БАУКЕҢ АЙТҚАН ЕДІ

Халқымыздың даңқты ұлы Бауыржан Момышұлының жан дүниесін, мінез, ақыл-парасат ерекшелігін бейнелеуге арналған белгілі жазушы Мамытбек Қалдыбайдың «Ұмытылмас кездесулер», «Атақ пен шатақ», екі кітаптан тұратын «Мен халқымның Бауыржанымын», «Мен қазақтың баласы» деген бес томы жарық көріп, талғампаз жұртшылығымыздан жоғары баға алғаны мәлім. Бүгін танымал жазушымыз, бауыржантанушы Мамытбек­ Қалдыбайды сексен жасқа толуы құрметімен құттықтап, оқырман назарына­ оның Баукең туралы соңғы жазғандарын ұсынып отырмыз.

АСЫЛ АЗАМАТ

Таңертеңгі сағат он. Баукең сәлемімді көңілдене алды. Үйреншікті орныма жайғасқан маған:
– Дер кезінде келдің. Саған айтып­ беретін маңызды тақырып бар. Тек түсініп тыңда, – деді алдын ала ес­кертіп.­ – Жаңа радиодан асыл азамат,­ Алашорда сардарларының бірі – Әлімхан Ермековтің Ленинмен шекарамыз жөнінде ой талас­тырған әңгімесін тыңдап, қуандым. Ол ағаңның өмір ­жолынан хабарың бар ма?
– Шамалы хабарым бар.
– Мен саған бір эпизодты айтып берейін. Әлімхан Ермеков 1932 жылы қайта қамауға алынып, жолаушылар пойы­­зының вагонында (ол кезде тұтқын­дарды таситын арнаулы тауар вагондары жасақталмаған кез) күзетпен айдалып бара жатқанда, көрші купедегі жап-жас үш қазақ жігітімен тілдесудің амалын қарастырады. Күзетшінің мызғып кеткен сәтін пайдаланып, сұңғақ бойлы, сымбатты жас жігітке бүктелген қағазды беріп: «Айналайын, қарағым, мына хатты көрсетілген адрес бойынша табыс етуіңді өтінем. Жеңгең мен балаларыма хабарым жетсе екен» дейді сыбырлай сөйлеп.
…Әлімхан ағамыз 1955 жылы бостан­дыққа шыққан соң, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Димаш­ Ахметұлы Қонаевқа хат жазып, қабылдауын өтінеді. Көп уақыт өтпей Димаш Ахметұлынан «пәлен күні пәлен сағатта қабылдаймын» деген жауап алады.
Димекеңнің қабылдау бөлмесіне біраз адам жиналады. Араларында Әлімхан аға да бар. Бір кезде сырттан Димаш Ахметұлы кіріп келе жатады. Отырғандар орындарынан тұрып амандасады. Димекең бәрімен қол беріп сәлемдескен соң, Әлімханға күлімсірей көз тастап:
– Халіңіз қалай, аға? – дейді.
– Рақмет. Шүкір, халім жақсы.
– Қазір, – деп Димекең жұмыс бөлмесіне еніп, күздік жеңіл пальтосын шешіп, сыртқа қайта шығады.
– Сіздер кешіріңіздер. Бірінші мына кісіні қабылдауға рұқсат етіңіздер, – деп Әлімхан ағаны жұмыс бөлмесіне алып кіреді. Екеуі төрдегі жазу үстелінің бер жағындағы аласалау үстел жанындағы орындықтарға жайғасқан соң:
– Әлімхан аға, мен сізді салған жерден таныдым. Менің қабылдауымды өтінген хатыңызды алысыммен сізді көруге асықтым, – дейді Димаш Ахметұлы бірінші тіл қатып.
– Қарағым, мені қалай бірден танисың? Мен сені бүгін бірінші рет көріп тұр емеспін бе? – деп Әлекең таңырқаған сыңай танытады.
– 1932 жылдың жаз айы еді. Мен Мос­квадағы оқуымнан Алматыға қайтып келе жатқанымда, күзетшінің қалғып кеткен сәтін пайдаланып, сіз маған бүктелген қағазды беріп: «Айналайын, қарағым, мына хатты көрсетілген адрес бойынша табыс етуіңді өтінем. Жеңгең мен балаларыма хабарым жетсе екен» деп сыбырлай сөйлегеніңіз есіңізде ме?
– О, айналайын, сол жас жігіт сен бе едің? – деп Әлімхан аға өзін-өзі ұстай алмай қуанғаннан иегі кемсеңдеп, өксіп жылап жібереді. Димекең стакан су ұсынып, жұбатып:
– Әлімхан аға, сіздің мәселеңізді айтып, тиісті орындармен сөйлестім. Сізге Алматыда тұруға рұқсат жоқ. Қарағанды қаласынан пәтер беріледі, көмек ұйымдас­тырылады. Ренжімеңіз, – дейді.
– Рақмет, айналайын. Қарағанды да өзіміздің қала ғой. Айдауда жүргенімде елімнің шетіне жетіп өлсем арманым жоқ деуші едім, – деп Әлімхан аға көңілі босап,­ көзіне қайта жас алады. Әлден кейін бойын, ойын тіктеп, орнынан түрегеп:
– Айналайын, рұқсат етші, құшақ­тайын, – дегенді айтып, Димекеңді кеудесіне қатты қысып, құшақтайды. – Абайдың сүйікті інісі Шәкәрім ақынды, Шәкәрім ойшылды білесің ғой, қарағым?
– Білем, аға.
– Әкесі Құдайберді ылғи Шәкәрімнің маңдайынан, келін­дерінің бетінен сүйеді екен. Бірде сегіз жасар Шәкәрім:
– Әке, неге ылғи менің маңдайымнан, келін­деріңіздің бетінен сүйесіз? Неге бетім­нен сүймейсіз? – депті өкпелеп. Әкесі күліп:
– Қарағым, оның өзіндік сыры бар. Айтайын. Келіндерімнің бетінен сүйетін себебім – беделі ассын деймін. Сенің маңдайыңнан сүйетін себебім – бағың ассын деймін, – деген екен. Димаш ­қа­ра­ғым,­ бағың ассын деп маңдайыңнан сүюге рұқ­сат ет, – дейді де, қайта құшақ­тап, маң­дайынан сүйеді.
Баукең орнынан түрегеп:
– Таңғы асымды ішкен жоқ едім. Жүр, бірге тамақтанайық, – деп ас бөлмеге қарай беттеді. Мен ізінен ілестім.

