Шипагерлік шарапаты

Зиядан Қожалымовтың есімі  республика емес, алыс-жақын шетелге жақсы таныс.­ Әсіресе, дәстүрлі халық емшілігі туралы  ғылыми еңбектерімен танылған ғалым. Елімізде алғашқылардың бірі болып, 1990-1991 жылдары  республикалық «Қазақстан халық емшілері  қауымдастығы» қоғамдық бірлестігін дүниеге әкеліп, сол жылдардан  күні бүгінге дейін  ұжымды басқарып келеді.  Ширек ғасырдан асып, отыз жылға қадам басып бара жатқан қауымдастық талай қиындықты жеңіп, аяғынан нық тұруына да себепші болған. 1991 жылдың желтоқсан айының соңында 200-ден астам емші, журналистер мен ғалымдардың қатысуымен «Қазақстан  халық емшілері қауымдастығы» құрылып, ҚР Әділет министрлігінен тіркеліп, куәлік алған. Алғашқы кезеңде  қауымдастыққа 5000-нан астам емші  тіркеліп, мүше болған болса,  кейін ұжымның саны да көбейген.  Қазір қауымдастықта халыққа шын беріліп қызмет ететін, жаны мен тәні таза, рухани  байлығы мол 1500-ден аса емші бар. Қауымдастық өзінің 25 жылдығын да атап өткен. Халық емшілерінің  бүгінгі мақсаты – адал қызметімен ел құрметіне бөлену. Біз  қауымдастықтың президенті,  белгілі парапсихолог–ғалым, академик, «Шипагерлік баян» газетінің бас редакторы  Зиядан Қожалымовпен кездесіп, әңгімеге тартқан едік. 

– Халық емшілігі – ұлттық мәдени мұраның бір саласы. Ол сан ғасырлардан бері халықпен бірге жасап келе жатқан дәстүр. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан емшіліктің тарихы тым алыста жатыр. Бірақ Кеңес өкіметі оны тұншықтырып, келмеске жібере жаздады. Мұндай солақай жағдайды ХІІІ ғасырда Өзбек хан да істеген. Хан көріпкел, жұлдызшы, емші, бақсыларды тірідей жерге көмген. Алайда халықпен бірге жасаған халық емшілігі бұдан жойылып кеткен жоқ. Ата-бабамыз қолданып келген Құдіреттің берген сыйын және емшіліктің қыры мен сырын терең зерттеген қазақтың ұлы қара үзген шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының ХV ғасырдағы «Шипагерлік баян» атты кітабы бұған дәлел. Ғұлама шипагерлік туралы 7 томдық кітап жазып қалдырған. Кейін түрлі жағдайлардан кітаптар өртеніп, бізге бір томы ғана жетті. Өтейбойдақ емшілік саланың алғашқы емделу жолын қағазға түсіріп, ұлы дала медицинасының негізін қалаған адам. Мен 1996 жылдан бастап ұлы шипагерді зерттеп келемін. Емшілік саласының алғашқы ғұламасы қазақ емшілігінің негізін қалаушы, әрі ғылыми негізін салушы екенін толық дәлелдедік. Ұлы шипагердің еңбегінің құндылығынан емшіліктің көп саласы ашылды. Өтейбойдақтың жазып қалдырған ғылыми еңбегі болмағанда біз бір салалы болып, емшілік қасиетті өз деңгейінде мойындата алмас едік. Соның нәтижесінде Кеңес заманында аты аталмай кеткен және ұмыт болған медицина ғылымының докторларын, профессорларын елге таныстырдық. Бұл медицина үшін үлкен жаңалық десек, артық болмас. Қауымдастықтың жетістіктері мен ғалым мамандардың еңбектері негізінде 2011 жылы БҰҰ-ның Денсаулық сақтау департаментінің қорына тіркеліп, менің бес еңбегімді қабылдады.
Ал емшілік, көріпкел, жұлдызшы – бір Алла Тағаланың берген сыйы. Бұл жөнінде де Өтейбойдақ өзінің «Шипагерлік баян» атты еңбегінде жазып қалдырған. Ғұлама: «Емшіні «шипагер» деп атаған жөн. Шипагер аурудың себебін табады, ауруын анықтайды және емдеп жазады. Шипагерлік текті қасиет болғандықтан тұқым қуалап қонады және ұрпаққа беріледі, дариды, айықтырады деген сенімділіктен туады. Жазылсын, қонсын, дару болсын­ деген ақ тілек. Бұл науқас пендеге қуат беру» деген. Емшілік кез келгеннің бойы­на дарымайды. Бір Алладан келген қасиетті ұстап жүру де оңай емес. Оған адалдық, білімділік, ізденістегі жетістігі мойындатады. Біз осы уақытқа дейін ата-бабамыздың бойындағы қасиетін өзіміз де мойындамадық. Мойындасақ та жүре қарадық. Табиғаттағы бір тылсым күштің құдіретіне сенбедік. Ол емшінің бойында болады. Емші қолынан келген шипасын жасайды, емдейді, көмегін береді.
