ЖАНКЕШТІ ЕҢБЕК

М.Әуезовтің Е.Ысмайыловқа жазған хаттарындағы әдебиет мәселелері

Мұхтар Әуезовтің эпистолярлық мұрасының оның өмірбаяны мен шығармашылығын, ғылыми-творчестволық жазбалар қорын толықтырып, тұтас зерттеудегі маңыздылығы ерекше. Тарихи-танымдық қасиетін, мәдени-әдеби маңызын әлі күнге дейін жоғалтпаған мәтіндерде М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына қатысты бізге беймағлұм көптеген құнды деректер болуы әбден мүмкін. Заманмен бірге түрлі сапалық, әлеуметтік-саяси, қоғамдық және тарихи, психологиялық өзгерістерге ұшыраған әдеби, ғылыми орта қаламгердің тағдырына тікелей қатысты болды. Ұлы классиктің хаттары сондықтан да қазіргі заман оқырмандары үшін шығармашылық тұлғаны толық әрі жан-жақты тануда, әрбір туындыларының туу, жазылу, жариялау жолындағы үздіксіз үрдісті бақылауға, зерттеуге зор ықпалы бар. Қалай болғанда да ұлы тұлғаның әрбір қолтаңбасы, қаламының ұшы тиген мәтіндері қазақ әдебиетінің көркемдік ой жүйесінің құнды дүниесі болмақ.

Мұхтар Әуезов – қазақ әде­биеті­нің­ тарихы, сыны, теория­сы саласының қалыптасып, дамуына бүкіл саналы ғұмырын арнаған ғалым. Оның ғылыми мұралары ұлттық әдебиеттану ғылымының барлық жанрын, тақырыбын түгел қамтыған бай қазына. М.Әуезов зерттемеген, пікір айтпаған, жетекшілік жасамаған, бағыт-бағдар бермеген бірде-бір ұжымдық кешенді іргелі еңбектер мен әдебиетке, өнерге, мәдениетке қатысты күрделі де өзекті мәселелер болған жоқ. Қай салада да көшбасшы болып, белсенді еңбек етті. Міне, осынау қыруар шаруаларда қасында рухани серіктес болған әріптестері, ізбасарлары, шәкірттері болды. Соның бірі – қазақ әдебиетінің қалыптасып, дамуына өлшеусіз еңбек еткен көрнекті ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, қазақ әдебиеті тарихының зерттеушісі Есмағамбет Самұратұлы Ысмайылов еді.
Ол жөнінде Е.Ысмайылов «Биіктей бергің келеді» деген естелігінде: «Бұрын шығармалары арқылы сырттай жақсы таныс Мұхаңды 1932 жылдан бері қарай көріп, біліп, араласа бастадым. Оқу-білім жолында әркімнің де ұстазы бар, бірақ Мұхаңдай жақын араласқан ұстаз ­досым сирек» деген-ді («Мұхтар Әуезов туралы естеліктер. 2-бас. Құраст. Диар Қонаев, Санагүл Майлыбаева, Әндібек Қуанышбаев. – Алматы. «Білім» баспасы, 2007. – 288 б. – 130 бет). М.Әуезов пен Е.Ысмайыловтың ұлттық әдебиеттану ғылымының тарихы мен теориясын түпкілікті зерттеудегі түрлі тақырып төңірегіндегі пікірлері орын алған хаттары, екеуінің ғылыми әрі шығармашылық байланыстары мен адами қарым-қатынастары бүгінгі оқырмандарды қызықтырары хақ. Е.Ысмайылов А.Құнанбаев, С.Торайғыров, С.Дөнентаев, С.Көбеев, Ж.Жабаев, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, М.Әуезов, т.б қазақ қаламгерлерінің шығармашылықтарын зерттеумен бірге, ұлттық сөз өнерінің барлық саласына сүбелі үлес қосып, табанды еңбек етті. Оның З.Шашкинмен бірге жазған «Абайдың поэтикасы», «Абайдың өлең өрнектері» деген теориялық еңбектері мен «Абайдың ақындық шеберлігі», «Абай өлеңдерінің сұлулық, әуезділік ерекшеліктері» атты жеке мақалалары Мұхтар Әуезовтің кеңесімен жазылып, көңілінен шығып, ризашылығын алған. Абайтану саласындағы әрбір еңбекке ерекше мән беріп, бақылап, бағалап отыратын М.Әуезовтің Е.Ысмайыловпен шы­ғармашылық байланысы осы бағытта беріктігі байқалады. М.Әуезов Е.