ӨСІП-ӨРКЕНДЕУ ЖОЛЫНДА

«Бүгін, біріншіден, Түркістан қаласының негізгі даму жобасын бекіту үшін, екіншіден, шаһарды еркін экономикалық аймақ етіп жариялансын деген Жарлықтарға қол қойдым. Аман болсақ, 2-3 жылдың ішінде Түркістан жайнап, басқа қала болып, еңсесі көтеріліп, бәріміздің қуанышымызға өсіп өркендейтін болады» деген еді Елбасы Н.Назарбаев өткен жылы Түркістан облысына келген ресми сапарында. Жарлықтарға жариялы түрде қол қойылғанынан бергі уақытта киелі қала көп өзгеріп, көз қуантатын іргелі нысандардың іргетасы қалануда.

ДАМУҒА БАСТАР  ҮШ БАҒЫТ

Түркістанның сәулетін үш бағытта дамыту көзделіп отыр. Жан-жақты сараланған Бас жоспарға сәйкес, қала құрылысы мен сәулеті жүргізілетін бірінші бағыт бойынша 88,7 гектар­ жерге орналасқан Қожа Ахмет­ Ясауи­ кесенесінің маңындағы «Тарихи­ аймақтағы» 18 нысан қайта жаңғыртылатын болады. Әрине, кесененің аумағы қалаға келген туристер көп шоғырланатын жер. Сондықтан да «Тарихи аймақтағы» нысандардың жәдігерлік құндылығын сақтай отырып, қайта жаңғырту маңызды болмақ.
Тарихи аймақты жалғап жатқан «рухани-мәдени орталық» аймағында бой көтеретін 9 нысан: «Ұлы дала елі» кешені, «Қожа Ахмет Ясауи мұражайы», «Амфитеатр», «Шығыс моншасы», «Әуенді субұрқақ», «Қабылдау орталығы» мен «Түркі халықтарының ғылыми кітапханасы», «Неке сарайы»,­ «Сауда орталығы» туристер мен тұрғындарға қызмет көрсетіп, әрі көпшіліктің тамашалайтын орындары болады. Бүгінде бұл екінші бағыт бойынша ғимараттардың құрылысы басталып та кеткен, биыл 4 нысан пайдалануға берілмек.
Үшінші бағыт аясында аумағы 1350 гектар болатын әкімшілік-іскерлік орталықта 17 нысан салынуда, оның 7-еуін биыл пайдалануға беру жоспарланған. Өзінің тарихи­ құндылығын сақтай отырып, заманауи­ үлгіде қайта жаңғыртылып жатқан облыс орталығында жоспарға сәйкес 89 нысанның құрылыс жұ­мыстары жүреді. Бүгінде Түркістан қаласында 27 нысанның құрылысы облыс­ әкімдіктерінің және ұлттық компаниялардың қаржыландыруымен салынуда. Сондай-ақ биыл Түркістан қаласында 52 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Мерзімі белгіленіп, қаржысы қаралған әрбір нысанның сапалы салынуы және кестеге­ сай жүргізілуі маңызды. Оның ішінде, тұрғын үй құрылысының алар орны ерекше. Өткен жылдың екінші жартыжылдығында «Отырар» мөлтек ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 5 қабатты әрқайсысы 60 пәтерден тұратын 20 тұрғын үй салу жоспарланған болатын. Бүгінде сол аталған тұрғын үй құрылысының 14-і салынып, аяқталуға жақын. Ал 6 тұрғын үйдің құрылысы жуық арада басталмақ. Тұрғын үйлердің жобалық-сметалық құны 7 млрд. 440 млн теңгені құраса, аумағы 7,4 гектар жерді алып жатыр. Құрылысты 7 мердігер мекеме жүргізуде. Осы мөлтек ауданда, сондай-ақ жеке инвестор есебінен көпқабатты 6 ипотекалық тұрғын үй салынуда. Бұл үйлер «7-20-25» бағдарламасы аясында пайдалануға берілмек.
Әкімшілік-іскерлік орталығынан 7 қабатты көп пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысына бүгінгі таңда 4,8 гектар жер телімі бөлінген, қажетті техника­лық құжаттары жинақталған. Қала тұрғын­дарының салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысуына жағдай жасау мақсатында 16 шағын футбол алаңы мен теннис корттарын салу жоспарланып отыр. Осыған сәйкес, негізгі көшелер бойы мен саябақтардан жалпы аумағы 12,8 гектар болатын қолайлы жерлер анықталған. Қаланы ауызсумен қамтамасыз ету бойынша Мырғалымсай және Біресік-Қантағы су кен орындарының қорын қайта бағалау үшін 6,6 млн. теңге қаржы бөлінді. Әкімшілік-іскерлік орталықты ауызсумен қамтамасыз ететін магистралдық суаққының құрылысына бюджеттен 2,1 млрд. теңге қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары басталған. Облыс орталығының 11,8 пайызы орталықтандырылған су тарту жүйесімен қамтылған. Бүгінде Түркістан қаласын 83 пайызға таза сумен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар басталған. Сонымен қатар газ, жылу, жарықпен қамту бойынша нақты жобалар жүзеге асырылуда.

