрмысына оң ықпал етуі тиіс екенін айтып, аталған жетіс­тіктерімізді еселеуге мән беру керектігін атап өтті.
Елімізде көптен бері айтылып келе жатқан халықты жұмыспен қамту жайы осы отырыста егжей-тегжейлі қаралды. Бағдарламалар қабылданғанымен, нәтиже ойдағыдай болмай жатқаны анық. Осының себебіне зер салған Президент Үкіметке тездетіп жаңа жұмыс орындарын ашуды тапсырды. Экономиканың жағдайы мен еліміздің ішкі тұрақтылығы осы мәселені шешуге байланысты екенін айтты. Жұмыс орындарын ашу көрсеткіші бойынша Үкімет қызметі мен әкімдердің жұмыс нәтижелері ең бірінші кезекте бағаланатынына тоқталды. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзін-өзі ақтай алмай келе жатқан «Еңбек» бағдарламасын сынап тастады. Елімізде жұмыссыздық азаймағанын да атап өтті. Демек, Үкімет пен салалық министрліктің алдағы шаруаларының бірі – жұмыссыздықты азайтуға бағытталмақ. Тапсырма нақты берілді.
Отырыс барысында ауылшаруашы­лығының мәселелері де қозғалды. Қа­зақ­­станның бұл саладағы әлеуеті, мүм­кін­діктері мол. Бірақ соны тиімді пай­­далана алмай отырған тағы өзіміз. Жер көлемі бізден әлдеқайда кішкентай елдер ауыл­шаруашылығынан үлкен табыс ­тауып отырғаны белгілі. Бұл осы салада кешенді мәселелердің қордаланып қал­ғанын көрсетеді. Мемлекет басшысы ауыл­шаруашылығына қатысты пікірін «баяғы жартас сол жартас» деген ойы­мен тұжы­рымдап өтті. Иә, неліктен ауыл­ша­руа­­шылық саласы дамымай келеді? Мә­­селе көп, нақты жауаптар айқындалмай отыр.
Халқымызды толғандыратын түйткілді мәселенің бірі – жер жайы. Жасыратын несі бар, жерлерді тиімді пайдалану да кем­шін соғып келеді. Президенттің айтуына қарағанда, Ауылшаруашылығы министрлігі жерлерді тексеру барысында 16,5 млн. гектар жерлердің пайдаланусыз жатқанын анықтапты. Үкіметке ауыл­шаруашылығы жерлеріне аудит өткізіп, жер кадастрларының ақпараттық жүйесін цифрландыруды тапсырды. Жер шетел­дік­терге сатылмайтынын айтты. «Бұл мәсе­ле­де түбегейлі айқындылық болу керек» деді.
Кез келген мемлекеттің алға қарай ­дамуына негіз болатын мәселе – кәсіп­керлікті күшейту. Біздің елде бұл ­салада аздап ілгерілеушілік байқалғанымен, кәсіпкерлік шын мәнінде қанатын кеңге жайып кете алмай отыр. Оған әртүрлі бюроктариялық кедергілер, тағысын тағылар мүмкіндік берер емес. Қасым-Жомарт Тоқаев жиында отандық кәсіп­керлерге қолдау көрсету жайына назар аударды. Президенттің сөзінен аңғарғанымыз, ендігі таңда бизнеспен шұғылданатын азаматтардың алдынан туындайтын кедергілер алынып тас­талмақ. Бизнестің ілгерілеуіне кедергі келтіретін шенеуніктер болса, олар заңмен жазаланбақ.
Тағы бір маңызды мәселе – елге ­инвестиция тарту. Инвестиция – эконо­миканың күретамыры. Табысқа жеткен елдер осы әдісті тиімді пайдаланып отырғаны сөзсіз. Бірақ инвесторлармен дұрыс қарым-қатынас орната білу, әріптестік байланыс жасауды үйрену керек. Біздің әкімдерімізге осындай қасиеттер жетпей жатқан көрінеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде осы мәселеге баса мән берді. Әкімдердің инвестиция тартуға байланысты жұмыстарына көңілі толмайтынын жеткізді.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Арыс қаласындағы апатты жағдай сөз болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қоймада болған жары­лыстың салдарын түпкілікті жою қажеттігін айтты.
– Менің тапсырмам бойынша Үкімет тиісті қаражатты бөлді. Егер шешілмеген мәселелер болса, оларды шұғыл түрде шешу керек. Уақыт өте тығыз, – дей келе, жалпы Арыс қаласында жұмыс белсенді түрде жүргізіліп жатқанын, алдағы уақытта да жұмысты жалғастыру керегін жеткізді. Президент Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде министрлік жұмысына қанағаттанбайты­нын айтып, Қорғаныс министріне сөгіс жариялады.
Отырыс соңында Президент Үкімет пен әкімдердің жұмысының негізгі мақсаты – халықтың табысын көтеріп, әл-ауқатын жақсарту, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын одан әрі жалғастыру екенін еске салды.
– Жүзеге асырылып жатқан барлық мемлекеттік бағдарламалар, ең алдымен, халқымыздың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталуы тиіс. Сондықтан осындай аса жауапты міндетті жоғары деңгейде атқаруымыз керек. Бұл, ең алдымен, егемен еліміздің бүгіні үшін аянбаған ата-бабалардың ісін жалғастыру деп түсінуіміз қажет. Асқар Мамин басқа­рып отырған Үкімет алға қойылған мақсат­тарды жүзеге асыруға қабілетті. Кәсіби деңгейі жоғары, мүмкіндіктері мол. Біз бұл күрделі кезеңнен де абыроймен өтеміз. Оған мен кәміл сенемін, – деп ойын қорытты ­Мемлекет басшысы.
Отырыстан кейін Президент сайлау­алды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жасалған Үкіметтің жобалық офисінің жұмысымен танысты. Қ.Тоқаевқа Жо­балық офисті ұйымдастырудың негізгі жолдары, басым бағыттары, мақ­саттары мен міндеттері жөнінде мәлімет берілді.

Дәуіржан Төлебаев,
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.