Ысмайыловтың ғылыми-теориялық дайындығының барлығын, орыс тіліне жетіктігіне сүйеніп, А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышынан» өзге әдебиет­тану ғылымының ұғымдары мен ғы­лыми терминдерін түсіндіретін оқулық­тардың, сөздіктердің жоқтығын айтып, осы бағытта ізденіс жасауына кеңес бергені де мәлім. Соның нәтижесінде «Әдебиет теориясының мәселелері» атты педагогикалық институттардың оқушылар мен орталау, орта мектептердің мұғалімдеріне арналған оқу құралы да жарияланғанын әдебиетші қауым жақсы біледі (Жауапты редактор Мұхтар Әуезов. Алматы: Қазақ мемлекеттік бас­пасы. 1940. – 216 бет). Бұл еңбектің соңында берілген терминдер сөздігі қазақ әдебиеттану ғылымында тұңғыш рет жазылған әдеби ұғымдар мен түсініктерге берілген анықтамалар болатын. Міне, ұлы ұстазының кеңесімен жазылып жарияланған осы оқу құралы бірнеше толқын әдебиетші мамандарды даярлаған, бірнеше рет жарияланған басылым болғаны да белгілі. Олардың сөз өнеріне деген өлердей ғашықтығы мен адалдықтарына 1944 жылы жазушылар мен ғалымдардың жи­налысында Е.Ысмайыловтың «Абай және роман­ туралы» деген тақырыпта жаса­ған баяндамасындағы жетістіктер мен кем­шіліктер жөніндегі сыны да сына қаға алмаған.
Ауыз әдебиетінің үлкен жанашырлары М.Әуезов пен Е.Ысмайылов кеңестік кезеңіндегі тоталитарлық жүйе жағдайында да ұлт руханиятын, халықтың құнды жәдігерлерін жинап, жариялау жұмыстарына белсене атсалысты. Әдеби мұраларды тек таптық тұрғыдан таразылау әдебиетші мамандарды қуғын-сүргінге ұшыратқаны тарихтан мәлім. Сол ұлтшылдықпен күресу науқаны ұлттық құндылықтардың зерттеліп, жария­лануына талай рет тосқауыл қойып, әдебиет тарихындағы ақтаңдақтардың пайда болуына әсер етті. Е.Ысмайылов А.Фадеевтің 1947 жылы маусым айында КСРО Жазушылар одағының ІХ пленумында жасаған баяндамасының «Сынның ұлт мәселесі төңірегіндегі қателіктері» деген бөлімінде «Қазақ совет әдебиеті» деген оқулығы қатты сынға ұшырап, соның нәтижесінде 25 жылға лагерьге айдалып, тек Сталин дүниеден өткеннен кейін ғана ақталып келсе, М.Әуезов елде жүріп-ақ саяси соққының астына алынып, бірнеше рет қудаланды. Екеуінің өмірі мен шығармашылық тағдырлары қиын-қыстауда жүрсе де қазақ әдебиеттану ғылымындағы ғылыми зерттеу жұмыстарын жүйелі жүргізіп отырды. Абақты азабын көп көрсе де Е.Ысмайылов айтқанынан қайтпай, К.Ворошилов пен А.Фадеевке жазған хаттарында да осы әдебиеттің проблемаларын жалтақтамай, табанды түрде талап етіп, өзге ұлт әдебиетінің мысалдарымен салыс­тырып, ұлт, халық барда әдебиеттің болмауы мүмкін еместігін, оны ешкім де жоя алмасын қайраткерлікпен, күрескерлікпен баяндап, өзінің кәсіби білгірлігінің арқасында айтқандарын ғылыми тұрғыдан да, тарихи деректермен де дәйектеп беруі оның ғылымға адалдығын танытады. Өзінің осынау принциптілігін кейінгі жастардан талап еткен Е.Ысмайылов 1961 жылғы «Әдеби мұра және оны зерттеу» деген еңбегінде де осы мәселені кеңейтіп, ғылым мен әдебиеттің көкейкесті мәселесі ретінде көтерген. Қазақ әдебиеті тарихының кешенді түрде зерттелуін көксеген Е.Ысмайылов әрдайым әдебиеттану ғылымының үш саласына да назар аударып, тарихи мұраларға, ауыз әдебиетінің үздік үлгілерін үнемі жинап,­ жүйелеуге, түгендеп, толықтыруға, жария­лап, насихаттауға көңіл бөліп отырды. Қазақ әдебиеттану ғылымының қа­лыптасып, даму жолындағы өзекті мәсе­ле­лерін зерттеуді өмірлік те, өнерлік те мұрат тұтқан М.Әуезов өзімен бірге Е.Ысмайылов бастаған шәкірттер шо­ғы­­рын топтастырып, бағыт-бағдар беріп отырды.
