Жалақы төлеуде әділеттілік қажет

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде бірнеше маңызды мәселелерді көтерді. Соның бірі – шетелден келетін жұмысшылар мен олардың еңбекақысы туралы. 

«Атырау қаласында бірдей жұмыс атқаратын жергілікті және шетел­дік жұмысшыларға лайықты жалақы төлеп, әділеттілікті сақтау мәселесінің анық-қанығына жетуді Үкіметке тапсырамын. Егер инвесторлармен жасалған келісімшарттарға өзгертулер енгізу қажет болса, бұл мәселені күн тәртібінде ұстау қажет. Әрине, бұл оңай шаруа емес, түсінемін. Дегенмен­, бұл мәселені шешу қажет. Себебі ұлттық мүдделерді қорғау – барлық мемлекеттік органдардың басты мақсаты» деді Мемлекет басшысы.
Иә, Президент көптің көкейінде жүрген мәселені дөп басты. Бұл жайлы Қазақстан Республикасының Кәсіп­одақтар федерациясы үлкенді-кішілі мінберлерде әңгіме қозғап келеді.
– Теңіз кенішіндегі орын алған жағдай еңбек миграциясы саясатын жетілдіру қажеттігін айқын көрсетіп берді. Біздің ойымызша, бұл мәселенің механизмі ашық болуы керек. Шетелдік жұмысшылар туралы барлық ақпарат айқын болуы тиіс. Оның үстіне, олар біздің еліміздің еңбек-құқық заңдарын толық мойындауы қажет. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен мәдениетімізді аяқасты етуіне және басынуына жол бермегеніміз жөн, – дейді Қазақстан ­Республикасы Кәсіподақтары феде­ра­ция­­сының төрағасы Бақытжан Әбдірайым.
Кәсіподақ жетекшісінің айтуына қарағанда, шетелдік жұмысшылар еліміз­дің инвестициялық жағдайына селкеу түсірмеуі тиіс. Егер Қазақ­стан­ның еңбек және заң талаптарын бұзып жатса, олардың төлейтін айып­пұл көлемі миграция кірісінен айтар­лықтай жоғары болуы тиіс. Сонда ғана олар аяқтарын аңдап басады, заң шеңберінен асып кетпейді. Сонымен бірге, Бақытжан Жарылқасынұлының пікірінше, жұмыспен қамту мәселесі­мен айналысатын жекеменшік агент­тіктердің шетелдік жалдамалы жұмыс­шылармен байланысын тоқтату керек. Өйткені олар мемлекеттің мүд­де­сінен бұрын өздерінің қалта толтыратын жағдайларын ойлауға бейім.
– Еңбек миграциясы еліміздің еңбек нарығы мен қазақстандықтардың жұмыс табуына кері әсерін тигізбей, керісінше, мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге бағытталуы тиіс. Біз, кәсіподақ ұйымдары, жергілікті билікпен бірге осы мақсатта жұмыс жүргізіп отырмыз, – дейді Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының төрағасы.
Қазір Қазақстанда жұмыспен қамтудың барлық бағыттары бар. Соның бірі – аутстаффинг. Бұл, түсінікті тілмен айтқанда, жалдамалы еңбек деген сөз. Жекеменшік агенттіктердің көбі қазір жұмысқа орналастырудың осы түрін қош көреді. Әсіресе, құрылыс саласында кең қолданыла бастады. Жалдамалы жұмысшылармен еңбек келісімшартын жұмыс берушілер емес, агенттіктер жасайды. Осы арқылы еңбек заңдылығы бұзылады. Өйткені жұмыс берушілер жалдамалы жұмысшылардың алдында ешкім емес. Олар оқыс жағдай бола қалса бәрін жалдамалы жұмысшыларды әкелген компанияларға қарай ысыра салады. Мұндай жағдайда жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына келген зардаптың орнын толтыру мен олардың құқын қорғау мүмкін емес.
Бір сөзбен айтқанда, елімізде жалдамалы еңбекті реттеу бағытындағы заңның жоқтығы – негізгі мәселе. Пар­ламент Мәжілісінің депутаттары осыған байланысты заң жобасын әзір­леуге бастама жасаған еді. Кәсіп­одақтар федерациясы да осы жөнінде Үкі­метке ұсыныс тастады. Нәтижесі қалай болатынын алдағы уақыт көрсетеді.

Ғалым АСЫЛ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.