ДИКТОР

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері

Тілдік қорымызда «тұңғыш» деген сөз бар. «Түсіндірме сөздікте» оған «ең алғашқы», «бірінші» деп анықтама берілген. Егер осы ұғымды нақты өмірмен қабыстырар болсақ, онда бұл тұңғыш ұшқыш, ғарышкер немесе тұңғыш фотограф, альпинист деген сияқты мамандық түрлеріне саяр еді. Ал мұның өз кезегінде бізді сондай жандарды білуге, іздеуге жетелері анық. Туған еліміздің ауқымы аясымен алып қарағанда, жоғарыдағыдай ізашарлардың біразы көбімізге белгілі де. Белгісіздері ше? Мәселен, төл телевизиямыздағы тұңғыш қазақ дикторы дегенді алып қарайық. Иә, ол кім еді?! Қазір бар ма? Бар болса қайда?
2001 жылы газет тапсырмасымен осы сұраққа жауап іздегенбіз. Сөйтсек, ондай адам бар екен. Бар болғанда да алыста емес, ару қаламыз Алматыда тұратын болып шықты. Ол сол кездері көп жылдар бойы өзіміз өсіп, ержетіп, еңбек еткен ару қалада ғұмыр кешіп жатқан Ләзиза Аймашева апай еді.

– …Кез келген адамның өмірінде өзі ерекше қастерлейтін, жақсы көретін бір күндері болады, – деп бастады апай әңгімесін. – Мен үшін сондай күн ол – 8 наурыз. Неге дейсің ғой? Айтайын. Осы күні мен шыр етіп дүниеге келіппін. Бұл қуаныш па? Қуаныш! Осы күн сонау ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде біз сияқты әйел затының халықаралық мейрамы болып­ жарияланған екен. Ол мереке ме? Мереке!­ Бұл аз десеңіз, міне, сол күні, яғни 1958 жылдың 8 наурызында мен жаңадан ғана құрылып, жұмыс істей бастаған Алматы­ телестудиясының дикторы болып тұңғыш рет көгілдір экранға шықтым. Бұл есте қаларлық оқиға ма? Оқиға! Міне, осындай үш сәтті жағдайға байланысты өз басым 8 наурызды жақсы көріп, оны әр уақытта асыға күтемін.
– Сонда қазіргі қазақ телевизия­сының көрермендерге алғаш рет хабар берген күні 8 наурыз болғаны ғой.
– Иә. Дегенмен, тарих үшін нақтылап айта кетейін, 6 наурызда біз елге ілеспе сөзбен Медеу мұз айдыны туралы шағын бір сюжет көрсеткеніміз бар. Бірақ бұл барлау, байқау ретіндегі хабар еді. Осыдан кейін жоспарлы түрдегі нағыз шығармашылық жұмыс күні 8 наурызда жүзеге асырылды.
– Телевизияға диктор боп қалай келдіңіз? Бұрын сіз осы саланың маманы­ ма едіңіз, жоқ әлде?..
– Шынымды айтайын, бұл менің мүлде көрмеген, білмеген жұмысым еді. Студия, камера, микрофон деген­ сөздерді сол уақытқа дейін тіпті естімеппін де. Өйткені мамандығым, атқарып жүрген жұмысым басқа салаға қатысты еді. Алматы медицина институтын бітірген мен сол кезде орталық аптекада фармацевт-провизор болатынмын. 1958 жылғы қаңтар айының соңғы күндерінде, міне, осы жерге екі кісі келіп кірді. Менімен қазақша сөйлескен олар: «Қыздарымыздың бәрі мына сіз секілді өз тілін жақсы білсе ғой, шіркін» деп мақтап, келесі күні мұнда қайтадан бас сұқты. Тағы да әңгімелесті. Ақыры бір аптадан соң бұл екі кісі Алматыда Қазақстандағы тұңғыш телестудия ашылғалы жат­қанын, соған дикторлыққа адам іздеп жүргендерін айтып, менен соған орай ұйымдастырылған конкурсқа қатысуымды сұрады.
– Кешіріңіз, бұл кісілер кімдер еді? Олардың аты-жөні есіңізде жоқ па?
