Аңызға айналған Ақмешіт

 Атырау өңірінде ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді дәріптеп жүрген ­«Елсана» руханият клубының жанынан «Алтын аймақ» жобасы­ өз жұмысын бастады. «Алтын аймақ» жобасының негізгі мақсаты – еліміздегі тарихи нысандардың жай-күйімен танысу, тарихи орындарға арнайы экспедициялар ұйымдастыру арқылы төл тарихымызды ұлықтау. Жоба аясында алғашқы экспедиция жұмысы Атырау облысы Жылыой­ ауданынан басталды. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жасақталды. Киелі жерлер тізіміне Құлшан ата жерасты мешіті мен Ақмешіт қорымының енгізілгені баршамызға белгілі.

Қоңыр даланы қақ жарып, ақ ­құ­мақты еспелеп, тал-жыңғылды теспелеп­ жатқан Жем өзенінің бойындағы Ақкиізтоғай ауылына қадам бастық. Боз бетеге өскен, шөлейтті белдемде орналасқан қасиетті топырақта пір Бекет Мырзағұлұлы, белгілі ғалым-әдебиетші Қабиболла Сыдиықов, ақын Меңдекеш Сатыбалдиев пен Аманқос Ершуовтың кіндік қаны тамған. Сонымен қатар Бекет атаның ата-анасы жерленген «Ақмешіт» қорымынан үш шақырым жерде орналасқан Аралтөбеден (кейбір деректерде «Аратөбе» деп те атайды) белгілі археолог Зейнолла Самашев ­сармат тайпасының көсемін тапқаны төл тарихымызға алтын әріппен жазылды.
Бекет ата Мырзағұлұлы ­«Ақме­шіт­ке зиярат жасап келушілер менің жиенім Құлшан бейітіне дұға оқып өтсін» деп өсиет қалдырған. Экспедиция мүшелері өсиетті орындап, ақбор төбенің баурайында орналасқан бабамызға дұға бағыштап, шырақшы Оңайқұл ағамыздың таңғажайып тың деректерімен танысты. Экспедиция құрамы Атырау облысы Жылыой­ ауданы­ Ақкиізтоғай ауылынан 31 шақырым жерде орналасқан Ақмешіт қорымына қадам басты. Бұл қорымда Бекет атаның атасы Жаналы, әкесі Мырзағұл, анасы Жәния, ұлы Тоғай жерленген. Пір Бекеттің алтыншы ұрпағы Ислам қажы Мырзабекұлы қасиетті қорымда шырақшылық міндетін атқарады. Біздің экспедиция құрамын шырақшының ұлы Мұхамеджан Исламұлы қарсы алды. Шежірешілердің деректеріне сүйенсек, Бекет ата Мырзағұлұлы 1750 жылы Жем бойындағы Ақ­мешітте дүниеге келген. Атасы Жаналыдан, ауыл молдасынан сауат ашқан. Жаналыұлы Мырзағұлдан және Назарқожақызы Жәниядан Алдаберген,­ Алдоңғар, Меңдіғұл, Бекет есімді төрт ұл, Әлпуаш, Ақмаңдай есімді екі қыз дүниеге келген. Батырлығы нағашысы Есет батырдан, көріпкелдігі мен әулие­лігі өз нағашысы Назарқожадан дарыған. Халық жазушы­сы Әбіш Кекіл­байұлы­ның бабасы Жаңайға Назарқожа бата ­берген абыз еді. Жаңай туған перзентіне Қожаназар деген есімді береді.
Иә, бүгінде рухани, мәдени, діни ошаққа айналған Ақмешітке қадам басатын халықтың қарасы көп. ­Павлодар облы­сында Мәшһүр-Жүсіп ­Кө­пейұлының арнайы ғылыми орталығы бой көтерді. Міне, Ақмешітте де арнайы ғылыми-зерттеу орталығы салынса ­деген ұсыныс бар. Экспедиция құрамы өз мақсатына жетті.

Әділбек Өмірзақов,
ҚР Журналистер одағының
мүшесі, «Алтын аймақ»
жобасының жетекшісі

Атырау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.