– Ел ішінде жұлдызшы, бақсы-балгер, көріпкел туралы аз әңгіме айтылмайды. Осыған не дейсіз?
– Әр қазақтың арасында ерекше қасиетке ие бабаларымыз өткен. Сол қабі­леттің арқасында кез келген ара­лықтағы жағдайларды, аспан әлеміндегі, жеке адамдардың басындағы әртүрлі өзгерістерді болжап білген. Біз бұларды болжаушы, жұлдызшы, жауырыншы, құмалақшы, бақсы деп атаймыз. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Өтеген батыр хан Абылайдың түсін жорып, болжаған. Біздің дәуірімізге дейін дүниеге келіп, сол дәуірдің басында 89 жасына қараған шағында өмірден өткен Майқы бидің болжампаздық қасиеті де мысал болады. Қариялық жасқа келгенде қасиет қонып, М.Нострадамустан он төрт ғасыр бұрын, төрт мың жылдан аса уақытты болжап айтып кеткен. Немесе М.Нострадамустың болжамынан 237 жыл әрі жібереді. Атақты бидің айналасында жұлдызшылар, емшілер, құмалақшы мен балгерлер көп болған десе, өзі аспанға қарап, жұлдыздардың өңі мен орналасу ретіне сәйкестендіріп, адамзат дүниесінде болған құбылыстарды болжап, тізіп айтқан екен. Майқы биден қалған мына жолдар соған дәлел: «Жыпырлаған жұлдыздан, Жартыкеш болса да ай артық. Биік-биік жотадан, Су сыйлайтын сай артық. Тіршілік берген һаммеге, Барлығынан күн артық, Әлі заман өзгерер, Өзгергенін көз көрер. Мінгенің арба болар, Бар құс қарға болар. Жансыз арба ат болар, Өз балаң өзіңе жат болар. Темірден құсың болар, Ұрпағымның көргені сұс болады. Еркек билік тұл болар, Сиыр пұл болар. Еркек жасып, ит болар, Қатын тұлданып би болар. Төсекке есеппен жатарсың, Жыныс­ зарпын ақшаға сатарсың. Баққаның өсек, сөз болар. Сары судан ас шығар, жер тақыр болар. Енді төрт мың жылда, дүние тамам болар…» деген еді. Майқы бидің бұл айтқан болжамы қазір шындыққа айналып жатқаны белгілі. Ал бақсы неше түрлі құбылыс жасай алатын болжаушы да, көріпкел де, емші де жұлдызшы да, балшы да, ақын да және орындаушы да бола алатын сан қырлы деп айтуға болады. Бал ашушы терең ойлы, ақылды, байсалды әрі шешен, еліне ардақты, сыйлы, өзгенің сырын ашпайтын тұлға. Алланың дарытқан құдіреті мен мінез-құлқындағы ерекшелік үйлесім тауып тұрса ғана, болжаушының болжамы, балшының айтқаны дәл келеді. Қазақтың хандары мен батырлары, билері мен шешендері арасында болжампаздық сезімталдығы жоғары болғандары аз болмаған. Оларды халық құрметтеген.
– Ел ішіндегі жұлдызшылар туралы­ не айтасыз. Олар қазіргі астрология ғылымының дамуына үлес қоса ала ма?