Осы ретте «Қазақ әдебиеті тарихының» 1961-67 жылдар аралығында 6 кітап болып­ жариялануы, оның әрбір томына және «Қазақ КСР тарихы» басылымдарына екі әдебиетші ғалым да белсене атсалысқаны мәлім. М.Әуезовтің жетекшілігімен қазақ әдебиетінің тарихы­ түгенделіп, бір жүйеге түсіріліп, күрделі кешенді жұмыстар жүргізілген-ді. М.Әуезов жас ғалымдарға кәсіби маман, тәжірибелі ғалым ретінде қамқорлық жасап, ғылыми еңбектеріне бағыт-бағдар беріп отырған. Е.Ысмайылов 1938 жылы «Қазақ ертегілерінің» алғашқы томын баспаға әзірлегенде 95 ертегіні іріктеп, оларды 7 бөлімге топтастырған болатын. 1957-1964 жылдары 150 баспа­ табақ «Қазақ ертегілері» 3 томдық болып жарияланғанда М.Әуезов Е.Ысмайыловпен бірге «Қазақ ертегілері» жинағының 1-томына жазған алғы сөзінде ертегілердің генезисін, оның жанр ретінде қалыптасып, даму тарихын жүйелеп, зерттеуге терең мән береді. Ғылыми еңбекте қазақ ертегілерін 4 салаға (қиял-ғажайып, сыншыл, қулық-күлкі, өтірік) бөліп, олардың өзіндік ерекшеліктері, тақы­рыптық, идеялық қырлары, халық мұрасы ретіндегі құндылығы талданған. М.Әуезов «Қазақ әдебиеті тарихының» 1-томына Е.Ысмайыловты шақырып автор ретінде қатыстырғаны үшін М.Ғабдуллиннің баяндамасында қатты сынға да ұшыраған еді. Ал М.Әуезовтің төмендегі хаты Есмағамбет Ысмайыловтың «Қазақ әдебиеті тарихының» екінші томына жазған тараулары төңірегіндегі пікірлеріне арналған. Шынайы қамқорлық, таза кәсіби кеңес М.Әуезовтің әрбір жанашыр сөздерінен танылып тұр.

М.Әуезов – Е.Ысмайыловқа
№ 102 21.VІІІ.1950 ж.
Жолдас Есмағамбет!
Сіздің екінші томға жазған «ХІХ ғасырдың 40-жылдарындағы әдебиет» ­деген 25 беттік мақалаңыз, «Арыстан ақын» деген 14 беттік мақалаңыз, «Нысамбай» турасындағы 29 беттік тек­серуіңіз және «Орта Азия хандарына қарсы» деген 8 беттік мақалаңыз – бар­лы­ғы өз негізінде, екінші томның зерттеу мақсатына сай келетін, осы томға кір­гізуге татитын зерттеулер болып шық­қан. Мақалалардың әр бөлімінде кей бет­те­ріне жазған ескертулерден басқа, жеке бөліп айтатын қосымшаларымыз мыналар:
Жоламанның хаты (6 бетте) келті­рілмей қалған. Соны қосу керек.
Сол бетте «Бозжігіт» поэмасының кіріспесі жоқ.
Кенесарының Орынбор генерал­-губернаторына жазған хаты жоқ. Және сол бетте, Жанғожаның хаты да келті­ріл­меген. Осылар сияқты деректер, до­ку­менттер аса қажет. Осыларды қосып жазу керек.
Асан-Қайғы (10 бетте) орынсыз келтірілген.