МАҢЫЗДЫ ОН ҚАДАМ

Климаты құрғақ, шөлді, жаз мезгілі ұзақ болатын Түркістанды көгалдандыру мақсатында, ең алдымен, суландыру жүйесін жетілдіру маңызды. Жаздың аптап ыстығында егілген ағаштар мен гүлдер, шалғындарға су жеткізу өзекті мәселелердің бірі. Өзекті мәселенің шешімі де табылып, бүгінде бірқатар жұмыстар қолға алынуда. Мысалы, қаланың бірнеше бағытынан келетін каналдарды күрделі жөндеуден өткізіп, қала ішіндегі лоток­ арықшаларға су тарту жұмыстары қызу жүргізілуде. Қарашық өзенінен бастау алатын Қотырбұлақ каналынан Кентау тас жолы арқылы Парасат паркіне дейін сол жағы 4,3 шақырым, оң жағы 4,2 шақырым лоток арықтары тартылса, Кентау тас жолы бойында егілген ағаштар мен Парасат паркін және қосымша Қазыбек би көшесі арқылы қаланы суландыруға болады. Сонымен­ қатар Арыс-Түркістан магистралды­ каналынан қала ішіне бірнеше канал­дар босатылған. Осы каналдарды қайта күрделі жөндеуден өткізіп, іске қосу арқылы қаладағы ирригациялық арықшаларға су тартылады. Қала бойынша ұзындығы 70,2 шақырым болатын 17 көшеде ирригациялық арықшалар бар. Бұған қоса, биыл орталық аймақтың 47 көшесіне 54,1 шақырым арықшалар орнатылады. Алдағы уақыттарда рухани-мәдени, әкімшілік-іскерлік орталықтарда және іргелес жатқан аумақтағы көшелерде салынатын жолдардың бойына жобамен 100 шақырым арықшалар орнату қарастырылуда. Яғни бұл жобалардың барлығы Түркістанның экологиясын оңалтып, климатын жақсарту үшін жасалатын қадамдар. Қаланың барлық аумағындағы көпшілік орындарды (саябақ, спорт кешендер мен гүлзарлар) жаңғырту мәселесі де маңызды. Бұл орайда, облыс әкімі Ө.Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, халық көп шоғырланған орталық көшелер бойынан қоғамдық гүлзарлар мен аллеяларды көбейту бойынша бірнеше демалыс алаңшаларын салу жоспарланып отыр. Бұл орайда, қала ішіндегі негізгі көшелер бойынан жалпы аумағы 172,2 гектар болатын қолайлы жерлер анықталған. Оның ішінде, Б.Саттарханов даңғылында орналасқан ескі жасанды каналдың бойы абаттандырылып, 3 гектарды құрайтын аумақта автотұрақ, субұрқақ, отбасылық саялы гүлзарлар салынады. Қазіргі таңда көпшіліктің демалыс орнына айналған «Рәміздер алаңы» осы гүлзарлармен жалғасады. Қаланың әр аумағынан 10 гүлзар жасалады. Кентау тас жолы бойынан 5 гектар жерге «Жастар» аллеясы мен Пошанов көшесінен аллея салу да жоспарланған. Байтанаев көшесіндегі гүлзар абаттандырылып, Тәуке хан даңғылы мен С.Ерубаев көшесі аралығындағы су қоймасы аумағынан отбасылық саябақ ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ Р.Сейтметов театры маңындағы гүлзар абаттандырылады.
Бұдан бөлек, Әзірет Сұлтан қорық мұражайы аумағынан этносаябақ салу мен Шәуілдір тас жолы бойынан дендропарк жобасын жасау, ТГЖД аумағындағы ескі қорым орнынан, Тәуке хан даңғылынан гүлзарлар салу, Тәуке хан даңғылынан О.Жарылқапов стадионына кіреберіс аумағын ашып, Есім хан алаңынан бастап теміржол вокзалына дейінгі аралықтағы 4,8 шақырым, 19,2 гектар бос алаңшаларды абаттандыру жоспарланған. Бүгінде осы саялы гүлзарлар мен саябақтардың құрылысы үшін қажетті аумақтардан мемлекет мұқтаждығы үшін 400-ге жуық нысандар алынатындығы белгілі болып, заң талаптарымен қайтару жұмыстары басталған.