«ОНЫҢ ӨЗІ ДЕ, СӨЗІ ДЕ БАР БОЛСЫН»

– Бір жігіт: «Қазақтың ішінен қазақ іздеп жүрмін» деді.
– Ойланатын тақырып екен. «Неге?» деп сұрамадың ба?
– Сұрадым. Көп қазаққа көңілім толмайды. Жақында қыз ұзатқан тойда болдым. Төрде бес-алты қарт қатар отырды, – деді біртүрлі көңілсіз тіл қатып. – Асаба «бата беріңіз» деп әр қартқа микрофон ұсынып еді, олар бір-біріне сілтеп, «сен бер, сен бер» дегеннен аспады. Ең соңында асаба бір кемпірге «сіз бата беріңіз» деуге мәжбүр болды. Ол кісі де дәрменсіздік танытты. Амалы таусылған асаба өзі бата берді. Онысы­ «алдарыңыздағыны алып қойыңыздар» дейтін тостың сөзіне ұқсап кетті.
Әлгі жігіт тағы құдайы тамаққа бар­ғанын, онда жасы үлкендердің дастарқанға бата бере алмай, бір-біріне сілтегенін қынжыла айтты.
– Ағалар, нешедесіздер? – деп сұрап едім:
– Алпысқа таяп қалдық, – десті. Ішімнен: «Қандай қазақ болып барамыз?» деп қалың ойға баттым, – деді.
– Оның «қазақтың ішінен қазақ іздеп жүрмін» дегендегі айтары осы ма?
– Осы.
– Мен бүгінгі қазақтың ішінен жаңа Шоқанды, жаңа Абайды, жаңа Мағжанды, жаңа Қасымды, жаңа Мұқағали, Төлеген, Жұмекен, Тұманбай, Қадырларды іздеп жүрмін деген тәрізді терең мағыналы ой айтады екен десем. Оның өзі де, сөзі де бар болсын, – деді Баукең жақтырмай қабағын шытып.