– Әрине, қосады. Ата-бабалары­мыз аспан әлеміндегі жұлдыздарға қарап болжаған. Бұған қазақтардың көш­пелі тіршілігінің әсері бар. Жылдың әр мезгілінде көшіп жүрген халық табиғаттың қыр-сырына қанық келеді. Жұлдызшылардың қабілеті тұқым қуалаудан, атадан балаға берілетін қасиет. Аспан әлемін тану-білу жұлдызшының өресінің биіктігінен және танымының жоғарылығынан десе артық емес. Олар Шолпанның шығуы мен кіруінен, Темірқазықтың орналасуынан, тағы басқа жұлдыздардың әлемін танып-білу арқылы табиғаттың тылсым күшін біліп отырған. Алдын ала қауіп-қатерді аңғарып, ескерткен. Түрлі зардаптардан қорғанудың әдіс-тәсілдеріне де өз ұсыныстарын айтып сақтандырған. Бұл жөнінде тарихқа жүгінетін болсақ, Абылайдың жұлдызшысы Байыс алдын ала ауа райын болжап білгендігі күні бүгінге дейін айтылады. Тіптен алдағы уақытта төнер қауіпті ескертіп те отырыпты. Құрғақшылық кезеңде аспаннан жаңбыр жаудыру құпиясын да меңгерген деседі. Халық ішінде Абылайдан ат мінген, Қабанбайдан алған інгені Байыстың ауа райын болжап білгені деген аңыз қалғаны осыдан. Ал астрологтар адамның туған күні мен жылын, дүниеге келген сағаты мен минутына қарап, тағдырын тура айтады. Мысалы, жоғарыда аталған Майқы би атамыз сәскеде дүниеге келген екен. Бекет ата, Мөңке би, басқа атақтылармен қатар, Бұқар жырау мен Қашаған ақынның және көптеген ақын-жазушылардың еңбектеріне зерделеп қарасақ, олардың астрологиялық байланыспен жазылғандығын анық байқаймыз. Жұлдызнама жасау ғылым деп қарасақ, ол өте күрделі, құпиясы ұшан-теңіз нәрсе. Сыры жұмбақ әлем. Ғұлама ­шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының еңбегінде жұлдызнама жөнінде толық анықтама бере келе, жұлдыздары қарсы адамдардың үйленгенде бақытты өмір сүруі қиын екенін ескертеді. Сондай-ақ ел арасында «жұлдыздары бір-біріне қарама-қарсы адамдар» деп те айтып жатады. Ел ішінде ертеде жауырыншыларда бал ашу дәстүрі болған. Бұл дәстүр қазіргі күнде жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр. Жауырыншы тілі жоқ мылқау адамды сөйлеткенмен бірдей өнер иесі. Малдың, оның ішінде қойдың, түйенің және аңның жауырынына қарап болжайтындар болған. Ондай­ қасиетті меңгергендер бұл күнде жоқ, бар болса тіптен некен-саяқ, бірақ олардың бал ашу әдістері халық арасында сақталған. Оның да өзіндік құпиясы бар бір әлем. Бірақ зерттелмей қалуы өкінішті.
– Тамыр ұстау арқылы науқастың дертін айтып беретіндерге не айтасыз?
– Тамыр ұстау екінің бірінің қолынан келмейтін шаруа. Тамыршы адамдағы 62 тамырдың соғысын, тамырды ұстау арқылы дертті анықтап, жан күйзелісін біледі. Жанары мен тіліне, дем алысын тыңдап, сырқатын дәл айтады. Тамыршының да ем-домы шипагерден кем емес. Адам ағзасындағы өзгерістерді тамырдан білу де тұқым қуалайды және оны оқып, білуден, үйренуден тұрады. Тамыр ұстау көпке берілмеген қасиет. Ем-дом әдіс-тәсілдері бабамыз Өтейбойдақтан келген. Шипагер тамыр ұстауды жетік білумен қатар, оны емдеудің жолдарын жазып кетіпті. Шығыс медицинасында да тамыр ұстау арқылы дертті анықтаған. Тамыршы сол қолдың білегін үш саусақпен ұстап, сұқ саусақтың астындағы тамыр үстірт соғылса, ащы ішекті немесе тамыр терең қатты соғылса, жүрек, тағы сол сияқты әртүрлі сырқаттардың дауасын тапқан.
– Қазақтың ұлы шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының еңбектерін кеңінен насихаттап, елге таныттыңыз. Дәстүрлі халық емшілігінде бабамыздың тәжірибесін пайдалану­ жағдайы қалай?
– Тылсым табиғаттың сырын ұғып, танып-білуде Өтейбойдақ бабамыз қыруар еңбек сіңіріп кеткен шипагер ұстаз. Халық емшілігінің дәстүрін терең меңгерген. Қазақ хандығы туын тіккен сәттен бастап, қара үзген шипагер әз-Жәнібекке ұрпақ тазалығы мен қан тазалығы үшін: «Жеті атаға дейін үйленбеу, неке тазалығын сақтау» туралы ұсыныс айтып, ханның алғашқы «Жеті Жарғысының» шығуына ықпал еткен екен. Осыдан болар, қазақта тектілік сақталып, қан тазалығы арқылы дені сау ұрпақ қалыптасып өсіп, жетілді. Бұл біздің ұлт үшін ерекшелік. Ұлы дала ойшылы шөптердің емдік қасиетін де жетік меңгерген. Ол қазіргі медицинаға еніп, оның қыр-сыры ашылуына себепші болды. Шипагер 1108 түрлі дәрі-дәрмек түрін, 858 дәрілік шөп пен 318 жан-жануар мүшелерін, 60-тан астам металл-метелиттердің қоспасының емдік қасиеті барын дәлелдепті. Яғни Өтейбойдақ қазақтың Ибн Синасы, «Шипагерлік баян» – медициналық энциклопедия. Ғұлама аязда қалып үсіп өлгендерді, суға кеткендерді «тұншықтырма», «малма» ­деген әдістер арқылы емдеп жазуға болатынын жазып қалдырған. Бабамыз осыдан бес ғасыр бұрын көзімізге көрінбейтін денелердің (микробтардың) және оны тудыратын құрттардың барын жазуы ғылымдағы ең алғашқы жаңалық. Аурудың емделу әдістерінің түрлерін көрсеткен. Шипагердің сол болжамын қазіргі медицина ғалымдары да мойындап жүр. Ұлттық төл меди­цинамыздың негізін қалап кеткен Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баянын»­ бізден бұрын Қытай үкіметі бағалап, «Мемлекеттік бірінші кітап» деп марапат беруі тегін емес. Ал оның мұраларын зерттеу үшін Қытайда 2 мемлекеттік медицина орта­лығы құрылғаны да бабамыздың ұлы шипагер екенін мойындауында. Біздің қауымдастықтың «Шипагерлік баян» газеті қашанда Өтейбойдақтың еңбегін насихаттап келеді.