Қала аумағын көгалдандыру мақса­тында өткен жылдың күз айында көше бойларына 46 мың түп ағаш, 500 мың түп қызғалдақ гүлі егілген. Орталық аймақта орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін көшелерге, жаңадан салынатын гүлзарларға және қолданыстағы саябақтар мен гүлзар, аллеяларға биыл жыл соңына дейін 1 миллион түп гүл, 100 мың түп ағаш отырғызылады.­ Абаттандыру шаралары бойынша негізгі жұмыстардың бірі – Алматы, Нұр-Сұлтан қаларындағы абаттандыру тәжірибелеріне сүйене отырып, Тәуке хан даңғылы, С.Қожанов көшесі бойындағы ХҚТУ және медициналық колледж сияқты оқу орындарының және тағы басқа да нысандардың жол бойы мен ғимараттары аралығында «Кең көріністі кеңістік» қалыптастыру. Яғни темір шарбақ қоршаулар мен жапсар­лас салынған уақытша құрылыстар бұзылып, жаяу жүргіншілер жолдарын кеңейту мен жасыл желектерді абаттандыру арқылы сауда үйлерінің қасбеттері біркелкі сәулеттік үлгіге келтірілуде. Шамамен, қала ішінде 42 шақырым көшеге жарықтандыру, тротуар салу жұмыстары жүргізілмек. Айта кетелік, қаланы көгалдандыру, саябақтар мен гүлзарларды, тік ұңғымалар мен субұрқақтарын, ирригация жүйелерін күтіп ұстау жұмыстарын жүйелі жүргізу мақсатында «Жасыл Түркістан» коммуналдық-мемлекеттік мекемесі құрылған.
Қоршаған ортаға, экологияны оңалтуға бүгінде саны арта түскен көліктердің де тигізер елеулі әсері бар. Қаланың орталық аумағында 3 автобекет, 2 автовокзалдың және орталық базардың орналасуы, көлік легінің көптігі жол қозғалысына кедергі келтіретіндіктен, автобекеттер мен автовокзалдар, қаланың шығыс және батыс кіреберіс бағыттарына көшірілмек. Сондай-ақ Түркістанның кіреберіс қақпасын қаламен жалғап жатқан, ұзындығы 5 шақырым болатын Бекзат Саттарханов даңғылын 6 жолақты етіп кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Осы жылдың сәуірінде басталған жолды кеңейту жұмыстары екі кезең бойынша іске асырылады. Бірінші кезеңде 3 шақырым жол кеңейтіліп, шілде айының соңында пайдалануға беріледі, ал екінші кезеңде қалған 2 шақырымы кеңейтілетін болады. Бұл жұмыстардың барысында жолдың ені 18 метрге кеңейтіледі. Жалпы Б.Саттарханов даңғылын кеңейту жұмыстарын биыл қазан айында аяқтап, ел игілігіне беру жоспарланған. Даңғылдың қажет ететін аумағынан жерасты өткелдері және қиы­лысатын көшелерге оң жақ бұры­лыстар ұйымдастырылады. Б.Саттар­ханов даңғылының бойындағы бірін­ші қатардағы бос аумақтарды «таунхаус» үйлерімен жабу жобасы да қарастырылуда.
Сондай-ақ киелі қала аумағындағы 9 базар, 8 сауда қатарының көпшілігінде «Сауда базарлардың қызметін ұйымдастыру ережесінің» талаптарына толық сәйкес келетін сауда алаңдары жоқ. Сондықтан да 80 пайызы модернизациялауды қажет етеді. Бүгінде ретсіз сауда орындары, базарлардың маңын қайта жаңғырту, заң талаптарына сәйкес сауда орындарын жүйелеу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Көптеген кәсіпкерлер мен саудагерлер талапқа сай келетін 1200 бос сауда орындары бар «Алтын бұлақ» базарына көшірілді. Қаладағы көлік бағыттарының 9 бағыты осы базарға қарай бағытталған. ­Сонымен қатар қала аумағындағы базарларды және нысаналы мақсатына сәйкес келмейтін сауда алаңдарындағы сауда нүктелерін бір жүйеге келтіру мақсатында қала сыртынан құрылыс материалдары және киім-кешек, азық-түлік тауарлары және автотұрақ үшін 50 гектар жер белгіленген. Оның 17 гектары Қызылорда, 15 гектары Кентау және 18 гектары Шәуілдір бағытында. Бүгінгі таңда сауда алаңдарын көшіру туралы базар басшыларымен меморандум түзілген. Сонымен қатар осы бағыттағы жоспарлы жұмыстардың қатарында Түркістан қаласы аумағында көшпелі сауданы жүзеге асыру үшін арнайы бөлінген орындарда стационарлы емес сауда алаңдарын бекітіп, «Көшедегі 1000 сауда нүктелері» ­жобасын жүзеге асыру көзделіп отыр. Аталмыш жобада талапқа сай, қаланың сәулетіне көрік беретін біркелкі заманауи дүкендерді орнату және қаладағы ретсіз сауданы ретке келтіру көзделген. Тәуке хан даңғылы бойындағы сауда орындары мен базарларды, автобекеттер мен автотұрақтарды қала шетіне мамандандырылған қызмет түрлері мен реттері бойынша шығару жұмыстары қолға алынбақ.