«ЖЕҢГЕҢ ЖЫМ БОЛДЫ»

– Мен телефон соқпасам, сен хабарласпайсың. Кеше күн ұзаққа сені ойладым. Арғы күні Шымкентке жетті, кеше бері қайтты. Бүгін таңертең үйіне келген шығар деген ойда сенен тағатсыздана хабар­ күттім. Үнсізсің.
– Сізге түстен кейін қоңырау шалсам деп едім.
Неге екені белгісіз, Баукең аха-ха-халап күлді. Артынша күлкісін тыйып:
– Менен жассың ғой. Мен қазір он тоғыздан үш ай астым. Бұл неге қоңырау шалмай жатыр, шынымен мені адам демейді екен-ау?! Сөйлескенде бір ақы­мақпен сөйлестім, басымды тынықтыруға да ақымақ керек деген біреусің бе деген ойға қалдым, – деді жүзімнен көзін алмай.
– Жоқ, аға, сізге деген көңілім таңғы шықтай мөлдір.
– Жарайды, сен Құдайберген Жұбановты білесің бе?
– Білем. Кітаптарын оқығам.
– Ол кісінің өмірі жөнінде ойланып көрдің бе?
– Жоқ.
– Құдайбергенді бізге Құдай берген. Ол кісі де менің халқымды, тілімді сүюге тәрбиелеген ұлы ұстаздарымның бірі. Мен кітап оқығанымда өте қажетті жерін белгілеп, ұстаздарымның сөздерін миымның төріне жинайтынмын. Жас кезімде халқымды Құдайберген ағамдай қуантсам деп қиялдайтынмын.
Ой, бірді айтып бірге кетіппін ғой. Кеше түнде жеңгең екеуміздің арамызда талас-тартыс туды. Добалдай жеңгең мені өтірік аймалап:
– Бауке, Баукетай, үлкен бастыққа барып, ең болмаса, балаларға бір бөлме сұраңызшы? – деді аузы-басы қисаймай. Ашуым қозып, жастықтан басымды жұлып алдым.
– Әй, сен мұндай сөзді қайдан үйрендің? Аузыңды ашушы болма! – дедім жекіп.
– Неге, Бауке? Айыбым балалардың қамын ойлағаным ба? – деді.
– Сенің айыбың да, басқаң да құрып кетсін! Мен өзіме тиесілі нәрсеге ғана мойын бұрам. Өзіме тиесілі емес нәрсеге басымды кесіп алсаң да, бармаймын. Немене, сенен басқаларда бала жоқ па? Неге ойланып сөйлемейсің.
– Онда бастықтарға өзім барам, – деді көкбеттене долданып.
– Менімен қанша жыл тұрсаң да, қолыңда бір алтын сақина жоқ. Неге екенін білесің бе? Ә дегенде: «Айлықпен өмір сүреміз. Айлық – біздің таза табысымыз. Егер де менің абырой-атағымды малданып, біреуден бір нәрсе алатын болсаң, мен сенен сол күні айырылысам» деген жоқпын ба? Менің басым істемей ме десем, сенің басың керемет «істейді» екен, – деп кекете­ сөйлегенімнен кейін жеңгең жым болды…

ҰЙҚЫ ШАҚЫРУДЫҢ ӘДІСІ

– Даусың пәс қой. Ұйқың қанбады ма?
– Неге екенін білмеймін, түнде жөнді ұйықтай алмадым.
– Мен бір оянып кетсем, екі-үш сағат көз ілмеймін. Жас ұлғайған, жүйке әлсіз. Ойыңа әрнәрсе түседі. Содан ұйқың келмей, дөңбекшіп: «Ойбай, мен қартайып ­қа­лыппын, жүйкем жұқарып, әлсіздене бас­таппын» деп өз-өзіңді жазғырып, жүдейсің.
Ұйқың қашты ма, өткен өміріңдегі жақсылықтарыңды, оның қуанышты тұстарын есіңе ал. Кейде ол да қиын. Өйткені оның қызығына батып кетсең, тағы көзің ілінбейді.
Ұйқы шақырудың ең жақсы әдісі – тамаша өмірді қиялда. Сен өзіңді дүние­жүзіндегі атақты журналист ретінде сезініп, әлем халықтарының ең маңызды мәселесі – соғысты тоқтату, адам бала­сының жақсылықты бір-бірінен қызғанып, бір-бірін күндеуден құтқару жолдарын қиялда. Солай аса маңызды тақырыпты меңгерген болып жатып, тез ұйықтап кетесің. Немесе баяғы ғашық қыздар тұрмыс құрып, балалы-шағалы болып кеткен шығар. Сен қиялыңмен оларды қайта бойжеткізіп, өзіңе ғашық ет. Бәрі таласа-тармаса саған қарай жүгірсін. Қайсысына қолды созғаным жөн деп жатып, қалай ұйықтап кеткеніңді білмей қаласың…

