Бәсекелестік бәсең болып тұр

Қазір жаз мезгілі. Шілденің шіліңгір ыстығында көлге ­шомылып, жан рақатын сезінгенге не жетсін?! Мұндай қуаныш екінің біріне бұйыра бермейді. Жазғы демалыс басталғаннан бері қуықтай үйдің төрт қабырғасында қамалып, планшет пен ұялы телефонға үңілген талай баланы­ көріп жүрміз. Ата-ананың да көңілі алаң. Бала-шағасын ертіп табиғаттың аясында тыныстап,  балық аулап, саумал ішіп, суға шомылып қайтуға мүмкіндік бола бермейді. 

Осындайда ішкі туризм саласында атқарылар шаруаның шаш етектен екені көрініп тұрады. Бізде бірізділік жоқ. Тәп-тәуір басталған істің соңы құрдымға кетіп жатады. Мемлекеттік тұрғыда арнайы бағдарлама қабылданып, мектеп оқушыларын бөліп-жармай, түгелімен кезек-кезегімен еліміздің табиғаты­мен таныстырып, ғажайыптарын көрсетсе, суға шомылып, демалса, бала кезінен елінің ұлттық құндылықтарын көріп өсіп, ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуіне күш салса – еліміздің ертеңіне көңіл бөлініп, жағдай жасалса ол бала елінің ертеңін ойлар тұлға болып қалыптасар еді. Әзірге мұның бірі де жоқ. Бәлкім, бірен-саран бала лагерьге жолдама алар, бірен-сараны мектеп жанындағы лагерьде түске дейін уақытын өткізер, мұның берері шамалы.
Жақында Алма-Арасанға жол түсіп, атақты Аю-сай шатқа­лына дейін аралап қайттық. Сонда байқағанымыз, Алма-Арасандағы бір-екі жерден басқа демалыс орындарының барлығы қаңырап бос тұр. Бәлкім кешкі мезгілде адам баласы көрініп, жұмыс қызар. Ал күндізгі шыжыған ыстықта сая іздеп, демалушылар ол жерлерге бас сұға қоймасы анық. «Демалыс орнын ашқан екен, жұмысына жан-тәнімен кірісіп, айналасын көгал­дандырып, демалушыларға неге жағдай жасамайды?» деген­ сауал туындайды. Өзара бәсекелестік жоғы байқалады. ­Мә­­селен, атауы жаныңа жақын «Шаңырақ» демалыс аймағына бас сұқтық. Есік алдында кесесі 300 теңгеден қымыз сатып отыр­ған 5-6 жасар бала мандытып жауап бере алмады. Оның ай­­туынша, киіз үй немесе отыратын орынды жалға алу құны ­кө­­ле­міне қарай 20-45 мың теңгенің аралығы. Ал жалға алмай, сол жерде демалғыңыз келсе дайын тұрған дастарқан мәзірі жоқ…
Елімізде ішкі туризмді дамыту, елге турист тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, қызмет көрсету сапасы әлі де болса көңіл көншітерлік емес. Кезекті еңбек демалысын алып, тек демалыс орнын емес, емдеу-сауықтыру шипажайын таңдайтындардың қатары жыл санап артып келеді. Қазір интернеттің дамыған заманы. Шипажайдың сайтын қарап, қалағаныңа бара бер. Дей тұрғанмен, сайттағы ақпаратты нақтылап алу қажет. Жақында танысым басынан өткен келеңсіз жайтты айтты. Сайттағы ақпаратта терапевт және т.б. үш дәрігер қызмет ететінін көріп, «бір оқпен екі қоян атып», демалып әрі емделіп келмекші болып жолға шығады. Барса – үш дәрігер дегені бір адам болып шығыпты. Ол кісінің өзі тамыр ұстап, диагноз қояды-мыс. Ешқандай медициналық құрылғысы жоқ жекеменшік шипажайдың бұл әрекеті заңға қайшы, әрине. Мұндайды қазекем «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деп бірауыз сөзбен жеткізген. Сондықтан мемлекеттік, жекеменшік шипажайлардың барлығы жауапты мамандардың назарында болуы тиіс.
Көпшіліктің Алакөл дегенде елең ете түсетіні бар. Алакөл­дің суы да, балшығы да таптырмас ем. Биыл да көлге барушылар саны көп. Ішкі туризмді дамыту бағытында «Алматы-Үшарал», «Астана-Үшарал», «Талдықорған-Үшарал», «Астана-Үржар», «Алматы-Үржар», «Өскемен-Үржар», «Семей-Үржар» бағытында ұшақ бар. Мәселен, «Алматы-Үржар» бағытының билеті 14 мың теңге. Билеттің құны өзге бағытқа қарағанда тиімді болғанымен, жаз мезгілінде ұшаққа да, пойызға да билет­ жоқ. Маусымға байланысты ашылған қосымша рейстердің бағасы 28-30 мың теңге, екі есе бағаны қойып отыр дейді білетіндер. Жеңіл көлікпен барудың машақатын, жолдың зардабын­ тартқандар біледі.
Айтпағымыз, үш ай суға шомылатын маусымда Алакөлге еліміздің ішкі қалаларынан тікелей авиарейс ашып, пойызды күніне бірнеше мәрте қатынайтын етіп қойса өзге елге кететін қаражат өз қалтамызда қалар еді деген ой.
Қазақстан Республикасының туристік саласын дамыту тұжырымдамасында «2020-2023 жылдары – ішкі және шығу туризмін одан әрі дамыту жоспарлануда. Бұл кезеңде еліміздің туристік әлеуетін белсенді жылжыту, инфрақұрылымды дамыту­ды жалғастыру, адами ресурстар әлеуетін нығайту және маркетинг саласында басқа да іс-шараларды орындау маңызды. Сонымен қатар осы кезең ішінде барлық ел бойынша туристік жобаларды дамыту үшін туристік ұсыныстарды әртараптандыру және шағын және орта бизнес кәсіпорындарын қолдап, 2017-2019 жылдардың іс-шараларын іске асыру жалғастырылады. …Туризм саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру және экономиканың басым бір секторы ретінде саланы дамыту жағдайларын қамтамасыз ету үшін әлемдік туристік нарыққа қазақстандық туризмді ықпалдастыру үшін қазіргі заманғы жоғары тиімді және бәсекеге қабілетті туристік кешендер құрылатын болады» делінген.
Құптарлық іс. Дегенмен, әлемдік нарыққа шығу үшін ішкі бәсекені нығайтып, қызмет көрсету сапасын арттыру бүгінгі күннің кезек күттірмес мәселесінің бірі.

Бағдагүл Балаубаева,
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.