САУДАДАН  ТУРИЗМГЕ ДЕЙІН…

– Үкімет тарапынан облыс үшін аса маңызды 5 қаулы қабылданды. Оның біз үшін ең маңыздысы – «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары». Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, идеологиялық дамуының төрт бағыты айқындалды, – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жуырда облыстық мәслихат депутаттары алдында берген есебінде. ­– Бұл­ идеологиялық ұстанымның бірінші басымдығына сай – осы қалаға келген адам күллі Қазақ мемлекетінің басынан өткен тарихи оқиғалардан мағлұмат алатындай болуы тиіс. Келген туристер өңірімізде орын тепкен киелі жерлерге зиярат етіп, туристік бағыттарды ­насихаттайды. Екіншіден, Түркістанда әлемдік деңгейдегі шеберлер орталығы болуы керек. Өйткені Түркістанда орын тепкен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – әлемде теңдесі жоқ сәулет туындысы. Ғажайып ғимаратта ғасырлар бойы қалыптасқан өркениеттік құрылыс тәжірибесінің ізі жатыр. Кесененің құрылысында түркі өрке­ниетінің нақыштары мен ою-өрнектері, көне замандардағы сәулет және бейнелеу өнер туындысы көрініс тапқан. Тарих­ қойнауында қалған, көнеден келе жатқан ұлттық қолөнерімізді кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін, шеберлік құпиялары мен қолөнер технологияларын сақтау, нығайту және жаңғырту үшін жағдай ­жасау қажет. Үшіншіден, Түркістан тоғыз жолдың торабында орналасқан ірі сауда орталығы болған. Бүгін де бұл қаланы ірі сауда, өнер, туризм орталығына айналдырудың кешенді тетігін дайындау қажет. Заманауи­ қолөнер цехтары, қыш-шыны индус­трия­сы, тері өңдеу мен тұскиіз фабрикалары, кілем тоқу өнімдері Түркістанның және Ясауидің кескіні мен келбетін насихаттайтын орталықтарға айналуы керек. Әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу тетігі мәдениет, өркениет, сауда, сәулет, қолөнер, музыка сияқты салаларды қайта жаңғыртудан басталады. Кеше тарихи Ұлы Жібек жолы да осы Түркістаннан өткен болса, бүгін де сол жол жалғасып келеді. Төртіншіден, Қожа Ахмет Ясауи – жалпы түркі руханияты кеңістігінде өзіндік ілім қалыптастырып, исламдық құндылықтар негізінде ғылымның моральдық-этикалық арнасы мен үлгісін көрсетіп кеткен тарихи тұлға. Ол діннің тілін ежелгі түрік тілінде хикметпен сөйлетіп қана қойған жоқ, көрген қиындықтарға қарамастан, түркі халықтарының дәстүрлі мәдениеті мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін ислам дінінің талаптарына сай қалыптастырды. Ясауидің артына қалдырған өшпес мұрасы оның еңбектерінде жатыр. Осы мақсатта Қожа Ахмет Ясауидің Түркия, Өзбекстан, Иран, Индонезия және ­Еуропа елдеріндегі шәкірттерінің басын қосатын симпозиум ұйымдастыру ­жоспарда бар.