Ең соңғы мақалада Жанғожа турасын­дағы жыр тек Мұсабай ақындыкі ғана емес, оның жөнінде халықтың фольклоры боп, атсыз ақын айтуынан тараған вариант бар екендігі және соның бірінші томға кіргендігі туралы айту керек.
Жалпы тіл, стиль жөнінде кей сөйлемдерде ұшырасатын кемшіліктер қолжазбаның тұс-тұсында айтылудан басқа да, ұшырасуға мүмкін. Осы жағынан және Қазақстан тарихына Кенесары туралы айтылған соңғы кездегі сынға сәйкес идеялық, саясаттық мәселелерді өзіңіз тағы да қадағалап қарап, түзей түсуді талап етеміз. Әсіресе, Кенесарыны сынап жазған соңғы пікірлерді молынан еске алуды және соларды қабылдау жағынан өз еңбегіңіздің сыншылдық ойларын (Арыстан ақын мен Нысамбай шығармаларын тексеру тұсында) тереңдете түсу шарт деп білеміз. Осы жайларды мына соңғы түзеу кезінде молырақ ескеруді талап етеміз.

Сәлеммен Мұхтар.
(Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 50-т. – Алматы. «Жібек жолы» баспа үйі,
2011-472 б-263 бет).

Хатта әдебиет пен мұрағаттардағы, қолжазбалардағы нақты фактілер мен құнды құжаттарды пайдалану мәтіннің маңызын салмақты ететіні ескертіледі. Әдебиетіміздің шынайы шындыққа құрылған ғылыми тарихы мұрағат материалдары мен ресми документтерді дәмді етіп пайдаланып, архивтегі ақиқаттарды ашқанда ғана ғылымға деген адалдық үс­тем­дік алып, ойымыз айшықты, сөзіміз өр­некті болатыны тағы да табиғи заңды нәрсе.
Жетекшінің жауапкершілігі деген мағынаны мына хатты оқыған сайын терең түсінесіз. Автордың әр сөзінің төркінін, ол талдап отырған мәтін тарихын өзі қаншалықты терең білгендіктен әрбір әдеби деректердің назардан тыс қалмауын қадағалап, талап етеді. Әсіресе, Кенесары мен Жанғожаның эпистолярлық мұраларының құндылығы қатаң ескертіледі. Кеңестік кезеңнің саясатына сай жиі жазылып, айтылатын сын пікірлермен санасу керектігін, ертең жарияланар күрделі еңбекке зияны келмесін де алдын ала ескертіп, тым сақ болуды, қадағалауды тапсырады. Ұлы ұстаз өз заманының зілін зерттеушілік зеректікпен түсініп, мұндай ұлт құндылықтарына, әдеби жәдігерлерге қатысты құнды ой-пікірлерін аса сақтықпен жұрт талқысына салмай, жеке тарау авторларына, соның өзінде өзіне сенімді деген адал азаматтарға айтып, бағыт беріп, жөн сілтеп, астарлап айтудың, заман талабына сай стильмен, принциппен пайымдап жазуды ескертіп, жөн-жобасын көрсетіп отырған. Қазақстан Орталық Комитеті 1947 жылы 21 қаңтарда «Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулы қабылдап, онда Кенесары бастаған көтерілісті дәріптеген жырларға қарсы пікірлер айтылған. Ол сыннан М.Әуезов те, Е.Ысмайылов та қағыс қалмаған-ды. Сондықтан «аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, Мұхтар Әуезовтің Е.Ысмайыловқа ескерту жасап, ұлттық мұраларға мұқият болу керектігін, сол бағыттағы сындармен санасуды ерекше талап еткен. Е.Ысмайылов та осы қаулының қаһарымен 1951 жылы 6 ноябрьде 25 жылға айдауға кесілгені мәлім. Алайда күрескер ғалым тергеу комиссиясының «Е.Ысмайылов 20 жыл бойына (1931-1951) ұлтшылдық идеяны насихаттаумен болды» деген жалған қорытындысына келіспей, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы Төрағасы К.Е.Ворошиловқа және 1953 жылы 5 желтоқсанда А.А.Фадеевке хат жазған. Е.Ысмайыловтың эпистолярлық мұраларындағы осынау маңызды мәліметтер мен қазақ әдебиетінің тарихына тікелей қатысты құнды ой-пікірлерді зерттеу де өз кезегін күткен келелі мәселе.
