Татулық – басты құндылық

Қазақ  халқының болмыс-бітімімен біте қайнасып, тұрмыс-тіршілігі ортақ бір арнаға тоғысқан кәріс этнос өкілдерінің мәдени құндылықтары біздің елде де қалыптасып келеді. Атап айтқанда, өзіндік өрнектерімен, ұлттық болмысымен, ұлттық киімдерінің айрықша үлгісімен, сондай-ақ барша халықтар дастарқанының сүйікті мәзіріне айналған асханасымен ерекшеленетін кәріс халқының мәдени құндылықтары қазақ елінде де дамып келеді. Жалпы тарихи Отанында тұратын корейліктер өздерін «Коре сарам», яғни «Коре елінің адамдары» деп атайды.

1937 жылғы депортация салдарынан Қазақстанға 96453 кәріс күштеп көшірілген. Олардың көпшілігі Қызылорда облысы мен Алматы облысының Қаратал, Көксу аудандарына орналасқан.
1990 жылы Алматы қаласында Қазақстан кәрістерінің құрылтай съезі өтті, онда кәріс мәдени орталықтарының Республикалық қауымдастығы құрылды. Кейіннен ол Кәріс мәдени орталықтарының қауымдастығы деп өзгертілді. Қауымдастықты Юрий Андреевич­ Цхай басқарды. Барлық облыс­та ана тілін үйрену бойынша топтар мен көркемөнерпаздар ұжымы құрылған. Қазір Қазақстанда 99665 кәріс бар. Көксу ауданында 2000-ға жуық кәріс облыс, аудан­ жұртшылығымен ауызбіршілікте ғұмыр кешуде.­ Көксу ауданында кәріс ұлттық этно-мәдени орталығы 1984 жылы құрылды. Ең бірінші Цой Борис аталған орталықты 1986 жылы өз басшылығына алып, ана тілін үйрену бойынша топтар мен көркемөнерпаздар ұжымын, сондай-ақ «Ачимноль» бишілер ансамблін құрған.
Мұқаншы орта мектебінің директоры И.Кан 2006 жылдан бері кәріс қауымдастығын дамытуға өз үлесін қосуда. Қауымдастық ­ И.Кан­ басшылығымен аудандық іс-шараларға белсене қатысып отырады. Қоғамдық ұйымның негізгі міндеті мен мақсаты – кәріс мәдениеті мен тілін, салт-дәстүрін одан әрі ­дамытып, жаңғырту, қоғамның демократиялық жаңаруына диаспораның белсенділігін көтеруге көмек беру.
Мұқаншы орта мектебінде 2016 жылдың 18 мамырында Оңтүстік Корей елінен келген «WORLDSHARE» волонтерлық орталығымен кездесу өтті. Волонтерлық орталықтың өкілі Анна Цой мен «WORLDSHARE» волонтерлық орталығының менеджері Ли Мисс қонақ болды. Ол мұқаншылықтар үшін үлкен мақтаныш. Сонымен қатар 40-қа жуық кәріс келді. Мектеп оқушылары мен мектеп ұжымы волонтерлық орталық өкілдерін ерекше ықыласпен қарсы алды. Кездесуде әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Волонтерлық орталықпен спорттық ойындар, эстафеталық ойындар өткізілді. Кездесу соңы әдемі концерттік бағдарламамен аяқталды. Сол басқосуға келген­ корей елінің өкілдері Қазақстан халқымен бірге татулық пен ынтымақты ту етіп өмір сүріп жатқан қандастарының бүгінгі тыныс-тіршілігіне риза болып, алғыс айтты. Жиында сөз алған Ли Мисс жүрекжарды лебізін былай жеткізген еді.
– Біздің қандастарымыздың Қазақстанға тұрақтағанына өте қуаныштымыз. Біз өз елімізде жүріп, қандастарымызды бір сәт те естен шығарған емеспіз. Екі ел арасындағы татулық пен ынтымақтастықтың нәтижесінде қазақ жерін көзімізбен көріп, көңіліміз толып қайтты. Қазақ елінің қонақжайлылығы мен қарапайымдылығы бізді тәнті етті. Қандастарымыздың басына қиын-қыстау күн туғанда құшағын ашып, бір үзім нанын­ бөліп беріп, аман алып қалғандарына шексіз алғыс айтамыз. Мүмкін, басқа ел болса­ бұлай жасамас па еді? Қазақ еліне барша корейліктердің атынан рақмет. Ұлы Даланың ұлы ұрпақтары мәңгі жасай берсін, – деген ақжарма тілегін арнады.
Міне, бұл бірауыз сөз расымен де біздің көңілімізді көкке көтерді. Ата-бабаларымыз алғыс сөз есту үшін мұндай қадамға бармағаны белгілі. Олар өзінің адамгершілік қасиеттерін қай ұлттың өкілі болса да көрсетер еді. Босағасынан аттаған әр адамға қашан да төрден орын ұсынатын қонақжайлылығы арқылы қазақы тәрбиеден аттаған емес. Бұл – бәріміз үшін үлкен өнеге, зор сабақ болып қалады.
Бүгінгі таңда кәріс этно-мәдени орталығы аудандық, облыстық іс-шараларға белсене атсалысады. Олар өз салт-дәстүрімен қатар қазақы салт-дәстүрді де қатты құрметтеп, жоғары бағалайды. Салтанатты мерекелерде өздерінің ұлттық тағамдарын даярлап, қонақжайлылық көрсетуді де ұмытқан емес.
Кәріс этно-мәдени орталығының өкілі Ирина Пак қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Қазақ жастарына қазақ, кәріс халқының салт-дәстүрін түсіндіруден шаршаған емес. Әсіресе, қазақ ұлтының ұлттық киімдерін тігуде алдына жан салмайды. Қолөнермен айналысуды өзінің хоббиі санайтын нәзік жан қазақы әндерді тыңдағанды жақсы көреді. Дәстүрлі ән өнерімен сусындап өскен ол аудандық, облыстық байқауларға қатысып, қазақ тілінің болашағына бір кісідей алаңдайды. Бұл – екі этнос өкілдерінің татулық пен ауызбіршілігінің тұрақты екенінің дәлелі.
Татулық – басты құндылық. Олай болса, қазақ, орыс, кәріс, әзербайжан, татар, тағы да басқа этнос өкілдерінің татулығына сызат­ түспей, берекесі мен бірлігі арта берсін демекпіз.

А. ИСМАҒҰЛОВА

Алматы облысы
Көксу ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.