– Неге есімде болмасын?! Біреуі ақын Жаппар Өмірбеков болатын. Кейін білдім ғой, ол кезде бұл кісі сол жаңадан ұйымдасып жатқан телестудияның бас редакторы екен. Ал жанындағы адам сол телехабарлар тарату орталығының қызметкері Қадыр Дәуітов болып шықты. Жә, енді жоғарыдағы әңгімеме қайта оралайын. Мен олардың конкурсқа түсуге шақырған өтініштерінен ат-тонымды ала қаштым. Себебі экранға шығу, телекамера алдында отырып текст оқу дегендеріңіз сол сәтте маған мүмкін еместей бір өте қиын шаруа болып көрінді. Сондықтан да төселіп, бауыр басып кеткен фармацевтік жұмысымнан артық ештеңе жоқ деп ойладым. Бірақ… иә, бірақ содан көп кешікпей мен өзіміздің аптека басқармасының бастығы Сәлкен Сұбханбердин ағамызға шақырылдым. Сәкең жоғары жақтан телефон соғылғанын, мемлекеттік маңызы бар мұндай мәселеден шет қалмай, сарапшылар комиссиясына барып шығуымның қажет екенін ескертті.
– Ол конкурста сонда сіздерге қандай талаптар қойылды? Үміткерлер көп болды ма? Байқаудан қалай өттіңіздер?
– Дикторларды таңдап алу сынына 100-ге жуық адам жиналды. Дені – қыз-келіншектер. Жюри мүшелерінен есімде қалғаны: кейіннен республика кинематографистерінің басшысы болған Ғалымжанова апамыз бен сол кездегі радио және телевизия хабарлары жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Әбілғазин. Қалғандары ­жадымда жоқ. Ұмытыппын. Міне, сол сарапшылардың үміткерлерге қойған талаптары: сүйкімді кескін-келбет, ұнамды қимыл-қозғалыс, әуезді дауыс,­ айтқан сөзді қағып алып, бірден жаттап алатын зеректік, байсалды­ көзқарас еді. Мен және Нэлли Омарова,­ Зұлқия Жұматова үшеуміз, міне, осы сынның бәрінен сүрінбей өттік. Сөйттік те, әрі режиссер,­ әрі техник, оның үстіне гримдеуші-модельер Сәлима Естемесова­ апамыздың көмегімен студиядағы хабар оқу жаттығуына кірістік те кеттік. Содан 20 күн өткен соң көгілдір экранға шыққан жайымыз­ бар.
– Өзіңіз сөз арасында айтып кеткен Нэлли Омарова мен Зұлқия Жұматова… Бұл кісілер кімдер?
– Нэлли – орыс тіліндегі хабарларды оқитын диктор болатын. Зұлқия – қосалқы құрамдағы әріптесіміз-тін. Көп ұзамай ол Алматыдан кейін іле-шала ашылған Қарағанды телестудия­сына диктор болып кетті.
– Сіз жүргізген алғашқы хабарлар… Олардың мазмұны қандай еді? Телебағдарламалардың уақыт мөлшері, сипаты есіңізде ме?
– 1958-1959 жылдардағы хабарларымыз екі сағаттан аспайтын. Сағат кешкі 19-да басталып, 21-де аяқталатын оның 15 минөті ғана қазақша еді. Онда 10 минөт республика жаңалықтарын айтатынбыз да, жарты сағаттық орысша концерттен соң балаларға суретті кітапша сияқты әдіспен 5 минөт ертегі оқып беретінбіз. Ал 1960-1961 жылдарға келгенде телебағдарламамыз кешкі 19-дан түнгі 23-ке дейін ұзарып, қазақша хабарлар мен концерттер көлемі 1 сағат 20 минөтке дейін жетті. Соның бәрі бір ғана қазақша хабар оқитын маған жүктеліп, әрі диктор, әрі жүргізуші ретінде ес таппай жүретінмін. Рас, кейін марқұм Совет Масғұтов келіп, көмектесіп жүрді. Ой, ол бір ғажап жігіт еді ғой.
– Бұл машақат көпке созылды ма? Қазақ телевизиясындағы бетбұрыс кезең жалпы қай кезден басталды деп ойлайсыз?