Әдебиет пен тарихтағы Кенесарының орны мен рөлі жөніндегі ізденістерде М.Әуезовпен ілесе жүрген ізбасар әріптесі Е.Ысмайылов та қара жаяу емес-ті. 1948 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихының» (1т. Фолькор. – Алматы. 1948, 311 б) «Кенесары-Наурызбай туралы тарихи жыр-әңгімелер» тарауын жазған Е.Ысмайылов Кенесары бастаған халық көтерілісі туралы жыр, әңгімелерді 3 топқа (1-сі – тарихи оқиғалары, бас қаһармандардың өмірін, тарихи кезеңдердің ізімен сатылап жырлаған көлемді, оқиғалы жырлар; 2-сі – Кенесары көтерілісіне қатысқан батырлар туралы жеке жыр, әңгімелер; 3-сі – Кенесары, Наурызбай және басқа батырлар туралы ұзақ әңгіме, аңыздар) бөліп қарастырған-ды. Сондықтан Кенесары қозғалысы туралы моральдық құқығы бар зерттеуші М.Әуезовпен бұл тақырыпта да пікірлес, рухтас, серіктес болған деуге болады. Бір-бірінің сынын оң қабылдап, солардан жақсы нәтиже шығарып отырғаны байқалады. Кенесары қозғалысының тарихы туралы Бауыржан Момышұлына жазған хатында да толық мәлімет берілген: ­«…Мына тарихта әлі қазақтың бұрын-соңғы жақсы қасиеті толық, дұрыс айтылып жетілген жоқ. 100-ден бес проценті ғана айтылып отыр. Мысалы, Кенесарының қолбасылық әрекеті туралы мен тура бір кітап етіп жаздым…» (Есмағамбет Ысмайылов­/ред. басқ. Ғ.М.Мұтанов. ­Алматы. Қазақ университеті. 2012. – 386 б.133 бет). Міне, бұл мәлімет те М.Әуезовпен тығыз шығармашылық байланыста еңбек еткенінің куәсі.
Ал 1949 жылы шыққан «Қазақ әдебиеті тарихында» (1-том, «Фольклор) «Қазақ фольклоры» атты көлемді зерттеуін жариялаған болатын.
М.Әуезовтің қазақ әдебиетіндегі ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізудегі жетекшілік, ұйымдастырушылық еңбегі, шәкірттеріне деген қамқорлығы жө­нінде Е.Ысмайылов «Биіктей бергің келеді» деген естелігінде: «…Филология ғылымының кандидаты, доктор болып жүрген ғалымдардың көпшілігі Мұхаңның басшылығы, ақыл, қамқорлығы, жәрдеміне сүйенді. Барлығымыз да әдебиеттану жолында алдымен Мұхаңның шәкіртіміз, Мұхаңның алдында қарыздармыз. Әдебиет ісіне бар ықыласымен берілген қабілеті бар адамды Мұхаң барынша қолдап, жәрдем көрсететін. Алыс па, жақын ба, таныс па, қалыс па, жерлес пе, жерлес емес пе – оған бәрібір еді. Әйтеуір, қолынан іс келсе бітті, бәріне де Мұхаңның қамқорлық, ғылыми жетекшілік құшағы кең болатын» дейді («Мұхтар Әуезов туралы естеліктер. 2-бас. Құраст. Диар Қонаев, Санагүл Майлыбаева, Әндібек Қуанышбаев. – Алматы. «Білім» баспасы, 2007. – 288 б. – 134 бет).
М.Әуезов әдебиетке, әсіресе оның тарихына қатысты қандай да бір іргелі шаруалардың жауапкершілігін сезініп, уақытын аямай, үнемі басы-қасында болып, бірде-бір тарау, мақаланы өз бақылауынсыз жібермеуге тырысатын. Осы туралы ойларын Е.Ысмайылов әлгі естелігінде толықтыра түседі: ­« …Ғылымдық­ мәселеге келгенде, қазақ әдебиетінің ғылыми тарихын жасауды, теориялық ойды дамытуды, қазақ әдебиетінің құбылыстарын басқа туысқан халықтардың әдебиетімен салыстыра тексеруді, салыстыру арқылы ұлт әдебиеті дамуының заңдылықтарын анықтауды көздейтін. Сол жұмыстың бастамасы ретінде қазақ әдебиеті тарихының бірінші томын өзі басқарғаны мәлім» (134 бет). Жазушы өміріндегі ерекше маңызға ие «М.Әуезовтің соңғы хаттары»­ әдеби байланыста болған көрнекті қаламгерлерге Мәскеудегі Кунцево ауруханасынан жіберілгені белгілі. Соның бірі – М.Әуезовтің шығармашылық өмірінде ­тарихи орны бар Есмағамбет Ысмайыловқа жіберілген хаттар еді.
