ОЮ-ӨРНЕКТЕРДІҢ ӨҢІРЛІК ӨЗГЕШЕЛІКТЕРІ

Байахмет ЖҰМАБАЙҰЛЫ,
этнограф
Қазақтардың «үш жүзге», «төрт тұмаққа» бөлінетініндей: батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстік болып орналасуы әсерінен киім кию пішімі, түрі аздап өзгеріске ұшырағанындай, ою-өрнектердің де өңірлік өзгерістерге бөлінетіні болады. Мысалы,­ Қазақстаның оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс өңіріндегі халқымыз тұтынған ою-өрнектердің атауынан ғана емес, қолданысынан да аздап өзгерістер кезігіп отырады. Шығыс Қазақстандағы найман, керей руларының қолданған ою-өрнектері ұсақ, ал оңтүстік өңіріндегі ұлы жүз, кіші жүз және қоңырат руларының қолданған ою-өрнектері аздап кесек келеді. Нақтылап түсіндірер болсақ, Шыңжаңның Алтай-Тарбағатай өңірінде киімдерге қолданылатын өрнектер «мүйіз» болса, Іле өңірінде «гүл» өрнегін басымырақ қолданады. Бұдан да анығырақ айтар болсақ, Іле өңірінде әйелдер кимешегіне «гүл» өрнегі түсіріліп, әрі ашық реңді болса, Алтай- Тарбағатай, Боғда өңіріндегі әйелдер тұтынатын кимешектердің өрнегі «мүйіз», «шытыра» «сағатбау», «құманбау» өрнектерін молынан қолданып, өңі солғындау болады. Міне, бұдан халқымыздың орналасқан өңіріне қарай ою-өрнектерінде де аздап өзгерістер барлығын аңғарамыз. Дегенмен, ою-өрнекті қолдану тәсілдері, орнында алшақтық болмауы мүмкін, мысалы, әдетте күйеуі жоқ қаралы бәйбішелер тек шытыра жақты кимешек киіп өзінің қаралы, күйеуі жоқтығын бейнелеп отыратын салт бар, міне бұл дағды Шығыс Қазақстан мен Шыңжаң және Моңғолия қазақтарында ұқсас екен.
Ал кіші жүз әйелдері «орамалы» бедерсіз, кимешекті сәндеп киюді ұнатады. Бұл бүкіл қазақ даласындағы үш жүздің ою-өрнектерді қолданудағы өзгешеліктер мен ұқсастықтарының әркелкілігі болмақ. Әйтсе де, ою-өрнектердің ұсақ-кесектігі, ашық-солғындығы тек өңірлік өзгеріс қана. Тұтас ұлттық, дәстүрлік қағидалар мен өрнектердің жалпы бітімі жағынан қазақтардың ою-өрнектері, негізінен, бір мазмұнда, бірдей көріністе бейнеленіп отырады.

Үндестік тапқан өрнектер

Қазақ ою-өрнектері қарапайым көзге барлығы бір өрнектей сезіл­ге­німен, өз ішінен алуан түрге бөлінеді. Жүйеден әзірге дейін бізге әйгіленген 300-ден астам өрнек үлгілерінің әрқай­сысының өз орны, рөлі, мақса­ты бойынша істеуге тиістілігін осы өнер­дің өзі-ақ әлдеқашан дәлелдеп, биікке көтеріп болған. Мәселе, бүгінгі мұрагерлері болған біздің түсінігіміз бен қолдануымыздағы жетесіздік өнердің бітімін әлсіретіп бара жат­қандай.

Мысалы, ою-өрнектер тұрмыста тігу, тоқымалау, соқпалау, термелеу, дәнекерлеу, қырнау, еріту, балқыту, қию, басу, күмістеу сияқты тәсілдер арқылы үй жиһаздары, түрлі құрал-саймандарға, үй мүліктері мен зергерлік бұйымдарға, алаша, сырмақ, құр, қоржын, ыдыс, киім, тіпті сайғақ тас, кешендер мен күм­бездерге дейін түсіріліп, халықтың көңіл күйін, тұрмысын, кешегісі мен бүгінін әйгілейтін энциклопедияға айналғандықтан, ою-өрнектің тұр­мыстағы орны көп саладағы өнерден әлдеқайда биік тұратындығы, сол себептен бұл өнердің тұрмыста қол­данылуы барысындағы тәртібін парық­тауды түйінді түрде айта кетуіміз керек.