– 1962 жылы бізге қазақ зиялыларына аты мәлім адам Кенжеболат­ Шалабаев басшы болып келді. Сол уақыттан бастап ел мұндағы жұмыс үрдісінің мүлдем басқаша сипат алғанының куәсі болды. Ол өзгерістер неден байқалды десеңіз, мәселен, бірінші кезекте оны мекемеміздегі «Радио және телевизия» деп бас­талатын бұрынғы атауымызды «Телевизия­ және радио хабарлары жөніндегі мемлекеттік комитет» деп өзгертуден, сөйтіп, телевизияға ерекше мән беріп, оны алғы орынға қоюдан көруге болады. Содан кейін ол кісі телебағдарламаларды беру уақытын таңғы сағат 9-дан түнгі 24-ке­­­ дейін ұзартуға қол жеткізді. Ал осы мерзім аралығындағы берілетін хабар, концерттердің қазақшасын да 50, орысшасын да 50 пайыз етіп бөлгізген осы Кенжекең болатын. Уақыт өтіп кеткен соң байқамаймыз, әйтпесе бұл сол кездегі ең үлкен жеңіс еді. Жаңа басшының бұдан кейінгі жүзеге асырған тағы бір игі ісі ол телестудияға 13-14 дикторды қатар жұмысқа алып, оларды белгілі бір салаға мамандандыруға, сол арқылы бағдарламалардың мазмұнын арттырып, сапасын көтеруге ұмтылуы еді. Сөйтіп, бұрын қазақ редакциясында Совет Масғұтов екеуміз ғана болсақ, сол 1962 жылдан бастап қатарымыз Ләскер Сейітов, Мәриям Айымбетова,­ Қажы Қорғанов сияқты жастармен толыққаны бар. Орыс редакциясына Всеволод Ивановтың да диктор боп алынуы сол кез. Қажы келе сала ауылшаруашылығы тақы­рыбына дендей еніп кетті. Ал Ләскер өндіріс саласының қыр-сырын игеру­ге машықтанды. Мәриям болса лирикалық хабарларды ұйымдас­тыруға бейім еді. Осылайша, 1962 жылдың басында бізде өте жақсы бір шығармашылық орта қалыптасты.
– Ал жұлдызды жылдарыңыз… Ол қашан туды? Жоқ, әлде ондай сәттер болған жоқ па?
– Мұны самғау кездеріміз деп айтқанымыз дұрыс шығар, сірә. Иә, ондай күндер мен айлар, жылдар болды. Неге болмасын?! Оған мен, мәселен, қазақ телевизиясының 1965 жылы тұңғыш рет 5 сағаттық бағдарламамен одақтық аренаға шыққанын, содан бастап жыл сайын­ 3 қазанда Мәскеуге барып, сол жерден тікелей хабар жүргізуді дәстүрге айналдырғанымызды айтар едім. Соның арқасында, яғни орталық телевизияның «Көгілдір от» залында Роза Бағланова, Ермек­ Серкебаев, Сәбира Майқанова, Бибігүл Төлегенова сияқты өнер жұлдыздарымыз бен Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев секілді ақсақалдарымыз бүкіл КСРО-ға насихатталып жатты. Ондағы бағдарламаларды қазақ, орыс тілдерінде мен өзім жүргізетінмін. Мәскеуге әр барғанда 45-50 адам апарамыз. Олар әртүрлі мамандықтың иелері-тін. Талап пен ізденістің нәтижесі болар, Орта Азиядағы бес республиканың ішінде Қазақстанның еңсесі биік болып тұратын. Сөйтіп, біздің қазақ телевизиясы 1965-1968 жылдары бүкіл одаққа танылды. Жұлдызды сәт деп, міне, осыны айтуыма­ болады.
– Төл телевизиямызда диктор болып­ қай уақытқа дейін істедіңіз?
– 1970 жылға дейін.
– Содан соң кім болдыңыз? Қазір кімсіз?