Қазақ әдебиеттануы мен М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын, оның зертханасын зерттеп, түгендеу үшін ғылыми құны өлшеусіз қазына боларлық бұл хат әдебиетші ғалым Евгения Лизунованың 1961 жылғы «Простор» журналының №9 санындағы «Он будет жить в памяти ­народа» деген топтамасында тұңғыш рет баспа бетін көрген болатын. Бұрындары еш жерде басылмаған, жазушының өмірінің соңғы күндерінің көңіл күйін танытатын бұл мәтін кейін М.Әуезовтің елу томдық академиялық шығармалар жинағының 50-інші томында жарияланып, әдеби айналымға енді. Ұлттық әдебиеттану ғылымы үшін ұлан-ғайыр рухани байлық болған бұл хат мәтіні мазмұндылығымен, стилистикалық сонылығымен, структу­ралық элементтерімен ерекшеленеді. Эпистолярлық мәтіндегі автордың образдық мінездемесі, қойылып отырған мәселе мен мақсатқа орай құрылған ой мен сөз жүйесі өзінің тілдік өрнегімен, тәрбиелік тағлымымен назар аудартады. Бейне бір саналы өмірінің соңғы сағаттарының соғып жатқанын сезгендей қоштасу, бақұлдасу сынды мәтін шығармашылық өмірінде әріптес, ізбасар іні ретінде тығыз байланыста болған әріптесінің адамгершілік, ғылыми, әдеби еңбектері мен кісілік келбетіне, адами­ қасиетіне баға беруімен бағалы еді. Эпистолярлық мұра ағаның ініге тілер ізгі ниеті мен шәкіртке артқан сенімі, тәрбиелік мәні, таланттардың өзара мойындауын мәлімдейтін мәтінімен құнды. Жоғарыда келтірілген естелігіндегі Е.Ысмайыловтың: «…Мен осы хатты алғаннан кейін қатты ойландым, қоштасып отыр ма, өсиет айтып отыр ма?» деген сөздері хат мазмұнын айқындай түсетіндей («Мұхтар Әуезов туралы естеліктер. 2-бас. Құраст. Диар Қонаев, Санагүл Майлыбаева,­ Әндібек Қуанышбаев. – Алматы. «Білім» баспасы, 2007. – 288 б – 138 бет).
Қазақ әдебиеттану ғылымын дамытуға, өсіп-өркендеуіне қосқан үлесіне зор баға берген бұл хат екі тұлғаның тағдырындағы орны бөлек мұра. Есмағамбет Ысмайылов­ты­ еркелетіп, тек өзім дейтін шын жақын, жа­нашыр жандар ғана «Есет» деп қыс­қар­тып, өзімсініп атайтыны, соның бірі Мұхтар Әуезов екендігі де осы мәтін ар­қылы мәлім болады. Әр кездері аңыз се­кілді айтылып, афоризм сынды­ сіл­те­ме­лерге нысан болатын «еңбек торысы»­ деген теңеу тіркес те тұңғыш рет осы хатта ұлы қаламгердің қанатты сөзі болып тасқа түскен:

М.Әуезов – Е.Ысмайыловқа
№157 18 .06.1961 ж.
Ең қымбатты іні-досым Есет!