– Қауымдастыққа мүше қабылдау қашаннен бері бар және емшілердің қабілеті мен емдеу тәсілерін айғақтайтын құжаттарын кім береді?
– 1990 жылдан 2012 жылдың 12 шілдесіне дейін емшілерге сертификатты Денсаулық сақтау министрлігі беріп келді. Осыдан кейін еліміздің заңына өзгеріс енгізіліп, емшілерге сертификат берілу тоқтатылды. Қазір қауымдастық емшілерді өздері оқытып, рұқсат қағазын беріп жүр. Емшілер арнайы биоэнергетика тәжірибеханаларының тексеріс сынақтарынан өтеді. Бұған ұжым жыл сайын­ халықаралық ұйымдардың серти­­фикат­тарын алып, мемлекеттік органдардың медальдарымен марапатталуы себеп. Оның үстіне республика­ көлемінде емшілерді оқытатын, бір-бірімен пікір алысып, танымын кеңей­тетін арнайы орталықтар аштық. Жыл сайын республика көлемінде түрлі тақырыпта емшілердің конференциялары өтіп тұрады. Онда емшілердің бойындағы қасиеттерін ашу, халықты емдеу тәсілдері үшін ­семинар-тренингтер де ұйымдастырамыз. Ол нәтижесін беруде. Қауымдастықтың басшы мамандары мен ғалымдары және жеке емшілер тарапынан емшілік саласы мен тылсым құпия сырлары жөнінде алпыстан аса кітаптарын шығарды. Өзімізде «Шалкөде» баспасы жұмыс істесе, ай сайын «Шипагерлік баян» атты газетіміз де шығады. Жеке интернет сайты халыққа қызмет көрсетеді. 2010 жылдан бері қауымдастық халықаралық рейтинг агенттігінің жыл сайын ордендері мен медальдарын ұтып алуы да еңбегіміздің жемісі. Сонымен қатар 40-қа жуық халықтық емдеу тәсілін ашып, жұмыс істеуі ісіміздегі ілгерілеушілікті көрсетсе керек. Жалпы шипагерлік те мамандық әрі өнер. Оған адал қызмет еткендер елдің мақтанышы бола алады.
– Сізді еліміз ғана емес, алыс-жақын шетелдер де жақсы біледі…
– Қауымдастықтың құрылуы – еліміздің тәуелсіздігінің жемісі. Тәуелсіздіктен кейін ата-бабамыз кәсіп еткен халық емшілігі алға басты. Сол уақыттан күні бүгінге дейін халыққа қызмет көрсету құрметіне ие болдық. Осы жылдарда өз басым 30 кітап, 40-тан астам ән мен толғау жаздым. Оның ішінде халық емшілігі жөнінде көпшілікке белгілі: «Мәңгілік құпия шежіресі», «Шапағатты рух ордасы», «Көк тәңірі жүр жебеп», «Адам-Құран шежіресі», «Ғарыш-табиғат», «Халық медицинасының өткені, бүгіні, болашағы», «Дәстүрлі емес халық медицинасы», «Бақсылық өнерінің ерекшелігі», «Тылсым дүниенің құпия емдері», «Рухани емшілік ғаламаты», т.б. кітаптарым шықты. ТМД елдері ішінде алғашқы болып, ата-бабамыз кәсіп еткен халық емшілігін жалғастырдық. Ісіміз ілгеріледі. Соның арқасында халықаралық «Экология» және Нострадамус атындағы тылсым құпия (Париж), Бүкіләлемдік дәстүрлі және халық емшілер академиясының (Мәскеу) академигі атандым. Ізденген еңбегімді еліміздің белгілі ғалымдары да жоғары бағалауы дәстүрлі халық емшілігінің жаңғыруына зор ықпалын тигізді. Еңбегім бағаланып, Қазақстан Республикасының құрметті халық емшісі және Алматы облысы­ Райымбек ауданының құрметті азаматы деген атаққа ие болдым.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Жексен АЛПАРТЕГІ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.