«МАЛИ ХАНЫМЫ» немесе «БАЯНАУЛА БАТЫРЫ»

Қорабай ШӘКІРҰЛЫ, Павлодар облысының
«Құрметті азаматы»,зейнеткер

«Ана тілі» газетінің 2019 жылғы №25 санының соңғы бетінде Нұрлан Құмардың «Құрақ көрпе» айдарымен жариялаған «Бұғы ашқан жаңалық» атты жазбасында: «Жаралы­ бұғының соңынан қуып жеткен аңшы, оның буы бұрқыраған батпақты бұлаққа «шомылғанын» көргенде таң қалады… Кейін бұл бұлақ, оны тапқан аңшының атымен ­Рахманов бұлағы деп аталған» деп тұжырымдайды.

Дұрысы, Рахман қайнарын Алтай өлкесінің байырғы тұрғындары бұрынғы өткен тәңіршілдік заманда «Тәңір суы» деп атаған. Кейінде ислам діні орнаған уақытта Рахман қайнары деп аталған. ­Рахман (ар-Рахман – Алланың 99 атауының бірі). Бұлақ атауына Рахмановтың, Рахманиннің, басқа ұлт өкілдерінің есімдерінің еш қатысы жоқ.
Ел ішінде көнекөз қариялар осылай дейтін. Өз басым бұл әңгімені 80-нен асып қайтыс болған, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының қолжазбаларын жинақтап сақтаушы Төлепберген Аллабергенов­ ақсақалдан талай естігем. Қазір де осы әнгімені шежіреші, тарихшы, Қазақстан Республикасының үздік этнографы­ Алтынбек Жұматұлының ауызынан естуге болады. «Халық айтса, қалт айтпайды»,­ «Жеріңнің аты – бабаңың хаты» дегендей, жер-су атауларының бұрынғыларын қалпына келтіріп, ақпарат құралдарында дұрыс пайдалану рухани жаңғыруымыздың да бір тетігі екенін естен шығармауымыз керек.
Айтпақшы, ана бір жылдары, аталған бұлақта және Қатонқарағай ауданындағы марал шаруашылығындағы шипажайда емделіп, сырқатымнан құлантаза жазылып кетіп едім. Сол кезде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып қызмет істеген курстас досым, осы өңірдің тумасы Алдаш Қалиев қамқорлық көрсетіп, Алтайдың табиғатын аралатып, жергілікті түрғындардан Рахман қайнары туралы да аңыз-әфсаналарды құлағым шалып еді.


Екінші айтайын дегенім, 2019 жылғы «Жұлдыз» журналының №5 санында­ белгілі қаламгер, түркітанушы Қойшығара Салғараұлының «Өткеннен қалған бір белгі» атты әнгімесі жарық көрді. Әңгімеде Африкадағы Мали мемле­кетінде жартастан қашалған әйел бейнесі табылғанын, ғылым жүзінде «Мали ханымы» аталған осы әйел бей­несін Қойшығара ағамыз ертедегі грек мифтерімен сабақтастырып, түркі дүние­сімен қиюластырып, ақыры Зевс пен Тана қыздың ұрпақтарын Қазақ­стан­дағы Қостанай жеріне қоныстан­дырып, олардың біразы кейбір қазақ руларының ішінен табылатынын аса бір білімділікпен, қарапайым тілмен шебер баяндап береді.
Әңгіме сюжетіне қатты қызығып, ол кісіге «Мали ханымы» сияқты Баянауылда­ да жартаста «Баянаула батыры» бар екенін хабарлап, телефонға суретін жіберіп, елге келіп зерттеуін өтіндім. Қойшығара ағай: «Керемет екен…» деп, келуге уәдесін берді. Қазақтың басқа да ғалымдары көңіл бөліп жаңалық ашып жатса, нұр үстіне нұр. Әзірге суреттерді жіберіп, «Ана тілі» газетінің оқырмандары да құлағдар болсын деген ниетпен жолдап отырмын.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.