Мұндағы біздің «үлгі» деп отыр­­ғанымыз, өрнектердің пайда болуын­­дағы жеке-дара бітімдері. Ал «тұр­мыста қолданылатын орны мен тәртібі» деп отырғанымыз, күнделікті кезігіп отырған «шаршы ою», «орта ою», «алқа ою», «шет ою», «күміс ою», «3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12 бұрышты оюлар», «дөңгелек», «томарша» оюлар. «Бұрыш ою», «жиек ою», «жарым шеңбер», және «су», «кеспе ою», «құшты ою», «босаға ою», «жан ою», т.б.

Әдетте «бұрыш», «орта», «шет», «шаршы» оюларды «өз алдына үлгі» деп қарайтын жаңсақ ұғымға түсініктеме негізінде. Бұлар ою-өрнектердің қолданылу тәртібі екенін мына сызбадан нақтап көре аласыз.


Ою әдістері, яғни түрлерінің бүгінгі күні «үлгі» мен шатасып кеткені. Ендеше, осы айтқан «оюларымыз» белгілі бір заттың, яғни сырмақ, түскиіз, төркөрпе болсын, сол заттың бір бетінен «жиегі», «шеті», «ортасы», «басы», «шаршысы», «бұрышы» сынды болып түсірілген өрнектердің орны ғана. Мәселе осындай орналастыруда сол бұйымның түріне, пішіміне, ұсталымына қарап орнын тауып, көркемдік өреге көтерілуі – бұл өнердің міндеті болмақ. Себебі өрнектердің әрқайсысын осы орында лайықты, жарасымды орындарға орналастырғанда барып, әрбір үлгіні дара немесе құбылтып, байытып, түрлендіріп, бейнелерін үйлестіріп қолдануға әбден болады.
Мысалы, «қошқармүйіз» өрнегі десек, осы өрнекті құбылту, дамыту арқылы неше жүз нұсқамен туындатып, істелген бұйымның ұсынылымына, бейнесіне қарап жапсыра беруге болады. Мұнда қадағалап айта кетеріміз, тағы да өрнектердің маңыз-мақсаты арқылы орнын тауып қолдану негіз болмақ. Сондықтан үлгінің әсілгі жұрнағына құрмет ету – ең маңыздысы. Десе де, бір затқа бір түрлі үлгі ғана жапсырылуы некен-саяқ кезігеді. Арналған затты адамның мақсатына қарай, мазмұны сәйкесетін бірнеше өрнекті бір-біріне сіңістіріп, сәйкестіре түсіру ­керек. Алайда әрқалай зат пен сол затқа түсірілетін үлгінің мазмұны, орны, пішімі, ұсынылатын немесе тұтынатын мақсатына қарай алуан түрлі болып түсіріліп отырды.
Мысалы, киім-кешектерге түсірілетін ою-өрнектер мен сырмаққа түсірілетін, ағаш бұйымдар мен кесте бұйымдарға түсірілетін, қара темірлер мен зергерлік бұйымдарға түсірілетін өрнектер пішімі жақтан да, түрі, мазмұны жақтан да бір-бірінен мүлдем алшақ болады. Әдетте киім-кешектерге ұсақ ою-өрнектер түсірілсе, кесте бұйымдарға одан да ұсақтап түсіріледі. Бұларға қарағанда сырмаққа түсірілетін өрнектер кесек болады, әрі мазмұндық жақтан екеуі бір-бірімен ұқсас болады. Әдетте ою-өрнектерде «құсқанаты», «жебе ұшы» үлгісіндегі өрнектерді сырмақтарға түсіріп тілек білдіруге болмайды. Ал «тұлға ою» үлгісі мен нақтылы бейнеленген аң- құс үлгілерін киімге түсіруге болмайды. Кесте, тоқыма бұйымдарға түсірілген ою-өрнек үлгілері біз айтып отырған қазақ ою-өрнегінің негізі болғанымен, ісінің жіңішкелігі, өрнектердің нәзіктігі қолданылатын үлгілерді қалайда өзгеріске ұшыратады. Десе де, олар да жоғарыдағыдай мазмұн, мақсатқа құрылады.