– Дикторлық қызметті қойғаннан соң сол телестудиядағы режиссура тобының жетекшісі болдым. «Қазақ­станның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері», «КСРО-ның жоғары сыныпты маманы» деген атақтарымды ескерді-ау деймін, ұзақ жылдар бойы мұндағы басшылар мені дикторлар мен комментаторлардың біліктілігін байқау жөніндегі комиссияның жетекшісі етіп сайлап отырды. Зейнеткерлікке шығардың алдында «Таң» телеканалының бас директоры қызметін атқардым. Соңғы жылдары телерадио корпорациясындағы көркемдік кеңестің мүшесі болдым.
– Шәкірттеріңіз кім? Отбасыңызда өзіңіздің жолыңызды қуған ұл-қыздарыңыз болды ма?
– Көркемдік кеңестің мүшесі болып жүрген кездерімде жюри құрамындағы кейбір әріптестерімнің үміткерлерді олардың сыртқы сұлулығына ғана қарап бағалайтынына көзім жетті. Иә, әдемі дикторлар, әуезді де сазды дауыстары бар, келбетті комментаторлар болады. Бірақ камера алдына келгенде мұндай жандардың көбінің өңі де, үні де өзгеріп шыға келетінін ұмытпағанымыз жөн. Мен әр уақытта осыны есте ұстауға тырысамын. Соның нәтижесінде Қымбат Хангелдина,­ Светлана Коковинец, Сұңғат Сығай сияқты жастардың болашағына дұрыс жол аштым-ау деп ойлаймын. Отбасында менің мамандығымды қуған ешкім болған жоқ. Жалғыз қызым Гүлмира ғылым жолымен кетті. Философия ғылымы докторының сурет өнеріне деген ықыласы ересен. Шағын ғана бизнесі бар, ол қазір өзі ұйымдастырған «Ою» галереясын басқарады.
– Кәсіби маман ретінде ай­тыңызшы,­ телевизияның қазіргі мүмкіндіктерін қалай бағалайсыз? Диктор боп қызмет істеп келе жатқан ізбасарларыңыздың бүгінгі таңдағы атқарып жатқан жұмыстарына айтар талап-тілектеріңіз жоқ па?
– Қазір телевизиядағы техникалық жарақтандыру дегеніңіз керемет!­ Біздің кезіміздегі камералар ұсқынсыз да қолапайсыз еді. Қара дүрсін жасалған олардан радиация­ көп бөлінетіндіктен болар, кабинада­ ауа жетімсіздігі сезіліп, хабар жүргізіп отырған біздердің аузымыз тез құрғап қала беретін. Сондықтан кепкен ернімізді экранда тілімізбен жалап қойып күлкіге қалмас үшін езуімізге тұз тығып алып, сілекей безінен бөлінген сөлмен сөйлейтінбіз. Бұл сол кезге тән бір ғана көңілсіз мысал. Бұл күнде оның бірі де жоқ. Барлығын компьютерлік техника өзі реттеп отырады.­ Осындай неше түрлі автомат­ түймелерге толы ғажап студияда­ жұмыс істейтін ізбасарларым да алғыр, сүйкімді, жігерлі жастар. Мен оларға ылғи да қызыға қараймын. Тек бұл жас жігіттер мен қыздарға айтар тілегім – туған тіліміз теледидардан табиғи, жұмсақ, түсінікті оқылса деймін. Өйткені көгілдір экрандағы телерепортаждар мен жаңалықтар топтамасында, концерттерді хабарлаған конферансье сөздерінде тіл бұзылып барады. Текст сөйлемдері құлаққа қатқыл естіледі. Қағаздағы басылған қаріптердей етіп айнытпай оқуға тырыспау керек. Үндестік заңына қарай бағыт алған дұрыс. Сонда бәрі де табиғи сипатқа ие болмақ. Тілегім – осы.
Авторлық анықтама. Ләзиза Аймашева­ апай Алматының ежелгі тұрғындарының бірі-тін. Біз әңгіме­лескен сол 2001 жылдан кейін де ол кісі осы шаһарда аман-есен ғұмыр кешіп, осы биыл, 2019 жылдың маусымында­ өмірден озды. Қызы Гүлмира Кенжеболатқызы Шалабаева анасы­ секілді өнегелі ісімен көпке үлгі болған тәрбиелі жан. Ол – Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің директоры.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.