Ресми мәліметтерге қарағанда, өткен жылы Түркістанға 152 124 турист келген. Ал Түркістан қаласына «бір күндік келушілердің» саны – 1,5 миллион адамға жетіп отыр. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 15,2 пайызға артық. Көрсетілген қызмет көлемі де алдыңғы жылмен салыстырғанда 23,3 пайызға артқан. Туристер облысқа тек бір күнге емес, бірнеше күнге саяхаттауға келуі тиіс. Осы орайда экологиялық, тарихи-мәдени және танымдық бағытта 57 туристік маршрут әзірленген. Облыс­ әкімінің айтуынша, «Зияратшылар орталығы» ғимаратын «Ұлы Жібек жолы» ұлттық қолөнер шеберлері орталығы» етіп қайта жасақтау да ірі жобалардың қатарына жатады. Орталық дәстүрлі қолөнердің керамика, тоқыма, ағаш және былғарымен жұмыс, сондай-ақ­ зергерлік бұйымдар мен қола құю түрлерін ұсынады. Қолөнершілер үшін дуалды білім беру орталығы ашылмақ. Шығыс базары да іргелі туристік жоба. Саттарханов­ көшесінен қолөнер шеберлері орталығына дейін орналасатын жобаға 16 гектар жер телімі белгіленген. Мұнда бес – Қытай, Үнді, Иран, Түркия және тағы басқа базар түрлері қарастырылған. Жалпы ұзындығы 800 метр 40 мың шаршыметрлік сауда қатары, 30 мың шаршыметрлік 50 тамақтану орны және 30 мың шаршыметрлік хостел, 5 жұлдызды қонақүйлерге дейін салынады. «Түркістан-Самарқанд» теміржол бағытында жоғары жылдамдықтағы пойыз жүргізу жобасы да қолға алынуда. Қолданыстағы Түркістан-Арыс-Сарыағаш-Өзбекстан шекарасына дейін теміржол желісі қайта құрылады. Бұл жоба бойынша өңірімізге Өзбекстаннан келетін туристердің саны алғашқы жылдың өзінде 350 мың адам, билет пен өзге де қызметтерден 8,7 миллиард теңге бюджетке түсім түседі деген болжам бар.


Түркістан қаласына сапалы инфра­құ­рылым жүргізу де өзекті мәселе. Бас жоспарға сәйкес, қаланың әкімшілік-іскерлік орталық пен мәдени-тарихи орталықты бұрын қолданылмаған инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Жаңадан салынып жатқан нысандарды жылумен қамтамасыз ету және оның сапалық көрсеткішін арттыру бойынша тиімсіз және ескі шешімдердің орнына жаңа технологиялар қолданылған. Қала халқын және нысандарды тұрақты және үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында үш қосалқы станцияның құрылысы жоспарлануда. Түркістанның экологиялық жағдайын жақсарту үшін ағымдағы жылдың соңына қарай тұрғындардың 56 пайызы «көгілдір отынмен» қамтылады.

Е.ӘБДІЖАППАРҰЛЫ

Түркістан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.