«ЖАҚСЫ АУЫЛҒА БАРЫП ҚАЙТЫПСЫҢ»

– Не жаңалығың бар?
– Алматы облысы Кеген ауданының Тоғызбұлақ ауылына іссапармен барып қайттым.
– Қармағыңа алтын балық ілікті ме?
– Ілікті. Тоғызбұлақ ауылында шешен­ кісілер көп екен. Таңертеңгі мезгіл. Орталықтағы магазинге кетіп бара жатыр едім, ауласында жүрген Манасұр қария алыстан сәлемімді алып:
– Әй, Әбеке, қайда барасың? Бері кел деп мені өзіне шақырды, – деді жігіт ағасы Әмет көңілдене жымиып. – Қасына барып едім: «Түнде колхоз партия комитетінің хатшысы Сәкен Манасұровтың үйіне ұрылар ұрлыққа түсіп, түк таппай кетіпті. Олардың не ойлағаны барын білсем, бұйырмасын. Бастары істемейді-ау деймін. Одан да менің үйімді нысанаға алмады ма? Сәкеннің әкесі – менен бірдеме-сірдеме табылар еді. Қызылбөрік бір туысымның: «Қасқырдан да ұят болды» дегеніндей, ұрылардың ұлымның үйінен түк таппай, құрқол кеткені ұят болды. Не істерімді білмей далмын, – деп ішек-сілемді қатырып, күлдіргені бар.
– Жақсы ауылға барып қайтыпсың. Бұл аз олжа емес, – деді Баукең көңілденіп.

