Қаржы саласының қайраткері

Тәңірдің қазаққа берген сыйы – Тәуелсіздік күні де келді. Сан мыңдаған ұрпақты сары уайымға салып, есіл ерлердің өлшеусіз еңбегінің арқасында келген Азаттық бұл. Егемендіктің ерен жолында еселеп еңбек етіп, нардың белі қайысар ауыр жүкті қыңқ етпей арқалап, бар білігін қазақтың өркендеуіне арнаған азаматтар арамызда жүр. Олар көкірек соқпайды, кеңірдек жыртып айқайламайды. «Мен» деп алға озбайды. Еңбегімен, маңдай терімен, білім-білігімен қазаққа қызмет қылады. Сондай ердің сойы – Қалибек Ахметжанов.

Қалибек қарттың маңдайына тағдыр ыстық алақанын тосқан жоқ. Қайта туғаннан бастап тауқыметін артты. Әкесі Ахметжан ақсақалдың кіндігінен 13 ұрпақ өрген екен. Сенсеңіз, сол он үштен осы Қалибек қана аман қалған. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп қылышын жалаңдатқан ашаршылық, бүкіл дү­ниені дүрліктіріп, жұрттың ұйқысын қашырған екінші дүниежүзілік соғыс – Ахметжан ақсақалдың шапанынан өрген ұрпақты қынадай қырды. Көрер жарығы бар екен, Қалибек Ахметжанұлы бір шаңырақтың тізгінін ұстап, түтінін түтетіп, әулеттің өмір жолын жалғап қалды. Әкесі Ахметжан да осал адам емес-тін. Алматы облысының Іле аймағында бақша салып, егін егетін. Несібесін жерден терген, Жер-ананы емген шаруа болатын. Қара жерге қаққан қазығының өзі мәуелі бәйтерекке айналатын диқан еді. Заманында сауатын аша алмаса да, өз еңбегімен «таяқты әліп» деп таныған. Оқып, жаза алатын деңгейге жеткен. Өзінің еңбекқорлығының арқасында аймаққа сыйлы азамат болған. Сол еңбекқорлық атаның қанымен осы Қалибек Ахметжанұлына да дарыпты. «Тектінің тұяғы, асылдың сынығы» деген осы.
Туғанынан ашаршылыққа тап келіп, қарны тойып тамақ ішпесе де Қалибек Ахметжанов білімге өте құштар болып өсті. Ілім жиды. Білім көкжиегін күн санап кеңітті. Нәтижесінде орта мектепті бітірген соң Алматы қаржы-кредит техникумына құжат тапсырды. Аталған оқу орнын 1950 жылы бітіріп шықты. Ол кезде сенен «қайда жұмыс істегің келеді?» деп сұрамайтын. Қолына бір парақты ұстатты. Жолдама Қызылорда облысына түсіпті. Сөйтіп, Қалибек Ахметжанұлы бұрын-соңды өзі білмейтін, көрмеген аймаққа тартып кетті. Мемлекеттік банктің Қызылорда облыстық басқармасына жұмысқа орналасты. Қызметі – қаладағы кредиттік инспектор.
Ол шақта облыстық басқарманы Ысқақ Нұрғожин басқаратын. Банк саласында ежелден қызмет істеп келе жатқан өте талапшыл басшы болатын Нұрғожин. Ол осындай талапшыл әрі әділетті басшының алдын көрді.
Техникумда алған білім сынаққа түсетін де мезет жетті. Ағеден азаматтың алған білімі зая болмай, өмір жолында да көп көмегін тигізді. Білімді тәжірибемен ұштастырып, еңбек жолын жалғастыра берді. Өзі алғыр, өзі білімді кадрдың қадірі қай кезде де артық болса керек. 1952 жылы Қалибек Ахметжанұлы Мемлекеттік банктің Алматы облысының Ұзынағаш ауылындағы бөлімін басқаруды қолға алды.
Еселі еңбек, қажырлы қайрат қай заманда да ұшпаққа шығарады. Ахметжан ақсақалдың ұрпағы қандай ауыр жұмысқа болмасын білек сыбана кірісіп кетіп, тартынбай еңбек ететін. Берілген тапсырмалар сол мезетінде орындалып, асқан іскерлік танытатын. Он жылдан аса банк саласында атқарған жұмысы басшылықтың назарынан тыс қалған жоқ. 1963 жылы оны Мемлекеттік банктің Қызылорда облыстық басқармасының бастығы етіп тағайындайды.
Ол кезде Мемлекеттік банктің республика шеңберінде 15 басқармасы жұмыс істейтін. Қалибек Ахметжанов сол 15 басқарма бастығының ішіндегі ең жасы болатын. Бұл қызметте кейіпкеріміздің басшы ретінде ұйымдастырушылық қабілеті сынға түсті. Осыған дейін де бірталай сынақтан өткен Қалибек Ахметжанұлы оны да абыроймен өткерді. Жұ­мысқа кіріскен алғашқы күннен бастап ол облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын түзеуге, оған қаржылық дем беруге бел шеше кірісті. Қалибек Ахметжанұлы бұл қызметті 1972 жылға дейін атқарды. Осы аралықта Қызылорда облысында аймақ үшін маңызды жобалар іске асты. Мысалы, күріш шаруашылығымен айналысатын ауылдар құрылды, Сырдарияның сол жағалауын игеріп, егіс алқабы жасалды. Тұрғын үйлер салынып, түрлі мемлекеттік нысандардың қабырғасы қаланды. 1971 жылы Сыр күрішшілері рекордтық көрсеткіш жасап, рес­публика қамбасына 2 миллион центнер күріш тапсырды. Осындай қызу тірліктің арқасында банктің кредиттік салымы 120 есеге артты.
Оның өмір жолы – өнеге. Жұмысын қарапайым қызметкерден бастап басшылық қызмет аралығындағы барлық баспалдақтан өтті. Тәуелсіздік алғаннан кейін де азат Қазақстанның қаржылық секторын көркейтумен, экономикалық әлеуетін арттырумен, банк саласында тәжірибелі мамандар дайындаумен айналысты. Құр қарап қалған кезі жоқ.
Қазақстан енді тәуелсіздігін алып жатқанда «Қазкредсоцбанк» деген банк құрылды. Осы банктің аяғынан тұрып, жұмысын жандандыруына біздің кейіпкеріміздің еңбегі ерекше сіңді. Аталған банкті 1995 жылға дейін басқарды. Кейіннен жаңа төрағаның кеңесшісі қызметін атқарды. Ал 1996 жылы зейнет демалысына шығып, қанша жылдық бейнеттің зейнетін көріп жатыр.
«Орнында бар оңалар» дейді атам қазақ. Ахметжан ақсақалдан он үш ұрпақ өрбіп, оның он екісі шетінен шетінеп кетті дедік. Солардың арасынан көрер жарығы бар Қалибек Ахметжанұлы ғана Алланың әмірімен аман қалып, әулеттің түтінін жалғады. Қалибек Ахметжанов бәйбішесі Нұрхадиша екеуі төрт баланы тәрбиелеп-өсірді. Бүгінде олардың барлығы аяқтанып, өз отауларын құрып отыр. Төрт баладан жеті немере сүйген Қалибек қарт бүгінде бақытты. Сексеннің сеңгірін бағындырған есептің еңбек торысы елімен бірге жасасып келеді.

Біржан БЕКТӨРЕ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.