Ежелде әйелдердің көйлегінің етегіне «өрмекші», «қоңыз» өрнектерін түсіретін болған. Мұнысы – әйелдің таза жүруіне, пәле-жаладан аулақ болуына тілек. Ал ерлер шалбарының балағына «қошқармүйіз», «гүл» өрнегі түсіріліп, бұнысы байлықты, ұрпақты болуды тілеу болса, шапандардың жауырынына «табақ» оюын, өңірлеріне «жілік», «жебеуші» өрнектерін түсіріп, «батырлықты, ерлікті, ақжолтай болып, жеңіспен оралуды» тілеген. Міне, бұлардан біз тағы да ою-өрнектерді орнын тауып істетіп, ғылыми өреге көтеруіміз кезек күттірмейтін жұмыс екенін білуге болады. Сондықтан ою-өрнектердің көлемінің кеңдігін, маңыздылығын мойындай отырып, оның орындалу амалдарынан хабардар болуымыз керек.
Ою-өрнектер бейне музыкадағы нота сияқты ырғаққа, өлең ұйқастары сияқты буын, ұйқасқа бойұсынғандай бір-бірімен қабысып, мазмұн арқылы ырғақтарын аңғартудай ерекшелігімен менмұндалап тұрады. Мысалы, «су», «жиек», «қоршама» сынды өрнектер бұйымдардың шетін сәндеп, әрі жарасымдылығын арттыратын ұзын бойлық сызықтарға түсірілетін өрнектер болғандықтан, басқа өрнек үлгілерінен өзгеше болады. «Ирек», ­«шытырман» «тау», «су,» «із» сияқты үлгімен бейнелеу өзгеше өрнектерден реңдік және бейнесі жағынан құбылып келгенімен, мазмұндық жақтан тұрақты болады. Қорытып айтқанда, әрбір өрнектеріміз халқымыздың ұлттық ерекшелігіне қарай айқын бояумен көрнекіленіп қалмастан «гүл», «шөп», яғни «мүйіз» және зорофоттық (аспан әлемі) бейнедегі үлгілерді дара-дара қасиетін айқындаумен үш бұрыш, төрт бұрыш, дөңгелек және ромбы аумақтарына біріктіріп, табиғиландыру арқылы реалдық және қиялдық бейнені қауыштырып біріктіру мен ықшамдау, әсемдеу, қосу, үйлестіру және геометриялық пішіндерді құбылту сияқты тәсілдер арқылы әрбір үлгінің образдық құрылымдарының ерекшеліктерін жетік игере отырып, халық санасының терең түкпірінен орын алдыру арқылы халықтың арман-тілегінің негізін айшықтау үшін жоғардағы ерекшеліктерді барынша пайдаланып отыруымыз керек.
Қазақ ою-өрнектері дүниежүзі халықтарына тән біркелкі заңдылық сияқты симметрия заңына сүйене отырып, ою композициялары болған. Мысалы, қарапайым айналы симметрия. Бұрыштық айналы симметрия (дәлдік заңдылығы). Айналмалы бұрыштық симметрия (дәлдік заңдылығы). Аралас симметрия (дәлдік заңдылығы). Айналмалы транслитерация (бояу, реттілік, үндестік, қайталану) және колория аралас транслитерация, еркін композиция (жарасымдылығы) сияқты дәстүрді еркін қолданды. Міне, мұндай ғылыми әдісті халқымыз ежелде әдеттегі қарапайым қиялдаумен дамыту арқылы ұлғайта білгенін ашық айтқан жөн.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.