Кеше хатыңды алып ем, оқта-текте бір айтылатын көңіл-жүрек сөздері айтылған екен. Алғыс деген аз ғана. Орайына ­сондай шындық жүрек құшағы лайық та. Мен сені қазақ әдебиетінің, әдебиет ғылымының айнымас, қажымас, жылдар жүрсе арымас жегіндісі – еңбек торысы дейім. Сол үшін сүйем де бек бағалаймын. Адамдығың, адалдық достығың өзіңе бір дара. Сенің жұртқа еткен еңбегің аз ба? Сен мені айтыпсың, соны оқып отырып мен сенің өзіңді көп-көп еске алдым. «Өзі ғой осындай көпке көмегі, көп іске себі тиіп, талайда-талайдан алғыс алатын жан» деймін. Соның ішінде, әсіресе қазақ совет әдебиетінің үлкенді-кішілі жазушыларына сені мен сендей бірнеше жандардың сіңірген еңбегі аз ба? Жақында Москвада Әбжаппар, Тақауи, Қалтай үшеуі отырған бір отырыста сыншы-оқытушы-зерттеуші – сен бастаған жандардың жазушылар үшін қадірлі көмек еңбегі қандайлық екенін сөйлеп ем.
Мені көп айтыпсың, көп жүрген соң жақсы, жаман ұзақ өмір жолына жамала беретін шығар. «Көп жүрген» ­дегеннен шығады. Бұрын жасы үлкеннің жақсы бір белгісі есебінде «бір көйлекті бұрын тоздырған ғой» дейтін еді. Көйлекті бұрын тоздыра жүріп, өзің де қоса тоздыра жүретінің есепке алынбайтын.
Мен тегі өмірдің өрі-қыры, биігі мен ойпаңы, қысталаңы-шатқалы дегенді көбірек көргемін. Кейбіреулер өмірі бір­кел­кі тура, түзу, жатық, жазаң жолындай өткен болса, менікі тіпті саушылық жа­ғы­ның өзінен алғанда да жаңағыдай тәрізді.
Бірақ бәрінен де ұдайы сау, сергек­ кеудемен, әсіресе өмірді таза мол сүюмен өтіп келемін. Солай топшыласам: күйгенімнен – сүйгенім көп, түңілгенімнен де –сенгіштігім көп, жиренгеннен гөрі құмартқаным көп, бүгінгі өмірді шабыттана сүюім, шексіз қызыға сүюім анық мол.
Бұның бәрі, былайша айтқанда, өмірден «алымы қайтпаған» дегенді аңғартса, «берімі де сарқылмаған» дегенді де ойлатса керек. Сондықтан да өмірімізге, заманымызға, еңбегімізге – бар күнімізге құмармын деймін де.
Науқасым жанға батқан нәрсе болмаса да, операциясыз айықпайды деседі. Ол қажет болса, кейінге несіне қалдырам? Мезгіл кейіндеген сайын мен алпыс төрттен ары күшейе бермейім (саушылық жағынан) – қайта әлсірей бермейім бе, ал ауру болса күшейе бермесе, өздігінен кетпеуге мүмкін ғой. Сондықтан түбі бір операциясыз болмайтын болса, осындай семіз күйлі кезімде жасатқаным жөн бе деп тұрмын. Алдағы сейсенбіде – бүрсігүні консилиум болады. Сол не десе де көнемін деп тұрмын.
Жақында сенікі сияқты аса қымбат хатты Евгения Васильевнадан алдым. Мүсілім де жақсы толық хат жазыпты. Уахатов тілектестік жәйін жазып, ВАК хабарын тосып жүргенін айтыпты. Жазылып­ шыққан соң оның да, Балташтың да жәйларын ВАК-тан білемін.
Зәкиді алса – ең болмаса рукопись­ бөліміне алып (егер Әуелбекті алу қиын болса), ал Взаимосвязьді тек қана Лизуноваға беру қажет, қажет – әделет қой. Мен оның өзіне бұл жөнде еш нәрсе айтқан емеспін. Үй-ішіне тегіс сәлем.
Қош, Мұхтар Әуезов. Москва. Кунцево (Әуезов. М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 50-т. – Алматы. «Жібек жолы» баспа үйі, 2011 – 472 б – 371-373 бб).
Мәтіннің ырғағының өзі соңғы сөзді сездіреді. Алыста, ауруханада жатып та елдегі әдебиеттің жайын, ондағы әріптестерінің тағдырын, келешегін ­ойлап, кеңестер береді. Кемеңгердің кісілік келбеті, адами қасиеттері, жай қарапайым пенде ретіндегі өмір туралы толғаныстары, оның ертеңге деген сенімі мен өлшеусіз махаббаты кімді болса да ойландырады. Аз ғана өмір сүріп, оның өзі үнемі саяси соққының астында, үміт пен үрейдің ортасында, шыбын жаны найзаның ұшында өтсе де өмірге деген құштарлығында шек жоқ. Ұлылықтың үлесіндегі қарапайым жанның қанағатшыл табиғаты тәнті етеді. М.Әуезовтің хатында нысанаға іліккен іні ізбасарлардың бәрі де кейін ұстаздарының сенімін ақтап, ғылым мен әдебиетте ұзақ жылдар еңбек етіп, көрнекті ғалымдар қатарына қосылғаны мәлім.