БІР МІНЕЗДЕМЕ

– Сен Мұхтар Жанғалинді көріп пе едің?
– Көрген емеспін, естуім бар.
– Ол өте сыпайы, дүниетанымы бай, өз көзқарасы бар, аузы құлыптаулы кісі болатын. Онымен Мұхаң, Мұхтар Әуезов үлкен сеніммен қарым-қатынас жасады.
Бірде таудағы шипажайда демалдық. Кіші Мұхтар шұлығының ұшына дейін тексеріп, әсем киінетін. Ақсүйек тұқы­мынан ғой. Ақымақ ақсүйектер шіреніп-піреніп қалады. Кіші Мұхтар өзін табиғи ұстайтын, оған бәрі жарасатын.
Мен киіне білмеймін. Тіпті ең қымбат жақсы костюмнің өзі маған «сиырға кілем жапқандай» сезілетін. Орыс халқының қызмет сатысымен орынсыз өсіп кеткен біреуді сиырға кілем жапқандай деп кү­летіні бар. Онысы «мынау итке ол қызмет жараспайды» дегені. Сиырға кілем жауып, ер тоқым сап, жүгендеп, көшеге мініп шықсаң, ел күледі ғой. Менің сезімімнің мағынасы дәл сондай.
Кіші Мұхтар әсем киініп қана қоймай, өзін-өзі ұстай білетін. Басқосуларда орынды сөйлейтін. Үлкен Мұхтар адам танитын, оны өте жақсы көруші еді.
Шипажай ауласында галстук тағып, шіреніп жүргендер көп. Мен алқа-салқа күйімде сыртқа шықтым. Анандай ұзынша көк орындықта темекі тартып отырмын. Аяғымда сүйретпе.
Кіші Мұхтар қасыма кеп амандасып, түрегеп тұрды. Әңгімеміз үзіліп қала берді. Мұртымды қоя бергем. Киімім нашар. Шірен­гендер бір-бірімен бәстесіп киінеді ғой. Олар бізді қоршап алды.
Кіші Мұхтар реңді кісі еді.
– Бауке, олай-бұлай, – деп қояды. Қал­жыңды дөрекілендіре сөйлейтін әдетім ғой. Кейбір сөзім жақпай қалды ма, әлде шіренгендердің алдында дөрекі қал­жыңды айтып несі бар деді ме, бір кезде:
– Әй, жолдастар, жігіттер, қыздар, мынау­ Бауыржанның түрін байқап тұрсыздар ғой. Сырттан қараған кісіге Бауыржан менен кем дегенде он жас үлкен көрінеді. Түрі мыж-тыж. Екеуміз түйдей құрдаспыз, – деді ехе-хе-хелеп күліп.
Тұрғандардың біразы тосылып, біразы күлді. Мен үндемеп едім, кіші Мұхтар тағы:
– Менің түріме қараңдар, жап-жаспын, – деді. Шіренгендер шатақ шығып кете ме деп таңырқап қарап қалды. Екеуміз құрдаспыз деп қайта-қайта айтып қояды. Бұры­лып қарадым. Қасымыздағылар: «Сен немене!» деп ұшып тұрып жүр, ашуланады деген ойда. Кіші Мұхтар да соны күткендей.
Темекімді бір-екі тартып:
– Төре! – дедім. – Қазақтың ішіне ата-бабаң, әке-шешең сіңіп кетіп еді. Өзің осы күнде төремін деуге қорқып, қазақпын деп жүрсің.
Бізді қоршап тұрғандардың бәрі енді шатақ шығады деп тіксініп қалды. Кіші Мұхаңның де өңі сұрланып кетті.
– Жаңағы бір сөзіңде сен мынаның түріне қарағын, мыж-тыж шал, мен жас­пын, көріп тұрсыңдар дедің. Алдияр тақсыр, төре, – деп қойдым. – Қазақта бір мақал бар. Соны осы уақытқа дейін білмейді екенсің. Бұдан былай есіңде жүрсін, ол мақалды айтып берейін.
Кіші Мұхтар сасқалақтап:
– Айтшы, айт. Қазақтың мақалы ақылды мақал ғой, – деп қалды.
– Айтыңыз, Бауке, айтыңыз, – деді айналамызда түрегеп тұрғандар.
– Мынау Шыңғыс ханның тұқымы төре көңіліне алмаса айтамын. Әйтпесе, айтпаймын, – дедім.
Кіші Мұхтар сасқалақтай жымиып:
– Әй, сен сияқты иттің сөзін көңілі­мізге ала берсек, төре боламыз ба? – деді. Тұрғандар аха-ха-халап күлді.
– Жаңа сен түріне қараңдар деп мақтандың ғой. Түріңнің жақсы екені рас. Оған дау жоқ. Осындағы келіншектердің көбі саған ғашық болып жүр.
Қоршап тұрғандар шатақ шығып кетеді-ау деген қауіпте.
– Түйдей құрдас екеніміз де рас. Алайда қазақта «ақымақ түрін жасқа бермейді» деген мақал бар. – Тұрғандар ду күліп жіберді. Түсінсе, сен жаспын деп мақтанасың, ақымақсың деген сөз ғой.
Кіші Мұхтар ақылды кісі, қып-қызыл боп кетті. Неше айтқанмен текті жердің баласы емес пе, есін жинап алып:
– Әй, батыр, өлтірдің мені, өлтірдің. «Абайламай сөйлеген ауырмай өледі» деген­ қазақтың мақалы осындайдан шыққан екен ғой. Өлтірдің мені, өлтірдің, – деді өкінгенін жасырмай.
Мен орнымнан тұрып, қолымды создым. Шіренгендер өлтіру олай емес, былай­ деп ұрады десе керек. Кіші Мұхтар да састы.
– Азамат екенсің! Өле білу де – ерлік. Міне, қолым!
Ол созған қолымды алып, құшақтап:
– Екеуміз түйдей құрдаспыз, ойнай береміз. Кешіріңіздер, – деді.
Егер кіші Мұхтар осындай кісі болмаса, үлкен Мұхтар оны жақын тартып, сеніп, ақылдаспас еді. Бұл эпизод кіші Мұхтарға да, үлкен Мұхтарға да бір мінездеме.

Мамытбек Қалдыбай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.