Өзі өмір мен өлімнің ортасында жатса да жастарға жанашырлық танытып, үлгергенінше шаршамай шығармаларын оқып, жетістіктеріне шын пейілмен қуанып, кемшіліктерін өздеріне тікелей хат жазып, оны жөндеудің жолдарын көрсетіп отыратыны да нағыз тау тұлғалы дархан жүректі дарындарға тән дара қасиет пе деп ойлайсыз. Бұл жөнінде Е.Ысмайылов: «…Мұхаң тынымсыз еңбектің адамы еді. Шаршау дегенді білмейтін. Алматыда, үйде үздіксіз қызмет істеуі былай тұрсын, жол үстінде, ел аралағанда да әлгі еңбексүйгіштік мінезі ерекше көзге түсетін» дейді (134 бет). Мүмкін, бұлардан өзге де екеуарада­ жазылған эпистолярлық мұралар баршылық болар. Бірақ әлі әзірге бізге белгілісі осы мәтіндер. Әдебиет тарихының түрлі тақырыптары қозғалған, ұлттық сөз өнеріне қатысты құнды ой-пікірлері түсірілген өзге де дүниелер болса, әрине, ұлт руханиятына қосылған үлкен үлес болары хақ.
Е.Ысмайылов та М.Әуезовтің қазақ әдебиеті тарихының түгенделуіне, жүйеленіп, жазылуына, жарық көріп насихатталуына қосқан қомақты үлесін үлкен құрметпен бағалап, «Белестер биігінен қарағанда» («Қазақ әдебиеті», 1963, 14.04) деген мақаласында 1946-1956 жылдар аралығындағы қазақ әдебиетінің өркендеп, өскен дәуірін «Әуезов дәуірі» болса деген игі ұсыныс жасағанын, оны одақтағы әдеби қауым қызу қуаттағанын да естен шығармаған жөн. Қазақ әдебиеті тарихындағы тұңғыш роман-эпопея «Абай жолы» арқылы әлем таныған тұлғаның тек көркем проза­ ғана емес, ғалымдық, сыншылдық, ұстаздық, қайраткерлік еңбектері мен өзі өмір сүрген дәуірдегі барлық жанрдың қалыптасып, дамуына, өркендеп өсуіне өлшеусіз үлес қосқандығын дәлелдеген Е.Ысмайыловтың пікірі, шынында, қолдауға тұрарлық бағалы бастама. Алайда арпалысты, айтыс-тартысы мол мезгілде бұл ұсыныстың орнығып кетуіне ғылыми орта іштарлық еткен сыңайлы. Әйтсе де, қазақ әдебиеті тарихы мен ұлттық әдебиеттану ғылымындағы Әуезовтің дәуірі, Әуезовтің тағылымы мен дәстүрі, Әуезовтің тарихи заңды орны мен рөлі әсте ортаймайды да, жоғалмайды да. Өйткені қазақ халқы, қазақ әдебиеті, қазақ өнері, тіпті барлық саласы барда Абай мен Әуезов есімдері аталмай қалуы, ескерілмей кетуі тіпті мүмкін емес. Халықпен бірге жасайтын тарихи тұлғалар есімдері мен еңбектері Мәңгілік мұра болып тасқа қашалған күйі мәңгі өмір сүрері хақ.
Екі әдебиетші де Алаш зиялыларының идеясын жалғастырған, олардан алған тәлім-тәрбиесін келешек ұрпаққа ұлас­тырған, қазақ әдебиеті тарихын зерттеуді қалыптастырған, ұлттық әдебиеттану ғылымының барлық саласының сапасын, ғылыми дәрежесін көтеру барысында жанкешті еңбек еткен шын мәніндегі әдебиеттің еңбек торылары еді.

Гүлзия ПІРӘЛІ,
филология ғылымының
докторы

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.